22 Наурыз, 2016

Дұрыс таңдау адастырмайды

686 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
қоғамдық комиссияНазим НАДИРОВ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті: – Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанына қатысқан жастардың жоғары саяси ерік-жігерін ерекше бөліп айтар едім. Мен осы күні байқаушы мәртебесіне ие болған сайлау учаскесінде осыны аңғардым. Алдымен жастар келіп, айрықша белсенділік танытты. Демек, жас буынды да еліміздің болашақ дамуы бей-жай қалдырмайды деген сөз. Шынында да, жаһандық дағдарысқа қарамастан студент жастардың оқуына, демалуына мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып келеді. Биылдан бастап шәкіртақы көбейтілді. Осындай қамқорлықтарға іспен жауап беруді,қиындықтарды бірлесіп еңсеруді солтүстікқазақстандық өрендер де жақсы түсінгендіктен, сайлауға бір кісідей жұмылды. Дұрыс таңдау адастырмайтынына, шынайы демократиялық құндылықтарға бастайтынына, озық отыз елдің сапына жету жолындағы қарышты қадам болып табылатынына сенді. Өңірде орналасқан барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру әділ, ашық, заң бұзушылықсыз, қалыпты іскерлік ахуалында өтті. Дауыс беру барысын кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірген өкілдері, қоғамдық бірлестік мүшелері, халықаралық байқаушылар бастан-аяқ қадағалап, брифингтерде жақсы баға берді. Бұған дейінгі саяси науқандар тәжірибесін меңгеруіміздің арқасында дайындық жұмыстары үйлесімді жүргізілді. Шетелдік БАҚ-тар Парламент Мә­жілісі сайлауын жарыса жазып, заң талап­тарына сай ұйымдастырылуын ел ішін біріктіретін күрделі геосаяси үдеріс, қоғамды одан әрі де­мокра­тияландырудың бір көрінісі ретінде бағалады. Алда Елбасы белгілеп берген ауқымды бес институттық реформаларды жүзеге асыру міндеттері тұр. Жаңа сайланған депутаттар Қазақстанның өркендеуі үшін аса маңызды шешімдер қабылдап, Парламенттің рөлі мен беделін көтеруге атсалысатындары еш күмән тудырмайды. Солтүстік Қазақстан облысы.  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. Шынаргүл Қайырова, Атырау облысы бойынша Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өңірлік орталығының төрайымы: – Атырау облысының Сайлауды бай­қау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның 244 бай­қаушысы  облыс бойынша 234 сайлау учаскесінде бел­сенді жұмыс жасады. Дауыс беру бары­сы таза, әділ және транспарентті өтті. Сайлау учаскелеріндегі жо­ғары ұйым­дасты­рушылық дең­гей, өңір азаматтарының  сайлауға  келу белсен­діліктері  және барлық партиялар мен жергілікті мәслихат депутаттарына кандидаттардың сенім білдірілген адам­дарының біздің байқау­шы­ларымыздың қатысып отыруына және дауыс беру жүрісін қадағалауына толық жағдай жасалуы осының айқын дәлелі. Нәтижесінде сайлау еліміздің сайлау заңнамаларына сәйкес, халықаралық стандартқа сай өтті. Сайлаушылар өз елінің, өз ұрпағының болашағы үшін сайлауға келді. Оның маңызын, бүгінгі таңдаудың маңыздылығын терең түсінетінін көрсетіп, азаматтық ұстанымдарын байқатты. АТЫРАУ. Алтын ХУАТ, Қарағанды облысындағы №404 сайлау учаскесіндегі тәуелсіз байқаушы: – Парламент Мә­жі­лісі мен барлық дең­гейдегі мәслихаттар сайлауларына №404 сайлау учаскесінде тәуелсіз байқаушылар қатарында қатыстым. Біздің мақсатымыз – сай­лаудың демократиялық талап­тарға сай өтуін қадағалау. Осы орайда өз әріптестеріммен бірге Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңымен алдын ала танысып шық­тым. Ашық, кең ғимаратта отырып, дауыс берудің барлық үдерісін бақылауға толық мүмкіндік алдық. Сайлау барысының Қа­зақ­стан Республикасының заңнамасына сәйкес өт­кенін байқадым. Сай­лаушылардың еш­қайсысы дауыс беруден тысқары қалған жоқ. Дауыс беруге келген адамдардың барлығы тізімнен табылды. Бұл сайлау­шылардың тізімі мұ­қият тексеріліп, әрбір сайлаушының дауыс беру құқығын пайдалана алуына барлық жағдай жасалғанын көрсетеді. Сонымен бірге, сайлау­шы­лардың өз таңдауын жасайтын жері оңашаланып, бюллетеньдер салынатын жәшіктер ашық, ыңғайлы жерге қойылды. Байқаушылардың барлық дауыс беру барысын толық қадағалауға алуына жағдай жасалды. Осылайша, сайлау үдерісі ашық және барлық демократиялық талаптарға сай өтті деп сеніммен айтуға болады. ҚАРАҒАНДЫ.

