Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында ертеден тұрып жатқан қазақтар қауымы көп жылдардан бері Шығыс халықтарының жыл басы – Наурыз мерекесін тойлап тұруды баяғыдан берік дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс, әсіресе, олардың тарихи отандары – Қазақстан жерінде көктем мейрамының мемлекеттік деңгейде аталып өте бастаған шағынан бастап, мұнда да кең етек алды.
Моңғолия қазақтары қанша жылдардан бері бұл мерекені жергілікті моңғолдармен бірлесе тойлап келеді. Қазақтар бұл күнді: «Ұлыстың ұлы күні», деп әспеттесе, моңғолдар: «Ард түмний агуу өдөр», деп құрмет тұтады.
Бұрнағы күні қандастарымыздың Наурыз мерекесін тойлауының ең шарықтау шегі елдің астанасы – Улан-Батор қаласындағы Шыңғыс хан алаңында керуен жайды. Мұнда жағалай тігілген киіз үйлердің бәрінде мол дастарқан жайылып, қазақтың ұлттық тағамдарының барлық дерлік түрлері төрден орын алды. Ал музыка ойнап тұрған алаңда қазақтың ұлттық киім киген ұл-қыздары айналаның сәнін келтіріп жүрді. Мұнда би биленіп, ән салынды, алуан түрлі спорттық сайыстар көрік қыздырды. Әлбетте, келгендердің бәрі 7 түрлі дәмнен жасалған наурыз көжеден дәм татып көрді.
Моңғолия президенті Элбэгдорждың айтқанындай, бұл күні: «Наурыз моңғол халқының да қымбат қазынасы болып табылатын мерекеге айналды».
Мұрат АЙТҚОЖА.