Ақтөбе қаласында биыл ұлтымыздың ұлық мерекесі Наурызды тойлау өзіндік өрнекпен басталды деуге болады. Осы жылы ақтөбеліктер күн мен түн теңесетін 22 наурызға дейін әр күнді нақты атаумен өткізуде. Мысалы, 14 наурыз «Көрісу» күнімен басталып, «Жайнау», «Тағзым», «Шеберлік», «Шаттық», «Береке», «Үйлесім» атауымен 21-22 наурыздағы «Ұлы іс» күніне жалғасады.
Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша еліміздің батыс өңірінде 14 наурызда көрісу басталды. Осы дәстүрге орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың дамуына зор үлес қосқан танымал ақсақалдарды құттықтады. Еңбек ардагері Сматулла Беркімбаев көрісу мерекесінде адамдар таңертеңнен ең әдемі киімдерін киіп, көрші-көлемді жағалап, мүмкін болса, жақын маңдағы ауыл-аймақтарды аралап, амандығын білетін болғанын, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, 88 жастағы Ниетжан Беріков көрісудің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Өз кезегінде өңір басшысы ақсақалдарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт тілеп, әкімдік атынан естелік сыйлықтар тапсырды.
Ақтөбеде және оған қарасты ауылдық округтерде көптеген іс-шаралар, халықтық серуендер өтеді, 60 киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылады. 21 наурызда халықтық серуендер Қобыланды батыр атындағы орталық стадион, «Мега Ақтөбе» СОК алаңдарында, Пушкин атындағы және «Ретро» саябағында өтеді. Мереке қонақтары бес концерт алаңдарында бола алады. Бұл жерлерде ұлттық нақышы бар сәнді киіз үйлер орнатылып, мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, конкурстар, ойындар өткізіледі.
Барлық халық серуендейтін жерлерде ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тауып, мерекелік бағдарламалар, концерттер, конкурстар, ойындар, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ең үздік киіз үйге конкурстар, әжелер, қалыңдықтар арасындағы, ең ұзын бұрымды қыздар арасындағы және басқа да конкурстар өткізілмек.
Наурыз мерекесі күні ақтөбеліктер мен қала қонақтарына дәм татқызу үшін кафелер мен мейрамханалар 7 тонна бауырсақ пен 5 мың литр наурыз көже дайындап, ұсынғалы отыр.
Наурыз мерекесіне арналған қызықты да сәнді жарықтық безендірулер, шағын сәулеттік пішіндер жасалды. Шаһарда әр атаулы күн аясында өткізілетін көпшілік мәдени-мерекелік шаралар жалғасуда. Оларда ұлттық нақыштың бұрынғыдан да басымдау болуы алдын ала ойластырылған.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.