Оңтүстік Қазақстан облысында өткен сайлау барысына 13 шетелдік байқаушы қатысты. Оның ішінде ТМД тарапынан үш байқаушы Қырғызстаннан, үш байқаушы Ресей Федерациясының Ярослав облысынан келді.
Австриядан келген Петтер Андерсон журналистермен кездескенде былай деді.
– Мен сіздермен кездесуге дейін жеті сайлау учаскесінде болдым. Қай-қайсында да адам көп, бұл сайлаудың демократиялық жағдайда өтіп жатқандығының белгісі. Бұл менің Қазақстанға екінші сапарым. Мұның алдында Президент сайлауында байқаушы болып қатысқанмын. Сайлау барысында заңбұзушылық оқиғалары орын алған жоқ. Үміткерлердің бақылаушылары тарапынан да арыз-шағым болмады. Сайлау учаскелеріне көп азаматтар келіп, өз таңдауын жасады. Олардың ақжарқын жүзінен өмірге деген құштарлық, мемлекетінің болашағы мықты боларына сенімділік аңғарылады.
Ал, Франциядан келген байқаушы, сенатор Ив Поццо Ди Борго шымкенттік сайлаушылардың кезекке тұрғысы келмей тез дауыс беру үшін асығатындарына таңданысын білдірді.
Оның айтуынша Францияда сайлаушылар сайлау учаскелерінде өз кезегін асықпай тосады.
– Оңтүстікқазақстандықтардың өз дауысын беру үшін кезек күтпейтіндігінде тұрған ешқандай заң бұзушылық жоқ, – дейді франциялық байқаушы.
– Сайлаушылар өте белсенді, көңілді. Әсіресе, жастардың жарқылы ерекше таңғалдырды. Олар өмірдің бүгінгісінен де жақсарғанын қалайды. Қазақстанда өзге Орталық Азия мемлекеттеріне қарағанда қай жағынан алғанда да алға басушылық бар.
Шетелден келген байқаушылар тек сайлау учаскелеріндегі жағдайға ғана емес Қазақстанның болашағына да жақсы баға беруде.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.