Өткен жексенбі күні өткізілген Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия айта қаларлықтай тындырымды істерге ұйытқы бола білді. Ал облыстарда осы комиссияның өңірлік орталықтарының штабтары құрылды. Біз кеше Батыс Қазақстан облысындағы осындай құрылымның мүшесі Светлана Сейілхановаға жолығып, бірер сауал қойған едік.
Светлана Серікқызы, Орал өңірінде өткізілген Парламент Мәжіліс депутаттарын сайлаудың өту барысы кезінде іс-қимыл танытқан қоғамдық штабтың мүшесі ретінде не айтар едіңіз?
– Бірден айтайын республикалық қоғамдық комиссияның Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік ортасының мүшелері тек сайлау күні ғана емес, сонымен бірге, оған әзірлік кезеңі барысында да ауқымды істер атқарды. Мәселен, біздің облыста 520 сайлау учаскесі құрылған болса, соның әрқайсысына бір қоғамдық байқаушыдан бекітілді. Бұл артық-кемі жоқ 520 қоғамдық негіздегі байқаушы сайлауға дейінгі және сайлау күнгі үдерістердің бәріне қатысты деген сөз. Олардың құрамы мен әлеуметтік тегін негізінен студенттер мен зейнет жасындағы адамдар, азаматтық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері құрады.
Сондықтан да біз үшін бірінші кезекте оларды сайлауды өткізу заңдылықтарымен таныстыру, осы бағытта арнайы семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру міндеті тұрды. Бұл жауапты іс-шара өңірде ойдағыдай атқарылды деген ойдамын. Сонымен бірге, әрбір қоғамдық байқаушы өздеріне бекітілген сайлау қосындарында сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орната білді. Тізімдерді нақтылауға көмек берді. Учаскелердің тиісті талаптарға сәйкес жабдықталуын қадағалады. Сайлауға әзірлік барысында біз олардың айтқан сын-ескертпелері бойынша тиісті шешім қабылдап отырдық. Сондай-ақ, орын алған кейбір кемшіліктер дер уақытында түзетілді.
– Ал 520 учаскеге бекітілген қоғамдық байқаушылардың дәл сайлау күнгі іс-қимылы туралы не деуге болады?
– Өткен жексенбі, яғни 20 наурыз күні таңертең сағат 7-де олардың бәрі де өз орындарынан табылды. Алғашқы дауыс беру рәсіміне куә болды. Дауыс беру бюллетеньдерін санаған кезде де қоғамдық байқаушылар қырағылық таныта білді. Әрине өңірдегі 520 учаскенің бәріне бірдей баруға біздің аяғымыз жете алған жоқ. Дегенмен, ондағы сайлаудың өту барысын өз өкілдеріміз арқылы қадағалап отырдық. Әр учаскедегі сайлауға әзірлік пен оның өткізілу барысын байқаушылар ұдайы назарда ұстады. Ал біз олардың іс-қимылдарын көзден таса қылмауға ұмтылдық.
– Сайлаудың өткізілуі кезінде олардың тарапынан қандай да бір сын-ескертпелер болды ма?
– Әрине, ішінара кейбір ұсақ-түйек, елеусіздеу кемшіліктер кездескенімен, тұтастай алғанда сайлаудың тәртібі бұзылғаны жөнінде ешқандай дерек орын алған жоқ. Дауыс беру кезінде сайлаушылардың белсенділік танытқанын қоғамдық байқаушылар ризашылықпен айтып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Жазып алған
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: қоғамдық штабтың мүшесі Светлана Сейілханова.
Суретті түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ.