22 Наурыз, 2016

Ауызбіршіліктің айқын көрінісі

439 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
IMG_1085[1]Шығыс өңіріне ЕҚЫҰ-дан – 29, ТМД байқау­шылар миссиясынан 25 байқаушы келген болатын. Олар облыс орталығы және бірқатар қа­ла­лар мен аудандардағы сайлау үдерісін байқап, кешкілік А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында халықаралық байқаушылар өңірдегі сайлау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін айрықша атап өтті. Юрий СМЕТАНИН, ТМД байқаушылар миссиясының төрағасы: – Біздің делегация жоспар бойынша өңірдің төрт қаласын қамтуы тиіс болғанымен, облыс орталығына іргелес  Глубокое мен Ұлан аудандарындағы сайлау учаскелерінде де болдық. Ауылдардағы сайлаудың ұйым­дастырылуы қалалық жерлерден еш кем түскен жоқ. Таңғы алтыдан бас­тап біздің құрам учаскелердің ашылу салтанатына қатысты. Төрт бірдей өкіліміз Өскемендегі №20, №21 учаскелерінің жабылу салтанатына да куә болды. Сондықтан, осы уақыт аралығында барлық шаруалар халықаралық байқаушылардың араласуымен ашық түрде жүргізілгенін ерекше атап өткім келеді. Дауыс беру тізімі мен бюл­летень­дердің сәй­кес­тігі, ком­муналдық қыз­меттер да­йын­дығы, полиция өкіл­дерінің саяси нау­қан барысын сырт­тай бақылап, қауіп­сіздікті қам­тама­сыз етуі, бюл­ле­теньдердің қатаң түрде жеке куәлік көрсеткен жағдайда ғана берілуі сияқты барлық талаптар орындалды. Дауыс берушілер арасында өзін тізімнен таппай қалғандар да болды. Олар үшін жеке тізім жасалып, сол жерде-ақ халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тиісті анықтамаларды беріп отырды. Өмірінде алғаш рет дауыс берген жастарға ынталандыру сыйлықтары табыс етіліп жатты. Сонымен бірге, Ресей мен Қазақстанның сайлау жөніндегі заңнамаларының ұқсастығы біздің жұмысымызға біршама жеңілдік туғызды. Сондай-ақ, дауыс беру бөлмелерінің мемлекеттік тумен түстес матамен оқшаулануын оңтайлы тәсіл деп бағалар едім. Ерекше айта кетерлігі, шығысқазақстандық тұрғындардың саяси белсенділігі жоғары екен. Мұның барлығы сайлаудың ауызбіршілікпен, әділ әрі ашық өткенінің көрінісі деп санаймын. Жазып алған Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.

Кезектегі қалың елді көріп қуандым

Сергей НИКОНОВ (ТМД): – Сайлау дегеніміз – қай елде болмасын аса маңызды сипатқа ие науқан ғой. Өйткені, ел болашағына бейжай қарай алмайтын әрбір азамат одан сырт қала алмайды. Мен Қазақстандағы Парламент Мәжілісі сайлауына байқаушы ретінде қатыса жүріп, сайлауға қатысты жоғарыдағы пікірдің дұрыстығына көз жеткізе түстім. Ақтаулықтар белсенділігі осы ойымызды айғақтап берді. Таңғы сағат 7.00-де, яғни сайлау уақыты басталысымен адамдардың ағылып келуі көңіліңді қуанышқа бөлейді екен. Мысалы, №28 сайлау учаскесінде таңертең Әнұран ойналып, сайлау басталған сәтте 15-20 адам дауыс беруге кезекте тұрды. Ең алғаш дауыс беруші жастар мен немерелерін жетектеген ардагерлер, зейнеткерлер де, тіпті мүгедек баласын қазақтың ұлттық киімінде киіндіріп сайлауға алып келген қарт ана да сайлау учаскелерінен табылды. Күні бойы учаскелерде болып, қарап жүрдік. Ешқандай сайлауға қатысты заң бұзушылықтар орын алған жоқ, комиссия штаттық режімде жұмыс жүргізді. Байқаушы ретінде сайлаудың өту барысына жоғары баға беремін. Маңғыстау облысы.

Тұрақтылықты таңдаған елдің таңы арайлы

Валерий ФЕДОРОВ, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының бас директоры: – Он жылдан бері түрлі ел­дер­дегі сайлаулар­да байқаушы болып келемін. Қа­зақстанда халық­аралық байқаушы ретінде мұндай жауапты шараға осымен екінші рет қатыстым. Қа­рағанды облысында біз Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Долинка кентіндегі 5 сайлау учаскесінде болдық. Жалпы алғанда айтарлықтай кемшіліктер орын алған жоқ. Дауыс беру үдерісі тыныш жағдайда, тәртіпті және ұйымдасқан түрде өткенін айтқым келеді. Қазақстанда көп жылдардан бері қолданылып келе жатқан бюллетеньдер салатын мөлдір жәшіктің демократиялық талаптарға сай келіп, таңдаушылардың сенімін арттыруға қатты ықпал ететінін де айта кеткен жөн. Қазақстан – жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын ірі мемлекет. Ресей үшін ерекше маңызды көрші және одақтас. Сол себепті де ресейліктер Қазақстанның іркіліссіз дамығанын қалайды. Сайлау – саяси үдерістегі өте маңызды дүние, ал халық үшін ерікті түрде өз қалауын білдірудің зор мүмкіндігі. Қазақстанда бұл үдеріс сая­си тұрақсыздыққа соқтырмай, бейбіт жағдайда өтті. Бұл – мақтанарлық жайт. Неге десеңіз, ТМД-ның кейбір елдеріндегі сайлаулар қызғылт-сары, қызғалдақтар және басқа да түрлі төңкерістерге апарып, оның артының қандай болғанын біз жақсы білеміз. Осы сайлау барысында қазақстан­дықтар үшін ең алдымен елдің ынтымағы, саяси ахуал тұрақтылығының маңызы өте зор екендігіне көзім жетті. Бұл елдегі сайлауды тәтті идеялар мен жалған ұрандарды қалқан қылып, елді кері бағытқа түсіргісі келетін қандайда бір топтардың әрекеті емес, халықтың ерікті түрде өз қалауын білдіруі деп бағалауға болады. Тұрақтылық пен тыныштықты таңдаған елдің қашанда таңы арайлы, болашағы жарқын болмақ. ҚАРАҒАНДЫ.

Халық өз таңдауын жалтақтамай еркін жасады

Павел ХОМЦОВ (Ресей): – Біздің Ресейдің Орынбор облысынан келген байқаушыларымыз негізінен Мәртөк және Қарғалы аудандарындағы, облыс орталығындағы сайлаудың өту барысын, заңдылықтардың сақталуын қадағалады. Ақтөбенің ақ түтек бораны Хромтау ауданына баруға мүмкіндік бермеді. Оған өкініш жоқ, әрине. Бұл ауданда да сайлау процесі тура біз болған жерлердегідей өткеніне еш күмәнім жоқ. Шыны керек, мені Ақтөбедегі сайлау кезінде көргендеріміз таңғалдырды. Халықтың саяси белсенділігі жоғары екен. Таң азаннан басталған дауыс беру процесіне балаларымен бірге келіп, азаматтық парызын өтеп жатқандарды көріп, мұның өзі ұлағатты іс екен-ау деген ойға қалдым. Бүгінгі кішкентай бала ертең өспей ме, сонда осындай үрдістерден үлгі алып, тезірек азамат болуға, мен де дауыс берсем деп талпынары сөзсіз. Мұның еш әбестігі жоқ. Қайта балалардың бойында патриоттық сезімнің оты ерте жағылады. Сондай-ақ, сайлау учаскесін жарақтандыруға да қатты мән берілетініне көз жеткіздім. Бәрі жайнап, жарқырап тұр. Ка­би­налар жеткілікті, урналар жарық жерге қойылған. Ең бастысы, сайлау өткізудің өзіндік тәжірибесі қалыптасып қалғаны байқалады. Қай сайлау учаскесіне барма, ізеттілікпен қарсы алады, барлық мәселелер бойынша жатық жауап береді. Сайлау учаскелерінде көшпелі сауда және концерттік бағдарлама ұйымдастырылуы да үйренерлік үрдіс. Сайлау жүйесіне зор мән беріледі екен. Сайлаушылардың саналылығы мен белсенділігі, өздерін ештеңеден қымсынбай еркін ұстауы елдегі өркениеттілікті білдірсе керек. Бірде-бір сайлау учас­кесінде заң бұзушылық кездес­педі, арыз-шағым болған жоқ, ескер­тулер айтатындай да дәне­ңе­ні көрмедік. Халық өз таң­дауын жалтақтамай еркін жасауда. Біз көршілес елде тұрып жат­қандықтан, Қазақстандағы эко­номикалық және саяси жағ­дайға қанықпыз деуіме болады. Саяси және экономикалық тұ­рақтылық саяси сауаттылыққа, саяси белсенділікке негіз қалап отырғаны да сезіледі. Елде 130 этностың тату-тәтті тұрып жатқаны Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екені сөзсіз. Сайлаудың заңға сәйкес өткеніне куә болдық. 20 наурыздағы сайлауда қазақ­стандықтар жасаған таңдау болашақта мем­лекеттің тағдырын айқындайтын сарабдал саясаттың салтанат құруына негіз болары сөзсіз. Біздің сіздердегі сайлауды ұйым­дас­ты­рудан алған әсеріміз мол. Бір сөзбен айт­қанда, Қазақстанда ілгері күнге деген сенімді қадам жасалып жатқаны қуантады. Сайлаудың арты Наурыз мейрамының мерекелік шараларына ұласуда. Қала көшелері бұрынғыдан да ажарланып кеткен­дей әсерге бөлейді. Елдегі татулық пен тыныштық қазақстандықтардың бақуатты тұрмысының берік іргетасы десем, артық айтқандық болмас. Мереке қарсаңында отырғандықтан барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын, тыныш та бақытты өмір, табыс тілеймін. Жазып алған Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.

Барлығына  тең жағдай жасалды

Қайрат МАМАТОВ, Бішкек қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:  – Біз осы сайлау жұмысын қадағалай отырып, өте жауапты миссияны орындадық деп ойлаймын. Сайлау саласындағы барлық заңнамалық нормалар мен шарттардың сақталуына бақылау жасадық. Бір де бір жайт назарымыздан тыс қалған жоқ. Басты мақсатымыз – қандай да бір кандидаттың не партияның кемсітушілікке ұшырауына, оған қатысты әділетсіздіктің орын алуына жол бермеу болды. Біз бұл үдеден шыға алдық деген ойдамын. Сайлау күні бірнеше учас­келерде болып, тіпті алыс ауылдардағы сайлау учаскелеріне де соғып, науқанның әділ өткеніне көз жеткіздік. Сайлау науқаны барысында қандай да бір шектен шығатын жайттар, заң бұзушылықтар тіркелмеді. Қазір ақпарат заманы. Дүниеде не болып жатқанын ғаламтор арқылы біліп отырасың. Өз басым біраз жылдардан бері Қазақстандағы сайлаудың барынша объективті және ашық өткізіліп келе жатқанынан хабардармын. Бұл жолы да Қазақстан сол дәстүрінен танбады. Осы науқанға атсалысқан бүкіл байқаушылар корпусы сайлауға қатысушылардың барлығына тең жағдайларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сайлау заңнамасын бұзудың кез келген түріне тосқауыл қоюға барынша әрі жан-жақты ықпал етті деп сеніммен айта аламын. Жамбыл облысы.

Қазақстан саяси ұстаным тұрғысынан да қарыштап келе жатқан ел

Ферид ДИЗДАРЕВИЧ, Хорватия Республикасы Босниялықтар қоғамының төрағасы: – Мен үшін Қазақстанда өткен осы сайлауға байқаушы ретінде қатысу үлкен мәртебе болды деп есептеймін. Менің байқағаным, Қазақ елінің осындай саяси маңызы зор шараға мұқият дайындалғандығы мен халықтың дауыс беруге деген ынта-ықыласы мен белсенділігі өте жоғары екен. Мұны бір мен ғана емес, өзге де шетелдерден келген әріптестеріміз байқап, өздерінің есептік мәліметтеріне тіркегендерінен хабардармын. Нақтылап айтатын және баса назар аудара­тын бір жәйт болса, ол – Қа­зақстанда өткен осы сай­лаудың барынша ашық, әділ, әрі заң ­бұзу­­шы­­лық­тарсыз ұйым­дас­­тырыл­ғандығы дер едім. Қазақстан халқын бүгінгі дамыған қоғамдарға сай талаптарға лайық саяси сауатты азаматтардың тұтасқан ортасы деуге әбден болады. Сайлаудың тартысты өткеніне шүбә келтірмейміз. Өзін-өзі ұсынған үміт­керлерге де, негізгі таласқа түсетін партияларға да жасалған мүмкіндікті көзбен көрдік. Барлық деңгейдегі байқаушылармен де, сайлаушылармен де жолықтық, ой бөлістік және саяси науқанға қатысушылардың толымды пікірге ие екеніне қанықтық. Қазақстан өз Тәуелсіздігінің үшінші онжылдығына аяқ басқан дамушы ел. Бұл елдің экономикалық тұрғыдан бөлек, осындай саяси ұстанымына қарап, біз Қазақ елін әлемдік алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің сапынан көре алатындығымызға сенімдіміз!

