Қазақстан бірқатар елдердің азаматтары құрбан болған 2016 жылғы 19 наурызда Ыстамбұлда орын алған террорлық әрекетті үзілді-кесілді айыптайды. Қазақстан Түркия үкіметіне толық қолдау көрсететінін растайды және оның терроризмге қарсы күресіне ниеттестік білдіреді.
Әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан Түркиядағы жағдайға алаңдаушылығын білдіре отырып, терроризмді оның барлық түрлерінде және көріністерінде үзілді-кесілді айыптайды және бұл құбылысты жою үшін әлемдік қоғамдастықтың бірлесе күш салуын қолдайды. Қазақстан террорлық әрекеттер бүкіл әлемнің қауіпсіздігі үшін қауіп-қатер деп санайды.
Халықаралық құқық қағидаларына және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарына жүгіне отырып, Қазақстан әлемнің барлық елдерін терроризм мен экстремизмнің жайылуына қарсы БҰҰ аясында бірлесе әрекет жасауға шақырады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ шеңберінде жасаған баяндамасында Жаһандық терроризмге қарсы коалиция құру жайында бастаманы жариялаған болатын.