Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақтың біртуар азаматының құрметіне арналған «Қайраткер Смағұл Сәдуақасов және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Өткен жылы Алаштың ардақты азаматы Смағұл Сәдуақасовтың туғанына –110, ал қайтыс болғанына 77 жыл толуына орай түрлі деңгейде іс-шаралар өткені жұртшылыққа аян. Соған байланысты мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан шараларды тілге тиек еткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы өз сөзін сол жұмыстардың жалғасы нақты қандай шаралармен сабақтасып жатқанын баяндаудан бастады. Соның күллі исі қазақтың жанын мұздай қаритыны – Алаш азаматының өртенген сүйегінің күлі қаншама жыл Мәскеудегі «Дон зираты» қорымында арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылып келгені болатын. Өмір бойы қазағының мұңын жоқтап, жоғын жырлап өткен Алаштың ардақты перзентіне туған халқы мұнан былайғы кезекте лайықты құрмет көрсетіп, атамекенінен құнарлы топырақ бұйыртып, тағзым еткісі келетінін, бұл үшін қазірдің өзінде Сабыр Қасымов бастаған бір топ зиялы қауым нақты іске кірісіп жатқанын, ал Мәскеу мэриясы қабірді туған отанына қайтаруға былтыр желтоқсанның аяғында шешім қабылдағанын хабарлап, осынау тұлғаның рухы ата-баба дәстүрімен елордаға әкелініп жатса, мұны өзі тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қазақ елі тарихындағы айтулы бір оқиға ретінде қалатынын жеткізген.
Академик Ғарифолла Есім кеше мен бүгіннің, өткен ұрпақ пен қазіргі буынның өзара сабақтастығы тұрғысынан ой өрбітті. Одан бүгінгі жас ұрпақ көп нәрсені үйренуі керек. Жалпы «тұлға» дегеніміз – ұрпақтарды жалғастыратын көпір. Оған құрметпен қарау ләзім, Алаш кезеңінен дос, жау іздеу бүгінгі күннің әурешілігі болмақ дей келіп, мұның әлі де талай тамырға нәр бола беретін кешенді тақырып екенін атап өтті. Жазушы Алдан Смайыл Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың конференцияға қатысушыларға жолдаған хатын оқып берсе, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов облыс әкімі Серік Біләловтің жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол туған жері – Ақжар ауданы, Талшық ауылындағы тұлғаны ұлықтау жұмыстарына тоқталып, құрмет пен ізет көрсету үлгілері облыс орталығында жалғасын таба беретінін айтты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев оны «саясатта ағып өткен бір жарық жұлдыз» деп атады. Ғалым қайраткердің саяси кескін-келбетіне кеңірек тоқталып, кей адамдардың «бізде ұлттық идеология жоқ» деп айтып жүргеніне қарсы дәйекті алға тосты. Ұлттық идеология дегеніміз бар, ол міне, осы Смағұл Сәдуақасовтың азаттықты аңсап, армандап өткен кешегі сәулелі іздері деп тұжырды. Филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы С.Сәдуақасовтың соңында қалған әдеби мұраларын бүгінгі күн үнімен түйіндеді. Біліммен сусындауына сол кездері қол ұшын берген дәулетті адамдардың адамгершілігі жайында бұрын-соңды жұрт көп қаныға қоймаған қызықты деректерді алға тартып, осы көпшіліктің көмегі мен қолдауы зая кетпегені, бұл кейін сол жұрттың өзіне С.Сәдуақасовтың адал қызмет етуімен қайтарылғаны бүгінгі ұрпаққа өнеге екені, оның өрімдей шағында жазған әңгіме, романдарынан үлкен бір өмір мектебінен өткен адамның үні сезілетіні сөз болды. Белгілі ғалым Талас Омарбеков Алаш ардақтысына біржақты ғана баға беріп қою қате деді. Ол алғашқы уақытта кеңес идеологиясына сенді. Мағжанның Ленинді аударғаны, Жүсіпбектің «Интернационалды» тәржімалағаны секілді Смағұл да сондай кезден өтіп барып, ұлттық мүдде жолында күресті. Оның жазған әдеби сындары өткірлігімен ерекшеленсе: «Тәуелсіз қазақ әдебиетіне дәл қазір осындай сыншылдық рухы жетпей жатыр-ау деген ойға қаласыз», деді. Жазушы Тұрсын Жұртбай тергеу мәліметтері негізіндегі құнды деректермен қанықтырса, ғалым Данагүл Махат қайраткерді саяси айыптау тұрғысынан сөз етті. Жарыссөзге шығып сөз сөйлеген белгілі қаламгерлер Алдан Смайыл, Жарасбай Сүлейменов, Сауытбек Абдрахманов, Бүркіт Аяған, Бейбіт Қойшыбаев, Серік Негимов, т.б. Алаш ардақтысын әр қырынан зерделеп, ел Тәуелсіздігінің тойы аясында тарихи әділеттіліктің қалпына келіп жатқанына қолдау білдірді.
Сонымен, Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі салынған қорап Мәскеудегі «Дон зиратында» жатыр. Қала мэриясы оны Қазақстанға алып кетуге келісімін беріп отыр. Басқосуда Алаш ардагерінің күлін туған жерге жеткізу керектігі жөнінде бірауызды тоқтам жасалды деуге де болады. Бар мәселе – қашан, қайда, қалай қою? Бір пікір айтады: қала ортасында, «Жастар» шағын ауданында орналасқан мұсылман зиратына жерлеген жөн деп. Бір пікір айтады: қала сыртында «Қабанбай батыр бейіті жақтан ұлттық пантеон ашып, С.Сәдуақасов сүйегінің күлін сонда қою керек» деп. Осы екі пікірдің қаралуы, мәселенің шешілуі ұзаққа созылып кетсе не болмақ? «Жеті жарғы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев бізге: «Осылай жүргенімізде Мәскеудегі күл қорабынан да айырылып қалуымыз мүмкін, ондағылар өзге дін адамының күлі мұнда тұрмаған жөн дегенді де айтып жатқан көрінеді. Сондықтан ерте жарықта Смағұл Сәдуақасов мәйітінің күлін туған елге жеткізіп алған жөн. Қайда, қалай түпкілікті қоюды кеңінен ақылдаса отырып, шешерміз», деді.
Осы ой көкейге қонады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Астана.