Нанкинде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ны дамыту инвестициялық форумы болды
Үстіміздегі жылғы 17 наурызда Нанкин қаласында (ҚХР, Цзянсу провинциясы) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бастамасымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына сапары барысында қол қойылған ҚТЖ мен Цзянсу провинциясы арасындағы 600 миллион АҚШ долларына инвестиция құю туралы келісімге сәйкес, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ны дамытуға инвесторлар тарту мәселесіне арналған форум өткізілді.
Форумды «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин алғысөзбен ашты. Ол екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың және Си Цзиньпиннің бастамасымен «Нұрлы Жол» бағдарламасы және «Жібек Жолы экономикалық белдеуі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірлескен көлік-логистикалық жүйесін жетілдіруге және Еуразия құрлығындағы тасымалдауды дамыту бойынша сауда көлемінің артуына жеткізетін қадам екендігін атап өтті.
«АЭА ерекшелігі 180 миллион тұрғыны бар және ҚХР-мен 110 миллиард АҚШ доллар сауда айналымы көлемін құрайтын Еуразиялық одақ нарығында жаңа өндіріс орындарын құру мен индустриялық серіктестіктің қанат жаюына зор мүмкіндіктер әпереді», деп атап өтті А.Мамин.
Қазіргі таңда АЭА-ның құрғақ порты Кеден одағы, Орталық Азия мен Еуропа, Парсы шығанағы елдерінің тұтынушыларына жүктерді жеткізудің логистикалық және мультимодальды операцияларын жүзеге асырады.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аймақтағы көлік-логистика хабын және экономикалық даму драйвері ретінде бірлескен көлік-логистикалық жүйесін жасақтау маңызды болып саналады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің айтуынша, «Нұрлы Жол» бағдарламасы және «Жібек Жолы экономикалық белдеуі» жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан жұмыстар өңірдегі жоғары технологияға негізделген бәсекелестікке сай кәсіпорындар ашу, серіктестікті дамытуға ықпал етеді.
Форумда сөз сөйлеген Цзянсу провинциясы губернаторының орынбасары Чжан Лей Қытай тарапы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА индустриялық серіктестігін дамыту бағдарламасына белсенділікпен қатысатындығына сенім білдірді.
Сондай-ақ, форумда «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары Хишам Билмааши, «KTZExpress» АҚ президенті Санжар Елубаев, «KaznexInvest» АҚ басқарма төрағасы, Қаржы министрлігі кедендік әдістеме департаментінің директоры Марат Бейсенов сөз сөйледі. Шараға 150-ден астам қытай компанияларының өкілдері қатысты.
Форум кезінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Цзянсу провинциясының губернаторы Ши Тайфэнмен, Ляньюньган қаласы халық үкіметінің мэрі Сян Сюэлонмен және бірқатар жетекші қытай компанияларының басшыларымен кездесті. Тараптар Ляньюньган Қазақстан-Қытай бірлескен логистикалық компаниясын одан әрі дамыту мен Ляньюньган қаласындағы ШЫҰ логистикалық аймағын құру, «Қорғас» ХШСО дамыту мәселесін қарастырды.
Кездесу барысында Цзянсу провинциясының губернаторы Ши Тайфэн Қытай тарапының «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ны дамытуды жүзеге асыру нәтижелерінің барынша тиімді болуына және өзара пайдалы серіктестікті кеңейтуге мүдделілік танытты. Цзянсу провинциясы Қытайдың индустриялық-аграрлық саладағы жетекші аймақтары қатарынан саналады. Аймақтың ішкі жалпы өнімі 1 трлн. 200 млрд. АҚШ долларын құрайды. Жергілікті тұрғындарының саны 78,6 миллионға жетеді.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».