19 Наурыз, 2016

Қазақ психология ғылымы: Неге қол жеткіздік, нені жүзеге асыра алмай келеміз?

8840 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Казахы философияҚалың бұқараның қамы үшін қажет ілім-білімдер сан алуан. Солардың бірі, тіпті, бірегейі – жан туралы ғылым – психология десек қателеспеспіз. Оның түп-төркіні мен ілкі бастауы – әрідегі сақ, ғұндарды айтпағанда, берідегі Орхон-Енисей түркі тас жазуларынан басталады. Қазақтардың: «Қай жерің ауырса, жаның сол жеріңде», дегені көп нәрсені аң­ғар­тады. Бұл көк түріктердің мұра­­­гері – қазақ халқының тәлім-тәр­­биелік, психологиялық-педа­гогикалық мұрасының аса бай екенін көрсетеді. Осы жайтты жақсы аңғарған Президентіміз Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Менің ойымша, қазақ­тардың қайталанбас этни­калық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние». Соңғы кезде Қазақ елінің бас ұранына айналған, тұңғыш мем­лекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жа­рия­­­лануы, әлемдік кеңістікте, түр­­­кі­тілдес елдердің бірлігіне не­гіз­­­делген идеяның ортақ пси­хо­­­ло­гия­лық үндестігінің бар еке­нін жақсы байқатады. Елбасы жариялаған «Мәң­гілік Ел» идеясы – қазақ өрке­ниеті­нің, сайып келгенде, оның сан ғасыр бойына қордаланған психологиялық ой-түйіндерінің алтын діңгегі. Дала өркениетінде дүниета­ным­дық идеялардың тууына се­бепші болған жан тыныштығы мен ел бірлігін дәріптеген ойшыл ғұ­ламалардың психологиялық мұ­расы ұшан-теңіз деуге бола­ды. Мы­салы, атақты сазгер, ғұлама Қор­­­­қыт­тың мәңгі өмірді іздеуі Жер­­ұйық­т­ы аңсаған Асан Қай­ғы­ның ар­­ман­­дарымен сабақтасып жатады. Қазақ жерінде психологиялық ой-пікірлердің үдере дамуының басқа ортазиялық ағайындарға (қырғыз, өзбек, түрікмен, т.б.) қара­­ған­да өзіндік ерекше­ліктері бар. Соның ең бас­тысы – ұлан-ғайыр жерді ме­кен­деген балажан, ақкөңіл, төзім­ді халқымыз өз ұрпағын жақ­сы адам, абзал азамат етіп тәр­биелеуге ерекше мән берген. Қазақ даласындағы жау тисе қару-жарағын сайлап, ел үшін еңіреген ерлер, әділдік пен шындық, адамдықты ту еткен ақын-жыраулар, шебер қолды ісмерлер мен зергерлер, от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен ақылман ақсақалдар, еміренген абзал аналар ғасырлар барысында сұрыптала қалыптасқан қазақи тәрбиенің жемісі екендігі хақ. Келесі ерекшелігіміздің тағы бір дерегі қазір «Мәдени мұра» аясында жарық көріп жатқан 100 томдық «Бабалар сөзі» болса керек. Қазақ халқындай фольклор мұрасына аса бай елді әлемнен табу қиын. Ал «фольклор – халық психологиясының айнасы» дейтін қағида ертеден айтылып жүр. Тәуелсіз Қазақстан жағ­да­йын­­­да қазір жалпыадам­зат­­тық құн­ды­лықтарға қол жет­кізіп, бір­тұ­тас мәдени жүйе қалып­тастыру үшін өткен жолымызды, шыққан те­­гіміз бен биігімізді бағалай білуі­­міз қажет. Өйткені, өткенін ба­ғ­а­­лай білмейтін ел келешегін де бол­­жай алмайды. Біздің өткен жолы­­мыз – Еуразия даласын дү­бір­­­лет­кен жасам­паз­дыққа толы тарих. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күйімен, жан тебі­рентерлік сыбызғы үнімен, ас­қақ­тата салған әсем әнімен, ғашық­тық, лиро-эпос жырымен, «қысқа болса да, нұсқа» мақал-мәтелімен, шешендік сөз, айтыс, жырларымен сан ғасыр бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де, өнерлі, имандылық-адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқор азамат етіп тәрбиелеп келгені – аксиомалық ақиқат. Халқымыздың психологиялық ой-пікір тарихының қалып­тасып, даму жолын Қазақ елі­нің азаматтық тарихымен орай­лас­тыра отыра, бұл үр­дісті негізгі төрт кезеңге бө­­­ліп қа­­­­­рас­тыруды ғылыми тұр­­­­ғы­­­­­дан дұ­­­рыс тұжырым деп есептейміз. Мұның бірінші кезеңі – VІ-ХIV ғғ. басталатын қазіргі түркі тек­тес халықтардың бәріне ортақ пси­хо­ло­гиялық ой пікірлердің ілкі бас­­тауы, түп-төркіні. Бұларға ежел­гі түркі ескерткіштері «Күл­те­гін», «Тоныкөк», «Білге қаған», Орхон-Енисей жазулары мен Қор­қыт ата, Әбу Насыр әл-Фара­би, Жүсіп Баласағұни, т.б. та­­­ғы­­­­лым­дарын жатқызу ләзім. Екін­­ші кезең – Қазақ хандығының құрылу дәуірінен басталып, Қазан төңкерісіне дейінгі пси­хо­ло­гиялық ой-пікірлердің дамуын қамтыса, үшінші кезең – пси­хология ғылы­мының кеңес­тік Қазақстанда марк­с­­тік идея­лармен рухтанған, я­ғни ком­мунистік идеологияның дәу­­­­рен­деген ке­зеңіне тұстас ке­ле­­ді. Төр­тін­ші кезең – бұл тәуел­­­сіз­­дік жыл­дарынан бастау ала­­­­тын, қазір­гі егемен елдің пси­холо­гиясы. XV ғасырдың бірінші жар­ты­­­сын­­­дағы психологиялық ой­лар дала философы атанған Асан Қай­­ғы толғауларында, Өтей­бой­­­дақ Тілеуқабылұлының «Ши­­­па­­гер­лік баянынан» ерекше кө­рі­­­ніс тапқан. Дала ғалымы атал­­­­­ған еңбегінде адамның жан құ­­­бы­­лыстары (түйсік, ой­лау, сөй­­леу, қиял, дағды, мінез, қа­бі­­­лет, т.б.) туралы біраз мағ­лұ­мат­­тар келтіреді. Ғұлама адам­ның иіс түйсігін – мүңк (қазір­гіше иіс), татым (дәм), ойлау­ды «ой­ла­ма­лық», сөйлеуді «сөй­ле­мелік», ми­ды «мияқ» атауларымен өрнек­тей­ді. Ол өзінен бұрын өмір сүр­­ген ұлы ғұламалардың (әл-Фа­раби, Жүсіп Баласағұни, т.б.) жан туралы түсініктеріне сүйене келіп, дүниедегі тіршіліктің бас­қарушысы, реттеушісі жүрек де­се де, мидың атқаратын рөлін де жоққа шығармайды. Осын­дай пси­хологиялық ой-пікір­лерді әй­гі­лі Мұхаммед Хайдар Ду­лати да айт­­қан. Оның қазақ халқы­ның өзін­­дік психологиясы, ел бас­қару, дін мен денсаулық, ұрыс жүр­гі­зу туралы айтқандары пси­холо­гия­л­ық тұрғыдан ерекше назар аудартады. Дала психологиясы тұрғы­сы­­­нан қарағанда ерекше атап өтер­­лік жайт – бұл қазақ хан­дары­­ның жан ілімінен жақсы хабар­дар болғандығы. Мәселен, Жәні­бек ханда, қазіргі сөзбен айт­­қан­да, психогигиеналық, пси­хо­п­ро­филактикалық ұстаным­дар бай­қалады. Ол, «жеті атаға тол­май қыз алмауға, адамдардың бір­бірі­мен сүйіспеуіне, жат төсек­­ке, зи­на­қорлыққа бармау­ға және кез кел­ген үйде тазалық­тың сақ­талуына пәрмен беріп үкім шы­ға­рады. Ал мұны орын­да­маған­дарға өте қатал жаза қол­данған (масқаралау, дүре соғу, дарға асу, т.б.т.с.). Осындай елдегі тұ­рақ­­ты­лық­ты сақтау үшін, заң нор­­ма­ларын дала өркениетіне сің­діру негізінде дайындалып, Ата Заңға айналған кодекстердің ішін­де: Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» бұ­қара халықтың тіршілігіне қа­жетті гуманистік идеялардан туын­­да­ған, әлеуметтік мәні зор қағи­да­лар дала психологиясында ұрпақ­тар сабақтастығының болға­нын дәлелдейді. Қазақ халқының азулары алты қарыс философ-жырау­лары – Шал­киіз, Жиембет, Ақтам­берді, Шал ақын, Бұқар Қал­қа­ман­ұлы­­­ның көшпенділер пси­хо­ло­гия­­­сы­ның сан қырларын су­рет­тей­­тін толғаулары, дала дип­ло­мат­тары атанған ұлы дана­гөй­лер – Төле, Қазыбек, Әй­теке билердің пси­хо­логиялық тұр­ғы­дағы аса құнды ойларымен тоқай­ласып жатады. ХІХ ғасырдың екінші жарты­сын­­дағы психологиялық ой-пікір­лер­дің дамуы қазақтың үш ой алыбы – Ыбырай, Шоқан, Абай есім­­дерімен байланысты екендігі белгілі. ХХ ғасырдың бірінші ширегін­дегі психологиялық ой-пікірлердің дамуына – Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, С.То­ра­й­ғыров, М.Жұ­ма­баев, Ж.Аймауытов, Мәш­һүр ­Жү­сіп Көпеев, т.б. еңбек­тері зор әсер етті. Қазақ топырағында XX ға­сыр­­­дың басында тәлімдік ой-пі­кір­лерімен ұлттық колорит­ке толы пси­хологиялық көзқарас­тары­мен барша жұртты тәнті ет­кен, қазақ жантану ілімінің көш­бас­шысы ретінде танылған Ж.Ай­мауытовпен қатар, оқу-тәр­бие ісіне тікелей қатысты педа­го­ги­ка­лық психологияға ерекше ден қойған М.Жұмабаевтың қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады. Ж.Аймауытовтың психология саласындағы еңбектерінің («Тәрбиеге жетекші», «Психо­ло­гия», «Жан жүйесі және өнер таң­дау», «Комплекспен оқыту жолдары», т.б.) басты бір ерекшелігі – бұл­ар төл тіліміздегі тұңғыш пси­­холо­гиялық туындылар болуы­­­мен қатар, бұрынғы Кеңес елін ме­­кен­­деген түркітілдес ха­лы­қ­­тар тіл­дерінде (қырғыз, өз­бек, түрік­мен, әзербайжан, қара­қалпақ, татар, башқұрт, т.б.) ал­ғаш жарық көрген бірден-бір ғы­лы­ми басылымдар екендігінде. М.Жұмабаев сынды жыр дүл­дүлі­нің тәлім-тәрбие ғылымы­ның (педагогика, психология, т.б.) тео­­риялық мәселелеріне бой ұруы таңғаларлық жайт. Өйт­кені, бұл салада ғылыми еңбек жаз­ған әлемдік ақын-жазушылар некен-саяқ. Осы тұрғыдан алғанда Мағжанның «Педагогика» (1922-1923 ж.ж.) атты кітап жазуы өмір­де өте сирек кездесетін, тек аса талантты адамдарға ғана тән қасиет. Кеңестік кезеңде Қазақстанда психология ғылымының дамуына өзіндік үлес қосып, осы салада артына мол мұра қалдырған академик Т.Тәжібаев екені бел­гілі. Қазақстандағы ғылыми пси­хо­­­логияның дамуына ерекше үлес қосқан енді бір ғалым – М.Мұқанов. Оның 1979 жылы жарық көрген «Дәстүрлі мәдениет өкілдеріндегі когнитивті эмпатия мен рефлексияның зерттелінуі» атты ғылыми мақаласы мен 1980 жылы жарық көрген «Ақыл-ой өрісі» кітабы – Қазақстан психологиясына қосылған құнды мұра. Ол өзінің артына 10-нан астам жеке кітап (оқу құралдары, монография, әдістемелік жи­нақ­тар, т.б.) қалдырды. Ғалым тоталитарлық жүйенің қылы­шынан қан тамып тұрған кезін­де-ақ ешкімнен тайсалмай, жас­қанбай қазақтардың ұлттық пси­хологиясын зерттеуге барды. Өзінің 20 жылға созыл­ған этно­психологиялық зерт­теу­лерінде қазақ халқының сонау ер­те за­ман­дардың өзінде-ақ ой-өрісі өте жоғары болғанын эксперимент арқылы дәлелдеп берді. XX ғасырдың соңғы жылдарында және тәуелсіздік жария­лан­ғаннан кейін ұлттық психология ғылымы ерекше серпіліске ие болды. Қазақстанда психология ғылымының әртүрлі сала­ла­рында зерттеу жұмыстары жан­жақты жүргізіліп, қазақ пси­хо­ло­­гия­сының өзіндік даму тен­ден­­циясы қалыптаса бастады. Бұл үрдістің сипатын психология ғы­лым­дарының докторлары – про­фес­сорлар С.Жақыпов, Ж.Намазбаева, X.Шерьяз­данова, Б.Хамзин, С.Бер­­дібаева, О.Саң­ғылбаев, А.Ақа­­жанова, Б.Әмірова, А.Ер­мен­таева, Н.Тоқ­сан­баева, т.б. ға­лым­дардың өз­дері­нің және олар­дың жетек­шілігімен қорғал­ған жүздеген кандидаттық диссертациялардан көруге болады. Осы және аты аталмай қал­ған көптеген ғалымдар мен ма­­ман­дардың қаламынан төл тілі­мізде оқу құралдары мен оқу­лықтар, библиографиялық көрсет­кіштер мен сөздіктер, әдістемелік басылымдар және монографиялар жарық көрді. Кеңес өкіметі аясында психология ғылымының дамып, өр­кен­­дей түсуіне біраз тұсау са­лы­­нып, кедергі болғаны рас. Мә­се­лен, 1947 жылы КазГУ-де ашыл­ған логика және психология бөлімі 1953 жылы жабылды. Содан 35 жылдан кейін ғана (1988) жұртшылықтың үлкен дабылынан кейін орыс тілді 25 шәкіртке психологиядан білім алуға мүмкіндік туды. Ал оның қазақ бөлімі төрт жылдан кейін ғана барып ашылды. Қазіргі кезде де елімізде пси­хо­­ло­­гия­лық ғылыми-зерттеу инс­­­­ти­­тут­­тары түгіл, дербес ка­фед­­­р­а­­лар­дың өзі саусақпен са­нар­­­лық­тай. Бұлардың өзі де әлі күнге дейін АҚШ пен Ба­тыс­­­т­ың ық­палынан шыға ал­май келе­ді. Пси­хологиялық кадр­лар (бакалавриат, магистра­тура) республиканың 13 универ­си­тетінде даярлану­да. Бірақ бұ­лар­ға берілетін грант­тар өте аз. Сон­дықтан, осы маман­дыққа келу­ші­лердің жыл сайын қатары кеми түсуде. Психология ғылымының жағ­дайы еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін оңалар деген үмітіміз де әзірше ақтала қойған жоқ. Осы айтқанымызға дерек келтірсек, олар мына төмендегілер: Біріншіден, тәуелсіздік алған­нан кейін осы ғылымды елі­міз­де дамыта түсу жолында біз­дер, ға­лымдар, біраз әрекет­тен­­­дік. Ұлт­тық тәлім-тәрбие қауым­­дас­тығы (1991 ж.), кейіні­рек, ака­демик Т.Тәжібаев атын­да­ғы этнопсихология орта­лы­ғы ұйым­дас­ты­рыл­ды. Бір­не­ше ғы­лы­ми конференциялар өткізілді. Бір әттеген­айы орталық ұйым­дас­тырған шаралардың бірде-біреуі­не мемлекет тарапынан қолдау болмады. Дегенмен, соңғы кезде Білім және ғылым министрлігі әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге ар­нал­ған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында Қазақ психологиялық қоғамының құрылуын құптап, маңызды істерге тартуда. Екіншіден, Қазақ елінде пси­хология ғылыми-зерттеу инс­титутын ашу мәселесін көтер­гені­мізге 25 жылдай уақыт өтті. Бұл да әзірше шешімін таппай тұр; Үшіншіден, психология пә­нін жоғары оқу орындарын­да оқытудың көпжылдық тәжірибесі бар екені белгілі. Ал кредиттік оқу­ға көшуге байланысты осы пән ке­лешек мамандар үшін керек­сіз ғылымға айнала бастады. Мәселен, университеттерде бұрын жеткілікті көлемде оқы­тылып келген психология ака­де­мия­лық пән (қазіргісі 15 сағат) оқу жоспарынан алынып тасталғаны өкінішті. Төртіншіден, Қазақстанда сегіз мыңдай мектепте үш миллиондай оқушы бар десек, бұл салаға пе­дагог-психолог мамандар аса қажет екені өз-өзінен белгілі. Осы мәселе ТМД елдерінде жақ­сы жолға қойылған. Мәселен, Ресей­дің әр губерниясында психология факультеті бар, оларда мыңдаған мамандар даярланады, алпыстан астам психология кафедралары, бірнеше ғылыми-зерттеу институттары, 70 мыңға жуық психолог мамандары бар. Бізде әзірше бұл көрсеткіш өте мардымсыз, ал ЖОО-лары арқылы психолог кадр­­ларын даярлау ісі құрдым екені анық байқалады. Осы аталған мәселелерді шешуге әртүрлі мамандық өкіл­дерінің белсенді араласуы қа­жет. Бір сөзбен айтқанда, хал­қы­­мыз­дың психологиялық сауат­ты­лы­ғын арттыру мен пси­хо­ло­­гия­­лық мәдениетін көтеру үшін Қазақ психологиялық қоға­мы­­­­ның құрылуы өмір талабынан туын­даған қажеттілік екені шындық. Қазақ психологиялық қоғамы­ның негізгі мақсаты – республика халқына психологиялық ілім­білімдерді насихаттау, елімізде пси­хологиялық мәдениетті қалып­тастыруға ықпал ету екендігі баса айтылып келеді. Мәңгілік Елде жайсаң жандар өссін десек төмендегі психо­ло­гияның теориялық және қол­дан­балы проблемалары ерекше назар аударуды қажет болып тұр. Қазақ елінде әлі күнге де­йін шешімін таппай отырған психологиялық мәселелер баршылық.  Мұқан ПЕРЛЕНБЕТОВ, Қазақ психологиялық қоғамының президенті, психология ғылымдарының докторы, профессор, Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және психология ғылымдарының докторы,   Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. АЛМАТЫ.