18 Наурыз, 2016

Шаруасы шалқыған «Шалабай»

908 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
DSC_0902-1Жоспарлы экономика заманын­да Қазақстанда шаруашылығы өр­кен­­деген көптеген кеңшарлар мен ұжымшарлар болды. Олардың қа­та­рына бұрынғы Семей облысы, қала берді республикаға белгілі табыс­ты жұмыс істеген «Шалабай» атты кең­шар да кіретін. Ал оның атын шығарған қазақтың ақбас тұқымды сиырлары еді. Алайда, 90-жылдардың басын­дағы нарықтық қатынастарға көш­­­­кен өтпелі кезеңде, ауылда да меншікті мемлекет иелігінен алып, жеке­шелендіру науқаны жүр­гізілгенде аяғында нық тұрған талай шаруашылықтар бұрынғы жағ­дайынан айырылып, тұралап қалғаны белгілі. Мұндай хал алдыңғылар қата­рында жүретін біз айтып отырған шаруашылықтың басына келеді деп кім ойлаған. Өзім кезінде жұмыс бабымен «Шалабайда» бірнеше рет болып, тыныс-тіршілігін көзбен көрген адаммын. Ал кейінгі жағдайын ел-жұрт­тан естіп, шет жағасын ақ­парат көздерінен біліп жүргенмен, өткен жылдың тамызында онда жол түскенде соның байыбына жеткендей болдым. Шалабайда өсірілген «қазақтың ақбас сиыры» атты етті бағыттағы ірі қара мал тұқымы сол заманда ке­ңі­нен тарап, Кеңес Одағы бойынша саны 1 млн. бастан асып, барлық ет­ті бағыттағы мал тұқымдары ара­сындағы үлесі 66%-ды құраған еді. Оны­мен қатар, бұл алғашқы шы­­ғарылған отандық етті ірі қара мал тұқымы болатын. Қазақтың ақ­бас тұқымды сиырлары өзінің конс­титуциялық-биологиялық қа­сиет­тері бойынша қатаң климаттық жағ­дайларға аса бейімделген және жоғары ет өнімділігімен ерек­­ше­ленетін бірегей тұқым. Жылдам бейімделгіштік қасиеттері арқасында оны Қазақстанның барлық аймақ­тарында өсірсе, ал Ресейде көптеген асыл тұқымды мал өсіру зауыттары онымен жұмыс істеді. Осы мал түрінің тұқым болып қалыптасып, еліміздегі ет өн­дірі­сі­нің дамуына сүбелі үлес қосуы тарихында «Шалабай» аталған ша­руашылықтың да алатын орны ерекше екендігін айтпасқа болмай­ды. Ол үшін «Шалабайдың» тари­хына көз жүгіртсек, ондағы мал шаруа­шылығының даму бас­тауы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Ресей шаруаларының Сібір мен Қазақстанға жаппай қо­ныс аударыла бастаған кезеңге кететінін бай­­­қаймыз. Сол заманда өсірілген жергілікті қазақ сиырлары қатаң кон­тинентальды климаттық жағ­дайға, жайылымдық бағуға тез бейімделгіштігімен ерекшеленді, бірақ өнімділіктері төмен болатын. Жергілікті мал басының қалып­тасуына қоныстанушылардың өз­дерімен ала келген жақсы сүттілік­ке ие сиырлары белгілі бір әсерін тигізді. Асыл тұқымды мал өсіретін орын­ның 1918-1919 жылдарға дейін жүргізген мал тұқымдарын асылдандыруға қатысты барлық жұмыстары малдың осы аталған сапаларын жоғарылатуға арналып, 1930 жылға дейін «Шалабай» мемлекеттік асыл тұқымды мал өсіру орны «Семей губерниялық тәжірибелік мал шаруашылығы стансасы» деген атпен жұмыс істеп келді. Онда жақсартылған жергілікті сиыр малымен қатар желісті асыл тұқымды жылқыларды және қойларды өсіру жұмыстары да жүргізілді. 1949 жылы КСРО Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің арнайы комиссиясы осы жерде өсіріліп жатқан жануарларды өзіндік жеке бір тұқым ретінде мойындап, КСРО үкіметінің жарлығымен жаңа тұқымның, қазақ­тың ақбас тұқымының отаны және туған жері ретінде «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауыты анық­талып және жаңа тұқымға арналған көрсеткіштер стандарты «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауыты­нан алынған. КСРО үкіметі 1950 жыл­­дың мамырында оған «Қазақтың ақ бас сиыры» деген атау беріп, жаңа тұқымды ресми бекітеді. Осы жаңа тұқымды шығарумен «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру кеңшарының үлкен ұжымының және ғылыми мекемелердің жергілікті малдың сапасын барынша жоғары талаптарымен сәйкес келетіндей етіп жақсартуға бағытталған ұзақ та, көп еңбекті қажет ететін жұмысы аяғына жетті. Ал асыл тұқымды малдарды ша­р­уа­шылықтарға сату мал тұқымын асылдандырумен шұғылданатын кеңшарлар мен фермалар желісін кеңейтуге мүмкіндік тудырды. Осы жылдар ішінде «Шалабай» асыл тұқымды малдарды өндіруші ша­руашылыққа айналып, одан тараған мал тұқымы пайдаланған Семей облысының «Шегелек», «Скотовод», «Мыңбұлақ», «Большевик», «КПСС 25 съезі атындағы», «Көкпек­ті» кеңшарлары және Шығыс Қазақ­стан облысының «Багратионовс­кий» кеңшары құрылды. Бұлардың бар­лығы «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының еншілес шаруашылықтары болып табылды. Нарық келгенде ауыл ша­р­уа­­­шы­лығындағы реформалар «Ша­лабайды» да айналып өтпеді. 1991 жылдан шаруашылық құлдырай бастады, асыл тұқымды ірі қара мал ешкімге қажет болмай қалды. Мемлекет тарапынан дотациялар тоқ­тап қалды да, барлық мал етке өткізілді. Ал 1996 жылы кеңшар таратылды. Қалған 780 бас асыл тұ­қымды мал қайтадан құрылған шаруа қожалықтарына таратылып берілді, олар әрі қарай шаруашылық қажеттеріне жұмсалатын тауарлық мал ретінде пайдаланылды. Дегенмен, кезінде атағы дүркі­реген шаруашылықтың құрып кету жағдайына бейжай қарамайтын азамат табылды. Ол мамандығы мұ­ғалім, ауылдағы Н.Крупская атындағы мектептің бұрынғы директоры Сү­лейменов Қуаныш Серікқазұлы болатын. Шалабайда туып өскен, шаруашылықтың жағдайына көптен қанық, елжанды азамат 2004 жылы кезінде Мемлекеттік кірістер және қаржы министрі қызметтерін атқарған, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ президенті З.Кәкімжановтың «Экспресс-К» газетінде жарияланған сұхбатын оқыған соң ойға қалып, «Шалабай» мал тұқымын асылдан­дыру зауытының бұрынғы ата­ғын қайта қалпына келтіруге қол ұшын беруін сұрап хат жазады. З.Кәкім­­­жановтың бұл жағдайды терең тү­сініп, жанашырлық танытуының ар­қа­сында 2005 жылдың қараша айында «Шалабай» ЖШС заңды мәртебе алады. Ал жаңа шаруашылық тізгінін оны жаңғыртудың бастамашысы болып, ұйымдастыру іс-шаралары­ның басы қасында болған Қуа­ныш Сүлейменов қолына алды. Міне, жа­уапкершілігі үлкен осы шаруа­ны жолға қоюда ол өзінің нағыз менеджерлік, іскерлік қабілетін, табандылығын көрсете білді. Арнайы білімнің де қажеттілігін сезіне білген жаңашыл азамат Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аграрлық факультетінде «Мал ша­р­уа­­шылығы өнімдерін өндіру» ма­мандығы бойынша білім алып, сырттай оқып бітіреді. Жаңа басшы бірінші кезекте бұрынғы асыл тұ­қымды ірі қара мал шаруашылығын қалпына келтіруді басты мақсат етіп қойды. Сол үшін білікті кадрлар, мамандардан команда жасақта­ды. Өндірісті тездетіп жолға қою үшін қаржы көздерін, инвестиция тартудың тиімді жолдарын іздеді. 2006 жылдың қазанында-ақ бұ­рынғы еншілес шаруашылығы «Ба­г­ратион» шаруа қожалығы­нан 155 бас ірі қара мал сатылып алынған соң Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының қайта өркендеу дәуірі басталды. Келесі жылы қыркүйек айында Павлодар облысындағы тағы бір еншілес кәсіпорын болған «Галицкое» ЖШС-дан 138 бас мал сатып алынды. Бүгінде шаруашылықта асыл тұ­қымды малдың есебін жүргізу жақсы жолға қойылған. Малдың әр басының шыққан тегі көрсетіледі, жаңа туған әр бұзауға паспорт ашы­лады. 3 жыл бойы жыл сайын асыл тұқымды өгізшелер са­ты­лу­да, олардың сапасымен жұ­мыс жүргізілуде: азық базасын бір жылдық, көп жылдық азық да­қыл­дарының егумен жақсарту жос­парланып отыр. Бұл мал азығын жақсы жаққа қарай теңгеру үшін жасалады. Онда жыл сайын қосатын салмақ үлесі де артатын болады, әрі сәйкесінше өндірістің тиімділігі де жоғарылайды. Алматыдағы Қазақ ауыл шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен селекциялық-асылдандыру жұмыстары шең­бе­рінде, 2010 жылы Абердин-ангусс тұқымының эмбрионы әкелініп, қа­зақтың ақ бас сиырларына салынды. 2011 жылы суррогатты ана­лықтардан Абердин-ангусс тұқымының бұзау­лары алынды: 3 өгізше, 3 тайынша. 2012 жылы 3 өгізшені қазақтың ақ бас сиырларын ұрықтандыру үшін бұқа ретінде пайдалану бас­талды. 2013 жылдың өзінде-ақ қа­зақтың ақ бас сиырларының бірін­ші ұрпағы мен Абердин-ангусс тұқымының буданынан пайда болған алғашқы 50 бас бұзау алынды. 2013 жылы «Шалабай» ЖШС 200 бас асыл тұқымды тайыншалардың әр басы 500 000 теңгеден сатылып және 100 бас асыл тұқымды өгізшелер тірі салмағы бойынша 1 килограмы 1000 теңгеден сатылды. Ал 2015-2016 жылдары барлығы 699 асыл тұқымды мал сатылды. Ал өзім шаруашылықта болған кезде Зайсан ауданы шаруашылықтарына асыл тұқымды тайыншаларды сатып жатқанына куә болдым. Бас зоотех­ник бұл жолғы келісімшарт мөл­шерінің сомасы 50 млн. тоннадан асып жығылатынын тілге тиек етті. Мені бір таңдандырған нәрсе, ауылдан 20 шақырымдай жерде Қызылсу өзенінің екі жақ бетіне орналасқан ірі қара мал табындарына салынған кешен. Түгелге дерлік жаңадан са­лын­ған қоражайлардың талаптарға сай келе­тіні, малды күтіп-бағуға, өсіруге қолайлы екендігін байқадық. Таяу жерде малды бонитировкадан өткізу үшін арнайы сатып алынған қажетті құрал-саймандармен жаб­дықталған қондырғы селекция­лық-асылдандыру жұмыстарының нұсқаулық талаптарына сай жүр­гізілетінін байқатады. Тағы бір ма­ңызды мәселе – малды күтіп баға­тын адамдарға жағдай жасау. Оларға да кешенге таяу жерден үлкен үй салып беріпті. Жұмыстың ауыспалы түрі таңдалыпты, яғни бір топ 15 күн еңбек еткен соң үйі­не қайтып, келесі құрам келеді. Олар­ды 15 күннен соң ауыстырады. Ал жағдайлары, бір сөзбен айтқанда, тамаша. Қонақ үйлердегі секілді. Бір бөлмеде 2-3 адамнан тұрады. Ағаш төсек, қажетті жиhаз, керек жарақтар. Кең асхана, теледидарды айтпағанда, бильярд та бар. Бүгінгі күні «Шалабай» ЖШС-да 2280 ірі қара мал, 2400 бас қой мен 428 жылқы түлегі өсірілуде. Өткен жылы 50 ара омартасы сатып алынып, алғашқы өнім де алынды. Бұдан басқа 500 құс сатып алынып, шаруашылықтың осы түрін дамыту да қолға алынды. Жемшөп өндірісі мен егін шаруашылығы да даму үс­тінде. Жалпы, таяу болашақта шаруа­­шылықтың бұрынғы жоғары деңгейіне жетері үшін алғышарттар жетерлік. «Шалабай» ЖШС басшылығы өндірістік көрсеткіштерін арттырумен қатар, жылына 15 миллион теңге бөлу арқылы Шалабай ауылының әлеуметтік дамуы бойынша да орасан жұмыс атқарып отыр және оған қоса қажетті әлеуметтік нысандар тұрақты түрде салынуда. Елімізде Шалабайдай шаруасы шалқыған ірі шаруашылықтар көп болса, ол тәжірибе басқаларға тараса, ауыл іргесі бекем болып, халыққа аса қажетті азық-түлік өндіретін ауыл шаруашылығындай стратегиялық тұрғыдан маңызды саланың келе­шегі жарқын болар еді деген ой, осы мақа­ланы жазудағы біз ұстанған мақсаттың түпқазығы болатын. Ал оның қалай өрбитіні, әлбетте, уақыт еншісіндегі жағдай. Әрине, үміт басым, сенім ақталарына сенейік. Өмірзақ СҰЛТАНОВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті. Шығыс Қазақстан облысы.