Адам баласына қайғы-қасірет әкелетін бірден-бір тажал соғыс екені даусыз. Жұмыр жердің пендесінің осы бір тажал талқысына шыдас беріп келе жатқанына да нешеме ғасырдың жүзі болды десеңізші. Әйтеуір тыныштық жоқ, ес біліп, етек жапқалы адамзат атаулы соғыстан көз ашпапты... Әсіресе, ақыл толықсып, қарудың қарапайымынан қара дүрсілі пайда болғалы жер үсті айқас-шайқасқа толып дүрлікті де жатты емес пе.
Бұлардың ішінде өткен ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғыстың сойқаны тарих бетіне қара дақ болып жағылды. Ол туралы нешеме көркем туындылар жазылып, деректі фильмдер көрсетіліп, өнер атаулы сол жазылмас жара хикаятынан аттап өте алмады.
Өз басым сондай сұрапыл соғысты қамтыған «Отан үшін отқа түскендер» фильмін тағы бір қайталап көріп, қатты толқыдым. Ерлік пен патриоттық сезімге құрылған «Отан үшін отқа түскендер» атты деректі фильмі кезінде НКВД-нің «Аса құпия» деген белгі қойып, жасырын ұстап келген құжаты – Мәскеу маңындағы «Ажал айлағы», Украина жеріндегі «Харьков қазандығы» сияқты қанды қырғындарда қаза болған боздақтар туралы мол мағлұматты қамтыпты. Соның ішінде Ақмолада жасақталған 106-шы атты әскерлер ұлттық дивизиясын жалаңаш қол, жалаң қылыш және құр қамшымен «қаруланған» күйі қарша бораған жаудың автоматы мен танктеріне қарсы айдап салып, 10 000-дай адамның қырылып қалғанына куә боласыз...
Атақты Илья Эренбург: «Соғыстың төрт жылында ұмытылмастай есімде қалған шайқас – Ржев-Вязьма бағытындағы майдан. «Марс» деген құпия атауы бар шайқасқа 10 миллионға жуық адам күші жұмылдырылып, жартысына жуығы қаза тапты. Осы 17 айға созылған ұрысты кеңес тарихшыларының құпия ұстаған себебі – ол барынша сәтсіз операция саналады» дегені бар... Ал Константин Симонов оны «Өлім даласы» деп атаған екен.
Осы тозаққа Алматы мен Ақтөбеде жасақталған 100-ші және 101-ші қазақстандық ұлттық дербес бригадалары қатысып, олардың жеке құрамының 80 пайызынан астамы қырылып кеткен. Фильмде осындай қырғындар туралы мұрағат материалдары алғаш рет ашылып, бұрын қалың бұқара біле бермейтін тың деректер паш етіледі. Оны Ржевтегі қырғынды көзімен көрген Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев өз аузымен жеткізеді. Осы жерде Ржевтегі 10 000-нан астам қазақстандық қаза болып, есімдері еңселі Естелік тақтаға жазылып, ерлердің рухы туған жердің топырағын сезініп жатсын деген ниетпен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан топырақ жеткізіліп салынады...
Қазақстан Сталинград майданының ең жақын тылы болған. Себебі, Волганың бір жағы Батыс Қазақстанның жері болатын, қазақтар оны Еділ дейді. Гитлер Сталинградты өлсе де уысынан шығармауға бекінді. Әрі ол өз әскеріне: «Сталинград шайқасында жеңілуді еш кешірмеймін!» деп бұйырумен болды.
Фильмдегі аумағы 100 шақырымға созылған Сталинградтағы осы шайқас – ұзақтығы мен қан төккен сарбаздардың саны жағынан да ауызбен айтып жеткізе алмастай, яғни аспан аударылып жерге түскендей сұмдық көрініс болды. Сол тұста Сталиннің «Бір қадам да артқа шегінбеу» туралы берілген 227-ші бұйрығы да келіп жетеді...
Жалпы, Ұлы Отан соғысында 500-ден астам қазақстандық жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, солардың 112-сі осы Сталинград іргесіндегі шайқаста шынығып, ерліктің үлкен үлгісін танытқаны тарихтан белгілі. Бір сөзбен айтқанда, қан мен тер сіңген осы Сталинград жерінің азат етілуі – Ұлы Жеңіске деген ұлы сенімді оятады!
Украинадағы Днепр үшін шайқасқа екі жақтан 4 млн. адам қатысқан. Майдан шебі 1400 шақырымға созылған Днепр үшін жау әскері де жанталасқаны белгілі. Оған Гитлердің тарихта қалған: «Днепрдің теріс ағуы мүмкін, бірақ орыстардың Днепрді алуы мүмкін емес!» деген сөзі дәлел. Алайда ол мақсатына жетпеді.
...Қазақ елі де қарап жатпады. Жандарын шүберекке түйген екінші майданның құрыштай сарбаздары Жеңіс үшін жанын пида еткен. Олар – шерлі аналар, жарын жоғалтқан жесір әйелдер, әкесіз қалған қара сирақ балалар...
Одақтас республикалар бойынша Қазақстан Ұлы Жеңіске үлес қосушылардың алдыңғы сапынан көрінді. Қазақстан соғыс кезінде 1,5 миллион адамның екінші Отанына айналған көріністер... Әңгімені Бауыржан Момышұлы, Қ.Қайсенов, С.Нұрмағамбетов, Т.Бигелдинов, Р.Қошқарбаев сияқты батыр ағалар сабақтап отырады...
Гитлер Германияны толық күйреуге әкеп соқтырды. Ал, Сталин болса фашистік басқыншыларды күл-талқан етіп жеңген мықты мемлекетті басқарып, өзінің артына бүкіл әлемге ықпалы зор ұлы державаны қалдырды... Бұған қазақстандықтардың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Деректі фильм осыны дәлелдеді.
Көрерменін бейжай қалдырмас, сұрапыл соғыстың ащы шындығын анық та қанық етіп көрсете білген фильмнің өндірісіне, техникалық-редакциялық және көркемдік шешіміне жауап беруші, жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Бекхожинге, фильмнің авторы әрі қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назгүл Әбутұраповаға айтар алғысымыз шексіз.
Сондай-ақ, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков осы аталған фильмнің идеясын ұсынып, тапсырыс беріп, бастан-аяқ қадағалап, кеңесшілік қызмет көрсетіпті. Қазақстанның Ресейдегі, Украинадағы өкілі бола жүріп, Ресей, Украина Қорғаныс министрліктерімен, Подольск, Ржев, Киев, Харьков сияқты көне қалалардың әскери тарих институттарымен шығармашылық топты тығыз байланыстырып, өз беделімен сол елдердегі мемлекеттік мұрағаттардан, орталық теледидарларынан тарихи құжаттар әперіп, бейне материалдармен қамтамасыз етіпті. Әрі фильм өндірісінің қаржысына қолдаушылар тауып, продюсерлік көмек те көрсеткен екен. Аталған деректі фильм өзінің құрылымы мен жасалуы жағынан көп жайларды қамтыған, тақырып аясы аса кең шыққандығы да осынау ұлтжанды азаматтың тікелей көмегінің арқасы деп ұққан жөн.
Ұлтының рухани ділін ойлап, бүгінгі ұрпақтың ұлы бабаларын жадында ұстап, отаншыл болып өсулеріне ерекше ықыласты азамат сонау 2007 жылдан бері ҚР Президентінің Телерадиокешенімен үнемі тығыз творчестволық байланыста болып келеді. Оған «Мәңгі достық», «Дала даналары», «Батырлар», «Ерлік ел есінде», «Тау тұлғалы Тұрар», «Тарлан», «Бөкей хан» сияқты көптеген деректі фильмдердің дүниеге келуі дәлел бола алады. Осы телетуындылардың идеясын ұсынып, тапсырыс берумен қатар кеңесшілік қызмет көрсетті әрі фильм өндірісіне демеушілік жасады.
Кәкен МАМАЖАН.
Алматы облысы.