Таудан төменге қарай құлдилай аққан бір арық су тура біздің үйдің іргесінен өтетін. Наурыз, сәуір айларында тау суы осы арықтан әжептәуір ағып, мамырдың орта тұсында су тапшылығы сезіле бастайды. Отыз-қырықшақты үйден тұратын бұл ауылдың тұрғындары су болса үй іргесін көгертіп отырғанды қалайды. Сол себепті, ауыл ішіне арық-арық су келгенін, бау-бақшалық жерлері мейірі қанғанша су ішкенін тілейді. Әйтсе де, үлкенмін деп белден басу, кеуделімін деп кеудемсоқтық жасау бұл ауылдың тұрғындарына жат әдет болатын. Ауылдың бас жағында бір қария, ортан белінде бір қария, аяққы жағында бір қарияны әдейілеп орналастырғандай, үшеуі омыртқаға орныққан қабырғадай ауылдың ауызбіршілігі мен ынтымағына қалтқысыз, қапы жібермей, қас қақпай қарайды. Тентек-торылар өз қорасынан шықпайды. Не де болса ішінде.
Орысы жоқ, орманы жоқ алақандай ауыл болған соң ба, біздің ауылда Наурыз тойы тойланбаса да жыл сайын наурыз көже ішілетін. Күн екінші, үшінші пердесін ашып, сәулесін аямай төге түскен уақытта қыр асып, ауылға Наурыз да жететін. Көкпеңбек көк шалғын түсті жібек шапан киінген, жігерлі, мейірімді болып бейнесі көзге елестейтін Наурыз, алайда, жалғыз өзі келмейтін. Ол өзімен бірге ән мен күйін, думан тойын, жастық отын, қажыр-қайратын, ынтымақ-бірлігін, татулығы мен сабырын қоса ертіп жүретін. Міне, осы Наурыз қыр басынан ауылға аяңдай түскенде, оның үні мен бойындағы тазалығын паш етіп сүйінші сұрағандай сылдырай күліп, таудан сыңқылдай құлай ағып бұлақ суы да жететін.
– Алдымен Байғон атаның үйі суғарсын, одан кейін Қуандық көкемнің үйінің кезегі, – дейді су мұрап Нұрлыбай көке.
Ол уақытта жауаптылық пен өзіне деген құрметті ішкі түйсігімен сезіне білген ата-көкелер суы бау-бақшалығын аяқтар-аяқтамастан «болдым, кезегіне бере бер» дейтін. Бірлі-жарым үйінде жұмсары жоқ, жалғыз-жарым үйлердің түнімен жүріп кезекті суын суарысып, ертеңіне сол үйдің сәкісінде маңдайынан тері моншақтап қызыл күрең шайын сораптап отыратын ағалардың бейнесі әлі есінде. Ұлыс есіктен енген 22 наурызда шағын ауылдың іші мұнтаздай таза, бау-бақшасы күзгі жапырақтан, мал қиынан, күл-қоқыстан адаланып, көктемнің жұпар иісіне молыққандай. Бау ішін аралап жүрген көкем өткен жылы отырғызылған шыбықтардың сорайған, қураған бұтақтарын бұтарлап ретке келтіріп жүр еді. Есіктің алдындағы ошақтағы қазанда апта ішінде бұзаулаған ала сиырдың сүтінен әзірленіп жатқан уыз көженің исі мұрын жарады. Түскі мезгілге ауыл айнала көршілерді уыз көжеге шақырады. Әншейінде үйіндегі көк сандықтың алдын босатпайтын жалқау Оңалбай да бүгін қайта-қайта тысқа шығып, әлденені істеген болып, уыз көженің иісі шыққан үйге көзін жиі салады. Сірә, уыз көженің иісі мұрнын қытықтаса керек. Ала сиырдың уыз көжесінен кейін «Ақ мол болсын!», «Өріс кеңейсін!», «Қораң төлге толсын!» деген ақжарма тілектерін айтып тарасады. Осы тарасу кезінде әркім өзді-өзі «Наурыз көжеге айнала ауылды шақыру керек» деп ой түйіп қайтады. Әрине, Наурыз көже дегенде ас ішіп, аяқ босату емес. Мұнда алдымен Наурыз дәмі ақ дастарқанға келгенше үлкендер жағы жұмбақ жасыру, жаңылтпаш айтып бастаса, жас балалар жаттаған өлең-тақпақтарын айтады. Ақ кимешекті әжелер, апалар «тойбастар» салтымен әуелете ән қайырады. Үй иесінің жомарттығын, ақ пейілін әнге қосады. Ауыл ішінің ынтымағын, бірлігін, бес күн жалғанда араздаспай сыйласып, бірін-бірі құрметтеп өтуді насихаттайды.
Дүние қарап тұрсаң шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен.
Барында оралыңның ойна да күл,
Қызығы бұл жалғанның сол-ақ екен,
– деген әсем әуенді ән осы күні тек біздің ауылда емес, біздің ауыл сияқты ынтымағы жарасқан қазақ елінің бар ауылында шырқалады. Пайғамбар хадисінде айтылған: «Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және жауаптысыңдар» дегендей, осы қадірлі аманат сөз еш жерде жазылып ілінбесе де, ешкім күніне ойларына салып тұрмаса да, салтымен сіңіскен. Таңғы шақта торғай үнімен оянған көкем мен апам біз ұйықтасын деп екеуі күбірлей сөйлесіп қора ішінде жүреді. Ала сиырды сауып, ауылда қалатын арық-тұрық малды оқшаулап, жемдеп, шөптеп, өріске малды, падаға сиырды айдап қайта келгенде біздер, бала-шағалар да ояна бастаймыз. Көкемнің тапсырмасымен бүгінгі жұмыс бөлісі басталады. Әрине, ең алдымен қора іші айнадай жарқырап тазаланады.
Наурыз айы еңбектің айы. Ауылдағы ынтымақтың, бірліктің, мейірімнің айы. Үлкеннің жолын кеспеген инабатты келін мен ибалы жастарды көрген сайын жыл айналып соғатын ұлық мерекенің сән-салтанаты арта түскендей болады. Үлкенін кішісі тыңдап, қыбыр еткен көршісіне көмекке ұмтылуға дайын. Тауық сойса сорпасын ағайын-туыс, көршісіз іше алмайтын ақ көңілділігіміз бен дархандығымыздан құдай ажыратпасын. Діттеген ақабасына асыға жететін бұлақ суындай әрбір жанның кеудесіне игілік шарапатын ала келетін әз Наурыз сені асыға күтеміз. Берекелі мерекені жақсылыққа толы сәттермен өткізейік, ағайын!
Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы.