Кеше Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды штабында партия жетекшісі Азат Перуашев баспасөз мәслихатын өткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Азат Перуашев сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын жасаған барша қазақстандықтарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол әріптестеріне саяси додадағы жеңістерін ресми түрде баяндап, ел жүктеген сенімге селкеу түсірмеу басты міндет екенін айтты.
– Халық біздің партияға сенім білдіріп, қолдау көрсетті. Енді біз ел сенімін ақтауымыз керек, – деп қысқа қайырды ол.
Сонымен қатар, Азат Тұрлыбекұлы Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен партия мүшелерін жаңа жеңісімен құттықтады.
– Мен өз атымнан және ақжолдықтардың атынан «Нұр Отан» партиясының жетекшілері мен мүшелерін сайлаудағы жарқын жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Расымен, қазақстандықтар жетекші партияға үлкен сенім артып, қолдау көрсетті, – деді «Ақ жол» төрағасы.
Баспасөз мәслихатында Азат Перуашев ақжолдықтарға қолдаушылар тарапынан артылған сенім мен міндетті орындау үшін толымды тірлік, болымды бірлік керектігін жеткізді.
Шара соңында ол сайлау науқанының жоғары деңгейде өткенін, Орталық сайлау коммиссиясының өз міндеттерін толық орындағанын баяндады. Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясының 7,22 пайыз дауыс жинағаны осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың нәтижесі екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бүгінде аталған партияның 175 мыңнан астам мүшесі бар. Ал бұған дейінгі Парламент Мәжілісінің V шақырылымында партия атынан 8 адам депутаттық мандатқа ие болған еді.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан».