22 Наурыз, 2016

Сайлау. Қоғамдық Комиссия. Байқау

342 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

ERA_7677+Елімізде өткен маңызы зор шараны байқау жөніндегі

республикалық қоғамдық комиссияның өңірлердегі жұмыстары

Тамара ШИРМЕР, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі: – Біз еліміздегі аса маңызды үдерістің куәгерлері және белсенді қатысушысы болдық. Біз жоғарғы заң шығару органында және жергілікті мәслихаттарда біздің мүддемізді қорғайтын өкілдерімізді сайладық. Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі ретінде бұл жолғы сайлау таза және ашық жағдайда өтті деп айта аламын. Комиссия мүшесі ретінде біз сайлау заңдылықтарының сақталуын барынша қадағаладық. Сондай-ақ, әрбір азаматтың бұл үдеріске барынша сеніммен қарауына мүмкіндік беру бағытында жұмыс істедік. Осы үшін өңірлерге барып, жергілікті жердегі үдерісті ұйымдастыру барысымен де жіті таныстық. Мен Ақмола облысына бардым. Бұл өңірде біз аумақтық сайлау комиссияларымен кездестік, жекелеген сайлау учаскелерінде болып, сайлаушылардың тізімін тексердік. Барлық саяси партиялардың штабтарында болып, кандидаттармен кездестік. БАҚ-тарға мониторинг жүргіздік. Бір сөзбен айтқанда, барлық сайлау үдерістері барынша дұрыс жағдайда өтуін мүмкіндігінше қадағаладық. Сондықтан 20 наурыздағы сайлау жоғары демократиялық деңгейде өтті деп айта аламын. Өз атымнан 2016 жылғы сайлау үдерісіне барлық қатысушыларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарағандары үшін және жүзеге асырған сапалы жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Ғадылбек ШАЛАХМЕТОВ, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі: – Комиссия мүшесі ретінде мен Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға сайлауға алдын ала дайындық жұмыстарына және дауыс беру жағдайына мониторинг жүргіздім. Өзім жүргізген жұмыстарды қорытындылай отырып, мен өзім көз жеткізген мына бір мәселені қадап айтпақпын: сайлауалды науқан мен сайлаудың өзі ашық, таза жағдайда және барлық құқықтық заңдылық тәртіпті сақтай отырып жүзеге асырылды. Мұндай қорытындыға келген комиссия мүшесі мен ғана емес. Өйткені, біз сайлауалды науқандарға бәріміз де бірдей қатыстық. Сондай-ақ, сайлау күні оның барысын қадағаладық. Сол тұста біз конституциялық талаптардың бұлжымай сақталуын қатаң ескердік. Сайлаушылар тізімін салыстыру, сайлау учаскелерінің дайындық деңгейін тексеру, сайлау компаниясының баспасөз бен телеэкрандарда жүзеге асырылуын мониторинг жүргізу, сайлау күні үдерісті тікелей бақылау – міне, осы жұмыстардың барлығын комиссия мүшелері жүзеге асырды. Ал заң бұзушылық байқалған жоқ. Мен байқаушылар мен сайлау комиссияларының мүшелеріне жүргізген жауапты жұмыстары үшін өз алғысымды білдіремін. Марат БӘШІМОВ, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі: – Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілетті орган – мәслихаттар сайлаулары болып өтті. Депутаттыққа кандидаттар үшін олардың сайлауалды бағдарламаларын толық мәнінде ашуына барлық жағдай жасады. Маған бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынас мәселесі біршама таныс. Бұл жөнінде барлық сайлау үдерісіне қатысушыларға кең жағдаймен мүмкіндік жасалды деп сеніммен айта аламын. Ақпаратқа қолжетімділік тең жағдайда қамтамасыз етілді. Мұны бірінші кезекте «Хабар», «24 kz», «Қазақстан» секілді еліміздің аумағын толықтай дерлік қамти алатын және қоғамдық пікір қалыптастыратын орталық республикалық арналар мен республикалық басылымдар беттерінен де байқауға болады. Орталық сайлау комиссиясының сайты болып жатқан оқиғалар туралы жүйелі түрде және жедел түрде ақпарат таратып отырды. Электоратты партия өкілдерімен және олардың партиялық бағдарламаларымен таныс­тыруда жаңа демократиялық пішім ретінде дебаттардың өткізілуі бұл сайлаудың өзіндік бір ерекшелігі болды. Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі ретінде бұл сайлау бәсекелестік жағдайда және ашық түрде өтті деп айта аламын. Қазақстан Конституциясының және сайлау заңдылықтарының талаптары толықтай сақталды. Динара СӘТЖАН, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі: – Өткен сайлау біздің азаматтарымыздың сана-сезімі мен саяси белсенділігінің жоғары екендігін көрсетті. Өйткені, біз сайлау үдерісін қадағалау барысында сайлаушылардың өз құқықтарын білдіру үшін сайлау учаскелеріне молынан келгендігін байқадық. Дауыс беру үдерісі таза да ашық жағдайда өтті. Бұлай деп мен сеніммен айта аламын. Өйткені, біз мүшесі болып табылған Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия осы үдерістің барысын барынша жіті түрде қадағалап отырды. Әрине, сайлаудың дұрыс жағдайда өтуі оған әзірлік жұмыстарының үлкен жауапкершілікпен жүргізілгендігін білдіреді. Біз комиссия мүшесі ретінде өңірлік сайлау комиссияларында болып, осы сайлау науқанына дайындық жұмыстарының барынша талапқа сай жүргізіліп жатқандығына көз жеткіздік. Сондықтан мен болып өткен сайлау біздің қоғамымызда демократиялық қағидаттар мен құндылықтардың берік орнығып келе жатқандығының тағы бір дәлелі болды деп есептеймін. Талант РАМАЗАНОВ, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі: – 2016 жылдың 20 наурызында қазақстандық сайлау жүйесін дамытудың тағы бір үлкен белесін артқа тастадық. Сонымен қатар, қазақстандық парламентаризм тарихының жаңа бір бетін аштық. Бұл үдеріске халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 817 байқаушысы, сондай-ақ, 29 мемлекеттен келген шетелдік БАҚ-тардың 140 өкілі бақылау жасады. Біздің Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия бұл тарихи қадамның «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сайма-сай жүруіне өз үлесін қосты. Мұнда дайындалған байқаушылар Қазақстанның барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде түгелге жуық болып, қоғамдық бақылауды толықтай қамтамасыз етті. Мұның өзі, тағы бір жағынан алғанда, біздің елімізде сайлау заңдылықтарымен жақсы таныс, оның өту барысын қадағалау ісіне жетік бірнеше мың адамның пайда болғандығын да білдіреді. Сондықтан да мен біздің комиссия әзірлеген байқаушылар алдағы уақытта да қоғамға пайда әкеледі деп есептеймін. Олардың қоғамға тигізетін пайдасы тек сайлау күндері ғана білінбейді. Олар Қазақстанда демократиялық дамудың жыл өткен сайын күшейе беруіне жәрдемдесетін болады. Алтынбек КӘТТЕБЕКОВ, ОҚО сайлау комиссиясының мүшесі. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша дауыс береді деген 1 млн. 317 мың 255 сайлаушының дені сайлау учаскелеріне келіп, таңдауларын жасады. Сайлаудың әділ әрі таза өтуіне Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғам­дық комиссиясының Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы өңірлік орталы­ғының байқаушылары айтарлықтай үлес қосты. Олар 1029 сайлау учаскелеріне бөлініп, дауыс беру процесіне қатысты. Бұрынырақта айтылғандай, сайлау жабық жағдайда өткізілетін тергеу изоляторы және перзентхана сияқты мекемелерге ғана бармады. Негізінен, байқаушылар қатарына студенттер көбірек тартылды. Кейбір сайлау учаскелерінде үміткерлердің тізімі толық болмай, арызданғандар да кездеспей қалған жоқ. Бірақ бұл әттегенайлар аумақтық сайлау комиссиялары арқылы тез қалпына келтірілді. Бұдан бөлек заңбұзушылық болғанын алға тартқан жиырмаға жуық арыз-шағым тиісті шешім қабылдау үшін облыстық сайлау комиссиясына және құқық қорғау орындарына жолданды. Байқаушылар баяндағандай, сайлау учаскелерінде ірі заңбұзушылықтар болған жоқ. Барлығында жұрттың өз таңдауларын жасауына барынша жағдай туғызылды. Оңтүстік Қазақстан облысы. Аяужан ӘШІМОВА, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Шығыс Қазақстан облысындағы өңірлік орталығының мүшесі. Биылғы сайлау науқанында Шығыс Қазақ­стан облысы бойынша Сайлауды байқау жөніндегі өңірлік орталығының атынан 1004 тәуелсіз байқаушы жұмыс істеді. Олар сайлау учаскесі ашылғаннан қорытынды хаттамалар толтырылғанға дейінгі сайлау үдерісіне қатысты. Барлық байқаушыларымызбен орталық штаб арқылы байланысты