17 Наурыз, 2016

Америкада ақын Сергей Есениннің ұлы қайтыс болды

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17-03-16-altksandr_esenin

АСТАНА. 17 наурыз. АҚШ-та кеше математик, философ, КСРО-дағы диссиденттік қозғалыс пен құқық қорғаушылық лидерлерінің бір  Александр Сергеевич Есенин-Вольпин қайтыс болды. Бұл туралы ras.kz ақпарына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. 1924 жылғы 12 мамырда Ленинградта туған Александр Есенин бір жағы өзінің атақты әкесі Сергей Есенин сияқты ақын да еді. Ол 92 жасында бақилық болды. Баланың жасы бірге жаңа толған кезде әкесі өзіне өзі қол жұмсап, өмірден өтіп кетті. Болашақ диссиденттің анасы Надежда Вольпина аудармашы әрі ақын болатын. Оның әкесі мен анасы әдебиет әлемінде өзара дос-тын, бірақ бір-бірлерімен некеге тұрмаған. Бала кейін ер жеткенде өлең жаза бастайды. Бірақ оларды анасының фамилиясымен жариялайды. Александр 1933 жылы анасымен бірге Мәскеуге қоныс аударады, ал 1946 жылы МГУ-дің механика-математика факультетін, тағы бір үш жылдан кейін оның аспирантурасын бітіреді. 1949 жылы «антикеңестік поэзиясы үшін» бірінші рет психикалық ауруханаға күштеп жатқызылады. Бір жылдан кейін «әлеуметтік жағынан қауіпті элемент» ретінде  Калининград облысына бес жылға жер аударылады. Ақынның ұлы 1953 жылы рақымшылық алады. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды, бес жылдан кейін қайтадан жындыханаға жатқызылады. 1965 жылы Александр Есенин-Вольпин соғыстан кейінгі КСРО-да бірінші болып «жариялылық шеруін» ұйымдастырады. Ал 1968 жылы үшінші рет жындыханада емделіп шыққаннан кейін Александр АҚШ-қа кетіп қалады. Ол Америкада алдымен Буффало, сосын Бостон университеттерінде жұмыс жасайды. Сонда жүріп өзінің аты берілетін диадикалық кеңістік теоремасын жасайды. Вольпин 1989 жылдан бері отанында бірнеше рет болып қайтты. Александр 1992 жылдан кейін Сергей Есенин ұрпақтары арасындағы жалғыз бала болып қалды. 1937 жылы орыс ақынының баспахана қызметкері Анна Изрядновадын туған тұңғышы Юрий жалған айып бойынша атылып кетті. Актриса Зинаида Райхтан туған журналист-жазушы Татьяна (1918-1992) мен инженер-құрылысшы Константин (1920-1986) бұдан көп бұрын қайтыс болды. Талғат Райымбек. Дерек, сурет: ras.kz.