Бүкіл саналы ғұмырын халқына арнаған, көл-көсір кемел шығармалар тудырған, кеңестік дәуірдің өзінде Орталық Комитетте, Мәдениет министрлігінде, Жазушылар одағында және т. б. мекемелердің басшылығында жүріп елдің мұң-мұқтажын жоқтаған, тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан парламентаризмін қалыптастыруға үлкен үлес қосып Елбасының сенімді серігі дәрежесіне көтерілген, Әбіш ағамыз дүниеден озғалы, міне, 100 күн де өте шықты..
Ұлы Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда, Қадыр ақын «үлкен екен ғой қашанда, кішкене елдің қайғысы» деп толғағандай, аяулы перзентін халқымыз күңірене жүріп, өзі қаз-қаз қадамына сүйініп, қолтығынан демеген азат елінің жүрегі – Астана қаласы маңындағы игі жақсылар мәңгілік байыз табар ұлттық пантеонда, жерлеу салтанатын айта қаларлықтай етіп, жер бесікке бөледі. Ұлтқа баяғы бабаларымыздай бірлікке, елдікке шақырып ақсақалдық сөз арнар, қатепті қара нардай тұлғалар қатары тағыда кеміді.
Ол сонау қиянда жатқан Маңғыстаудың Оңды аулында дүниеге келіп, Сарыарқаның төрінде еліне абыз атанып, артына ұлтты сүю мен, ұлтқа қызмет етудің ұрпаққа үлгі болар өнегесін аманаттап өмірден өтті. Небір дүлдүлдер, үзеңгілес жүрген мемлекет қайраткерлері, дуалы сөздерімен елін аузына қаратқан ел жақсылары жеріне жеткізе жұбату сөздерін айтты. Айтылып, жазылып жатқандай Әбіш Кекілбайұлы екі тумайтын тұлға ғой. Осы ретте бұл қазаның Әбіш ағаның туып-өскен алтын бесігі – маңғыстаулықтарға да өте ауыр тигенін айтып кеткен артық болмас. Өзінің көптеген шығармаларында бет-бедерін тамаша теңеулермен суреттеп, «көзің барда Маңғыстауды көріп қал» деп жырлаған Әбішімен Маңғыстау жұрты мақтанатын еді...
Әбіш ағамыз 1956 жылы Маңғыстаудан мектеп бітіріп, содан 9 адамдық моторлы қайықпен Каспийді көктей өтіп Гурьевке келіп, осы жерден пойызға отырып, білім іздеп Алматыға әупірімдеп жеткенін жазғаны бар еді. Талай асылдарымыздың ізі қалған, алманың дәмін осында алғаш татқан Әбекең Алматыны ерекше сүйіп өтті. Осы шаһардан университет бітірді, ғұлама М.Әуезовтің дәрісін тыңдады, дарынын шыңдап, талай әлемге әйгілі шығармаларын тудырды, қырық жылдай ару кенттің саф ауасын сімірді, былайша айтқанда Алматы Әбекеңнің жаһандық кеңістікке самғауына тұғыр болған нағыз Жиделібайсын десе де болады. Кезінде бүкіл Кеңес Одағының, шетел оқырмандарының назарына ілінген «Ханшадария хикаясы», «Дала балладалары», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау» атты және т.б. өшпес шығармалары мен көлемді роман-дилогиялары осы қалада дүниеге келді. Алматыда атақ пен абыройға бөленді.
Осының бәрін ескере келіп, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бауырымыз, Әбіш ағаның қырқын саналы ғұмырының көп бөлігін өткізген аяулы шаһарда өткізді. Әбекең алдындағы інілік, перзенттік, мұсылмандық, ата-баба дәстүріне деген осынау шынайы ілтипат, тосыннан өмірден озған алыбымыздың мерейін арттырған, кемеңгер тұлғаға деген қастерлі құрмет деп қабылданды. Алақандарында Әбекең жүрегінің жылуы, маңдайларында ернінің ыстық табы қалған, алматылық зиялы орта ардақтысын еске түсіріп, жиналған жұртшылық дән риза болды.
Тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқан елең-алаң шағынан, өмірінің соңғы күніне дейін Елбасымен бірге ұлтты ұйытып, жұртын ұлы істерге жұмылдырып, халқына қалтқысыз еңбек еткен асыл азаматымызды, ел есінде мәңгілік есте қалдыру шаралары да, ілгеріде, қолға алынатынына сенеміз.
Ел ағаларының ұйғаруымен, елінің қалауымен Әбіш Кекілбайұлының кезекті жүз күндік еске алу, құран бағыштау рәсімі талбесігі тербелген өзінің атамекені – Маңғыстауда өткелі отыр.
«Мың жыл бірге толғатса да мың қазақ, туылмайтын өтті өмірден бір қазақ» – деп, Әбекеңнің ақын інісі Сабыр Адай айтқандай, Әбіш ағаның қалдырған мол мұрасы, айтқан асыл сөздері, ойшыл бейнесі халқының жадында мәңгі ұмытылмайды. Әбіш ағаға енді өз ұлтымен мәңгілік бірге болу бақыты бұйырғаны анық. «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», оның есімі қазақ сөзімен бірге ғасырларға көше береді.
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ,
қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.