Жетісу жерінде де қыс қаһары ерекше сезілуде. Қаңтардың алғашқы аптасындағы суық жұртты қысып, аяз 30 градусқа дейін жетті. Аптаның басында күннің ызғары сынып, оңтүстік аймаққа жылы ауа жеткендей болды. Соның әсерінен бе, Ұйғыр ауданындағы Шарын елді мекеніндегі аталған өзендегі «қызыл су» жағалауға жақын орналасқан 50 үйдің ауласына кіріп, алаңдататын оқиға орын алды. Мәселеге орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті және апаттық құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің бас маманы Айдос Оңғаровпен хабарласқанда ол төмендегі жағдайларды жеткізді.
10 қаңтар күні сағат 18-ден асқанда Шонжы ауылындағы №10 өрт сөндіру бөліміне шұғыл хабар түскен. Онда Шарын өзеніндегі мұз үстіне көтерілген су 15-20 сантиметр биіктікте үйлердің аулаларына жайылғаны айтылған. Оқиға орын алған жерге аудан әкімі мен жауапты сала мамандары барып, жағдаймен танысып, тұрғындардың зардап шекпеуі үшін жұмыс жүргізді. 200-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Сейсенбі күнгі жағдай бойынша, 250 үйдің ауласына су жайылып, 350 адам осындағы екі мектеп пен туған-туыстарының үйлеріне орналастырылды. Құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар саласының 36 адам мен тұрғындар есебінен 250 адам тартылып, олар үй мүліктерін су астында қалдырмауға байланысты құтқару шараларымен айналысуда. Шарын ауылын 5950 халық мекендейді. «Қызыл судан» зардап шеккендер тіркелмеген. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, өзен арнасын бұрып, тосқауыл қоюға техника мен адам күші жеткілікті жұмылдырылған.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.