24 Наурыз, 2016

Біздің әкім

460 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Карибай МусырманЖұртшылық арасында «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділ­дік, кішіпейілділік, іскерлік, мейі­рім­ділік» атты төрт ұғымды біл­діреді деген пікір бар. Ауылдан облысқа дейінгі билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым ие­лерінің бойларынан тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келетіндігі анық халықтың. Тек сол төрт талап үдесінен түгел көрі­ніп, абырой-беделге бөленіп жүрген әкімдерді саусақпен санап оты­ратындығымыз да жасырын емес. Ал олардың қатары­на бүгінде адам өмірінің бір биік белесі – алпыс жасқа аяқ басқан Ерік Сұлтановты қоссақ, қателеспейміз. Бұған Солтүстік Қазақстан облысын екі жылға жуық басқарып отырған атпал азаматтың осы мерзім ішінде ат­қарған істерін «Әкім» деген сөздің терең мағынасы тұрғысынан таразылап көрсек көз жеткізе түсеміз. Әділдік туралы айтқанда әуелі Ерік Хамзаұлының өзі облыс әкімі болып тағайындалғанға дейін Қызылжар өңірінде жол берілген кейбір әлеуметтік әді­лет­сіздік көріністерін бірден аңғарып, орын алған кемші­лік­терді өзіне жарнама жасамай-ақ, дабыра-даңғазасыз әрі батыл түрде түзетуді қолға алғанына тоқталған жөн болар. Мәселен, ол 2014 жылғы мамыр айының соңында өңір тізгінін өз қолына алысымен бұдан төрт жыл бұрын Петропавл қаласының орта тұсынан орын табылмағандай, шет жағындағы батпақты жеріне қаланған іргетасының өзін екі мәрте салуға тура келіп, құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі жағдайды әдейілеп барып көрді. Мамандығы инженер Ерік Сұлтанов маңызды нысан құрылысының барысы әлі де баяулығын байқап, оны жеделдету шараларын дереу қолға алу керек деп шешті. Астаналық құрылысшылардың жайбасарлығымен келіс­пей­тіндігін білдіріп, оларға тиісті талап қойып әрі өз тарапынан жәрдем де көрсете отырып, жұ­мыс қарқынын еселеп арттырды. Сөйтіп, солтүстікқазақстандық үздік ұстаздар мен дарынды оқушылар зарыға күткен озық үлгідегі білім ордасының келесі жылғы Астана күні қарсаңында пайдалануға берілуіне тікелей ұйытқы болды. Ал 2011 жылы «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша Қызылжар ауданының орталығы – Бескөлден үш шақырымдай жерде жаңадан салынған Бәйтерек ауылына қоныстанған қандастардың бас­ты мұқтаждығы – бұл елді мекенде мектептің жоқтығы. Қызылжардың қақаған қысында 320 оқушыны Бескөлдегі мектептерге үш автобуспен тасып оқыту – лажсыздықтан туындаған амал-ды. Осы жөнінде шағым білдірген алыстан келген ағайындар алдында облыстың бұрынғы басшылары Бәйтерек ауылында мектеп салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмағандығын айтып ақталған еді. Ерік Хамзаұлы бәйтеректіктердің көкейкесті мәселесін қалайда шешу қажет деп түйді. Ойлана келе, Бәйтерек ауылында 300 оқушыға арналған орта мектепті облыстық бюджет қаржысы есебінен салғызуды ұйғарды. Оның осы жөніндегі ұсынысына облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау білдіріп, Бәйтерек ауылында мектеп салуды бастау үшін үстіміздегі жылға арналған облыстық бюджеттен 205 миллион теңге қаржы қарастырылды. Қазір аталмыш елді мекеннің қақ ортасында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ерік Сұлтанов жақында облыс тұрғындарымен болған есеп беру кездесуінде Бәйтеректегі мектепті биыл күзде пайдалануға беру үшін қолынан келгеннің бәрін де жасайтынын мәлімдеді. Кішіпейілділік жайлы пайым­дасақ, мынадай жайт еске түседі. Көп адам шақырылған жиналыстарды уақытында бастамақ түгіл, жұртты жарты сағат-бір сағат күт­тіріп қоюды өрескелдік санамайтын өркөкірек әкімдерді де көргенбіз. Ал Ерік Сұлтанов алқалы жиындарды белгіленген уақытында немесе сәл де болса бұрын бастауды әдетке айналдырыпты. Осылайша жұрттың уақытын қадірлей білетін өңір басшысы өз уақытын да қадірлей біледі екен: жиналыс атаулыны ұзаққа созбай, мүмкіндігінше қысқа қайыруды құп көретіндігі байқалып жүр. Кішіпейілділік деген сөздің баламасы – кеңпейілділік. Ерік Хамзаұлы – алды кең, мінезі ақжарқын басшы. Облыс әкімі болып тағайындалғанына екі жылға қараса да, өңірдегі басшы кадрларды ауыстырғаны шамалы. «Мешкей деген жақсы атақ емес» дегенді ескергені шығар, үстінен кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары топтаса арыз айтып келген бір жоғары лауазым иесін орнынан босатып, тек соған ғана басқа жауапты қызмет ұсынбапты. Ал «әлі келмейтін шоқпарды беліне байлап, көтере алмай жүрген» бірер басшыны жұмыссыз қалдырмай, төменірек қызметтерге орналастырды. Ерік Сұлтанов «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалының төраға­сы ретінде ай сайын қо­ғамдық қабылдау өткізіп, өзінен әділдік пен араша іздеген, қолдау мен көмек күткен адамдардың мұң-мұқ­таждарын мұ­қият тың­дап, бәріне де жана­шыр­лық білдіріп, қолынан кел­генінше жәрдем беріп жүр. Іскерлік жайына келсек, Ерік Сұлтановтың бастамасымен облысымызда тұңғыш рет өт­кізілген «Қы­зыл­жаринвест-2014» Ха­лық­аралық инвес­­ти­циялық форумы бәрінен бұрын ойға оралады. Өйткені, осыған дейін Қызылжар өңірінің таби­ғаты қатал – қысы суық, жазы салқын болғандықтан, инвес­торлар қызықпайды деген теріс пікір қалыптасқан еді. Аталмыш форум сол қасаң көзқарастың тас-талқанын шығарған сияқты. Оған 15 шетелдің өкілдері қатыс­ты. Қызылжар өңіріне көрші­лес Ресей мен Қытайға қоса, әлем­дегі ең мықты дамыған отыз мем­лекеттің қатарына енген Жапония, Сингапур, Австралия, Германия, Бельгия, Финляндия, Израиль сияқты шалғайдағы дәулеті шалқыған елдер де қызығушылық танытты. Осы бағыттағы ұмтылыс оң нәтижесін бере бастады: былтыр Петропавлдағы бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауытының негізінде «Самұрық- Қазына Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және Финляндия мен Польшаның беделді компанияларының қатысуымен «ҚазТехМаш» машина жасау зауыты ашылды. Онда жоғары сыныпты астық жинау комбайны, шөп шабатын машина, тырнауыш, тіркеме мен жемшөп таратқыш сияқты ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Ал инвестиция тарту қарқыны бойынша Солтүстік Қазақстан облысы былтыр респуб­лика өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Өңірге инвестиция тарту мақсатымен туризм саласын дамы­туды да табандылықпен қолға алды. Бұл бағытта, әсіресе, «Көк­шетау» ұлттық мемлекеттік табиғат саябағының аумағына кіретін Айыртау атырабының әлеует­ін пайдалануға ерекше назар аударылып отыр. Сондағы суы мөлдір Шалқар және Иман­тау көлдеріне көршілес Ресей­ден ағылатын туристер санын көбейту үшін, ең алдымен, Айыртау ауданына баратын тозығы жеткен, кедір-бұдыр ав­томобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізілді. Бұған қоса, курортты аймақта жаңа демалыс орындары пайда болып, тіпті, «Солнечный VIP» демалыс базасында тынығушыларды бұғының мүйізінен жасалған дәрімен емдейтін шағын пантаорталық пен марал фермасы да ашылды. Елордада көп жыл жауапты қызметтер атқарған Ерік Сұлтанов республикалық деңгейдегі басшылардың қайсысымен болсын тікелей хабарласып, туындаған мәселелерді созбаққа салмай, тездете шешуге күш салып келеді. Мәселен, өңір басшысы алдыңғы жылғы шілде айында шалғайдағы Уәлиханов ауданы әкімінің Кішкенекөл ауылында болған тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне қатысқанында жергілікті ақсақалдар «Астана – Қызылту станциясы» бағытындағы пойыздың екі вагоны жолаушыларға аздық қылып жүргендіктен, оған үшінші вагон қосуды сұраған өтініштеріне ешкім құлақ аспағандығын айтып, шағымданған еді. Ерік Хамзаұлы дереу «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, уәлихановтықтардың проблемасын бір айдың ішінде шешіп берді. Ал былтырғы жылы өңір тұрғындарының өтініштеріне орай Астана – Қостанай бағытында қатынайтын жүрдек «Тұлпар – Тальго» пойызының Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың тұрғындары қалың, ірі орталықтары – Саумалкөл мен Новоишимка ауылдарындағы темір жол станцияларына тоқтап, жергілікті жолаушыларға қызмет көрсетуі мәселесін де оңынан шешкізді. Ерік Сұлтанов облыстағы ірі зауыттарға ұлттық компа­ния­лардың тапсырыстарын бергізуге де барынша ықпалын тигізіп жүр. Соның нәтижесінде былтыр өңір өнеркәсібінің жетекші саласы – машина жасауда 18 пайыздан астам өсім қамтамасыз етілді. Облыс басшысының ұдайы көңіл бөліп, қажет жерінде ұтымды шаралар қолдануының арқасында өткен жылы облыс экономикасының барлық саласында негізгі көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Мұның өзі облыстық бюджетке түсетін өзіндік табысты алдыңғы жыл­ғымен салыстырғанда 5 миллиард теңгеге арттырып, оның көле­мін 32 миллиард теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Яғни, 18 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Бұл – біздің агроөнеркәсіпті өңір үшін бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Қызылжар өңіріндегі өзекті мәселелердің бірі – жергілікті маңыздағы автомобиль жол­дарының денінің тозығы жет­кендігі. Осыны ескерген Ерік Сұл­танов облыс әкімі болып тағайындалысымен жол жөндеу ісін өзінің алдағы қызметінің басым бағыттарының бірі етіп ұстанатындығын мәлімдеген-ді. Жол саласының тәжірибелі маманы болып саналатын өңір басшысы Қызылжардың жергілікті маңыздағы шұрық-тесік жолдарын жөндеуге құны арзан болғанмен, сапасы жоғары жаңа технологияларды біртіндеп енгі­зуге кірісті. Бұл эксперимент сәтті жүзеге асырылды: егер 2013 жылы респуб­ликалық және облыстық бюджеттерден бөлін­ген 5 миллиард теңгеден астам қаржыға небәрі 134 шақырым жол жөнделген бол­са, осынша қар­жыға 2014 жылы – 290 шақырым, 2015 жы­лы 260 шақырым жол қалпына кел­тірілді. Ал биылғы меже – 360 ша­қырым. Петропавл қаласында жергі­лікті спортсүйер қауым бірнеше жылдан бері қолқалап сұрап жүрген мұз айдыны бар Спорт сарайын салу ісі де 2014 жылы Ерік Сұлтановтың басшылығымен тиянақты қолға алынып, жедел бой көтерді. Ол өткен күзде толық аяқталып, пайдалануға берілді. Облыс орталығындағы бала­бақшаға орналасу кезе­гінде 11 мыңнан астам бүлдіршін тұрғанын, мұның өзі қалалықтардың «бас ауруына» айналғанын анықтап білген облыс әкімі бұл проб­леманы шешуді де өз қолына алды. Осы игі іске мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жергілікті кәсіпкерлер тартылып, олардың өз бизнестерінің аясын кеңейте түсулеріне барынша жағдай жасалды. Сөйтіп, өткен жылы Петропавлдағы мек­теп жасына дейінгі балалар ме­ке­мелерінің желісі 1000-ға жуық орынға кеңейтілді. Бұл – өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарындағы экономикалық дағ­дарыс кезінде жаппай жабылып қалған балабақшалар жүйесін қалпына келтіруде алғаш рет қол жеткізілген елеулі жетістік. Сөйтіп, облыста балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 97 пайызға дейін өсірілді. Мейірімділік пен қайы­рым­дылық – егіз ұғымдар. Осы орай­да біз Ерік Сұлтановтың өз қызметін бір иманды істен бастағанын жақсылыққа жорығанбыз. Атап айтқанда, ол облыс әкімі болып тағайындалған соң Халықаралық балаларды қорғау күні Петропавл қаласындағы отбасылық үлгідегі Балалар ауылына ат басын тіреп, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бейкүнә бүлдіршіндердің жағдайымен танысты. 4 үйде бір-бір отбасы болып тұрып жатқан 6 жастан 18 жасқа дейінгі 36 бала мен жасөспірімге мерекелік сыйлықтар ұсынып қана қоймай, Балалар ауылының жанында бос жатқан жер телімін көріп, мұнда тез арада тағы 2 үй салғызып бере­тінін айтты. Олардың құры­лысына жергілікті бюд­жеттен ешқандай қаржы бөл­гізбей, демеу­шілер іздестіріп тапты. Осылайша бас-аяғы бір айдың ішінде салынған жаңа да жайлы қоныстарға қала іргесіндегі Архангелка ауылын­дағы Балалар баспанасында тұрып жатқан 18 жеткіншек ауыс­ты­рылып әкелініп, екі отбасына бөлініп орналастырылды. Олар өздерінің бұдан былай облыс орталығында өмір сүріп, қала­ның озық мектептерінде оқитын­дықтарына қуанып қалды. Сол жылғы жазда Ерік Сұл­танов облыстың шалғай шетіндегі Тимирязев ауданындағы жалғыз қазақ ауылы – Жарқынға да барған болатын. Іргесі бұзылмай, орта мектебі оқушыларға толып отырған елді мекеннің бола­шағы бар екендігіне көз жеткізіп, жарқындықтардың қандай өті­ніш-тілектері барын сұрап білген. Жас­тардың: «Ауылы­мызда клуб та, спорт залы да жоқ. Кешке қай­да барарымызды білмейміз...» деген ренішін естіген соң: «Өздеріңдей жастары бар Жарқын ауылының болашағы да жарқын деп санаймын. Сондықтан, алдағы уақытта сіздер үшін дене шынықтыру-сауықтыру кеше­нін салдырып беремін», – деп уәде берген. Көп ұзамай, қазан айының басында ауылға құры­лысшылар келіп, жергілікті орта мектеп жанындағы бос жерге жалпы аумағы 800 шаршы метр, екіқабатты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға кірісіп кетті. Оның құрылысы бес айдың ішінде аяқталып, былтырғы наурыз айының басында пайдалануға берілді. «Бұл кешенге бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбей, Ерік Хамзаұлының өзі іздестіріп тапқан демеушілер берген 55 миллион теңгедей қаржыға салынды. Қазір ауыл жастары бос уақыттарын сонда өткізіп, спорт­пен айналысады. Тіпті ауылдағы көп кісі жиналатын той-томалақтар да сол кешенде өткізіліп жүр», – деді Жарқын ауылы қарайтын Дмитриевка ауылдық округінің әкімі Талғат Есләмов бізбен кездескенде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы қыркүйек айында Қызылжар өңіріне қызмет бабындағы сапары кезінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына үш ай болған Ерік Сұлтановтың қолға алып жатқан істері жайлы есебін тыңдап, құптау біл­дір­ген соң жиналған жергілікті азаматтарға қарап: «Сіздерге жақсы, тәжірибелі әкім тауып бердік әрі ол – өздеріңіздің жер­лестеріңіз. Оның қолынан бәрі келеді деп ойлаймын», – деген еді. Біздің әкім Мемлекет бас­шысының сол жолы өзіне берген биік бағасы мен көрсеткен зор сеніміне лайықты екендігін арада өткен аз ғана уақыт ішінде атқарған игілікті істерімен дәлелдей білді. Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстанның құрметті журналисі. Солтүстік Қазақстан облысы.