Өткенге көз салсақ, Еуразия даласын ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты Ғұн мемлекетінің негізін қалаған Мөде қаған, тұтас Еуропаны Рим езгісінен азат етіп, Батыс тарихында «құтқарушы» деген атқа ие болған атышулы ғұн қолбасшысы Еділ патша, исі түркі халықтарының басын біріктіріп, іргелі ел еткен Бумын, Елтеріс-Құтлық, Елетміш қағандардың байтақ тарихымызда алатын орны ерекше. Үш ғасыр бойы салтанат құрған Түркі қағанаты заманында халық дәріптеп осы үшеуіне ғана «Ел ханы» деген атақ берген. Бұлардың қай-қайсысы да халқының бағына туып, сол жолда саналы ғұмырын сарп еткен, көне заманнан бүгінгі ұрпаққа тағылымы жеткен тұлғалар.
Халқымыз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Елбасы деп атайды. Бұл – халықтың жүрегінен, ықыласынан, шын пейілінен, ризашылығынан шыққан сөз. Елбасы – бүгінде елдігіміздің символы, бірлігіміздің алтын арқауы, тұтастығымыздың, абыройлы ел болғандығымыздың белгісі. 25 жыл бұрын тарихымызда тұңғыш рет толық тәуелсіздікке қол жеткіздік. Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» а??? тты Жолдауында: «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру» деді.
Түркілер бүкіл тарих бойынша үлкенді-кішілі 110 мемлекет құрған екен. Ал түркі тарихында төрт ғасырға жуық және одан көп уақыт өмір сүрген мемлекеттердің саны – төртеу. Солардың бірі де бірегейі іргетасын 1465 жылы Жәнібек пен Керей хан құрған және соңғы ханы Кенесары Қасымұлының дүние салуымен 382 жылдық билігі аяқталған – Қазақ хандығы. Түркі мемлекеттері ішінде ең ұзақ билік құрған бірінші мемлекет – 623 жыл өмір сүрген Осман империясы, екінші мемлекет 420 жыл өмір сүрген Бұхара хандығы, үшіншісі 408 жыл өмір сүрген Хиуа хандығы.
Түркі бірлестігі туралы Л.Н.Гумилев: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған моңғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды», деген болатын. Міне, осылай, Л.Н.Гумилев Еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. 1457 жылы Сығанақ қаласының түбіндегі Көке Кесене деген жерде Әбілқайыр ханның қалмақ билеушісі Үз Темір тайшыдан жеңілуі бұл хандықта күйреу кезеңінің басталғандығын көрсетті. Оған Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың бөлініп кетуі дәлел бола алады. Деректерге назар аударсақ, Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалар Сығанақ түбіндегі шайқастан кейін Әбілқайыр ханның қаһарынан қорқып, сол жылдың күз айының соңында дәстүрлі қыстауларына бармай, Шу өзенінің бойына келеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», деп айтады.
Енді осы географиялық атауларды карта бойынша анықтасақ, онда Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан алған аймағының шекарасы – Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауы мен Шудың төменгі ағысы бойындағы алқаптар арқылы, батысы – Талас өзенінен, шығыста Іле өзеніне дейінгі, ал оңтүстікте – Іле Алатауының солтүстік тау жоталары мен қыраттары арқылы өткен. Археолог Мадияр Елеуұлының жариялаған аңыздарының бірінде қазақ сұлтандары бұл жерге «қара күзде» келді десе, ал екіншісінде «қыс түсе» деп көрсете отырып, Керейдің хан болып сайлануы жөнінде былай делінеді: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап, өздерін «қазақ» деп атапты».