Өсу өнегесі

Сергей ГРЕТЦКИ (АҚШ): – Қазақстанда өткен бұл сайлауда байқағанымыз – дауыс беруге жастардың көптеп келуі болды. Сіздің елдің жастары саяси үдерістерге аса зор қызығушылық танытады екен. Маған жастардың белсенділігі мен комиссия құрамында әйел адамдардың көп болуы өте ұнады. Сонымен қатар, дауыс берудің құпиялылығын сақтауға қатысты ешқандай сын болмағанын атап өту керек. Аты-жөндері бойынша дауыс беру де дұрыс өткізілді. Біз сайлау кезінде өзіміз куә болған жайттарға тәнті болдық. Бұдан бұрын да сіздердің елдеріңізде болған едік, сайлау ісіне қатысты біздің тәжірибеміз зор, алайда, біз сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде Қазақстан қоғамында ілгерілеу мен алға басуды байқадық. Кеше күні бойы бірнеше сайлау учаскелерінде болып, онда дауыс беру өте жақсы ұйымдастырылғанын, жоғары сапа стандарттарына сай келетіндігін көзбен көрдік. Осы ретте Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмысын айрықша атап өткен жөн – олардың барлығы жақсы әзірлікпен, дайындықпен келген. Қазақстан халқының сайлауға қатысу белсенділігі демократиялық және азаматтық ашық қоғамды қолдайтын әрбір кісіні қуантарлықтай. Сайлау уақыты кіргеннен елдің барлық азаматтары өз дауысын қалаулы үміткеріне беруге асығып, сән-салтанатпен, сайлауға мерекелік көңіл-күйде келуі – тұрақты қоғамның қуанышты кезеңін әйгілейді. Мұндай ынталылық Америка Құрама Штаттарында жаңа дәуірге ұмтылыс кезінде байқалған болатын. Айта кетейін, бүгінгі таңда АҚШ-та сайлау­шылар құрамы 40 пайызды, Батыс Еуропада 60 пайызды құраса, Қазақ­станда бұл көрсеткіш 70-80 пайыздық деңгейде. Бұл демократиялық ашық қоғамға жасалған әлеуетті қадам. Жазып алған Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Айтжан МУРЗАНОВ.

Асқақ көңіл-күй аңғарылды

Үмітхан ЖӨНЕЛБАЕВА (ТМД): – Қазақстанда өт­кі­зілген Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы көрші елдің демократиялық тұрпатта дамып келе жатқанын көрсетті дегім келеді. Ең алдымен оған ашықтық пен жариялылық және әділдік пен тазалық тән болды десем қателесе қоймаспын. Сайлау күні  заң бұзушылық көріністері байқалмағаны сайлаудың басты құндылығы мен жетістігі. Мен бұл күні Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы сайлау комиссиясында болып, мұндағы бірқатар учаскелерде сайлаудың өту барысымен таныстым. Көзім айқын жеткен жәйт, соның бәрінде де сайлау науқанын өз деңгейінде өткізу үшін толық жағдай жасалыпты. Дауыс беруге жаппай қатысқан тұрғындар мен азаматтардың бойында асқақ  көңіл-күй ауаны аңғарылды. Өзім болған жерлерде Қазақстанның сайлау заңдылығын бұзу деректері тіркелген жоқ. Адамдар ертеңгі күнге деген нық сеніммен дауыс берді. Әсіресе, мені олардың белсенділігі мен жасампаздық рухы қуантты. Соның ішінде өздерінің отбасыларымен бірге келіп дауыс беріп жатқан тұрғындарды көр­генде оларға қатты сүйсіндім. Жа­сы ұл­ғайған адамдар да таяқ­тарына сүйе­ніп келіп сайлау бюлле­тень­де­рін урнаға тас­тап жатты. Мен өзім Ресей фе­де­ра­циясының Сара­тов облысында «Қа­зақстан» мәдени орта­лығы қоғамдық ұйымына жетекшілік жасаймын. Онда қазақ тілі мен мәдениетін, ұлтымыздың салт-дәс­түрлерін насихаттауға бас­тамашы болып жүрміз. Мәдени орталықтың журналы да тұрақты түрде шығып келеді. Таяу шетелде жүріп те өзіміздің атажұртымызға елеңдеп отырамыз. Қазақстанның табыс­тарына біз де қуанамыз. Кешегі сайлаудың өту барысы да ТМД елдері байқаушыларының қанағаттану сезімін туғызып отыр. Тағы бір байқағаным Теректі ауданының өзінде оқушылар үшін барлық жағдайлар жасалған екен. Өзгесін айтпағанда денешынықтыру-сауықтыру кешенінің өзі неге тұрады. Осының бәрі жас ұрпақ қамы үшін жасалған игіліктер емес пе. Ең бас­тысы, сайлау күні де мұнда адамдар арасындағы достық қарым-қатынастар мен  мейірім шуағы көрініп тұрды.

Дауыс беру заңды тәртіппен жүргізілді

Драгомир КАРИЧ (Сербия): – Мен халықаралық байқаушы ретінде көптеген сайлауларға қатыстым. Осы жолы Қазақстандағы  Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлаудың заңды тәртіппен жүргізілгендігіне көз жеткіздім. Таңертеңнен бастап, сайлаушылармен әңгімелестім. Мені Сербиядан келген депутат ретінде мұндағы сайлаудың мереке деңгейінде өткізілгендігі таң қалдырды. Мұның да жөні бар екен. Барлық қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен және дұрыс жағдайда өткен сайлаумен құттықтаймын. Сайлаушылар өздерінің сайлау учаскелеріне отбасыларымен, балаларымен салтанатты жағдайда ке­ліп жатқандығын көрдім. Мен ешқандай бір сайлау заң­­дылықтарын бұзушылықты байқамадым. Оның үстіне, мұнда сайлаушылар таң атысымен-ақ өздерінің белсенділіктерін танытып, сайлау учаскелеріне келді. Мұның өзі олардың азаматтық белсенділіктерінің жоғары екендігін көрсетті. Сағат 12.00-ге дейін сайлаушылардың 40 пайызы дауыс беріп үлгерді. Демек, кешкі 20.00-ге дейін бұл көрсеткіштің екі еселенгендігіне ешбір күмән жоқ. Сондықтан да мен Қазақстанда сайлау дұрыс жағдайда заңды тәртіппен өтті деп есептеймін.

Халықаралық байқаушылар разы болды

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы аумағында Пар­ламент Мәжілісі мен бар­лық дең­гейдегі мәслихаттар депу­тат­тарының кезектен тыс сайл­ауының заңнама талабына сай өтуін бақылау үшін 4 топқа бөлінген халықаралық байқаушылар қысқа мерзімге Жетісу жеріне келген еді. Біз Германиядан келген Бриджет Дайбер және ресейлік Александр Шалахпен 20 наурыз күні Талдықорғандағы № 866 сайлау учаскесінде кездесіп, шетелдіктерге аудармашы болып жүрген Мақпал Исаева арқылы тілдесіп, өз келісімдерімен суретке де түсіріп алдық. Рас, шетелдік байқаушылар өзіндік пікір, тілек, ұсыныс айтудан бұл күні өтіп жатқан сайлауға баға беруден бас тартты. Бірақ жүздерінен еш әбіржу, реніш білінбеді. Қайта разы кейіппен сайлау учаскесі төрағасымен, өзге мүшелерімен естелік суретке түсіп, бейресми түрде оң баға бергенін ет құлағымыз естіді. Жетісу жеріндегі 103 этнос өкілдерінің бірде бірі саяси науқаннан шет қалмай белсенділік танытқанын татулықтың тамаша көрі­нісі деп санаған жөн. Әлбетте, талды­қорғандықтардың жадыраған жүзі көңіл хошының жақсы екендігін аңғартпай ма. Шыны керек, кәмелеттік жасқа толған әр жастан бастап, еңкейген кәріге дейін асықпай, аптықпай сайлау учаскелеріне келіп кетулері де елдегі тыныштықтың берік орын алғандығын айқын көрсеткеніне халықаралық байқаушылар куә болғанын қайта­лап айтқанның еш артықтығы жоқ. Жоғары­да аттары аталған халық­аралық бай­қау­шылар өздері таңдап алған он сайлау учаскесін аралап, тыныштық пен бірлікті ойлаған елдің белсенділігін өз көздерімен көріп, разы болғандықтарын жүздері жасыра алмағаны айқын білініп те жүрді. Бұл дегеніміз бейбіт те бейқұт өмірдің жарқын көрінісі екені анық. ТАЛДЫҚОРҒАН.