Ығылман Шөрекұлының туғанына 140 жыл
Абайға дейінгі жыр өлкесінде шоқтығы биік ақын Махамбеттің бейнесін өлеңмен өріп, сомдауға өткен ғасырдың басында ілкі қадам жасаған сөз сүлейі Ығылман Шөрекұлы еді. Ол Кіші жүз аумағын түгел қамтыған атышулы көтеріліс оқиғалары болған кезеңнен кейін кенжелеп туса да, құлақтарына Исатай мен Махамбет бастаған сарбаздардың ат тұяқтарының дүрсілдері сіңген, қиян-кескі ұрыстарға куә болғандардың әңгімелерінің желілерін үзбей жеткізген кісілердің барырақ уақытында естігендерін жадында тоқи берген. Зердесінде сол ұялағандарды, көтерілістің екі хатшысының бірі болған әкесі Шөрек құжаттаған деректерді, зиялы жерлесі Халел Досмұхамедов берген жүйелі кеңестерді көкейде қорыта келе жазған Ығылман өзінің «Исатай – Махамбет» дастанында батыр, ақын Махамбетке оқта-текте оралып соғып, әр қырынан көрсетуді мақсат еткен.
Дұрысында, дастан толықтай дерлік Исатай Тайманұлының ерлігін, өрлігін, көсемдігін, шешендігін, кісілігін, кішілігін, кескін-келбетін, қимыл-қаракеттерін көтерілістің өрбуімен қиюластыра отырып, жыр тілінде баян етуге құрылған. Ал Махамбет шығармадағы екінші кейіпкер. Екеуі бір-бірін толықтыратын, байытатын әдеби бейнелер. Мұндай үрдістер эпостық жырларда әуелден бар. Мәселен, Ер Тарғын, Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Сайын, Шора, Едіге және тағы басқа батырлар ерліктерін жырлау барысында осы тәсіл қолданылған. Тіпті, берідегі Нысанбайдың «Кенесары–Наурызбай» дастанының өзінде Кенесары басты тұлға болып өріледі де, ал Наурызбай одан кейінгі екінші кісі, хан Кененің сүйеніші, серігі.
Эпостық жырларда батырлардың ерліктерін асыра дәріптеу, ертегідегідей етіп әсерлеу жағы басым болса, Ығылман дастанында Исатай мен Махамбеттің шайқастардағы әрекеттері мен өжеттіктерін шындық шеңберінен алысқа әкетпеген, негізінен оқиғаларды болғандарын болған күйінде жырлаған. Солай бола тұрса да, эпостық жырлардың қай-қайсысымен де дастанның терезесі тең. Әділіне келгенде, көбіне өресі биік, шыншылдығымен шырайлы.
Дастанның бірінші бөлімінің басқы тұсында Махамбетті игі жақсылардың қатарында атап, Нарынға қалай қоныс тепкендіктерінен хабар беріп алып, оқиғаны ширықтырып әкеліп Ығылман:
…Сол қорлыққа күйініп,
Сиязға қазақ жиылып,
Исатай мен Махамбет
Ханға қарсы көрінді
Кеткен соң асып шамадан, –
деп көтеріліске бастау болған себеп-салдарды, соған орайғы ілкі бас қосу жиынын сөз етеді. Халықтың алдында Махамбеттің алдаспандай өткір өлеңдерімен алғашқы жарқырай көрінуі осы тұспен сәйкес келетіні хақ.
Дастанның дүниеге келуіне тікелей ықпалы тиген, мұрындық болған ғалым, профессор Халел Досмұхамедов «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» деген еңбегінің «Махамбет батыр» атты тарауында «Махамбеттің өзі батыр әрі жырау, әрі домбырашы болған. Өте қызулы адам екен. Әдіс, шеберлікке кем болса керек. Бағыт алған жағынан тайынбайтын қарыспа ер екен. Исатай жұртты ақылмен, дәлелмен, түрлі әдіспен соңына ерткен адам болса, Махамбет көпті қыздырып, көңілін аударып ерітетін адамның түрі болған…» деп сипаттағанындай, орыс билеушілеріне арқа сүйеген Жәңгір ханға, оның жандайшаптарына қарсы бас көтерген ұлт-азаттық көтерілісінің әп деген бастапқы қозғалысынан бастап Махамбет ештеңеден тайсалмай көш бастаған қызу қанды, ержүрек азамат.
…Айт пен тойдың саумалын,
Сапыртып ішіп шараға,
Ел аралап жүре алман.
Исатай мен Махамбет,
Байбақты, Жүніс, Қабыланбай,
Қыздырып қанын айтқан соң
Қалмады қазақ ұраннан.
– Хан ордасын шабам! – деп,
Бір мыңдай кісі қол болып,
Арланды бұған ел болып.
Осы үзінді арқылы Ығылман аталған ерлермен бірге Махамбеттің де халыққа сөзін өткізген күрескер екенін айқындап береді. Ер етікпен су кешкен дәуренде саумал қымызды шара аяққа толтыра ішіп, ел аралап, айт пен той қуалап жүре алмайтын, нағыз қараның қамын жеген өреннің өзі екені көрінеді. Осыдан кейінгі бір толғаныста оның садақпен атқыш, саржамен қардай борататын мерген екенін тағы танимыз. Үбі, Таңатарлармен бірге Махамбеттің Нарынға тіке бағыттап, Ордаға қол бастап бара жатқаны да әсерлі суреттеледі. Әрине, олардың қарсыласы да осал жау емес. Жаманат хабарды естіген хан да қарап қалған жоқ. Әскерін жиып қарсы шықты, тұрысар жерде тұрысты, ұрысар жерде ұрысты. Сол арада Махамбет шайқастың бастапқы кезеңінде болмай қалады. Намысқой, аршыл батыр өз қолдарының дұшпандарын жапырып, кері қайтармай тұрғандарына ашуланады. Оны Ығылман дастанда:
Кейінде қалған Махамбет
Көкірегі демігіп,
Бойына сіңген қашаннан
Демікпесі түзеліп,
Торда қалған сұңқардай
Соғысқа батыр босанған.
Мінгені бәйге тарлан-ды,
Кейінде қалып арман-ды.
Қашырмай жауды тұрғанға
Қатты жаман арланды, –
деп көз алдымызға әкеледі.
Академик Қажым Жұмалиев «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» деген ғылыми еңбегінде: «Махамбет қолбасы батыр болуымен қатар, көтерілісшілердің жалынды үгітшісі әрі көтеріліске рух беруші сөз шебері, зор талантты ақыны», деп атап көрсеткеніндей, Махамбеттің қалың қолға ұран тастаған шағын:
– Бүгінге дейін тұрдырып,
Осынша қолды қырдырып,
Тұрғаның, ерлер, қалай?! – деп
Келе батыр зарланды.
Бәйге тарлан астында
Жаңғыз айыл төсінен
Ата аруағын қоздырып,
Айырылды батыр есінен.
Тұра алмады дәт тұтып
Кездескен соң өшімен.
«Ағатайлап» ат қойды, –
Айбынсын енді несінен?! –
деп Ығылман да әдемі жеткізеді. Дастанның делебені қоздырар, намысты оятар сәті. Оқып отырғанда өзің де ұрысқа бірге кірісіп кеткендей күйге ұрынасың. Бұл – ақынның шеберлігі.
Махамбеттің қасындағы ерлерді ілестіріп жаумен айқасқа түскен кезін Ығылман Шөрекұлы былайша өрнектейді:
...Әскердің түсті алдына-ай!
Қамалға барып соқтығып,
Ойранды жауға салдың-ай!
Жаяу мерген жаншылып,
Ат астында қалдың-ай.
Қашуға қарап бет алды,
Тұра алмай төзіп хандық-ай…
…Әлі де болса ерлердің
Аруағы жаудан басым-ды –
Қастасқан дұшпан қаңғыды-ай.
Қым-қуыт, қиян-кескі соғыс, жан беріп, жан алысар уақыт. Махамбеттің қорықпас қолбасшылығын, беріспес батырлығын әйгілейтін көрініс. Мұндай көріністер дастанның өн бойында аз кездеспейді. Көбіне Исатайдың ерлігін көрсетуге қатыстылары басымырақ. Бірақ көтеріліс басшысының сенімді серігі, оң қолы Махамбеттің оның қатысқан ұрыстарының қай-қайсынан да тысқары қалмағаны ақиқат нәрсе. Оны тарихи деректер әлдеқашан айқындап берген. Демек, Исатай жырланған жерде Махамбет те жүр деген сөз.
Өздері бастаған істің мақсатына жетуін ойлағанда Махамбет қара басын да ұмытқан, туғанына да қайырылмаған. Көтерілісшілер хан ордасын қамап тұрғанда Жәңгірдің бастығы Балқы етіп, қасына Махамбеттің туғаны Бекмағамбетті ертіп, Шыман төрені елшілікке жіберетін, ойлануға он күн мұрсат сұрайтын кезі бар ғой. Исатай атынан сөйлейтін Махамбеттің «Әй, Махамбет, жолдасым» деген өлеңіндегі:
Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды, –
дейтін күні. Алайда, Исатай батыр бітімге келгендердің айтқанына, ханның уәдесіне иланып, дегеніне көніп қалады, аңқаулыққа салынады. Оған Махамбет өз уәжін айтып, алдап жүргендіктерін дәлелдеп, қарсылық білдірсе де, Исатайды көндіруге қанша тырысса да оны алған бетінен қайтара алмайды. Дастанда сол қысылтаяң мезгілдегі Махамбеттің ұстаған бағытын Ығылман ақын:
Хан елшісі келгенде,
Махамбет айтты батырға:
«Осының бәрін өлтіріп,
Кәлдесін, – деді, – қиялық.
Осылар бізді алдап жүр,
Ендігі тілді тиялық.
Бекмағамбет туғаным,
Өлтірем десең маған хош,
Жүрмеңіз менен ұялып…
…Туғаным деп сенбеймін,
Ханның ісін қолдап жүр.
Тілімді батыр алмасаң,
Бастығы Балқы қан қылып,
Ақ құрбандай шалмасаң,
Хан орысқа біріксе,
Мақсаты жаудың болған біл», –
деп толғайды. Өкінішке орай, Махамбеттің берген ақылы Исатай тарапынан жерде қалдырылып, артының қалай сәтсіздікпен біткені барша жұртқа аян. Бұл – Махамбеттің ақылгөйлігін байқататын жайттардың бір парасы.
Тарихшы-ғалым Исатай Кенжәлиев өзінің «Исатай-Махамбет» атты кітабында орыс ғалымы, жазушы, саяхатшы Егор Ковалевскийдің «Құрлықтар мен теңіздерді кезуші» деген кітабынан үзінді келтіріпті. Онда Е.Ковалевский Махамбет туралы: «Біз Борсық құмындағы ауылдарда болған кезімізде өз халқының ішінде-ақ тамаша қырғызды (қазақты –
И.К.) кездестірдік», дей келіп, ол «Аз уақыттың ішінде-ақ өзінің ақылдылығын да, шешендігін де танытты» («Странствователь по сушам и морям», СПБ, 1843 г. 1-я книга, стр.-81) деп әрі қарай жалғастырған. Осылайша талай мықтыларды мойындатқан Махамбет Өтемісұлын өз дастанында ақын Ығылман Шөрекұлы да өз мәнінде, өзіндік өрнектерімен көрсетеді. Ол жеңіліс тапқандардың қатарында Жайықтың шығыс жақ бетіне бір қашқыншыға жүз қуғыншы келіп, ығысып өтіп бара жатқан жолының өзінде де қаймықпай, жолдастарына қайрат, жігер беріп сөйлейтін аруақты ақын, жабыққандарға рух, дем беруші. Ығылман өз кейіпкері Махамбеттің сол қасиетін басқа бір ақын Төлегенмен салыстыра жырлап, ұтырлы жол тапқан.
Жайық еді Төлеген
Әңгіме топта қозғаған.
Шешендікке келгенде
Алты Алаштың баласы
Алдына түсіп озбаған.
Алла деп ауыз ашқанда,
Тасыған судай жылыстап,
Бір сөзден бір сөз қоздаған.
Өздеріңіз аңғарғандай, Төлеген алты Алаштың баласы алдына түспеген жүйріктің өзі. Онысын мойындап отыр, бүкпесіз баяндап, дәріптеп отыр. Сөйтсе де, ол Махамбеттей бола алмайды. Өйткені, Төлеген басқа қиындық түскен шақта:
Қамауда қалған елді айтып,
Үйренген жастан жерді айтып,
Боталы нардай боздаған.
Махамбет батыр секілді
Қайрат беріп сөз айтпай,
Қайғы да салып сөйледі,
Қалды деп неміз тозбаған?! –
дейтін сарыуайымшыл, боркемік ақын. Оған керісінше, Махамбет өзі айтқандай, түн қатып жүріп, түс қашқан күндерде де еңсесін төмендетпей, мойымай серіктерінің жырмен көңілін көтеріп, оларға серпін беруші.
Түн ортасы болғанша
Тамақтанып жайланды.
Тамақтанып болғансын
Сөз мереке жасатып,
Көңілдің дертін босатып,
Бір-екі сағат айналды.
Махамбет сынды батырдың
Қайрап айтқан сөзінен
Жабыққан ерлер пайда алды, –
деуі орыс тарихшысы Александр Рязановтың «Исатай Тайманов көтерілісі» деген кітабындағы: «…Махамбет Өтемісов жалынды үгітімен бұқара арасында жаңадан өршіген ұшқынды тез-ақ үрлеп жіберді» («Қазақстан» баспасы, Алматы, 1996 ж., 146-бетте) деген пікірімен үндес келеді.
Сөйтіп,
Жеті жыл ханмен дауласып,
Екі жылдай жауласып, –
жүрген ерен ер, айбарлы ақын, көшелі күйші Махамбет Өтемісұлы қайда жүрсе де қараның қамын ойлап, жоғын жоқтады, бодандыққа бұғау тастатпады, теңсіздікке мойынсұнбады, дастанда түйін жасалғандай:
Еріксіз нәрсе алмады,
Елге зиян салмады.
Өзінің патшаны тітіркендіріп, ханды қалтыратқан, қазақтың қалың бұқарасын азаттық жолға шақырған қаһарлы, қайсар жырларымен елді соңына ертті.
Егер Махамбеттің күйшілік өнерін, сазгерлік қабілетін өз кезінде білген болса, Ығылман ақын өз дастанына тағы да тың шумақтар қосары сөзсіз еді.
Көрнекті ғалым, әдебиет зерттеушісі Қабиболла Сыдиықовтың сөзімен айтқанда: «…Қазақстанның Батыс аймағында ерлік жырларын дамыта жырлайтын, өз жанынан батырлық дастандар толғайтын әдеби ортаның көрнекті өкілі» Ығылман Шөрекұлы өзінің тарихи дастанында Махамбеттей ұлы тұлғаның поэтикалық бейнесін тұңғыш жасаушы, ол жөнінде өзінен кейінгі толқынға ізашар болған ақын. Бертін келе Махамбет жайлы өлеңмен де, қара сөзбен де жазып, қадау-қадау шығармалар туындатушылар көбейіп келеді. Бірақ Ығылман ақын солардың бәрінің көш бастаушысы, бір-бірінен айырып, бөліп қарауға болмайтын қос батыр Исатай мен Махамбет туралы әңгімелерді уыз шағында жырлаушы. Осы ақиқат қашан да ұмытылмағаны абзал.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.
Атырау.