22 Наурыз, 2016

Бұл «Бірлік» үшін үлкен белес болды

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Бірлік» партиясыСонымен, сайлау атты саяси аламан аяқталды. Пар­ламенттің төменгі палатасындағы орындар үшін болған партиялар ара­сындағы бәсеке мәреге жетіп, дауыс берудің алғашқы нәтижелері жалпақ жұртқа жарияланып үлгергені белгілі. Еліміздің өміріндегі осынау елеулі оқиғаға байланысты кеше «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасады. Өзінің өзекжарды сөзін Президент Нұрсұлтан Назарбаевты және Елбасының саяси тірегі – «Нұр Отан» партиясын айқын жеңісі­мен құттықтаудан бастаған ол Мәжіліске өз өкілдерін ұсы­­нуға мүмкіндік беретін межені бағындырған басқа да әріптестерінің республикамыздың жоғары заң шығарушы органын­дағы алдағы қызметтеріне табыс тіледі. Салмақты ой сабақтаған саясаткердің пікірінше, бұл сайлау Президентіміздің ұстанған сара бағытын, Ұлт Жоспары мен басқа да маңызды мемлекеттік бағ­­­дарламаларды халқымыз барынша қолдайтынын көрсеткен. Ең бастысы, сайлау Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының, халықаралық стандарттар мен еліміздегі тиісті заңнамалар талабына сай, жоғары дәрежеде өткен. Орталық сайлау комиссиясы саяси додаға түскен барлық партияларға тең жағдай жасағаны айрықша екпінмен айтылды. Ал бұл жолы айы оңынан туа қой­­­­маған «Бірлік» партиясы келешекте өз қатарын көбейтіп, белсенді жұмысын жалғастыра бермек. Сайлауалды үгіт-насихат науқанында қалың көпшіліктің барлық әлеуметтік топтарымен кездескен бірліктіктер оларға не керек екендігіне көз жеткізіп қана қоймай, алда атқарар ауқымды міндеттерін айқындаған. Ендігі уақытта олар осы қарқынды жоғалтпай, жергілікті филиалдар мен өкілдіктерінің қызметін жаңаша серпінмен жалғастырмақ. «Өткен сайлау «Бірлік» саяси партиясы үшін үлкен белес болды. Өйткені, біз мол тәжірибе жинақтадық. Соның бәрін бола­шақта тиімді пайда­ланбақпыз», деп сөзін түйіндеді Серік Сұлтанғали. Журналистердің қойған сұрақтарына қысқаша жауап қайтарған «Бірлік» пар­тиясының басшысы жиналғандарды Ұлыс­тың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құт­тықтап, жүрекжарды жылы лебізін жеткізді. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан».