12 Қаңтар, 2011

Қазақстан мұсылмандары өкілдерінің барлық мұсылман жамағатқа үндеуі

578 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қолдауға шақырамыз Қазақстан мұсылмандары өкілдерінің барлық мұсылман жамағатқа үндеуі Еліміздің бүкіл мұсылман қауымы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастаманы толық қолдайды. Тәуелсіздікке қол жеткізілген 20 жылдың ішінде Елбасымыз экономиканы өркендетіп, халықтың әл-ауқатын көтеріп қана қоймай, республикамыздағы ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты қалыптастырды. Соның нақты көрінісі, қазіргі таңда республикадағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, сондай-ақ 40-тан аса конфессияның өкілдері Қазақстан атты берекелі бірліктің ортақ үйінде тату-тәтті өмір сүруде. Осы жылдарда елордамыз Астанада 3 рет Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездері болып өтті. Жер жүзіндегі алуан түрлі дін басшылары әлемнің әр түкпіріндегі ұлт пен ұлыстың, діннің арасында қырғи-қабақ қақтығыстар болып жатқан алмағайып заманда Қазақ елін сүттей ұйыған тыныштықтың, тұрақтылық пен пен бейбітшіліктің мекеніне айналдырған Елбасымызға және бүкіл Қазақстан халқына бата-шапағаттарын төгіп, өзге мемлекеттерді бізден үлгі алуға шақырды. Еліміз егемендікке қол жеткізгелі бері асыл дініміз – Ислам барынша өркендеді. Егер тәуелсіздік алған кезімізде республикада бар-жоғы 68 мешіт болған болса, Елбасының қамқорлығы нәтижесінде қазір олардың саны 2371-ге жетті. Еліміздің өткен жылы ғана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық жасап, оны тамаша табыспен аяқтағаны күллі әлемге белгілі. Ал биыл біздің Президентімізге Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету абыройы бұйырды. Мұның өзі Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінде Жер шарының 57 мемлекетінде тұратын 1,5 миллиардтан астам халықты біріктіріп отырған мұсылман дүниесіндегі аса беделді әлемдік қайраткер екендігінің айқын дәлелі. Елбасының сабырлы һәм сарабдал саясаты арқасында Қазақстан Батыс пен Шығыстың арасын жалғастыратын руханият пен өркениеттің алтын көпіріне айналды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың берік орнығуы Елбасының кемел де дана саясатының арқасында мүмкін болды. Құрметті мұсылман бауырлар! Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен еліміздің Тұңғыш Президенті болуы Алла тағаланың бәріміздің бағымызға берген зор бақыты мен үлкен нығметі деп білеміз. Соған шүкірлік етеміз. Сондықтан Қазақстандағы барлық мешіттердегі жұма намаздарға қатысатын намазхандарды – мұсылман жамағатты Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізуді қолдауға шақырамыз. Ә.Дербісәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, М.-Х. Алсабеков, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Қ. Жолдыбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы, Қ.Заңқоев, Астана қаласының өкіл имамы, М.Құлмұхаммед, Алматы қаласының өкіл имамы, М.Әбсаматов, Алматы облысының өкіл имамы, Қ.Қыдырмин, Ақмола облысының өкіл имамы, Б.Есмахан, Ақтөбе облысының өкіл имамы, Н.Есмағанбет, Атырау облысының өкіл имамы, С.Сейітбеков, Батыс Қазақстан облысының өкіл имамы, А.Керімбек, Жамбыл облысының өкіл имамы, Н.Утпинов, Қарағанды облысының өкіл имамы, Д.Рысбай, Қызылорда облысының өкіл имамы, Т.Жәкиев, Маңғыстау облысының өкіл имамы, Б.Мырзагелдиев, Оңтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы, Е.Балахмет, Қостанай облысының өкіл имамы, Ж.Бердімұратов, Павлодар облысының өкіл имамы, Қ.Исаев, Солтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы, Т.Мырзаев, Шығыс Қазақстан облысының өкіл имамы, С.Маханбет, «Ислам және өркениет» газетінің бас редакторы, О.Өмірбек, «Иман» журналының бас редакторы.