Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг болып өтті. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдарының алдына Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов шықты.
Сайлау күні, яғни кеше Мәжіліс және жергілікті мәслихаттар депутаттарын таңдау үшін елімізде 9905 сайлау учаскелері ашылған-ды. Осыған орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері де күшейтілген жұмыс режіміне көшіп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылдағаны белгілі болып отыр. Сайлау учаскелеріне құқық қорғау органдары тарапынан қанша адам бөлінгені және олардың нендей міндеттер атқаратынын Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары таратып айтып берді.
Оның сөзінен белгілі болғаны, басшылық пен командалық құрамның тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, қосымша күштерді тарту арқылы патрульдік жасақтарды көбейту жолымен сайлау учаскелеріне жақын көшелерге көбірек бекітілгендігі. Сайлау күні қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 20 мыңнан астам полиция қызметкері тартылған. Бюллетеньдерді сайлау учаскелеріне әкелген сәттен бастап тәуліктік күзету күшейтіліп, барлық қауіпсіздік шараларының сақталуы қамтамасыз етілген.
Ол, бұл ретте, сайлау науқаны қалыпты жағдайда өткендігін және сайлау заңнамасын өрескел бұзу фактілері орын алмағандығын айтты. Оның үстіне, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлау өткізілген күн құқық қорғау органдары үшін жұмыс күні болғандықтан, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті қорғау мен жол қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бағытында үлкен жауапкершілік жүктеліпті.
Жағдайды жедел сауықтыру және тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ІІМ 16-18 наурыз аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шара өткізілгені де аталды. «Сайлау учаскелерінде кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жедел ықпал ету үшін бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды: 17-24 наурыз аралығында ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы, оның ішінде төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі бөліністері және Ұлттық ұлан қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді; Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның күш-құралдары ескеріліп, жеке құрамды орналастырудың тиісті жоспары жасалды; ІІМ-де және аумақтық ІІД-де жұмылдырылған күш-құралдарын басқару және үйлестіру үшін арнайы штабтар құрылды; әрбір қалалық, аудандық органдарда 2-3 жедел-тергеу топтары құрылып, олардың құрамына прокуратура қызметкерлері де тартылды», – деді бірінші вице-министр.
М.Демеуов полиция қызметкерлері байқаушылар мен журналис-
тер тарапынан жасалатын фото және бейне түсіру әрекеттеріне араласпайтындығын да тілге тиек ете кетті. Және де кез келген сайлау заңнамасын бұзуға байланысты арыздар мен шағымдар ішкі істер органдарының құзыреттілігінің шегінде сайлау күні шұғыл қаралып отырды. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сайлау комиссиясына қызмет ететін автокөліктердің техникалық жағдайын тексеруді ұйымдастыру, сайлау бюллетеньдерін тасымалдауда патрульдік автокөліктердің еріп жүруі барысын бақылау сияқты міндеттер қалтқысыз орындалды. Бұдан басқа, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар жөніндегі құрылым тарапынан әрбір сайлау учаскесінде өрт орын алмауы жағдайларына тексеру жүргізілген және сайлау учаскелерінің мүшелері өрт орын алғанда не істеулері керектігі де жан-жақты пысықталыпты.
Сайлау күні өрттен қорғау-құтқару құрылымдарының күшейтілген кезекшілігі ұйымдастырылғаны және де Жедел басқару орталықтарының бейне-бақылау камералары да қолданылғаны аталды. Сөз реті келгенде М.Демеуов ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде сайлауға қатысу құқығы бар 4 мың адамның конституциялық құқықтарын іске асыру үшін сайлау комиссияларының келісімі бойынша бірқатар арнайы мекемелерде учаскелер ашылып, қалғандарына дауыс беру жәшіктері орналастырылыпты. Еліміздің әрбір өңірінде халықаралық байқаушылардың өтініштері бойынша кездесулер өткізіліп, сайлау өткізудегі заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру мәселелері пысықталған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».