17 Наурыз, 2016

Үміттің үміті үзілмесін

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_2327Көкшетаудағы «Достық» үйінде облыстық әкімдіктің қолдауымен Қазақстан хал­қы Ақмола Ассамблеясы жа­­­нындағы Аналар кеңесі қайырымдылық аукцио­нын ұйымдастырды. «Қа­йы­­­­­рымдылық керуені» рес­публикалық акциясы ая­сын­дағы шара Үміт есімді сәбиге қаржылай көмек көрсету мақ­сатында өткізілді. – Бәріміздің күнделікті өмі­ріміз қарбаласқа толы. Сол қар­балас тіршіліктің қарекетін жасаймыз деп жүріп, көмекке мұқтаж жандарды ұмытып кететініміз де шындық. Бірақ, бір сәтке айналамыздағы адам­дарға көз салып, қолдан келгенше жәрдемдесуге көңіл бө­­луіміз қажет. Өзгелерге жақ­­­­­­­­сылық жасау нағыз аза­маттықтың белгісі, – деді қа­йырымдылық аукционын аш­қан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов. Осыдан кейін бес лот ойнатылды. Сатылымға «Әу­лет» мектептен тыс жұ­мыс орталығы және өнерпаз дарынды балалармен жұ­мыс жүргізу жөніндегі об­лыстық оқу-әдістемелік орта­­лығы оқушыларының қолы­мен жасалған әртүрлі шығармашылық жанрдағы бұйымдар қойылды. Қолөнер мен қайырымдылықты ұш­тас­тырған мектеп оқушы­ларының игі істің ұйытқысы бола білуіне жұртшылық риза­шылығын білдірді. Аукцион барысында зал­да жиналған қауым әр­бір лотты қалт жібермей, белсенділік танытты. Алдымен ағаштан ойылған «Алтын балық» сау­даға қойылды. Оны Көк­ше­­таудағы «АП-Импекс» се­рік­тестігінің директоры Жұ­мабай Әміржанов бастапқы құнынан он есе артық бағаға сатып алды. Осы­дан кейін-ақ белсенділік арта түсті. Жұрт­шылық Ақ­мола облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мұнарбек Батыр­хановтың, «Ақмола облысының орыс қа­уымдастығы» қоғамдық бір­лестігінің жетекшісі Алек­сандр Артеменконың, тағы бас­­қа­лардың жомарттығына қол соқты. Шара қорытындысында, арнайы құрылған есеп комис­сиясы жиналған қаражатты санап, оны Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанын­дағы Ана­лар кеңесінің төр­айымы Зере Қиықова сырқат сәбидің анасы Гүлнәр Зейнул­линаға тапсырды. Сырқат сәбидің анасы бала тағдырына жанашырлық та­нытқан «Аналар кеңесіне», қайырымды жандарға, қиын сәтте демеу болған жал­пы жұрт­­­шылыққа ризашылығын білдірді. Жиналған қауым кіш­кентай Үмітке жасалатын алдағы күрделі оталардың сәтті өтуіне, көп ұзамай құлан-таза сауығып кетуіне тілектестігін айтты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.