Межелер мен міндеттер
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Ұлттық ғарыш агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда негізгі баяндаманы аталған агенттік төрағасы Талғат Мұсабаев жасады. Өз баяндамасын ведомство басшысы 2010 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде бастап, алдағы жылдары атқарылуы тиіс шаруалар жайынан да мағлұматтар берді. «Бәйтерек» ғарыштық кешенін іске қосу мерзімі 2015 жылға қайта шегерілген. Бұған себеп Ресей жағы «Ангара» атты зымыран ұшырғышты ұшыру сынақтарын 2013 жылға ауыстырып жатқандықтан болып отыр. Осы ретте агенттік төрағасы алқа мәжілісіне қатысып отырған Үкімет басшысынан аталған жобаны қаржыландыру жұмыстарын жалғастыруды сұрады. Осыдан кейін Т. Мұсабаев «KazSat-2» жер серігін, бұйыртса, биылғы жылдың наурызында көкке көтеруді жоспарлап отырғандарын да айтты. Аталған спутникті іске қосу кезінде оның басқару аппаратурасында бірқатар ақаулар анықталған. Қазіргі таңда осы кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық ғарыш агенттігі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспар негізінде саланы дамытудың төрт стратегиялық бағыты бойынша жұмыс жасамақ. Атап айтқанда, олардың қатарында мақсатты ғарыштық жүйе құру, технологиялар мен оларды қолдану, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенін дамыту мен ғарыштық аппараттар өндірістерін құру секілді жұмыстар бар. Сонымен қатар, ғарыш жұмыстарының ғылыми және тәжірибелік-эксперименттік базасын дамыту да осы жоспар аясында жүзеге аспақ. 2010 жылы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Ресейдің М. В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығымен «KazSat-2» спутнигіне байланысты бірқатар жұмыстар атқарған. Жоғарыда айтқанымыздай, оны ұшыру жоспары алдағы көктемге белгіленген. Бұған қоса қазіргі таңда осы сериядағы үшінші спутникті ұшыру үшін халықаралық тендерге қатысу да жоспарланған. Бүгіндері тендерге Франция, Германия, Жапония, Ресей, АҚШ, Израиль және Үндістан секілді мемлекеттер қатысуда. Ғарыштық саладағы байланыс төңірегіндегі әңгіме қозғағанда, олардың өзге елдермен әріптестік байланыстарының маңыздылығын да айта кеткен ләзім. Бұл тұрғыда Ұлттық ғарыш агенттігі бұған үлкен ден қойған. Халықаралық қызметтестікті нығайту мақсатында өткен жылы Франция, Ресей, Израиль, Германия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Украина секілді мемлекеттердің ғарыштық агенттіктері және компанияларымен бірқатар құжаттарға қол қойылған. Ғарыштық кеңістікті бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану жайында Жапонияның аэроғарыштық зерттеу агенттігі мен Германияның аэроғарыш орталығы және Кореяның аэроғарыштық зерттеу институттарымен әріптестік келісімдерге де қол қойылған. Ғарыш саласы үшін отандық кадрларды дайындау да агенттіктің алға қойған мақсаттарының бірі болып табылады. Салаға мамандарды дайындау тұрғысында дайындық жұмыстары басталған. Республикамыздың базалық жоғары оқу орындарында «Ғарыштық техника және технология» мамандығы бойынша мамандар дайындау қарастырылған. Олардың қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, сондай-ақ Азаматтық авиация академиялары тұр. Мамандарды ғарыш саласында дайындау алыс және жақын шет мемлекеттерде де жалғасуда. Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасымен 58 стипендиат Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ және Канада секілді елдерде 9 мамандық түрінен білім алуда. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Байқоңыр қаласындағы Мәскеу авиациялық институты филиалында 101 қазақстандық студент мамандыққа машықтануда. Ғарыш саласындағы мамандарға арналған 16 оқу семинарлары мен олардың біліктіліктерін арттыру үшін де біршама ауқымды шаралар өткізілген. Бұл осы саланың елімізде дамуына қосылып жатқан үлес екені белгілі. 2010 жылда атқарылған жұмыстарды саралай келген Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев еліміз үшін заманауи ғарыш саласы ұлттық намыстың үлгісі ғана емес, жоғары сапалы шынайы өмір мен ұлттық ресурстың алға басуын көрсетеді, деді. Алқа мәжілісін қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов соңғы үш жылда әлем дағдарыстың зардабымен күресумен болғанын, соған қарамастан, мемлекеттің ғарыш саласымен байланысты бағдарламаларды назардан тыс қалдырмағанын айта келе, алдағы уақытта ел экономикасының оңалуына қарай біз салаға бұрынғыдан да көп көңіл бөлеміз деген ойдамын, деді. Сондай-ақ ол ең болмағанда біз басым бағыттағы бағдарламаларды қаржыландыратын боламыз дегенді де ерекше атап көрсетті. Аталған басқосуда сонымен қатар Премьер-Министр агенттік өкілдеріне «KazSat-2» спутнигіне байланысты жұмыстарды тездетіп аяқтауды тапсырды. Осы ретте К. Мәсімов «KazSat-1»-ге байланысты проблема үшін агенттіктің қазіргі басшыларын кінәламайтынын айтты. Әйтсе де біз оған кінәлі азаматтарды табамыз, дей келе, әзірге «KazSat-1»-ге байланысты басты мәселе оны сақтандыру үшін бөлінген қаржыны қайтарып алу болып табылады, деді. Бұдан салық төлеушілер зардап шекпеуі тиіс дегенді де қаперге салды. Техника дегеніміз темір. Сондықтан оның сынуы мен істен шығуы әбден мүмкін. Қайтсе де біз ең болмағанда оның сақтандыру құнын ала алатындай болуымыз қажет. Сол себепті де сақтандыру шараларының барынша жоғары деңгейде жүргізілгені дұрыс, деген Кәрім Қажымқанұлы алқа отырысы барысында Ұлттық ғарыш агенттігінің өткен жылы жақсы жетістіктерге қол жеткізгенін атап көрсетті. Алқа отырысына жиналған жұртшылық ғарыш кеңістігі жайында түсірілген арнайы фильмді тамашалады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше