18 Наурыз, 2016

Еңбек адамы – экономиканың тірегі

1173 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
17-03-02Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодар өңіріне жұмыс сапары кеше әрі қарай жалғасты. Елбасы аймақта болуының екінші күні облыс орталығында ұйымдастырылған еңбек ұжымдарының республикалық форумына қатысты. Іс-шараға атсалысуға Қазақстанның 10 өңірінің 50 еңбек ұжымынан 4 мыңнан астам адам келді. Қоғам дамуының да, адамзат өркениетінің де өзегі өнімді еңбек екені белгілі. Ендеше, әлемнің әмір­шісі – еңбек. Ал жеке адамның өмірі­нің алтын арқауы осы маңдай тер, табан ақы, адал еңбекпен өріле­тіні анық. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиын­дық­ты жеңбек. Осындай ойды ұран еткен форумда Елбасы сөз сөйледі. Құрметті қазақстандықтар, құр­­метті павлодарлықтар, бүгін мы­на­дай зәулім мұз сарайына күллі елі­міздің экономикасының тірегі са­налатын еңбек ұжымдары­ның өкілдері жиналып отыр. Сіздер алып өндірістердің тізгі­нін ұстаған ерен еңбектің иелері­сіздер, деп бас­тады сөзін Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев. Табыс­тың басты кілті ең­бек, дейді дана халқымыз. Сол се­бепті біз­дің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы­мыз­дың ең қадірлі тұлғасы еңбек адамы болып табылады. Ер­тіс бойы – еліміздің ең қуатты индус­триялық аймақтарының бірі. Қазақ­стан бойынша бүкіл көмірдің 70 пайызын, ферроқорытпаның 75 пайызын Павлодар облысы бере­ді. Электр энергиясын өндіру мен мұнай өңдеудің 40 пайызы сіз­дер­дің еншілеріңізде. Өңірде маши­на жасау, металлургия, жеңіл жә­не тамақ өнеркәсібі қарқынды да­мып келеді. Соның арқасында шағын және орта бизнестің өрісі кеңейіп, өркендей түсті. Ел эконо­­ми­касының өзегі болған ірі кәсіп­орын­дардың біразы осында. Елбасы келесі кезекте ерке Ертіс бойының еңбеккерлері қашанда зор табыстарымен ерекшеленетінін атап көрсетті. Сол себепті, еңбек ұжымдарының республикалық форумы осында өтіп отыр, деді Президент. Өйткені, іс адамының, бизнестің дамыған орталығы, үлкен өндіріс осында. Ертістің бойы индустрияландырылған Қазақстанның белсенді өлкесі болып саналады. Баршаңызды бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқын алдағы келе жатқан Наурыз мейрамымен де құттықтап өтті. Бүгін осы жерде облыс және бүкіл еліміздегі еңбек ұжымдарының үздік өкілдері жиналып отыр. Бұл – шахтерлер, металлургтер, теміржолшылар, мұнайшылар, өзге де жұмысшы кәсіп өкілдері. Сіздер өз қолдарыңызбен металлургиялық пештерде, кеніш­тер мен шахталарда, зауыттарда, авто­мобиль және темір жолдарда біздің отандық экономиканы қа­лыптастырасыздар. Мен жұмыс­шы болудың не екенін жақсы білемін. Біз Қазақстанда Жалпы­ға Ортақ Еңбек Қоғамын құру жөнінде міндет жүктедік, арнайы «Еңбек Даңқы» орденін тағайын­дадық, оның алғашқы лауреаттары осы залда отыр. Ең тұрақты валюта – адам еңбегі, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті әлем­дегі күрделі экономикалық ахуал кезінде де Қазақстан эконо­миканың даму деңгейін сақтай отырып, ел азаматтарына әлеуметтік кепілдіктерді ұсына алғанына назар аудартты. Қазір әлемдік нарық күрделі кезеңді басынан өткеріп отыр. Көптеген әлемдік компаниялар өндіріс көлемін азайтып, жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр. Әлеуметтік шығындар азайып, жұмыссыздық көбейіп келеді. Мұның барлығы – жаһандық экономикалық дағдарыстың өтемі. Мұндай қиындықтармен біздің де өндіріс ошақтары кездесіп отыр. Қазақстан экспортқа шығаратын тауарлардың көбісінің бағасы арзандады, атап айтқанда, мұнай, металл, өндіріс өнімдерінің бір­неше түрі. Біз балама экономика құруды бастап, индустриялан­дыру және «Нұрлы Жол» бағдар­ламаларын жүзеге асыра бастаған­ның арқасында өндіріс өнеркәсіп­тердегі өнім өндіру деңгейі ай­тарлықтай төмендеген жоқ. Қазақ­стан бұған дейінгі уақыттар­да қор жинап алғанның арқа­сында, қиындықтарға тап келмей, әлеу­меттік міндеттемелерді толықтай өтей алып отыр, деді Президент. 17-03-01.PG 17-03-04Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап айтты. Барлық аймақта әкім­діктер мен жетекші кәсіп­орындар арасында жұмыс орын­дарын сақтап қалу, жұмыс беруші­лердің жер­гілікті қайта оқыту бағ­дар­лама­ларына қатысу туралы мемо­рандумдарға қол қойылды. Жа­һандық дағдарыстың күрделі ке­зең­інде біздің мемлеке­тіміз жоға­ры әлеуметтік жауап­кер­шілік­тің үлгісін көрсетеді. 1 қаңтар­дан бастап, біз әлеуметтік сала жұ­мысшыларының еңбек­ақысын, студенттер стипендия­сын, әлеу­меттік төлемдерді көбейт­тік. Қа­зіргі уақытта мұны әлем­нің бірде-бір елі жасап отыр­ған жоқ. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында әлеу­меттік кепіл­демелерді қам­та­масыз етудің алдағы уа­қыт­тағы шаралары ұсынылған және жаңа Еңбек кодексі қабыл­да­нып, кәсіподақтардың рөлі күшей­тілді. Келесі жылдан бас­тап, тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы басталады. Соның ар­қасында миллиондаған қара­пайым қазақстандық еңбекке жол­дама алады. Бұл – мемлекет тара­пынан жастарға көрсетіліп отыр­ған үлкен жәрдем. Қарапайым адам­дардың күн­делікті тұтынатын қажет­тілік­тері мен жаңа жұмыс орын­дары, лайықты еңбекақы, тұрақ­тылық пен заң тәртібі – біздің дағдарысқа қарсы саясатымыздың басты назарында, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елдің инфрақұрылымдық дамуы бойынша алдағы жоспарларға да тоқталды. Менің тапсырмам бойынша, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыруға елеулі қаражат бөлінді, бұл 60 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 18 мыңдай жұмыс орны құрылып, 1 мыңға жуық инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Біз ин­дус­триялық даму бағдарламасын да жал­ғастырамыз. Мұнай-газ, түсті ме­таллургия, энергетикалық сектор, өңдеуші өнеркәсіп сияқты ба­залық секторларға баса мән бері­леді, деді Қазақстан Президенті. Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индус­триялық дамуындағы Павлодар облысының рөлін атап өтті. Мұнда басы-қасында жүріп, жоспарымыз қалай іске асып жатқанын көруге болады. Облыс сыртқы инвестиция көлемі бойынша бірінші бестікке кіреді, 182 млрд. теңге тартылды. Металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп өндірісі артуда, жергілікті кәсіпорындар өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеруде. Жез кенін өндіре бастадық. Бұл тау-кен саласын үш есеге арттыруға мүмкіндік берді. Тұтастай өнімнің экспорт көлемі 100 млрд. теңгеден асты. Индустрияландырудың осы бесжылдығы барысында 5 жаңа өнеркәсіп нысаны іске қосылды. Индустрияландыру картасының 20-дан астам жобасы іске асырылуда, ондағы инвес­тиция көлемі 800 млрд. теңгені құрайды. Мұның барлығы – экономика өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жұмыс орны, жаңа өндірістік қуат, деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Пре­зи­денті мемлекет өңір халқын әлеу­меттік қолдау мәселелеріне баса назар аударып отырғандығын да атап өтті. Облыс тұрғындары үшін 20 әлеуметтік нысан салынды, пери­наталдық орталықтың жаңа зама­науи ғимараты, 7 дәрігерлік ам­булатория ашылды. 5 мектеп, оның ішінде 4-еуі ауылдық жер­де салынды. Павлодар – балаларды мектепке дейінгі мекеме­мен 100 пайыз қамтамасыз еткен бір­ден-бір өңір, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бұл өңірге үнемі қуа­нышпен келетінін айтып өтті. Мұнда өмірдің қызу қайнап жат­қанын және біздің жоспарлардың қалай жүзеге асырылып жатқанын өз көзіңмен көруге болады. Оған аймақтағы экономикалық көр­сет­кіштер дәлел. Сөз арасында Мемлекет басшы­сы алда келе жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу мәселесіне назар аударып, барлық отандастарға тұтастық пен бірлік үшін ризашылық білдірді. Өткен ширек ғасыр Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңі болды. Біз елімізді танымал және беделді елге айналдырдық. Осының бәріне өзара сеніміміздің, тұтастығымыздың, бауырластық пен достығымыздың арқасында қол жеткіздік. Көптеген елдерде қасіретті оқиғалар орын алып жатқан кезде бұл өте маңызды. Жетекші мемлекеттер арасындағы текетірес өршіп тұр, қақтығыстар басылар емес, соғыс жүріп, адамдар қаза болып жатыр. Жүз мыңдаған босқын өз үйлерін, жиған дүние-мүлкін, отанын тас­тап, баспана мен көмек сұрауға мәжбүр болуда. Ал Қазақстанда татулық пен келісім салтанат құ­рып отыр. Сол үшін барлық буын­ның өкілдеріне, барлық ұлт­тан шыққан азаматтарымызға ай­рық­ша алғыс айтамын, деді Мем­лекет басшысы. Соңында Қазақ­стан Президенті елдің барлық азаматтарына денсаулық, табыс және бақ-береке тіледі. Форумға республиканың түк­пір-түкпірінен 50 кәсіпорынның ең­бек­керлері жиналғанын жоғарыда айтқан болатынбыз. Қаты­су­шылардың жалпы саны 4 мың­нан астам екені де мәлім. Форум­да бірқатар еңбекші сөз алып, Ел­басына алғыстарын білдірді. Елдің тұрақтылығы мен тыныш­тығына тәубе десіп, еңбек адам­дарына деген зор құрметі үшін рах­мет айтты. Сөз сөйлегендердің ішін­де павлодарлық «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Мұратқан Қайырбаев та бар. Ол өз сөзінде ұжымдастарының сәлемін жеткіз­ді. Мен жұмыс істейтін электр стан­сасында мыңнан астам адам бар. Менің еңбегіме берілген марапат – сол жұмысшылардың барлы­ғына берілген марапат. Өмір бойы еңбек адамының жағдайын ойлап келген Сізге біз сенеміз. Біздің байлығымыз бірлікте. Жолымыз жасампаздық, таңдауымыз тұрақ­тылық, деді ол. Сонымен қатар, Шығыс Қа­зақстан облысынан «Казцинк» ЖШС-нің жұмысшысы Евгений Боровиков, Қарағанды облысынан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтері Марал Жамбейісов, Қостанай облысынан «Соколов-Сарыбай» АҚ жұмысшысы Татьяна Полуяктова да өз сөздерінде осы ойды жалғастырып, еңбек адамдарына деген құрметті зор бағалады, алғыстарын жаудырды. Жамбыл облысынан келген «Қазфосфат» ЖШС жұмысшысы Александр Пя­гай­дың сөзі, тіпті, тартымды шықты. Ұлты корей болса да таза қазақ ті­лінде жатық сөйлеген ол сөзін­ің соңын жалынды өлең жол­­дары­мен түйіндеді. Біздің от­­басын­да барлығы жұмысшы ма­ман­дығын таңдаған. Өзім де 13 жыл­дан бері «Қазфосфатта» жұ­мыс істеймін. Менің ұлтым корей бол­ғанымен, жүрегім қазақ деп со­ғады, деді ол елжандылық рухпен. Форум соңы республикаға танымал эстрада өнерпаздарының ән-шашуына жалғасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумнан шыққан соң Пав­лодар­дағы «Greenwich» гипер­мар­кетіне барды. Елбасы гипермаркеттің сау­да залдарын аралап, онда қойыл­ған отандық тауарларды, соның ішінде, бөлшек сауда кәсіпор­ны аумағында өндірілетін өнім­дерді көрді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа өндірісте қолда­ны­латын технологиялар мен кәсіп­орынның одан әрі дамуы жөнін­де баяндалды. Бұдан бөлек, Қазақ­стан Президенті жергілікті тамақ өнім­дерін өндірушілермен және облыс­тың шағын және орта бизнес өкіл­дерімен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау және Қазақстан тауарларының халықаралық нарық­тағы бәсекеге қабілеттілігін артты­ру үшін мемлекет күш-жігер жұм­сап отырғанын атап өтті. «Рубиком» ЖШС гипермаркеті өңірде 2013 жылы ашылған болатын. Онда сатылатын азық-түлік­тің негізгі бөлігі отандық өнім­дер, оның ішінде, жергілікті, павло­дар­лық кәсіпкерлердің өнімдері. Мәселен, гипермаркетте 250-ден аса компанияның өнімі қойылған, соның 137-сі – қазақстандық өнді­ру­шілер болса, 45-і Павлодар қала­сы мен облысының компания­лары. Гипермаркеттегі отандық өнім­дердің үлесі барлық тауар ассор­тиментінің 60 пайызын құрайды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.