24 Наурыз, 2016

Ауыл шаруашылығына жаңаша бетбұрыс

555 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
лаборатория-2Еліміздің экономикасындағы ең маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Ауылда халқы­мыздың жартысына жуығы тұрады және оның үштен бір бөлігі еңбек етеді. Әр жыл сайын нақ осы сектор­да елдің ұлттық байлығының 5-7 пайызы жасалады. 2015 жы­лы агроөнеркәсіп кеше­нін­дегі өн­дірілетін өнімдердің жалпы көлемі 2,7 трлн. теңгені құрады, бұл 2010 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық, ал 2014 жылға қарағанда 4,4 пайызға артық. Жаскайрат СундетулыЕліміздің ұлттық және азық-түлік қауіпсіздігі, ең алдымен, стра­тегиялық маңызы зор астық да­қылдарының дамуына тікелей байланысты. Соңғы жылдары (2011-2015жж.) өндірілген ас­тықтың орташа жылдық мөлшері 18 млн. тоннадан астамға жетті. Бұл көрсеткіш 2006-2010 жылдары – 17 млн. тонна, 2001-2006 жж. – 14,6 млн.т. шамасында болған еді. Өндірілген астықтың 8 млн. тоннадайы ішкі сұранысқа (қажетті тұқым, қоғамдық азықтану және жем қорына) пайдаланылады, қалғаны (6-10 млн.т.) экспортқа жіберіледі. Астық экспорты бойынша біздің республика әлемдегі алғашқы он елдің сапында, ал ұн экспортында 2007 жылдан бері бірінші орында келеді. Биылғы ауыл шаруашылығы маркетингі жылында 7,5 млн. тонна астық экспортқа жіберіледі деп күтілуде. Елімізде астық өндіру технологияларын жетілдірудегі ғы­лыми ізденістер көп жылдан бері негізінен Шортандыдағы ас­тық шаруашылығы және Қос­танайдағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарын­да жүргізіледі. Нәтижесінде, то­пырақты сақтайтын және басқа ресур­старды үнемдейтін, жаңа нөлдік және минимальді жер өңдеу технологиялары қалыптасты. Осындай индустриялық-иннова­циялық технологияларды қол­да­ну арқылы астық дақылдар шы­ғымдылығын 10 жылда – 1,5 есе, 20 жылда екі есеге көтеруге болатыны дәлелденген. Мәселен, табиғи ауа райы біздің елге сәйкес келетін Канаданың Саскачеван аймағында нөлдік технология қолдану арқылы әр гектардан 2,5-3 тоннадан астық алатын көрінеді. Біздің елде, нақты өмірде осындай көрсеткіштерге тек аздаған озық кәсіпорындар ғана жетуде. Олардың қатарына өздерінің табиғи жағдайына сәйкес дәнді дақылдардың әр гектарынан тұрақты мөлшерде 15 центнер астық жинайтын Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы, 20 центнерден алатын Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко и К» комман­диттік серіктестігін, 25 центнерден кем алмайтын Қостанай облысындағы «Заречное» тәжірибе шаруашылығын қосуға болады. Осындай ірі шаруашылықтарда әр­түрлі жаңа инновациялық жаңа­лықтар өмірге келуде. Мә­селен, Солтүстік Қазақстан об­лы­­сындағы «Зенченко и К» ком­мандиттік серіктестігінде Ка­нададан әке­лінген 800 бас асыл тұ­қымды сиыр малына арналған сүт кешені жұмыс істейді. Соңғы алты жылда әр сиыр­дан 7 мың литрден астам сүт алынады, еуропалық стан­­дарт­тарға сай 30 түрлі сүт өнім­дері шығарылады. Сонымен қатар, осы шаруашылықта жел энергия­сын пайдаланатын құрылымдар іске қосылған. Нәтижесінде, олар шаруашылықтың энергетикалық сұраныстарын толық қамтамасыз етуде. Ұлттық экономика министр­лігінің Статистика комитетінің деректері бойынша, елімізде жаңа технологияларды пайдаланған және сол үшін мемлекеттік қолдау көрсетілген астық дақылдарының көлемі 2010 жылы 11,2 млн.