Ақпараттық-комуникативтік технологиялардың адамзат үшін күннен-күнге маңызы артып келеді. Бүгінде гаджет, смартфон, интернетсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Электрондық байланыс құралдары адамдардың жалпы тұрмыс деңгейін көтеруге, өмір сапасын арттыруға зор ықпал етіп отыр.
Қазақстанда соңғы он жыл ішінде электрондық Үкімет жүйесі енгізіліп, жұмыс істеуде. Оның мақсаты – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты барынша қолайлы, қолжетімді ету. Денсаулық сақтау саласын пациенттердің қажеттілігіне қарай бағыттау мақсатында елімізде Электрондық денсаулық сақтауды дамыту концепциясы қабылданды. Электрондық денсаулық сақтау жүйесі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды денсаулық сақтау жүйесінің барлық салаларында, соның ішінде амбулаторлық-емханалық, стационарлық, жедел шұғыл көмек, менеджментте қолданып, олардың үйлесімді қызметін қамтамасыз етеді.
Жеке тоқталатын болсақ, қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында бірнеше ақпараттық жүйелер енгізілген. Мысалы,
«Бекітілген тұрғындар регистрі» бүгінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әрбір медициналық мекемеде жұмыс істейді. Онда еліміздегі 17 миллионнан астам тұрғындардың әрқайсысы қай емханаға бекітілгені туралы ақпарат бар. Бұл жүйе бір жағынан емханалардағы кезек мәселесін шешуге ықпал етсе, екінші жағынан денсаулық сақтау саласындағы басшыларға әрбір учаскелік дәрігердің, әрбір емхананың жұмыс ауқымын қадағалап, олардың қызметін оңтайлы жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталмыш жүйе бойынша учаскенің алты базалық көрсеткіштері – ана мен бала өліміне жол бермеу, онкологиялық ауруларды, туберкулезді ерте кезеңде анықтау, арыз-шағымдар мен инсульт, инфаркт сияқты аурулардың көрсеткіштерін автоматты түрде алуға болады.
«Госпитализация бюросы» атты ақпараттық жүйе науқастардың жергілікті, аймақаралық немесе республикалық клиникаларға өз таңдауы бойынша тіркелуіне арналған. Мысалы, стационарларда бұрын негізінен сол аймақта тұратын науқастар емделетін де, ал ауыл тұрғындарының емдеу мекемесін таңдауға мүмкіндігі шектеулі болатын. Науқасты мамандандырылған республикалық деңгейдегі ауруханаларға жіберу мәселесін стационардың басшылары немесе бөлім жетекшілері шешетін. Жаңа жүйе науқастарға қай облыс, қай аудан, қай ауылда тұрғанына қарамастан, егер ауруханаға жатуға көрсетілімі болған жағдайда, кез-келген аймақтағы стационарды таңдауына жол ашты. Бұл порталдан қай стационарда қанша төсек орны бос екендігін біліп, кезекті қадағалап отыруға болады. Госпитальдау бюросының тағы бір артықшылығы – бұл жүйе бір елді мекендегі емдеу мекемелері арасындағы ақпарат алмасуды қамтамасыз етті. Мысалы, аурухана кез-келген емханаға түнгі уақытта немесе жұмыстан тыс уақытта өз бетінше медициналық көмекке жүгінген науқастар туралы ақпаратты автоматты түрде жіберіп отыруға мүмкіндік береді. Әрі аталмыш жүйе кепілді медициналық қызмет көрсету саласына жеке мекемелерді тартып, бәсекені арттыруға оң ықпал етіп отыр.
Медициналық қызмет сапасын арттыру жүйесі медициналық көмектің қаншалықты толыққанды, сапалы көрсетілгенін қадағалауға арналған. Мысалы, қандай да бір ауруды емдеу барысында бекітілген стандарттардан ауытқу болса, жүйе оны анықтап, медициналық ұйымға экономикалық ықпал ету әдістерін көрсетіп береді. Бұл дәрігерлерді өзінің кәсіби біліктілігін жүйелі түрде көтеріп отыруға түрткі болатыны сөзсіз.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі арқылы дәріханадағы фармацевт рецептердің шынайылығын тексере алады.
Электрондық денсаулық сақтаудың ең басты құрамы –
денсаулықтың электрондық төлқұжатын енгізу. Бұл шара елімізде 2020 жылға дейін іске асырылмақ. Аталмыш электрондық құжатта әрбір қазақстандық туралы негізгі мәліметтер мен оның денсаулық жағдайы туралы бүкіл ақпарат жинақталады. Яғни, дәрігерлер әрбір мәліметті қағазға толтырып, уақыт шығындаудан арылады. Ал ең бастысы, адам дүниеге келген сәттен бастап адамға жасалған ем-дом, оның зертханалық сараптама қорытындылары, қандай дәрі-дәрмекке аллергиясы бар деген сияқты ақпараттарды пайдалану арқылы науқасқа қолданылатын ем-дом сапасы көтеріледі. Бұл мәліметтер сырт адамдардан қорғалып, тек дәрігердің пациенттің кодына кіруге мүмкіндігі болған жағдайда ғана ашылады.
Сайып келгенде, электрондық денсаулық сақтау бұл саланы жаңа сапалық деңгейге көтеріп, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен егде жастағы қарттардың қашықтықта отырып көмек алуына жол ашады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы адамдарға өздерінің уақытын үнемдеп, көңілінен шыққан маманға қолайлы кезде көрінуге мүмкіндік береді. Сондықтан да, электрондық денсаулық сақтау жүйесін дамыту 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында ерекше көрініс тауып, оны жүзеге асыру жолдары нақты белгіленген. Оған сәйкес, аталмыш кезең аралығында еліміздегі барлық емдеу мекемелері жылдамдығы және қорғанысы өте жоғары интернетпен қамтамасыз етіліп, қажетті ақпаратты уақытылы, толыққанды түрде алып отыратын болады. Әрі бұл жүйелер барынша автоматтандырылып, медициналық мекемелердің бір-бірімен мүлтіксіз байланыс орнатуына мүмкіндік беруі тиіс.
Жания НҰРҒАЛИЕВА,
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы
электрондық денсаулық сақтауды стандарттау бөлімінің жетекшісі.
Сурет: 1720.kz.