21 Наурыз, 2016

Халықаралық байқаушылар берген баға, айтқан ой

459 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

24С русИгі тілек, ізгі ниет

Сайлау – демократия нышаны. Адамзат баласының арғы-бергі кезеңдегі өз еркін білдіретін, таңдауын жасайтын, сол арқылы билік ісіне араласатын ең тиімді жолы бұл. Өркениетті әлемнің сайлауға айрықша мән беретіні де, үлкен үміт артатыны да сондықтан. Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың сайлауларына қазақ қауымы ғана емес, Қазақ­стан ынтымақтастық орнатқан халықаралық ұйымдар мен шетелдердің де ықыласы басым. Ықыласы басым болғаны сол, Орталық сайлау комиссия­сы Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігінің ұсы­нуы бойынша халықаралық ұйым­­­дар мен шет мемлекеттерден барлығы 964 байқаушыны аккредиттеді. Олардың әрі қа­рай тарататын болсақ, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-дан, ТМД миссиясынан, Шанхай ынтымақтастық ұйымының миссиясынан, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясынан, Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесінен, Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мынан, Түркітілдес елдердің Пар­ламенттік Ассамблеясынан, шет мемлекеттерден келген бай­қау­шылар еліміздегі өткен сайлау барысын бақылауға мүмкіндік алды. Жалпы, халықаралық байқау­шылардың қатары елімізде өт­кі­зілген сайлау сайын артып келе жатқаны байқалады. Соңғы кез­дері өткен парламенттік сайлау­ларға көз жіберетін болсақ, ха­лықаралық байқаушының саны 900-1000 адам аралығын қамтиды. Халықаралық байқаушылардың кейбірі екі адамнан құралған топтың құрамында жұмыс істеуге дағдыланса, ал енді біреулері – сайлау учаскелеріне қыс­­­қа уақыт­қа келіп, жеке жұмыс істейді. Халықаралық байқаушы­лар­дың сайлау барысына қатысып, өз­дерінің бағасын беруі елдегі де­мо­кратиялық үрдістердің ор­ны­ғуына берілген баға болып табылады. Сол себепті, жаһандық деңгейде өзіндік орны бар іргелі ұйымдардан, әлемдік саясатта ық­палы жо­ғары мемлекеттерден келген байқаушылардың көзбен көріп, көңілге түйіп, берген ба­ға­сының жөні бөлек. Сыртқы әлеммен аралас-құралас, қатар өмір сүріп отырған жаһандану заманында демократиялық құндылықтарға басымдық беру басқалар тарапы­нан қызығушылықпен қоса, сый­­ластық тудыратыны сөзсіз. Елі­мізде кешегі өткен сайлау да ха­лықаралық байқаушылар тарапынан осындай ізгі тілектестікті аң­ғартқандай. Астана қаласының төріндегі Ұлттық академиялық кітапхана­да орналасқан №89 сайлау учас­кесінде болған халықаралық бай­қау­шылардың пікірінен сайлаудың жоғары деңгейде өткендігін аң­ғардық. Кристлиб Андреас ЯН, Германияның Христиан-демо­кратиялық партиясының Бун­дес­тагтағы парламент хатшысы: – Мен Германиядан қазақ же­ріне алғашқы рет атбасын бұ­рып тұрмын. Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттығына 6 партия өз үміткерлерін ұсынып, өз бағ­дарламаларын сайлаушы­лар назарына ұсынып жатыр екен. Ашығын айтсам, сай­­лау­­­дың соншалықты жақсы ұйымдастырылғанына таңға­лып тұрған жайым бар. Сай­лау­шылардың да топ-тобы­мен ұйымдасқан түрде ке­ліп, дауыс беріп жатқанына куә бол­дық. Асыра айтқандық емес, Қа­зақстандағы Парламент сайлауы басқа елдерге үлгі боларлықтай. Мен қазақстандық сайлаудың өту барысына қатысқаным үшін қуаныштымын. *** Дональд БОНКЕР, экс-конгресмен (АҚШ): – Сайлау учаскесіндегі кө­рі­ніске қарап іс жүзінде демо­кратиялық үрдістің жүзеге а­сып жатқанына әбден көзің жетеді. Азаматтар өздерінің конс­ти­ту­циялық құқы­ғы­на орай пар­ламенттік сайлауда сая­си ер­кі­мен таң­­да­уын жасап жатыр. Сайлау жоғары деңгейде ұйым­дастырылған, ол өте тиімді дең­гейде өтуде. Демократиялық жағдайда саяси жүйе бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сондай-ақ, жекелеген үміткерлердің жеке пікірі кейде партияның ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін. Қа­зақ­стан­дықтар партияның бағ­дарламасына дауыс береді екен. Бұл да демократияға бастайтын дұрыс қадам ғой. Мен ұзақ жылдар бойы сайлау процесімен шұғылданамын. Қазақстандық сайлау жүйесі­нен жан-жақты хабардар болғандықтан, бүгінгі сайлау барысында қандай да бір кемшілік кездесті деп айта алмаймын. Сайлау учаскесіндегі қызу жұмыспен танысу маған тек жақсы әсер қалдырды. Бірі мұхиттың арғы жағынан, енді бірі Қарт құрлықтан келген байқаушылар Қазақстанда өткен парламенттік сайлауға байланысты өз ойларын осылайша түйіндеді. АҚШ пен Германия демократиялық үрдістерді орнықтыруда төрткіл дүниеге танылған, өз жолы бар елдер екендігі даусыз. Ендеше, сол елдерден келген байқаушылар байыпты бағасын білдіріп жатса, еліміздегі сайлаудың демократиялық деңгейде өткендігін айғақтағаны емес пе.  Астана. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

*Сырт көз – сыншы

Алан СПЕНС, (Ұлыбритания): – Сайлау барысында заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Біз осы үдерісті толықтай бақылауға алған болатынбыз. Айтар­лықтай кемшіліктерді көрмедік. Біздегі басты мақсат – сайлаудың Конс­титуциялық заңға сәйкес болуын, оның шынайы әрі ашық өт­уін қадағалау. Бұл ретте, Қазақстан Пар­ламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау барысына оң баға беруге болады. Бірнеше сайлау учаскесінде болып, дауыс беру үдерісіне қатыстық. Халық сай­лауға таңнан бері ағылып жатты. Олардың барлығының да аса белсенді, өз ісіне жауапты әрі болашаққа сеніммен қарайтын азаматтар екендігі байқалды. Халық бұл сайлаудың маңызын түсінетін болғандықтан, осындай белсенділік танытып отыр. Көңіл қуантатын жағдай. Таңертеңнен бастап өз жұмысымызға кірісіп кеттік. Бізге де позитивті көңіл-күй сыйлаған қазақстандықтарға алдағы уақытта тек қана мол табыс пен жақсылықтар тілеймін. Өсіп, өркендей берулеріңізге тілектеспін! Астана. Альберт ХАБИБУЛЛИН, (ТМД): Қазақстан Республикасындағы Пар­ламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауы әлем елдерінің назарын аударып отыр. Өйткені, Қазақстандағы демократиялық даму үрдісінде қазіргі ТМД елдеріне қарағанда әлдеқайда алға жылжушылық бар. Бұған дейін, яғни өткен жылы Қазақ­стан Республикасының Президенті сайлауы да арнайы заңдылық талабына сай өткенін білеміз. Бүгінгі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы да осы елдің арнайы заңдылығына сай өткеніне куә болдым. Қазақ еліндегі саяси науқанды шетелдік байқаушылармен бірге жіті назарда ұстадық. Себебі, біз бір-бірімізбен алыс-беріс, барыс-келіс қатынасын тығыз орнатқан елдер арасында үйренетін, көңілге түйетін, кейін өзіміздің елімізді саяси тұрғыдан жаңғырту тұрғысында ақылдасатын, сонымен бірге, бір-бірімізбен тәжірибе алмасатын тұстарымыз барына көзім жетті. Кеше сайлау үдерісі басталғалы бері біз бірнеше сайлау учаскесін аралап, сайлаушыларға, сонымен бірге, отандық және халықаралық байқаушылар үшін барлық жағдай жасалғанына куә болдық. Біз Қазақстан халқының бұл сайлауға белсенділікпен қатысып, өздерінің таңдауын жасауға бір кісідей атсалысқанын көрдік. Демек, Қазақстан халқы елдегі демократиялық дамудың үрдісін сезінді, соған сай өздерінің таңдауын білдіруге құлшыныс танытқаны бізді – халықаралық байқаушыларды таңдандырды. Біз куә болған барлық сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үдерісі Қазақстан Республикасындағы сайлау заңнамаларына сәйкес өткізілді. Оған мен өзім куәмін. Соның дәлелі ретінде күні бойы ондаған сайлау учаскелерін аралап шықтық. Бірақ ешбір сайлау учаскесінде бірде-бір заң бұзушылықты байқамадық. Бір аңғарғаным – Қазақстан тұрғындары осы саяси науқанға асқан белсенділікпен қатысты. Сондықтан мен өз сөзіме кепілдік бере аламын.  Атырау облысы.  Борис ЛАРИН, (ТМД): – Шығыс Қазақстанда дауыс берушілер қатарының қалың екенін байқадық. Өңір тұрғындары таңмен таласа тұрып, таңдауларын жасап жатты. Мәселен, сағат 7.30-да халықтың 3,5 пайызы дауыс беріп үлгерді. Бұл – үлкен саяси белсенділік! Біздің байқаушылар делегациясы облыс орталығы – Өскемен қаласындағы сайлау учаскелерінде ғана емес, сонымен бірге, өңірдің Семей, Риддер қа­лалары мен Зырян, Глубокое және Ұлан аудандарындағы сайлау учаскелерін де аралап шықты. Ол учаскелерде заңбұзушылықтар, ескертулер мен шағымдар болған жоқ. Сайлау үдерісінің барлығы дұрыс ұйымдастырылғанына куә болдық. Айталық, сайлау учаскелері уақытымен ашылды, бәрі қажетті деңгейде жақсы жарақтандырылған. Керек ақпаратты табуға болады. Сайлау комиссиясының мүшелері алғаш рет дауыс берушілерге немесе қарт адамдарға қолғабыс етіп жатқанының өзі жарасымды әсер қалдырды. Учаскеге өз аяғымен келе алмаған тұрғындарға сай­лау комиссиясының өкілдері, олардың қатарында тәуелсіз байқаушылар да бар, дауыс беру жәшігін арқалап, үйлерді аралап жүргенін, осылайша азаматтардың дауыс беруге қатысуына жағдай жасалғанын да көрдік. Бұл – Қазақстанның демократиялық дамуды қалайтынын, азаматтардың саяси құқығы сақталатынын, еш бұра тартушылыққа жол берілмейтінін байқатады.  Шығыс Қазақстан облысы.  Хендрик ФРАНКЕН, (Нидерланд): – Біз Қазақстандағы сайлау туралы бұған дейін де естіген едік. Қай жағынан десеңіз, әрине, жалпы азаматтық тұрақтылық тұр­ғысынан. Шынын айту керек, сіздердің мемлекеттеріңізде нағыз демократиялық сайлау бар. Бұған дейін біздің басқа да байқаушыларымыз келіп көз жеткізгеніндей, қазірде біз сіздердің Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәс­лихаттардың депутаттарының кезектен тыс сайлауының қалай өткізіліп жатқанына куә болдық. Шынтуайтында, таза да ашық азаматтық қоғамның сайлау үдерісі осы мәнерде өткізіледі. Сырт елден келген байқаушы ретінде ғана емес, жалпы, Қазақ­станға бұрын да келіп жүрген қонақ ретінде бізді аса таңғалдырғаны – сіздердің мемлекеттеріңіздің ширек ғасыр аумағында жедел дамуға бет алуларыңыз екенін де тілге тиек еткім келеді. Қазақстанның қалай Тәуелсіздік алғаны, алғашқы халықаралық басқосуларды қалай өткізе бастағаны, бәрі-бәрі біздің көз алдымызда. Осы ретте біз бұл елдің әрбір қадамы мен өсуін үнемі назарда ұстап отырған тілекшілері секілдіміз. Айтпағым, біз бұл сайлау турасында күні ертең халықаралық тұрғыдан есеп береміз, сонда біз өзіміз көзбен көрген сайлаудың өткізілу барысын шынайы суреттей аламыз. Біздің топ біршама сайлау учаскелерінде болып, таза, азаматтық және демократиялық дауыс беру әрекетін өз көзімен көрді. Бұл – дамуға бет алған Қазақстан елі үшін үлкен жетістік, үлкен қадам. Қашанда сіздердің алға басқандарыңызға тек оң сапар тілеуде боламыз деп ойлаймын. АЛМАТЫ. Месут ГИДЕР, (Түркия): – Біз бұрыннан халықаралық делегация ретінде президенттік және парламенттік сайлауларға қатысып келеміз. Таңертеңнен бері халықаралық байқаушылар ретінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бізге тұрғындардың сайлауға кәрі-жасына қарамай бір кісідей атсалысып жатқаны ұнады. Азаматтардың қатысуы жоғары деңгейде болды. Өзіміз куә болдық. Әсіресе, қарт кісілер мен балалы ерлі-зайыптылар, жүкті келіншектер сайлау құқығын терең түсініп, жауапкершілік жүгін арқалағандарына разы болдық. Біз 15 сайлау учаскесін араладық. Сайлау комиссияларынан немесе партиялық байқаушылардан ешқандай арыз-шағым естігеніміз жоқ. Халықтың көңіл-күйі, сайлаудың атмосферасы жақсы. Қалаған учаскелерімізді аралап келеміз. Сайлау үдерісі бекітілген заңға сәйкес өтіп жатыр. Сайлау алдында партиялардың өкілдерімен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдадық, дайындықтары туралы мәліметтерін алдық, оларды толғандырған сұрақтарына жауап бердік. Бұл біз үшін маңызды мәселе. Қазақ елі бізге бауырлас ел болғандықтан біз Қазақстан Республикасымен өз тәжірибелерімізді бірге бөлісіп, ұсыныстарымызды бірлесіп орындап жатырмыз. Сайлаудың сапалы өтуі Қазақстанның мықты мемлекет екенін көрсетті. Демократиялық жолмен әділ өтуі Қазақстанның тұрақты әрі табысты дамуына өз үлесін қосады деп сенемін. Сайлаудың жақсы, нәтижелі болуына тілектестігімізді білдіреміз. ҚЫЗЫЛОРДА. Десислава ТЕРЗИЕВА, (Болгария): – Қазақстандағы Парламент Мәжі­лісінің депутаттарын сайлау жоғары стандарт­тар бойынша өтті. Сайлауда заң бұзу­шылық әрекеттері орын алған жоқ. Мен дауыс берушілердің белсенділігіне таң­данысымды жасыра алмаймын. Сай­лау учаскелеріне келіп, дауыс беріп жатқан­дардың қатарында жасы да, кәрісі де жетерлік. Олардың барлығы өздерінің аза­маттық ұстанымдарын негізге ала отырып, болашаққа нық қадам басып келе жатқан мемлекеттің азаматтары екендігін аңғартты. Бұл маған жағымды әсер етті. Бізде, Болгарияда мұндай белсенділік байқалмайды. Сайлау ашық әрі жоғары деңгейде болды. Мен осы уақытқа дейін бірде-бір шағым көрген емеспін. Бірнеше сайлау учаскесінде болдым, атап өтер болсам №84, №87, №89 сайлау учаскелеріндегі халық белсенділігін байқадым. Және де онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың келіп жатқандығы қатты қуантты. Бұл жоғары демократиялыққа жатады. Мен сарапшы ретінде сайлаудың бейбіт түрде әрі әділ өткендігін сеніммен айта аламын. Кәсіптік деңгейде барлық нормаға сай. Мен өзім заңгер болғандықтан, сіздердің Конституциямен таныстым. Сонымен қатар, Сайлау туралы заңнаманы да көріп шықтым. Осыған сай, ешқандай олқылықтар мен заң бұзушылықтардың болмағанын айта аламын. Астана. Юрий ДЕМЬЯНЕНКО, Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының өкілі. Сайлау барысында біз қаладағы бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Бұл біздің миссиямыздың аясында атқарылған жауапты ісіміз. Ресейден келген барлық әріптестеріміз өздеріне бекітілген учаске­лердің барлығында дерлік болып қайтты. Біздің бақылауымызша, сайлау барысы заң аясында өтуде. Сайлау үдерісіне қатысты ешқандай заңбұзушылықтар анықталмады. Сонымен қатар, халықтың жоғары белсенділігін атап өткім келеді. Олардың мемлекеттік институтқа өздерінің дауыстары арқылы қолдау көрсетуге ниетті екендіктері көрініп тұрды. Біз бұған дейін Қазақстанда өткізілген сайлауларда елдің өзге де аймақтарын жіті зерттеген едік. 2001 жылы қабылданған «Сайлау туралы» заңға азаматтық қоғамға лайық толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, соңғы 2011 жылдан бері заңдық күшінде жақсы қызмет етіп келеді. Яғни, бұл заңдық құжат ретінде ең нақты әрі саяси сауатты жасалған заң екендігін халықаралық бақылаушылар алдында толықтай дәлелдеп отыр. Биыл біз Қазақстанда өткен сайлау үдерісін тереңірек зерттеп, халықаралық саяси бақылау құжатының қоржынын толықтыратын боламыз. Біз өз тобымыздың атынан Қазақстан заңнамасының мейлінше жан-жақты, демократиялық тұрғыдан сауатты жазылғанын, елде ашық та азаматтық қоғам қалыптасқанын айтқымыз келеді. АЛМАТЫ. Галина ЛОПАТИНСКАЯ, (ТМД): Мен Қазақстандағы Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына көрші Челябі облысынан ТМД миссиясының тапсыруымен келдім. Өткен жылы да кезектен тыс Президент сайлауына осы халықаралық ұйымнан байқаушы болып қатысқан едім. Мені қатарынан екі жыл өткен сайлауда қостанайлық сайлаушылардың белсенділігі таң қалдырды. ТМД миссия­сы бойынша Челябіден 12 байқаушы келіп, Қостанай, Рудный, Лисаков қала­лары мен Таран ауданындағы сайлау учаскелеріндегі дауыс беруді байқадық. Таңертең сайлау учаскесінің ашылуына да қатыстық. Онда аға ұрпақ өкілдерінің, жастардың жалынды сөздері сайлаушылардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсері хақ. Олардың сөзі сырт көз – бізді де толқытты. Бірлік, қиындыққа төзімділік, кісілік пен кішілік қазақ халқының қанына біткен қасиет екеніне осындағы сайлауға келген сайын көзім жете түскендей. Таңертеңнен кешке дейін бірнеше сайлау учаскесінде болып, дауыс беруді байқадық. Менің байқауымша, кейбір сайлау учаскелерінде түске дейін, кейбіреуінде түстен кейін дауыс берушілер легі артып отырды. Барлығы да заң шеңберінен шығып жатқан жоқ, мәдениетті, таңертеңнен жапалақтап, тынбай жауған қар, лайсаң ауа райы олардың көңіл-күйіне де әсер ете алмағандай. Біз тілге тартқан сайлаушылар наурызда жауған қарды жақсылыққа балайтындығын айтты. Сайлауға Наурыз мейрамы мен саяси науқанның қатар келуі біз секілді сырттан келгендерге жақсы жарасым болып көрінді. Өткен жылы Президент сайлауына келгенімде «қостанайлық сайлаушылардың белсенділігі заңды, Назарбаевтай көреген Президентке неге дауыс бермеске?» деген ой түйіп кеткен едім. Бұл жолы қазақстандық сайлаушылар саяси науқанға жауапкершілікпен қарайтындығына, өздерінің конституциялық құқын орынды пайдаланатындығына куә болдым. Сырт көз – сыншы болса да, менің таң қалысым одан басымырақ екенін жасырмаймын. ҚОСТАНАЙ. Абдурахим УЛЬФАТОВ, ШЫҰ миссиясының байқаушысы. Қазақстан өзінің саяси өміріндегі маңызды оқиғаға айрықша жауап­кер­шілікпен келіп, сайлауды белсен­ділікпен өткізгені қуанышты. Өйткені, халық өз болашағы, ұрпағының жарқын келешегі, мемлекетінің гүлденіп көркеюі үшін дауыс беретінін біледі. Мен Қазақ­станға, оның елордасы Астанаға бірінші рет келіп отырмын. Алған әсерлерім өте көп. Тәжікстанда да осындай игі өзгерістер баршылық. Ақмола облысының Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласындағы он сайлау учаскесінде болғанда байқағаным, халықтың саяси науқанға мерекелік көңіл-күймен келіп, өз парызын жауапкершілікпен атқаруға тырысатындығы. Көкшетау қаласындағы №1 орта мектепте Болат Жанәділов деген қария біріншілер қатарында дауыс берді. Үлкендігіне қарамастан, жаныма келіп, сәлемдесті. Бұл кісі Қазақстан тәуелсіздігінің жылнамасындай құрметке лайықты жан екен. Ел Парламентінің алғашқы шақырылымының депутаты болыпты. Мұның өзі Болат Сүлейменұлының қайраткерлік қызметін де көрсетеді. «Мен сайлауға тағдыршешті оқиға ретінде маңыз беремін» деген сөздері әркімнің көкейіне ой салатыны анық. Бурабайда да, Көкшетауда да немерелерін ертіп жүрген кісілерді, алғашқы дауыс беруге үлкен толғаныспен келген жастарды көп көрдім. Бұл елдің мемлекеттік саясатқа берік сенетінін айғақтайды. Ал сайлаудың өту барысына келсек, республика заңына, белгіленген халықаралық нормаларға қайшы келетін жайлар байқалмады. Сайлау учаскелеріндегі жұмыстан ешқандай кемшілік көрген жоқпын. Біздің, яғни жергілікті байқаушы әріптестерімнің жұмысына да ризамыз. Жазып алған Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы. Валерий СИМОНОВ, «Труд» газетінің бас редакторы (Ресей). Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәсли­хаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына халықаралық байқаушы ретінде қатысуға ұсынысты қуана қабыл алдым. Өйткені, мен осы Қарағанды облысының тумасымын. Туған жерге барып, ескі таныстарыммен қауышудың сәті келгені де көңіл-күйімді көтере түскен еді. Жалпы, өзім бақылаушы болған Темір­­таудағы №168 сайлау учаскесінің ел­дегі маңызы зор бұл шараға үлкен дайындықпен келгеніне тәнті болдым. Және де мені қазақстандықтардың сайлау сынды саяси шараға терең мән беріп, аса белсенділік танытқаны ерекше таңғалдырды. Менің жерлестерімнің өз елінің болашағына бейжай қарамайтыны, саяси тұрғыда сауатты екені қуантты. Мен өзіме артылған миссияға өте жауапкершілікпен қара­дым. Әріптестеріммен бірге «Сайлау туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Заңымен алдын ала танысып шықтым. Сайлау бары­сының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткенін байқадым. Ешқандай заңбұзушылықтың тіркелмегенін айтқым келеді. Сайлаушылардың ешқайсысы дауыс беруден тысқары қалған жоқ. Сайлау үдерісі ашық және барлық демократиялық талаптарға сай өтті деуге болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің Тұңғыш Пре­зиденттеріңіз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған тәуел­сіз Қазақстанды алда жарқын болашақ күтіп тұрғанын айтқым келеді. Санасы сергек, саяси белсенділігі жоғары, еңбексүйгіш, бейбітшіл халқы бар Қазақстанды басқаша көз алдыңа елестетудің өзі мүмкін емес.