Тұлпарсаз – Шу өзенінің жағалауындағы саз. Әбілқайыр ханнан бөлініп, жүректерінде азаттық пен бостандықтың жалыны жанған елін ерткен олар асқан ақылды, салиқалы саясат жүргізе отырып, Шу мен Таластың алқабында хандықтың алғашқы туын тігіп, қазақтардың ел болып еңсемізді көтерсек деген тілегін жүзеге асырады. Осындай тарихи оқиғаның бастауы болған шежіреге толы бұл өңірдің, тауы мен тасы, әрбір басқан жері аңыз бен өткен кезеңдерден сыр шертеді. Талас пен Шу өзендерінің аңғарлары ерте заманнан түріктерге құтты қоныс, жайлы мекен болған. 1991 жылға дейін жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде бұл өңірде ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің саны 143-ке жеткен. Тарихы терең Тараз өңірінде 1465-1466 жылдары іргесін көтерген қазақ хандығы Орталық Азиядағы бірінші ұлттық мемлекет, оның ең басты маңызы бұл хандықты құрған ұлт – қазақ халқы бүгінде өміршеңдігімен көрініп отырған жұрт. Қазақ халқы хандықты құрып қана қойған жоқ, оны ғасырлар өте әлем халқы таныған мықты елдер қатарына қосуға қазіргі уақытта еңбек етуде.
XVIII ғасырда Қазақ хандығының басын қосып, Қытайдың билігінен аман алып қалған Абылай ханның саясаты түркілік Мәңгілік Ел идеясын жандандырушы тұлғаның ерлігі. Ел басына түскен үлкен қиыншылықтан Абылай хан елді біріктіріп, жұмылдырып, соның арқасында Қазақ елін аман сақтап қалды. Ендеше, Абылай хан елді біріктірген ұлы тұлға болса, жаңалығы желмен жарысқан ХХІ ғасырда «Мәңгілік Ел» идеясын мүлдем жаңа сипатта жаңғыртып жалғастырушы сарабдал саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екендігін мақтанышпен айтуға болады. ХХ ғасырда Кеңес Одағының өзі бір ғасырға жетпей, 74 жылда құлағанын ескергенде бір мемлекеттің төрт ғасыр өмір сүруінің қандай үлкен жетістік екендігі нақтылана түседі. Қазақ хандығы өмір сүрген уақытымен емес, сонымен қатар, ұлан-ғайыр жерді ғасырлар бойы қорғап қалуымен де ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде Қазақ хандығының әлемде өзіндік орны бар ұлы мемлекет екенін әйгілейді.
Ұлттық тәуелсіздік, тәуелсіз мемлекеттілік – біздің ғасырларға созылған асыл арманымыз. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік тәуелсіздігіміз – теңдесі жоқ жетістігіміз. Қолымыз жеткен мемлекеттік Тәуелсіздіктен кейінгі келесі Ұлы арманымыз – Мәңгілік Ел. Елбасының Ұлы арманы – Қазақ елінің Мәңгі Ел болып жасай беруі. Нұрсұлтан Әбішұлының Мәңгілік Елді Жеті қазынаның біріншісі етіп атағаны да сондықтан.
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде Елбасымыз айтып кеткендей, біздің ортақ мүддеміз – тұрақты, біртұтас және өркендеген Қазақстан құру, Мәңгілік Ел болу. Бірлік арқылы тұрақтылыққа, тұрақтылық арқылы жасампаздыққа жол бастау – біздің айнымас қағидамыз. Тарих бір орында тұрмайды, талай апатты жағдайлардан, қиян-кескі ұрыстар мен жаугершілік, отарлық қыспақтар және ашаршылық пен қуғын-сүргін нәтижесінде орын алған демографиялық күйзелістен ұлттық қасиетін жоғалтпай шыға алған қазақ халқы өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Ендігі жердегі міндет әлемдік өркениеттер төріндегі өз орнымызды табу. Бұған жетудің негізі баршаға ортақ Мәңгілік Ел идеясы төңірегінде топтасу. Мәңгілік Ел дегенді — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасындағы бәсекелестікке төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Уақыт бір орында тұрмайды, талай апатты жағдайлардан, қиян-кескі ұрыстар мен жаугершілік, отарлық қыспақтар және ашаршылық пен қуғын-сүргін салдарынан орын алған демографиялық күйзелістен ұлттық қасиетін жоғалтпай шыға алған қазақ халқы өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Ендігі жердегі міндет – әлемдік өркениеттер төріндегі өз орнымызды табу. Бұған жетудің негізі – баршаға ортақ Мәңгілік Ел идеясы төңірегінде топтасу. Мәңгілік Ел дегенді мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасындағы бәсекелестікке төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады.
Мәңгілік Ел, Мәңгілік мемлекет, Мәңгілік халық… Адамзат тарихында қаншама мемлекет осы мәңгілікті аңсады. Тарихтың түрлі кезеңдерінде замандарын дүр сілкіндірген империялар өздері салтанат құрып тұрған мемлекеттердегі саяси-экономикалық, мәдени жетістіктеріне масаттанып, елдерінің мәңгі жасайтынына шүбәсіз сенді. Біздің дәуірге дейінгі төрт мың жыл бойы ежелгі Қос өзен бойында мемлекеттер пайда болып, гүлденуімен қатар, тарих сахнасынан кетіп, бір-бірін ауыстырып жатқан. Сол кезеңдегі Шумер мен Аккадтың, Вавилон мен Урартудың өз заманында сапырылысқан тіршіліктерін баяндайтын жазу кесектері қалды. Ислам әлеміндегі сансыз империялардың орнын басқан, суы тартылған көлшіктей ұсақ, бытыраңқы мемлекеттер де кезінде мәңгілікті армандаған. Бұл мемлекеттердің билеушілерінің аты-жөніне «Шығыс пен Батыстың әміршісі», «Дін мен сенімнің тірегі», «Алланың жердегі көлеңкесі» деген астамшыл титулдар қоса жазылатын еді. Міне, бұл мемлекеттер бытыраңқылық пен алауыздық басым болғандықтан Мәңгілік Ел бола алмады.
Тәуелсіздік – біздің ғасырларға созылған асыл арманымыз, теңдесі жоқ жетістігіміз. Ендігі мақсатымыз – Мәңгілік Ел. Егемендіктің елең-алаң шағында Елбасы: «Күшіміз – жауапкершілікте. Бірлігіміз – әралуандықта. Еркіндігіміз – келісімде. Абыройымыз – игілікте. Қауіпсіздігіміз – ашықтықта. Тәуелсіздігіміз – серіктестікте. Болашағымыз – бүгінде», деп айтқан болатын. Сол кезеңде Мемлекет басшысы халқымыздың дүниетанымының түпкі мәнін тап басып, оның ең асыл қасиеттеріне жүгінді. Бүгінде бұл құндылықтар бізді алға сүйрейтін шамшырақ іспеттес.
Президент алға қойған зияткерлік реформасының тағы бір ұтымды тұсы – болашағы біртұтас ұлтты, яғни Қазақстанды одан әрі дамытуда қоғамды «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы төңірегінде топтастыру әдісі. Елдің өркендеуі мен тәуелсіздігі, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік, әділдік, заңның басымдығы, отбасы және дәстүрлер – бұл құндылықтардың бәрі мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің тұғырлы іргетасы екені сөзсіз. Елбасы бес халықтық реформаның ішінде тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайтуды да тілге тиек етті. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің қоғамымыздың көптүрлілігі – біздің күшіміз. Барлық азамат құқығы да, жауапкершілігі де тең және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көп тілді және мәдени ортада қалыптасты. Бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің қашанда ырыздығы мол. Татулықтан асқан құндылық жоқ. Бүгінде еліміз осынау баға жетпес байлығымен мақтана алады. Елбасының сөзімен айтсақ, Көк түріктер мен Алтын Орданың айбарын айтпағанда, Қазақ хандығы – біздің елдігіміздің түп-тамыры. Тәуелсіз Қазақстан халқымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырды.
Мемлекет басшысы: «Мен – өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын» деген болатын. Қандай да болсын ауқымды да, келелі жалпы халықтық істерді орындау кім көрінгеннің қолынан келе бермесі ақиқат. Ол үшін халықты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін патриоттық, ұлттық идея керек екені, күмәнсіз шындық. Бүгінгі жаһандану дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясы бағзы түркілік тектік-болмысымыздың, асыл тұрпатымыздың заманауи қайта жаңғыруының, озық, қуатты ел болып гүлденуінің кепілі. Осы ақиқат біздің баршамызды бір мақсат, бір мүдде жолында Елбасының төңірегіне бірігіп қызмет етуге жетелейді дегім келеді. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан этностар тұтастығы мен достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпэтносты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
ТАРАЗ.