Заң бұзу фактісі тіркелген жоқ

Нұрайлым ҚАЙЫРБЕКОВА, Сайлауды байқау жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық комиссия­ның Алматы облысындағы өңірлік орталығының мүшесі: – Алматы облысында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депу­таттарының сайлауы заңнама талабына сай өтті. Қоғамдық негізде бақылау Жетісу жеріндегі барлық сайлау учаскелерінде жүргізілді. Тұрғындар тарапынан ешқандай түсініспеушілік, иә болмаса заңға қайшы әрекет жасалған жоқ. Сөйтіп, санамызды серпілткен саяси науқан өз мәресіне жетті. Нақтылай түссем, Алматы облысындағы 931 сайлау учаскесінде бірде бір заң бұзу фактісі тіркелген жоқ. Жалпы алғанда, жоғарыда келтірілген санға енетін әскери бөлімдер секілді байқаушыларды кіргіз­бейтін 50 жабық сайлау учаскесінде де тұрғындар өз таң­дау­ларын жасап, конституциялық құ­қық­тарына сай дауыс берді. Барлық учас­келерде заңдылық талаптары сақталды. Елі­міздегі тыныштық пен ынтымақтың бе­рік орнағандығын біл­­діретін бұл жұмысқа өңірлік орталық мүшелері өзіндік үлесін қосты. Мыңдаған сайлаушылар арасында қандай да бір келеңсіздік, түсініспеушілік туындап жатса байқаушы міндеті дереу суретке немесе бейнетаспаға түсіріп алып, болған жайды дереу сайлау комиссиясының төрағасына баяндауы, әлбетте заңнама шеңберінде акті толтыруы керектігі мұқият тапсырылған еді. Құдайға шүкір, ондай оқиға орын алған жоқ. ТАЛДЫҚОРҒАН.

Менің байқағаным – жасампаздық қасиеттер

Мейрамбек ҚИЫҚОВ, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық комиссияның Ақмола облысындағы өңірлік орталығының мүшесі: – Биылғы сайлау көңілімді жақсы сезімдерге бөледі. Әуелгіде «сіз сайлауды байқау комиссиясына мүше болыңыз» деген ұсыныс түскенде әрі-сәрі күйде болғаным рас. «Халық сайлаудың маңызын түсінеді, оның нәтижесімен бола­шағын бай­ланыстырады. Мұны байқап, бақы­лаудың қажеті қанша?» дегендей. Иә, демократиялық ұстанымның талабы осы екендігін де білемін. Біздің міндетіміз – сайлаудың ел Конституциясының, Заңының деңгейінде өткізілуіне септесу. Сон­дықтан, жасымның үлкендігіне қарамастан, белгіленген барлық іс-шаралардың ортасында болдым. Айтқандай-ақ, облысымызда маңызды науқан жоғары деңгейде өткізілді. Ешқандай оқыс жағдайлар, тәртіптің бұрмалануы көрініс бермеді. Бұған күмәнім де жоқ еді. Менің байқағаным, халықтың саяси ұс­танымының мық­ты­лығы,қай жерде болмасын жерлестерімнің жасампаздық қадам­дарға жақын тұра­тындығы болды. Осыған қуандым. Көкшетау қала­сын­дағы алты сайлау учаскесінде болдым. Сайлаушылар дауыс беру кабинасында ұзағырақ тұратынды шығарыпты. Демек, ойланатын, ертеңін болжайтын сайлаушы қалыптасты деген сөз. Жастар жағы қарияларға өз кезегін беріп жатыр. Кейбірі есіктен барып қарсы алып, құрмет көрсетіп жатты. Бұлар сайлау учаскесінің мүшелері емес, қарапайым азаматтар. Даусын апыл-ғұпыл бере салып, үйіне асыққандар да көрінбейді. Көптен көріспеген ақсақалдар мен әжейлер, жұмыс­басты жас­тар үйіріле қалып әңгіме айтып жатыр. Менің пайым­дауымша, күйбең тірлік емес, арнасы кең болашақтың әңгі­месі қозғалып жатыр. Өзім таңертеңгі дауыс беру бюлле­тендерін санау мен кешкі дауыс қорытындысын шығару ісінің бәрін сырттай бақылап тұрдым. Әркім өз шаруа­сын ың-шыңсыз атқарып жатыр. Облыс сайлаушылары маңызды саяси науқанға белсенділікпен қатысты. Үйге көңілім өсіп келдім. Ақмола облысы. Суретті түсірген Ермұрат Досымов.

Өрелі идея – өміршең

Эдуард ПОЛЕТАЕВ, Сай­лауды байқау жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық комиссияның мүшесі: – Саяси науқан барысында елі­міздің барлық өңірлерінде біздің алдын ала дайындаған он мыңға жуық байқау­шыларымыз сайлау учаскелерінде өз мін­­деттерін мінсіз орындады. Олар бәсекенің таза да әділ өтуін ба­қылады. Байқаушылар арқылы комиссия сайлау үдерісінің барысы тұрғысында толыққанды ақпарат жинақтады. Бәйге атаулыда жеңімпаз анықталатын бір заңдылық бар. Расын айтсақ, науқан басталар алдында сайысқа бел буған партиялардың барлығының да сайлауалды дайындық әлеуеттері теңдей секілді еді. Әйтсе де, дода­ға түскен 6 партияның үшеуі жеңім­паз атанып, Парламенттен орын алатын болды. Бұл партиялар белгілі мерзім ішінде өздерінің атқарған іс-шараларын зерделеп, қай жерде қандай кемшіліктер жібергенін немесе қай жерде қандай ұтымды шешімдер жасағанын білу үшін сараптама жасағаны абзал. Бұл арада Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­­тың былай деп айтқанын еске алған жөн. «Пар­ламенттен тиісті орын ала алмаған партиялардың сайлауалды бағдарламасындағы тың идеялардың әрқашанда игілік үшін пайдаға асуы кәдік. Ол идея тектен-текке жазылған жоқ, сондықтан да, ол міндетті түрде жүзеге асады».  Менің бұған алып-қосарым жоқ. Сайлау өтті, Орталық сайлау комиссиясының ақырғы шешімін шығаратын күн де алыс емес. Науқанға саяси бағаны еліміз, қоғам беретін болады.  Айтарым, біздің байқаушылар өз міндетін абыроймен атқарды. АЛМАТЫ.

Келеңсіздіктер көзге түспеді

Наган БАЛАБИЕВ, тәуелсіз байқаушы: – Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттарға депутат таңдау барысын байқау үшін Қара­ғанды облысындағы Нұра ауданының орталығында орналасқан № 404 сайлау учаскесінде өткен дауыс беру шарасына тәуелсіз байқаушылар қатарында қатыстым. Біздің мақсатымыз – сайлаудың демократиялық талаптарға сай өтуін қадағалау болды. Осы орайда, өз әріп­тестеріммен бірге Қазақстан Респуб­ликасының «Сайлау туралы» Заңымен алдын ала мұқият танысып шықтым. Кең де жарық ғимаратта отырып, дауыс берудің барлық үдерісін бақылауға мүмкіндік алдық. Сай­лау барысының Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасына сәйкес өтке­ніне куә болдым. Ешқандай заңбұзу­шы­лықтың тіркелмегенін айтқым келеді. Қарағанды облысы, Нұра ауданы.

Жақсы әсер қалдырды

Самал ИБРАЙЫМОВА, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Жамбыл облысындағы өңірлік орталығының мүшесі: – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауында барша отандастарымыз өз таң­дауын жасады. Осы сайлау жұмысына байқаушы ретінде қатысқандықтан дауыс беруге келген елдің нөпірі өте көп болғанын, тіпті, біршама уақыт кезекке тұруға мәжбүр болғанын өз көзіммен көрдім. Алғашқы болып келгендерге сыйлықтар ұсынылды. Сайлаушылардың бұл науқанда белсенділік танытуы бірлігімізді паш етіп, біртұтастығымызды дәлелдегені анық. Осы сайлауда елдігіміз тағы да еңселене түсті. Сайлау учаскелерінде бар­лық жағдай жасалған. Дауыс берушілерге деген құрмет өте жоғары болды. Ешқандай тәртіп бұзушылық орын алған жоқ. Жауапты сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігіміз бен ынтымағымыздың жарастығын көрсете білген көпшіліктің бұл қарекеті жақсы әсер қалдырды. Осы сайлау науқанында әрбір ауылда, әрбір ауданда, әрбір қалада штаб мүшелері, байқаушылар, жастардың ерікті жасақтары өте белсенді жұмыс істеді. Қалай айтсақ та, жұдырықтай түйілген көп ұлтты, ынтымақты халық еке­ні­мізді осы науқан тағы бір дәлелдеді.   Жамбыл облысы.