гек­тарға жетіп 2007 жылмен салыс­тырғанда 2,2 есеге өсті, ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 12,9 млн. гек­тарға дейін көтерілді. Ол бар­лық астық дақылдар көлемінің 80 пайызын құрайды. Алайда, ас­тық дақылдарының орташа шы­ғымдылығы 2011-2014 жылдар аралығында әр гектардан 12,2 ц.-ден аспады, яғни 2006-2010 жылдармен салыстырғанда (11,1 ц\га) 10 пайызға ғана өсті, ал 2001-2005 жылдарға қарағанда (10,7 ц/га) небәрі 14 пайызды құрайды. Неліктен? Біздің ойымызша, оның бірнеше себептері бар: нақты ақпараттық мәліметтер жиналмайды, ұсынылған ғылыми технологиялар талапқа сай орындалмайды, қажетті техника мен агрегаттар жетіспейді, жергілікті басшылар мен мамандар тарапынан бақылау жоқ деп айтуға болады. Мысалы, отандық селекция арқылы шығарылған дәнді да­қылдар сорттарының үлесі егіс­­тіктің жартысынан аспайды (2014 ж. – 47,9%). Ұлттық эконо­мика министрлігінің мәліметі бойынша, егістік жерлердің құ­нарлылығы төмендеп келеді: гу­мустың жоғары мөлшері олар­дың тек 2,2 пайызында, орташа мөлшері – 36,1 пайызында, төменгі құнарсыз мөлшері 61,7 пайызын­да сақталған. Агрохимиялық қыз­меттердің мәліметтері бойынша, бір гектар егістікке қажетті минералды тыңайтқыштардың тек 1/12 үлесі ғана қолданылады екен. Дәнді дақылдарға органикалық және минералды тыңайтқыштар тіпті берілмейді. Бұқаралық ақ­парат көздерінің мәлімдеуінше Жамбыл облысындағы «Каз­фос­фат» және Маңғыстау облы­сын­дағы «Казазот» зауыттары өндірген тыңайтқыштар ішкі сұ­раныс болмағандықтан шетелдерге экспортқа шығарылып жатыр. Егістікке қолданылатын гербицидтердің мөлшері сұра­ныстан 3-4 есе аз. 2015 жылы 15,8 млн. гектар жерге себілген дәнді да­қылдардың 5,5 млн. гектары, яғни 34 пайызы шағын шаруа қожалықтарының үлесіне тиді. Олардың ішінде тек 4 пайызында ғана ауыспалы егіс айналымы сақталған. Еліміздегі 1,6 млн. га. суармалы егістіктің тек 634 мың гектарында ғана (40,8%) суландыру жүйесі толық жұмыс істейді. Инновациялық технологиялар әрқашанда өсімдік және мал шаруашылығының талаптарына сай техникалық жүйелерді қа­жет етеді. Ғылыми-зерттеу инс­титуттарының есептеулері бо­йынша, елімізге кешенді түрде өнім өндіру, өңдеу және сақтау үшін 1200-ден астам түрлі ауыл­шаруашылық машиналары мен техникалық құралдары қажет кө­рінеді. Олармен қамтамасыз ету өте төмен деңгейде деп айтуға болады. Қолда бар техниканың 80 пайызы тозған. Машина-трактор паркінің жаңаруы жылына 1,5-2 пайыздан аспайды. Өнімділігі жоғары техникалар – астық ком­байн­дары, қуатты тракторлар, дән себу кешендері шетелдерден қымбат бағамен сатып алынуда. Қазіргі кезде елімізде ауылшаруашылық машина жасау саласы Инвестициялар және даму министрлігінің құзырында, ал АӨК-те техниканы пайдалану және жаңарту мәселелерімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Соңғы жылдары еліміздің «Агротехмаш» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «Вектор» ЖШС және тағы басқа зауыттарда әртүрлі трактор, комбайндар шығарыла бас­тады, бірақ олар негізінен дербес бөлшектерден ғана құрас­ты­рылуда. Алайда, еліміздің та­биғи-экономикалық жағдайын ескере отырып, өндірілетін өнім­дердің бәсекелестігін арттыру мақсатында, ауылшаруашылық машина жасау саласын стратегиялық бағыттың біріне қосқан дұрыс сияқты. Агроинновациялық шара­ларды өндіріске енгізудің ма­ңыз­­ды бағыттарының бірі ауыл­­­­дағы шағын және ұсақ шаруа­шылықтарды тиімді дамыту және ынталандыру. Олардың қатарына шаруа қожалықтары және ауыл тұрғындарының жеке қосалқы ша­руашылықтары жатады. 2014 жылы елімізде өндірілген ауыл­­­шаруашылық өнімдерінің 23,2 пайызын ірі ұйымдасқан ша­руашылықтар, 31,1 пайызын – шаруа және фермер қожалықтары, ал 45,7 пайызын жеке қосалқы ша­руашылықтар берген. Бұл ұсақ шаруашылықтардың иелігінде пайдаланатын егістік және жайылым жер аз, нарыққа шығаратын өнімдерінің көлемі мардымсыз, материалдық-техникалық жағдайы нашар, мемлекет тарапынан қолдау жоққа тән, кепілдікке беретін мү­лік жетіспейді, нәтижесінде, тауар өндірушілерге бөлінетін суб­сидияның тек 15-20 пайызы ғана олардың үлесіне келеді. Соған қарамастан шаруа қожалықтарының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Олардың иелігіндегі жер көлемі аз, әсіресе, оңтүстік аймағында. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында жері 5 гектарға жетпейтін ша­руашылықтардың саны 45,8 пайыз болса, 100 гектардан асатындар не­бәрі 8,5 пайызды құрайды. Ұсақ шаруашылықтардың үлесі, әсіресе, мал шаруашылығында үлкен. Көр­сетілген жылдағы өндірілген сүттің 82 пайызы, еттің 64 пайызы, жүннің 60 пайызы солардың үлесіне тиеді. Әлемдік экономикада ауыл шаруашылығының негізін шағын отбасылық фермалар құрайды. Жапонияда олардың саны 1,8 миллионға жетеді, Оңтүстік Кореяда – 1,5 миллион, ал біздің елде небәрі 200 мыңға таяу, ал миллиондаған гектар жайылымдық жер бос жатыр, пайдаланылмайды, яғни ұсақ жекеменшік шаруашылықтарды бірнеше есеге көбейту мүмкіндігі бар. Осыған орай, ұсақ және шағын шаруа­шылықтарды одан әрі дамыту және жан-жақты қолдаудың жолдарын қарастыру керек. Біріншіден, ішкі сұранысты қамтуда жеке қосалқы шаруа­шы­лықтардың маңызын ескере отырып, олар туралы көршілес Ресей, Беларусь және Өзбекстан елдері сияқты арнайы заң қабыл­даған дұрыс. Онда қосалқы ша­руашылықтарды бірте-бірте жеке кәсіпкерлікке, фермерлік ша­руа­шылықтарға айналдыру жолдары көрсетілуі қажет. Екіншіден, ұсақ және ша­ғын ша­руашылықтарды олар­­дың ма­­­мандануына және жер­гі­­­­лікті аймақтардың табиғи-эко­­­­номикалық жағдайларына сәйкес ірілендіру, мемлекеттік қол­дау, әсіресе, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту олардың мүшелерінің ин­новациялық белсенділігін көтереді. Үшіншіден, ұсақ және шағын шаруашылықтарды әртүрлі кооперативтерге біріктіру жұмысын жандандырған дұрыс. Елімізде ауыл шаруашылығында кооперативтер құруға мүмкіндік беретін бес түрлі заң бар. Алайда, бұл заңдар нақты тәжірибеде тауар өндірушілердің талаптарына сай келмегендіктен кооперативтер дұрыс дами алмады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, коопертивтерге кірген шаруа қожалықтарының саны 1,5 пайыздан аспай тұр. Осының бәрі ескеріліп, 2015 жылдың 29 қазанында Мемлекет басшысы көптен күткен «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңға қол қойды. Бұл заң Елбасының Ұлт Жоспары – 5 институттық реформаны жү­зеге асырудың «100 нақты қада­мындағы» ауылшаруашылық кооперативтері мен олардың ассоциацияларының қызметтерін жүйелі реттеуге арналған. Жаңа заңға сәйкес Ауыл ша­руашылығы министрлігі қосым­ша қажетті құжаттарды дайындап үлгерді. Енді ауыл­ша­руа­­шылық кооперативтері арнаулы салық режімін қол­дана алады, өздерінің табыстарын мүшелеріне бөлуге құқылы, аудит жүргізіп, тексеру қауымдастықтарына кі­руі­не мүмкіндік алды, бұл қыз­меті үшін ішкі жұмсалған шы­ғын­дардың 50 пайызын мемлекеттен субсидия алып жаба алады. Олардың құрамындағы тауар өн­дірушілер гербицидтерді, жанар-жағармайларды, ауылшаруашылық өнімдерін, оларды өткізу және машина-трактор паркінің қыз­меттерін өзіндік құндары мөл­шерімен пайдалана алады. Бұл жаңалықтар қазірдің өзінде ай­мақ­тарда іске аса бастады. Жаңа заң негізінде ауылдық жерлердегі бұрынғы ұсақ тұтыну­шылық кооперативтері қайта мемлекеттік тіркеуден өтуі керек. Ол жұмыс өте ұқыптылықты қажет етеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ау­да­ны­ның Манкент ауылдық округінде жергілікті тұрғындардың келісімімен Ауылдық тұтыну коо­перативі құрылған. Оның құрамына 1134 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер кірген. Олардың иелігінде 5490 га ауылшаруашылық жерлері, оның ішінде 3349 га далалық егістік жер, 1920 га суармалы жер және 231 га жайылымдық жер бар. Одан басқа, 500 га алыс жайылымдық жер ірі қара мен қой табындары үшін жалға берілген. Кооператив ауылшаруашылық құрылымы есебінде тіркелген. Соңғы жылдарда ол жеңілдік несиелермен жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар алады, өз мүшелеріне әртүрлі қызметтер көрсетеді. Сонымен қатар, шаруа­лардың айтуы бойынша мұнда көптеген қиындықтар да бар. Бір шаруа қожалығына бөлінген жердің көлемі өте кішкентай. Суармалы жердің мөлшері орта есеппен 1,7 га, оның ішінде кооператив мүшелерінің 40,5 пай­ызында 1 гектарға дейін, 44,6 пайызында – 2-3 га, 14,9 пайызында ғана 3 гектардан астам. Ішкі және шаруашылықтар бойынша жерге орналастыру, алқаптарда ауыспалы егіс жұмыстары жүргізілмейді. Далалық жұмыстар көбіне қолмен істеледі, қолда бар техника ескірген, жаңа қуатты техника алуға қаржы жетіспейді. Көптеген тұрғындар мен шаруа қожалықтарында кепіл­дікке салатын мүліктер жоқ. Осындай және тағы басқа мә­се­лелер қолбайлау жасап отыр. Жаңа заң негізінде оларды шешуге мүмкіндік туды. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші, өңдеуші, өткізуші жеке және заңды тұлғалар аймақтарда, аудандарда және жергілікті жерлерде кооперативтік негізде бірлесіп қызмет істей алады. Кооперацияны дамытудың басты бағыттарының бірі – шаруалардың нарыққа кіруін қолдау. Оларға берілетін несиелік қаржылар мен тегін субсидияларды дұрыс жет­кізудің жолдарын жетілдіру керек. Ауыл шаруашылығына бө­лі­­­­нетін қаржылай көмек не­гізінен «КазАгро» холдингі ар­қылы бөлінеді. Өткен 2015 жылы холдинг еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне барлығы 363 млрд. теңге бөлген. Оның үлесі жалпы берілген несиенің 43 пайызын құрайды. Алайда, бұл көмек небәрі 49 мың шаруашылық субъектілеріне, яғни олардың жалпы санының 1/4-і ғана берілген. Биылғы жылы холдингтің қаржылық көмегі әр­түрлі бағыттармен жүргізіледі. Бірін­шіден, екінші деңгейлі банктер арқылы олардың рейтингтеріне сәйкес жылдық ставкасы 7-8 пайыз­бен тауар өндірушілерге несие беріледі. Екіншіден, «КазАгро» тікелей өзінің еншілес «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы банктердің кепілдері негізінде несиелік қаржыларды 5 пайыздық ставкамен бере алады. Одан бас­қа, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өздерінің несиелік серіктестіктері және шағын қар­жылық ұйымдары арқылы да бере алады. Бірақ олардың ставкасы 9 пайызға дейін көтеріледі. Үшінші бағыт – «Астық корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы бидай мен арпаны форвардтық сатып алу тәртібі негізінде (бір гек­тарға 6 мың теңге 5 пайыздық став­камен) қаржыландыру. Төр­тін­шіден, «КазАгро» холдингі несиелік ресурстары жетіспейтін, техникалық жағдайлары және тауарлық деңгейі төмен шағын және орта шаруашылықтар үшін кооперативтік бірлестіктер құруға ұсыныс жасап отыр. Олар заңды тұлға ретінде «Астық корпорациясы» ұлттық компаниясымен белгілі бір мөлшерде тұрақты бағамен астық сатып алу үшін шарт жасасады. Бірлестік заңды тұлға ретінде екінші деңгейлі банктермен келісе отырып, көктемгі дала жұмыста­ры мен орақ науқанына қажетті қаржы­ларды «Астық корпорация­сы» компаниясының кепілдемесі арқылы алады. Бірлестік алынған қаржыларға көтерме бағалармен қажетті жанар-жағармай, техника мен қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар мен гербицидтер және тағы басқа тауарлар сатып алып өз мүшелеріне үлестіреді. Егін ору кезінде бидайдың на­рықтық бағалары келісілген баға­дан жоғары болса, бірлестік оны басқа алушыларға сатып қосымша пайда таба алады. Егер нарықтық баға бұрынғы келісілген бағадан кем немесе бірдей болса, астықты шартқа сәйкес астық ком­паниясына сата алады. Бұл шаралар Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігімен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Фермерлер одағымен өзара келісілген. Агроөнеркәсіп кешенін қол­дау­ға бөлінетін бюджеттік қаржының 1/3 бөлігі ауыл­шаруа­шылық тауар өндірушілеріне субсидия есебінде қайтарымсыз тегін беріледі. Олар­дың көлемі де жылдан-жылға өсуде: 2010 жылы 48,3 млрд. тең­гені құраса, 2014 жылы 149 млрд. теңгеге, яғни 3 есеге өсті. Бір ерек­­­шелігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2014 жылдан бастап субсидияларды бөлуді жергілікті облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­маларының құзырына берді. Олар субсидияларды аймақтардың табиғи экономикалық жағдайларын ескеріп бөледі. 2015 жылы жалпы субсидия мөлшері 147,8 млрд. теңгеге жетіп, 2014 жылмен салыс­тырғанда 18 пайызға өскен. Жер және жер ресурстары – ұлттық байлығымыз. Оларды көз­дің қарашығындай сақтау, қорғау және тиімді пайдалану – мемлекетіміздің және тұрғылықты халықтың болашағын ойлау деген сөз. Қазіргі кезде елімізде алыс шалғайда, шөл және шө­лейт аймақтарда орналасқан, әлеуметтік-экономикалық жағдай­лары төмен отызға таяу ауылдық аудандар бар. Олардағы жер аумағының көлемдері 14 млн. гектардан астам, 1 миллионға таяу тұрғындары бар, оның ішінде 95-100 пайызы қазақтар. Біраз жыл­­дар бұрын (1989 ж. және 1999 ж.) Қазақ КСР Министрлер кеңесі осындай аудандарға жан-жақты мем­лекеттік және материалдық-тех­никалық көмек беру туралы арнайы қаулы қабылдаған еді. Бірақ өмірде бұл шешімдер жүзеге аспай қалды. Керісінше, халқының саны аз ауылдық елді мекендерде инф­рақұрылымды дамытуға қаржы бөлінбейді, олардың саны жылдан-жылға кеміп барады. Нәтижесінде, ауылдық елді мекендердің саны 2002 жылдың басында 7743 болса, 2015 жылдың басында 6724 бірлік қана қалған, яғни 13 жылдың ішінде олардың саны 1019 немесе 13,2 пайызға азайған. Бұлар негізінен сол шалғай және шекаралас елдермен қатар қоныстанған әлеуеті шамалы ауылдар екені белгілі. Айта кетелік, көршілес Ресей, Қытай және Өзбекстан елдерінде шекаралас елді мекендердің көркейіп, өсіп және ұлғайып бара жатқаны белгілі. Солар сияқты біздің ел­де де шалғай және басқа елдермен шекаралас ауылдық елді ме­кендерді нығайтуға мән берген жөн. Сонда ғана бұл аудандарда халықтың тұрмысын жақсартып, елдің азық-түлік және стратегиялық қауіп­сіздігін сақтауға көмектесе алады. Олардың жарамсыз жер­лері болашақта инновациялық же­тіс­тіктерді қолдану нәтиже­сінде өн­діріске пайдалы болуы да мүм­кін. Жасқайрат СҮНДЕТҰЛЫ, экономика ғылымдарының докторы. АСТАНА.