Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінің алдындағы ең басты міндет – инновациялық экономиканы қалыптастыру. 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары еліміздің жарқын болашағына арналған. Оның іске асырылуына бүкіл қоғам болып атсалысу парыз. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыруға әйелдердің белсенді қатысуы аса маңызды. Даму жоспарында саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулық, тиімді басқару, халықаралық еңбек нормаларын сақтау, кәсіпкерлік мәдениеті, тиімді әрі тұрақты макроэкономикалық саясат, сауда және экономикалық интеграция, әлеуметтік әділеттілік пен сенімді әлеуметтік қорғау сияқты гендерлік бағытқа негізделген мәселелер бар. Әйел кәсіпкерлігіне қолайлы іс-шаралар толық қарастырылған.
– Осы орайда айтпағымыз, бүгінде еліміздің экономикасын өркендетуде еңбек етіп жүрген 3,7 млн. әйелдер қауымы бар. Қазақстан әйелдері отбасы қам-қарекеті, балалар тәрбиесімен қоса ел игілігін арттыруда қоғам алдындағы міндетін адал атқарып келеді, – деді қала әкімінің орынбасары Н.Шарова, – қазіргі кезеңде әйел адамның саясатта, басқару ісінде, бизнесте тиімді де табысты болып жүргеніне ешкім күмән келтіре алмайды. Оның негізгі себебі, мемлекет тарапынан, Мемлекет басшысы тарапынан қазақстандық әйелдер қауымына сенімді серіктес ретінде жоғары баға берілуі. Ал, сенім мен құрмет адамға әрқашан қанат бітіреді.
Индустрияландыру картасына жалпы көлемі 6,5 трлн. теңге құрайтын 162 жоба енгізілген. Соның басым бөлігінің бірі, – «Бизнестің жол картасы-2020». Бұл жобаға сәйкес мемлекет шағын және орта бизнес субъектілеріне несие бөлу арқылы кәсіпкерлік инфрақұрылымын дамытпақ. Соған орай жеңіл өнеркәсіп, тоқыма кәсіпорындарын, туризмді, аграрлық қайта өңдеу салаларын жандандыруға жол ашылмақ. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын ханымдар аз емес. Бүгінгі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласында тер төгіп жүргендердің арасында әйелдердің үлесі 50 пайызды құрайды. Ал аграрлық сектордағы әйелдердің үлес салмағы 60 пайыз екен.
Семей қаласындағы «Береке» шағын несие беру ұйымынан үстіміздегі жылдың 9 айында 7 мыңнан астам ауылда тұратын қыз-келіншектер шаруа қожалығындағы жұмыстарын дамыту үшін несие алған. Осы арада Елбасының Қазақстан әйелдерінің V форумында әйел кәсіпкерлігін қаржыландыру мәселесі туралы тапсырма бере тұрып, әйелдердің қаржыны қайда, қалай жұмсауды білетінін атап айтқанын еске сала кету қажет. Әйел кәсіпкерлігін қаржыландыру жобалары қарқынды жүргізілуде. Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы әйел кәсіпкерлерге 16 млн. доллар қаржы бөлінді. «Шағын несие ұйымдары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, несие алу процедуралары жеңілдетілді. Кәсіпкер әйелдермен жүргізілетін сауалдама арқылы шағын кәсіпкерлікті табысты дамытуға кедергі келтіретін мәселелер анықталды. Олар жергілікті мәслихат депутаттарының, мемлекеттік және бизнес құрылымдары, қаржы ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың және кәсіпкер әйелдердің қатысуымен өткізілетін дөңгелек үстел жиындарында талқылануда.
Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова конференцияда Семей қаласындағы әйелдердің қоғамдағы белсенділігі, іскерлігіне тоқталып өтті. Айта кету керек, елімізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Бүгінде Семей қалалық әкімдігіне қарасты он бес дербес бөлім бар болса, оның алтауын қазір нәзік жандылар басқаруда. Сонымен қатар, Семей қаласына қарасты төрт ауылдық округтің де әкімі әйел адамдар. Семей қалалық мәслихатының қатарында да төрт нәзік жанды халық қалаулысы атанған.
– Еліміз дербестігін алғаннан бастап, гендерлік теңдікке ерекше мән беріліп келеді, – деді кәсіпкер ханым Жанна Мұратова. Қазіргі таңда әйелдер қауымы түрлі салада ер азаматтарымызбен тең дәрежеде еңбек етуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында шағын бизнес ұрпақтан ұрпаққа өтуі қажеттігін атап өткен еді. Бүгінде әйелдердің жеңіл өнеркәсіпте, сауда саласында, қонақүй және мейрамхана кәсібінде бағындырған белестері аз емес. Олардың іскерлігі нәтижесінде қаламыз әлеуметтік тұрғыдан қарқынды дамып келе жатыр.
Нәзік жандылар әлі де болса кәсіпкерлік саласында өздерінің мүмкіндіктерін толықтай пайдалана алмай келеді екен. «Бизнес жүргізудегі жеңілдік» рейтингінде Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы орында болғандығына қарамастан, жаһандағы экономикалық дағдарыс пен өзге де факторлар әйелдердің осы саланы игеруіне қолбайлау болып отырған көрінеді.
Дегенмен, отбасының берекесін келтіріп, бала тәрбиесімен үзбей айналыса жүріп, үйден тыс жердегі жұмысын да тындырып, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына өзіндік үлес қосып жүрген әйелдер аз емес. Олардың арасында үлкенді-кішілі мекемелер басшылары, өз ісін ұршықша иіріп отырған кәсіпкерлер де бар. Өнегелі ана, үлгілі басшы атанып жүргендері қаншама. Қазақстанның «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 5 мыңнан аса әйел кәсіпкерлердің жобасын қаржыландырған. Әйел адамның қабілетімен республикадағы еңбек ресурсының 50%-ға жуығын құрап отырған Қазақстан әйелдері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосып отыр. Осылайша ұлттық экономиканы инновациялық жолға қоюға өзіндік септігін тигізуде.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
Семей.