22 Наурыз, 2016

«Нұр Отан» партиясы Мәжіліс депутаттарының 84 мандатын алды

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
22-03-2016-Nur otan 01АСТАНА. 22 наурыз. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда «Алтыншы шақырылатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау, партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындыларына қарай депутаттық мандаттарды бөлу туралы» қаулы қабылданды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Барлық облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректер бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы қорытындыларын анықтады. Соған орай сайлаушылар тізіміне енгізілген 9 810 852 азаматтың 7 566 150-і дауыс бергені белгілі болды. Бұл барлық сайлаушының 77,12 пайызын құрайды. Олардың ішінде «Нұр Отан» партиясына – 6 183 757 (82,20 пайыз), Қазақстан Коммунистік халық партиясына – 537 123 (7,14 пайыз), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 540 406 (7,18 пайыз), «Бірлік» саяси партиясы – 21 484 (0,29 пайыз), Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға – 88 813 (1,18 пайыз) және «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына 151 285 (2,01 пайыз) дауыс берілген. Осылайша, Сайлау туралы заңға сәйкес сайлаушылар дауыстарының 7 және одан да көп пайызын алған үш саяси партия Парламент Мәжілісі депутаттарының мандаттарына ие болды. Атап айтқанда, «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстан Коммунистік халық партиясы Мәжіліске өз кандидаттарын ұсына алады. «Бұл партиялар арасындағы депутаттық мандаттар төмендегідей бөлінсін: «Нұр Отан» партиясына – 84, «Ақ жол» партиясына – 7 және Қазақстан Коммунистік халық партиясына 7 мандат», – деді Орталық сайлау комиссиясында өткен арнайы брифингте Комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Сонымен қатар, отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау қорытындылары да жария етілді. Бұл ретте Ассамблеядан Мәжіліс депутаттары болып Сауытбек Абдрахманов – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті, Владимир Божко – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, Наталья Жұмаділдаева – Қызылорда қаласындағы оқушылар мен жасөспірімдер үйінің директоры, Роман Ким – Парламент Мәжілісі V сайланымының депутаты, Наринэ Микаелян – Алматыдағы армян этномәдени бірлестігінің төрайымы, Ахмет Мурадов – Парламент Мәжілісі V сайланымының депутаты, Шаймардан Нурумов – Республикалық ұйғыр этноорталығының төрағасы, Юрий Тимощенко – Парламент Мәжілісі V сайланымының депутаты және Шакир Хахазов – Дүнген этномәдени орталықтары қауымдастығы басқармасының мүшесі сайланды. Айта кетейік, сайлау нәтижесі бойынша С.Абдрахманов – 345 (93,50 пайыз), В.Божко – 349 (94,58 пайыз), Н.Жұмаділдаева – 343 (92,95 пайыз), Р.Ким – 346 (93,77 пайыз), Н.Микаелян – 336 (91,06 пайыз), А.Мурадов – 339 (91,87 пайыз), Ш.Нурумов – 337 (91,33 пайыз), Ю.Тимощенко – 341 (92,41 пайыз) және Ш.Хахазов 342 (92,68 пайыз) дауыс алды. Қуандық Тұрғанқұлов аталған қаулыны қабылдай отырып, Орталық сайлау комиссиясы елде соңғы екі ай бойы жүрген сайлау науқанын аяқтайтынын атап өтті. «Осылайша, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу туралы Жарлығының орындалуын қамтамасыз етті», –деді Комиссия төрағасы. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: 24.kz.