24 Наурыз, 2016

Саңлақтар самғауы

440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ERA_2115 (1)Конгресс-холлда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев пен белгілі эстрада әншісі Ұлту Қабаеваның «Айттым сәлем, сағынып» атты концерті өтті. Несін айтасыз, салқар Астана аспанын сиқырлы саз кернеген кеш болды бұл. Өнердің егіз өріміндей жұлдызды жұптың жұртшылыққа ұсынған бағдарламасы өзіндік ерекшеліктерімен өрнектелді. Алқалаған әлеуметтің қошемет-қолпашымен арқаланған қос саңлақ сахнада кезек самғап, көрермен көңілін көкке өрлетті. Қасиетті Хантәңірінің бау­райында кіндік қаны тамған тума таланттың әу баста Жетісу желдірмелерімен ауызданғаны, әрине, заңдылық. Бала жасынан Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Көдек жырларымен сусындағаны тағы талассыз. Кейін есейе келе Алтайдан Атырауға дейінгі аралықтағы ұлты­мыз ұлықтаған ұлыларды өзіне үлгі-өнеге тұтып, танын, талғам өрісін кеңейтті. Қазір Қазақ­станның қай жеріне барса да сол өлкенің арғы-бергідегі дүлдүлдері мен бұлбұлдарының бұрынғы-соңғы әндерін «аттылы түсіп, жаяу жатып» тыңдағандай деңгейге жеткізіп, үлкен құрметке бөленіп жүргені, сірә, сондықтан шығар. Атақты дирижер Айтқали Жайымов жетекшілік ететін елорда филармониясының ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ән әуелеткен Рамазанның «құлақтан кіріп, бойды алар» қоңыр дауысы бірде қалықтап, бірде шарықтап тыңдарманның толқымалы-шалқымалы сезім пернелерін тереңнен тербеп жіберді. Кезінде Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов секілді тұ­ғы­ры биік тұлғалардан тәлім-тәрбие алған ол, әсіресе, атадан мирас асыл мұраларымыз – ха­лық әндерін орындағанда, алты Алаштың ардағына айналған Ақан, Біржан, Жаяу Мұса, Мұ­хит, Ғазиз, Әсет және басқа ақ­­па-төк­пе ақындарымыз бен сал-серілеріміздің саф алтындай шығармаларын шырқағанда ер­кіңнен тыс еліре дегбірің кетіп, делебең қозып «әп, бәрекелді!» демеске әддіңіз қалмасына біз кепіл. Ал енді «Ағаш аяқты» аңы­ратқанда паң Парижді «пай-пайлатқан» әйгілі Әміре үрдісінің әлі үзілмегеніне үнсіз шүкіршілік етесіз. Балуан Шолақтың «Ғалия­сын» баяулата бастап, бара-бара бастырмалата жөнелгенде залдағы жігіт-желеңнің бойын желік буып, байыпты ағалардың баяғы «ел қыдырған есер шағы» еріксіз естеріне түскені анық. Арқаның ақтаңгерін сүйсіндірген сұлу өмірде болған адам. Ақмолада талайды тамсандырған қымызшы қыз. Біраз басылымдарда суреті жарияланғаны бар. Сүйегі Астана қаласындағы «Жас­тар» шағын ауданында орналасқан мұсылмандар зиратында жерленген. «Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деп асқақтаған Ғази­зіңіз де осы өңірдің тумасы. Ра­ма­зан репертуарындағы оның бұл әнін жастайларынан жаттап өскен байырғы ақмолалықтар басқалардан гөрі жылырақ қабыл­дағаны толассыз. Дара дарын иесі көпшілік асыға күткен «Дариға – дәу­рен­ге» кезек тигенде қияға қа­нат қаққан қырандай құлашын кеңге сермеді. «Он екі взвод дау­ысын» еркін жі­беріп, елді сілт­ідей тындырды. Әркім өз ойымен әуре. Бәрі бір сәт өмір­дің өткін­ші екендігіндей, дүр­­мекке  то­лы  дүниенің жалғанд­ы­­ғын ұқ­қандай... Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтовтың сөзіне жазылған Тұрсынжан Шапайдың осынау орны бөлек әнін әлдебір себептермен тыңдамай кетсек, құлақ құрышымыздың қанбай қалары сөзсіз еді. Концерттік кеште Р.Стам­ға­зиев, сондай-ақ, бұрын аты-жөндері көп естіле қоймаған бір­неше композиторлардың тың туын­дыларын орындады. Солар­дың ішінде Ербол Спаналиев пен Айт­мұрат Төреғали сынды өре­­лі өрендерімізді бөле-жара айтқанымыз жөн. Олардың орындауында Мұ­қағали Мақатаевтың және Нұр­­лан Оразалиннің мәнді мәтінде­рімен кестеленген келісті әндердің тұсауы кесілді. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда ұстаздық ететін Рамазан Стамғазиев бүгінде талаптың тайып мінген кейінгі тол­қын өкілдерін тәр­биелеумен де айналысады. Сол шәкірттерінің бірі Өзгеріс Серікбай астаналықтардың алдына шығып, Жарылғапбердінің «Шанасын» құйқылжытты. Сөй­тіп, өнерсүйер қауымға өзінің қа­білет-қарымы өте молдығын мойын­датты. Абыройлы азаматтың өмірдегі һәм өнердегі сенімді серігі Ұлту Қабаева да елордалықтар ал­дын­да еш аянып қалған жоқ. Жақ­­сының таңдап алған жарына лайық мінез танытты. Сың­ғырлаған үнімен сызылтқан Шә­бә Әденқұлқызының «Қаздар қай­тып барады», Ермек Елге­зектің «Көктем – сезім», Тұр­сын­жан Шапайдың «Мен сағынып келгенде», Бақыт Елеусіз­ұлының «Дос­тарым» әндері діттеген же­ріне жетіп жатты. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейра­мымен тұспа-тұс келген аталмыш концертте қазақтың дәстүрлі музыкалық мұралары мен заманауи ырғақтар өзара үйлесім тауып, жаңаша сипатпен талғампаз көрерменге жол тартты. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан».