22 Наурыз, 2016

Ел сеніміне ие нағыз халықтық партия

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласы «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының басшысы Мерей Шәріпбаев жалпыұлттық жастар қозғалысы атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты және барша қазақстандықтарды «Нұр Отан» партиясының жеңісімен құттықтауын жеткізді. Бұл ретте, М.Шәріпбаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауда № 24 сайлау учаскесінің төрағасы міндетін атқарғандығын және де аталған міндеттің зор мәртебе мен жауапкершілік жүктегендігін тілге тиек ете кетті. «Осы жауапкершілікті сезіне отырып, мен төрағалық еткен сайлау учаскесінде дауыс беру процесі халықаралық және еліміздің сайлау туралы нормаларына сай өткенін нық сеніммен айта аламын. Сай­лау кезінде ешқандай заң бұзушылықтар тір­кел­ген жоқ. Байқаушылардың өз жұмысын ер­кін жүргізуіне, дауыс беру барысын жіті қа­да­ғалауына барлық жағдай жасалды», деп атап өтті Мерей Ерболұлы. Ол, сонымен қатар сайлау учаскесінде бюллетеньдер саны дауыс берушілердің тізіміне толық сәйкес келгендігімен де бөлісті. Сайлау жәшігі талапқа сай мөрленіп, байқаушылар­дың қадағалауы үшін және азаматтардың дауыс беруіне ыңғайлы жерде орналастырылыпты. Сайлау барысында азаматтардың таңдау құпиялығы қатаң сақталып, олардың өз үміткерлеріне еркін дауыс беруіне еш кедергі келтірілмеген. М.Шәріпбаев тең бәсекеде «Нұр Отан» партиясының жеңіске жетуі оның ел сеніміне ие нағыз халықтық партия екенін көрсеткендігін алға тартты. Сондықтан да ол халықтың сенім мандатына ие болып, Парламентке жолдама алған өзге де партия­ларды жетістіктерімен құттықтап, істеріне сәттілік тіледі.