18 Наурыз, 2016

Қазақтың батыр ұлы – Мағжан елінде

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Айдын АйымбетовҚасиетті Қызылжар жеріне алғаш рет табан тіреген қазақтың батыр ұлы Айдын Айымбетовке облыс жұртшылығы үлкен ілтипат көрсетіп, гүл шоқтарымен қарсы алды. Есімі тарихымызға алтын әріптермен жазылған ғарышкер-ұшқыштың алғашқы сапары ғарышкер жерлесіміз Владимир Шаталовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, одан кейін «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымының мүше­лерімен кездесті. Халық Қаһарманы «Зен­ченко және К» командиттік серік­тестігінде болып, отандық өнімдердің сапалық құрамына назар аударды. Ұжыммен кездесуде озық технологияларды қолдану арқылы күніне 40 тонна табиғи сүтті қалдықсыз өңдейтін кәсіпорынның жұмысын жоғары бағалап, табыс тіледі. Жиналғандарға ғарыш жайлы қызықты әңгімелер шертіп, қазақтың жеңсік тамағы – құрт ала барғанын айтуды да ұмытпады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде этномәдени бірлестіктер өкілдерімен өткен басқосуда «Мәңгілік Ел» идеясы, халықтар арасындағы дос­тық, жас­тар тәрбиесі, Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына орай атқарылып жатқан патриоттық шаралар мен бастамалар негізгі тақы­рып арқауына айналды. Қа­зақ­стан Республикасы Әс­ке­ри-әуе қызметінің полков­нигі Айдын Ақанұлы солтүстік­қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мере­кесімен құттықтап, бейбіт өмір, тату-тәт­ті бірлік тіледі. Ғарышта бол­ған онкүндік сапарына қатысты қойылған сауалдарға жауап қайтарып, ғарыш саласын да­мытуға мемлекет тарапынан ұдайы көңіл бөлініп келе жат­қанын жеткізді. Аграршылармен, спортшылармен, студент жастармен өткен кездесулер де тағылымға толы болды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.