22 Наурыз, 2016

Мол мүмкіндіктер берілген науқан

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
АуылПарламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау нәтижесі бо­йынша «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық пар­тиясының төрағасы Әли Бектаев БАҚ өкілдерімен кездесу өт­кізіп, мәлімдеме жасады. Біз Қазақстан Республикасының Пре­зиденті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Нұр Отан» партиясының лайықты да тарихи жеңісімен құттықтаймыз, дей отырып, партия төрағасы кешегі өткен сайлаудың әділ де ашық бол­ғандығына назар аударды. Сонымен қатар, осынау  сайлау Ел­басының тәуелсіздігіміз бен еркіндігімізді нығайту үшін,  кешегі қабылданып жатқан 5 институттық реформа мен Ұлт Жоспары —  «100 нақты қадамды»  іске асыру бағытында жүргізіп отырған  сая­сатының жалпы­ұлттық қолдауға ие екенін тағы бір рет көрсетіп берді. Елбасы туының төңірегіне жиналған халық еліміздің болашағы мен елдегі тұ­рақтылық үшін, ынтымақ пен бірлік жолында дауыс берді деп есептейміз, деді партия төрағасы. Сондай-ақ, «Ауыл» партиясы атынан өзге саяси партиялардың басшыларына сайлаудағы жеңісімен құттықтау жолданды. Бұл ретте,  сайлауда «Ауыл» партиясын қолдап, сенім артып дауыс берген сайлаушыларға ризашылық білдірілді. Саяси дода болғаннан кейін онда алға қойған мақсаттар болатыны, алдағы уақытта оны орындау үшін «Ауыл» партиясы әлі де болса жұмыс жасайтыны қадап айтылды. Және де кешегі Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау теңдей бәсекелестік ортада өткенін, барлық партиялар үшін үгіт-насихат шараларын жүргізуге мол мүмкіндіктер жасалғанын жеткізді. Партия төрағасының сөзіне қара­ғанда, барлық партияларға өздерінің сайлауалды жұмыстарын жүргізуге толықтай жағдайлар жасалды. Ол:  «Бұл сайлау еліміздің әрі қарай тұрақты дамуы мен қоғам және мемлекет арасында сындарлы келісімді құруға мүмкіндік беретін дер кезінде жасалған, маңызды қадам болды», деді. Және де біз өзіміздің сайлауалды  шараларымызды жүргізіп, сая­си бағдарламамызды жұртшылыққа жеткізе алдық. Қазақстандықтардың саяси мәдениеті биік және азаматтық ұстанымы жоғары екеніне кешегі сайлау кезінде  тағы да көз жеткіздік. Ел тұрғындарын  Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, барлықтарыңыздың шаңы­рақтарыңызға шаттық,  береке мен бірлік тілеймін, деді партия төрағасы. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».