22 Наурыз, 2016

«Нұр Отанның» жеңісі – халықтың жеңісі

682 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сарабдал саясаттың салтанаты

22-03-03JPGКеше Астананың төріндегі «Сары­арқа» велотрегінде «Нұр Отан» партиясының парламент­тік сайлаудағы жеңісіне арнал­ған «Бірлік! Тұрақтылық! Жасам­паз­дық!» ұраны аясында жеңімпаздар форумы болып өтті. Кеше ертеңгілік  Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі сайлауының  алдын ала нәтижелерін жария етті. Оның қорытындысы бойынша, «Нұр Отан» партиясына  – 82,15, Қазақстан Коммунистік халық партиясына  – 7,14, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 7,18, «Бірлік» саяси партиясына – 0,29,  Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға  – 1,18, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына  2 пайыз сайлаушылардың дауысы берілген. Сөйтіп, билік партиясы – «Нұр Отанның» тағы да жеңіске жеткенінен қалың жұрт хабардар болды. 22-03-08«Сарыарқада» бас қосқан нұротандық қолдаушылар нағыз мерекелік көңіл күйде екені көзге ұрып тұрды. Велотректің белін қайыстырған қалың қауымның желпінісі желдей еседі. Жал-жал толқын тәрізді сол жақ сектордан басталған әдемі қимылды іле-шала басқа сектордағылар әсерлі түрде іліп ала жөнеледі. Жалаушалар ұстаған жастардың жігермен атқарылған қимыл-әрекетінің әсері соншалық, айналасындағыларға да ерекше қуат бітіріп, жеңіс рухын сыйлайды. Жеңімпаздар форумының тынысы әуелі отандық эстрада әншілерінің әуезді әуендерімен айшықталды. Нұротандық үміт­кер­лердің санатында тізімге енген Қайрат Нұртастың сахнаға шығуы партия қолдаушылары тарапынан ерекше ықылас туғызды. Астана туралы әнімен жұртшылықты бау­рап алды. Қайраттан кейін «Риза­мын мен» деп ән шырқаған Жанар До­ға­лованың өзі де форум қаты­су­шыларының ризашы­лы­ғына бөленді. Одан кейін жеңіс желпінісіне жігер қосқан «Алаш­ұлы» мен «Формат» топтары шыр­қаған әндер де жеңімпаздар форумының көрігін қыздыра түсті. Әншілердің асқақ әуеніне арқа­ланған сәттен кейін сахнаға «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісінің сайлау додасында жеңіске жеткен жеңімпаз­дары, партияның сайлауалды штабының мү­шелері көтерілді. Сахна төрін­дегі елге танымал тұл­ғаларды алып экраннан көр­сеткен сайын жи­нал­ған жұрт бір дуыл­дасып қала­ды. Әсіресе, жастар жағы әйгілі спортшылар Се­рік Сәпиев, Илья Ильин, Алек­сандр Ви­нокуров пен әншілер Қай­рат Нұртас, Жанар Доғалованы көр­ген­де ықыласпен қол соғып жатты. Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партия­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты жеңімпаздар форумы­на қатысушылар айрықша қоше­мет­пен қарсы алды. Мемле­кет басшысы партияның қолдау­шы­ларын жеңісімен құттықтады. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде қазір­гідей аласапыран заманда біздің еліміздегідей ауызбір­шілікті ешбір ел, ешбір халық көр­се­тіп отырмағандығана, қазақстан­дықтардың басты ерекшелігі де осында екендігіне тоқталды. «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында 60 мемлекет пен Қазақстанның өз бай­қау­шылары, сондай-ақ, 200-ден астам БАҚ өкілдері, дүниежүзінің ақпа­рат құралдарының орталық­тары біздің сайлауымызды демо­кратияның шыңында деп айтты. Бұл – біздің жетістігіміз. Қазақстан бұдан былай өзінің шынайы демократиялы ел екенін, осындай ашық, заңды түрде сайлау өткізетінін жә­не көппартиялық болатынын бү­­кіл әлемге дәлелдеді. Міне, біз­­дің же­тіс­тігіміздің ең үлкені осы», – деп атап өтті Мемлекет бас­шы­сы. Елбасы кешегі өткен сайлаудың орны бөлек екендігін, оның елдің болашақ жеңістеріне бастау бола­тындығын атап көрсетті. «Сайлауға қатысу көр­сет­кіші 77 пайыздан асты, қазақ­стан­дық­тар­дың 82 пайызы «Нұр Отан» пар­тиясына дауыс берді. Бұл – елі­міз үшін рекордтық көрсеткіш. Біз бүкіл әлемге республикамызда ашық, айқын әрі әділ сайлау өтіп жат­қанын, соның нәтижесінде Пар­ламентте көппартиялы жүйе жұмыс істейтінін паш еттік. Сай­лау­­дың өту барысын жан-жақты жа­зып-жариялап, әлемдік қоғам­дас­тыққа көрсеткен шетел­дік және қа­зақстандық бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының өкілдеріне алғыс ай­тамын. Бұл – ел Тәуел­сіз­дігі­нің 25 жылдығында қол жет­кен зор демократиялық жетіс­тігіміз. Осы­ған байланысты респуб­ликалық және өңірлік штаб мүше­леріне, әрбір сай­лаушыға саясатымызды түсін­дірген және жұртты бірлік пен болашақ табыстарға жігерлен­дірген сайлау алдындағы жұмысқа қаты­сушылардың барлығына алғыс білдіремін. Біздің ұстанған бағы­тымызды қолдағаны үшін бар­лық қазақстандықтарға рахмет. Біз біртұтас екенімізді, кез кел­ген қиындықты еңсеріп, Қа­зақ­стан­­ды гүлденген елге айналдыра ала­ты­нымызды көрсеттік», – деді Мем­лекет басшысы. Ел Президенті өз сөзінде пар­тия­­ның қол жеткізген жеңісінің салмақ­ты жауапкершілігі бар еке­ніне де тоқталды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының: «Нұр Отан» партиясының жеңісі – халқымыздың жеңісі. Сай­лауда бұрын-соңды болмаған бел­сенділік байқалды, 77 пайыздан астам сайлаушы келіп, 82 пайызы «Нұр Отанға» дауыс берді. Бұл де­ген – үлкен қолдау, сенім, осы сенім­­ді ақтау үшін жұмыс істеуіміз керек», – дегені осыны айғақтай түседі. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға белсене қаты­сып, «Нұр Отанға» қолдау білдір­ген жас­­тарға алғысын білдіре отырып, оларға баталы тілегін білдірді. «Мен болашақ ұрпаққа хал­қы­мыздың бірлігі мен тұтастығын сақ­тауды аманаттаймын. Біз Қа­зақ­­стан­ның өсіп-өркендеп, бүкіл әлем­де беделді болуы үшін ты­ныш­­тық пен келісімнің негізін қа­ла­­дық. Осының бәрін біз Қазақ­стан жас­тары үшін жасап жатыр­мыз», – дей келіп, Мемлекет бас­­шысы жастарға мемлекеттің тәуел­сіз­дігін нығайтуға, елдің бірлігін сақ­тауға қызмет етуі тиіс деген амана­тын да арқалатты. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, оларға бақ-береке тіледі. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов өз сөзінде сайлауда «Нұр Отанның» Елбасының еңбегі мен беделінің арқасында жеңіске жеткендігіне ерекше тоқталды: «Бұл жеңіс – ең алдымен Елбасы саясатының жеңі­сі, Елбасының жеңісі. Қа­зақстандықтар осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізге оң баға­сын беріп, болашақ үшін арнал­ған бағдарламаларға сене­тінін көр­сетті. Бірліктің, тұрақ­тылық­тың, жасам­паздықтың маңыз­ды екенін көр­сетті. Ендігі жерде,алдымызда Ұлт Жоспа­ры, «Нұрлы Жол», басқа да страте­гиялық құжаттарға негіздел­ген пар­тияның жаңа сайлауалды бағдар­ла­масын орын­дау міндеті тұр», – де­ді А.Мыр­зах­метов. Тәуел­сіздік құрдастары атынан, Павлодар облысы тұрғын­дары атынан, Қазақстан халқы Ассам­блеясы жастар қанаты атынан Мемлекет басшысын, нұротан­дықтарды жарқын жеңісімен құ­т­тықтаған Павлодар облысы ҚХА жастар бірлестіктері қауымдас­тығының төрайымы Элина Паули жеңіс бейбітшілік пен келісімнің арқасында салтанат құрғанын айтты. Өзінің Мемлекет басшысының саясатына деген ризашылығын білдірді: «Өткен сайлау бар­лық қазақстандықтардың бірауыз­дылығын, ХХІ ғасырда елді жан-жақты жаңғыртуға бағыттал­ған Сіздің бағытыңызды қолдай­тын­дығын кезекті мәрте дәлелдеді. Біз әрқашанда Сізбен біргеміз, «Нұр Отанмен» біргеміз»,– деп түйіндеді сөзін Элина Паули. «Сізді және нұротандықтарды жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бүгінгі жеңіс бүкіл Қазақстан халқының таңдауы»,– деп бастады сөзін Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. Әрі қарай ел­дегі бірлік пен ынтымақтың ұйыт­қысы Мемлекет басшысы екендігін айтты: «Бүгінде миллионнан астам адам соғыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Үйін тастап, отбасы­нан безіп, жан сауғалап жүрген­дер қаншама. Ал бізде, бейбітші­ліктің бесігіне айналған Қазақ­стан­да алаңсыз, еркін өмір сүріп жатыр­мыз. Бүгінгі бірлігіміз, тұрақты­лы­ғымыз жайлы өміріміз бен жар­қын келешегіміз үшін Сізге қарыз­дармыз. Ұлы Даланың ұлы мұра­тын – Ұлт Жоспарын жүзеге асы­руға бар күш-жігерімізді жұмсай­мыз. Ал Мәңгілік Елдің мығым ірге­та­сын Сізбен бірге, Сіздің пар­тия­ңыз – «Нұр Отанмен» бірге қалай­мыз», – деп сөзін түйіндеді Ерлан Сыдықов. «Локомотив» АҚ машинисінің көмекшісі Геннадий Шиповских барша форумға қатысушыларды «Нұр Отанның» жарқын жеңісімен құттықтай отырып, саны 150 мың­нан асатын қазақстандық отбасы мүшелерін қосқанда жалпы саны миллионға жетіп жығылатын жұрттың бәрі де «Нұр Отанды» қолдап дауыс бергендігін жеткізді. «Өйт­кені, оның Төрағасы Сізсіз, Нұр­сұлтан Әбішұлы. Қазіргідей дағ­дарыс кезінде бірқатар елдерде өндіріс тұралап қалды, жұмыс орны қысқарып жатыр. Сізд­ің арқаңызда біз болашаққа сенім­діміз»,– деп қайырды сөзін Геннадий Ши­повских. Сөйтсе, теміржолшылар өкі­лінің қазақша сөз сөйлегені өз ал­дына, жыр шумақтарын да төгіл­діртеді екен. Әрине, төрт аяғы тең басқан демесек те, жеңімпаздар жиынында оқылған өлең жолдары адамның көкірегіне кәдімгідей жылылық ұялатады. Қадам басып келемін Алдағы күнге сеніммен, Болашағым «Нұр Отанмен» бөлінген. Жан-жаққа жария етем мен бүгін: Бақыттымын Елбасыммен, еліммен! Жеңімпаздар форумы осылайша Геннадий Шиповскихтің жыр жолдарымен өрнектеліп, форум соңы мерекелік концертке ұласты. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.