үзбей, саяси науқан барысын толық қадағалауға мүмкіндік алдық. Штабта қоғамдық ұйымдар мен азаматтық сектордан, ғылыми ортадан енген 5 адам жұмыс істеді. Айтарлықтай заңбұзушылықтар болған жоқ. Жұмысымыз өнімді болды. «Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде, биылғы сайлау үдерісін байқауға жастардың да зор ынта-ықылас танытқанын айтар едім. Олардың барлығы арнайы семинарларда оқытылды. Әрине, тәуелсіз байқаушылар арасында бұрын да осындай саяси науқандарға қатысып жүрген тәжірибелі байқаушылар да көп болды. Баршасы үлкен белсенділікпен жұмыс істеді. Біздің байқаушыларымыз жинаған мәлімет пен Орталық сайлау комиссиясының жинаған мәліметі арасында аса алшақтықтың жоқтығына қарап-ақ, тәуелсіз байқаушылардың биылғы науқанды кірпік қақпай қадағалағанын байқауға болады. Сондықтан, сайлаудың әділ әрі ашық өткеніне сенімдімін. ӨСКЕМЕН.  Әсет ЕСАЛИН, Ақтөбе облысындағы Мәртөк ауданы бойынша қоғамдық байқаушылар төрағасы: – Аудан бойынша 39 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Алынған мәліметтер бойынша барлық сайлау учаскелерінде жұмыстар заң аясында жүзеге асты. Соның бірі мен жұмыс жасаған Мәртөк ауылындағы №268 сайлау учаскесі бо­йын­ша дауыс беру барысы төмендегідей өрбіді. 20 наурыз күні таңғы сағат 7.00-де ашыл­ған  сайлау учаскесінің жұмысы еліміздің әнұранымен басталды. Сайлау күні демалыс күні екеніне қарамастан, таңертеңнен дауыс беруге келген адамдар өте көп болды. Учаскелік комиссияның төрайымы Т.Г.Покатило алғашқы үш дауыс берушіге сыйлық ұсынды. Сайлаушылар өздерінің белсенділігін біреуі еліміздің болашағына өз үлесін қосқысы келетінімен, екіншісі, дауыс беруді өздерінің азаматтық борышы деп санайтынымен түсіндіріп жатты. Халықтың саяси белсенділігін біздің сайлау учаскелерімізде болған шетелдік байқаушылар да, атап айтқанда, Ресейден, Германиядан келген өкілдер де атап өтті. Сайлау Қазақстан Республикасының сайлау заңнамалары бұзылмай, ашық және әділ түрде өтті. Саяси партиялар мен мәслихаттар депутат­тығынан үміткерлердің барлығына бірдей мүмкіндіктер жасалып, олардың сайлаушылармен кездесуіне және ақпарат құралдарына шығуына тең жағдай туғызылды. Дауыстарды санау барысы да ешбір заң бұзушылықсыз өтті. Мен сайлау барлық заң талаптарына сай өтті деп сеніммен айта аламын. Меруерт АМАНЖОЛОВА, Шымкент қаласындағы №90 сайлау учаскесіндегі байқаушы: – Мен Парламент Мәжілісінің және мәсли­хаттардың сайлауларын байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия құрамындағы байқаушы ретінде № 90 сайлау учаскесінде өткен дауыс беру үдерісіне қадағалау жүргіздім. Аталған сайлау учаскесінде барлық сайлау іс-шаралары, оның ішінде дауыс беру үдерісі сайлау туралы заңнамалар мен халықаралық нормаларға сәйкес өтті деп есептеймін. Учаскеде азаматтардың конституциялық құқықтарына сәйкес еркін таңдау білдіруіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, бюллетеньдердің, жазу құралдарының қажетті көлемі, дауыс берушілер тізімінің нақтылығы қатаң тексерілді. Осы орайда, жергілікті сайлаушылардың жоғары белсенділігін атап өткім келеді. Сайлау комиссияларының белсенді жұмысының және әрбір партия мен депутаттықтан үміткерлердің сайлауалды штабтарының белсенді қызу жұмыстарының арқасында азаматтардың осынау маңызды саяси оқиғадан барынша хабардар екені және өз таңдауларын еркін жасағандары анық көрінді. Ақмарал ЕРАЛХАН, Шымкент қаласындағы №95 сайлау учаскесіндегі байқаушы: – Мен қадағалау жүргізген № 95 сайлау учаскесінде дауыс беруге келген адамдар көп болды. Сайлау округінің тұрғындары сайлаудың өтетін орны мен күні туралы алдын ала құлақтандырылған. Жалпы, дауыс беру үдерісі демократиялық жағдайда, Қазақстанның сайлау туралы заңнамалары мен халықаралық стандарттарға сай өткенін атап өткім келеді. Біз үгіт-насихат науқаны кезінде және тікелей дауыс беретін күні бар­лығы да заң аясында өткеніне куә болдық. Мен барша қазақстандықтарды әділ сайлау өткізіп, өркениетті ел екенімізді тағы да көрсеткенімізбен құттықтаймын.