Қазірдің өзінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын әлемнің 75 мемлекеті мен 14 халықаралық ұйымы растады. Оның ішінде 43 халықаралық қатысушымен қол қойылды. Төменде елордадағы көрмеге қатысатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды таныстыру үрдісін жалғастырамыз.
Вануату Республикасы – Меланезиядағы тынықмұхиттық мемлекет. Ол солтүстігінде Соломон аралдарының территориялық суларымен, батысында Австралияның экономикалық аймақтарымен, оңтүстік-батысында Жаңа Каледонияның территориялық суларымен, шығысында Фиджидің территориялық суларымен шекараласады. Негізінен Вануату Республикасы Жаңа Гебрид архипелагына кіретін 83 аралдан тұрады. Елдің жағалаулық шекарасының ұзындығы 2528 шақырымды құраса, жалпы құрлық көлемі 12 190 шаршы шақырымды құрайды. Вануату халқының саны – 234 023 (2009) адам. Ел астанасы – Порт-Вила қаласы.
1606 жылы испандық теңізші Педро Фернандес Кирос алғаш рет Эспириту-Санто аралын ашып, оны «Оңтүстіктегі белгісіз жерлер» деп атады. 1906 жылдан бастап бұл аралдар «Жаңа Гебридтер» деген атаумен Британияның және Францияның кондоминиумы болып есептелінді. Тек 1980 жылғы 30 шілдеде бұл аралдар алғаш рет тәуелсіздігін алып, Вануату Республикасы атанды. Вануату – БҰҰ мүшесі, сонымен бірге, Тынықмұхиттық аралдар форумы, Оңтүстіктынықмұхиттық комиссия, Ұлттар достастығы және басқа ұйымдардың мүшесі болып табылады. 2012 жылдан бастап Вануату Республикасы ДСҰ-ға мүше болды.
Эспириту-Санто аралын 1606 жылы испандық теңізші Педро Фернандес Кирос ашқанымен, 1768 жылға дейін мұнда ешбір еуропалықтың табаны тиіп көрген жоқ. Тек 1768 жылы француз теңізшісі Луи Антуан де Бугенвиль бұл аралдарды қайтадан ашып, еуропалықтардың келуіне ықпал етті. 1774 жылы капитан Джеймс Кук бұл аралдарға «Жаңа Гебридтер» деген атау берді. 1825 жылы Питер Диллон деген саудагер Эроманга аралында сандал ағашын дайындау өндірісін жолға қойды. 1860 жылдан бастап еуропалықтар ондаған плантацияларда жергілікті тұрғындарды құлдыққа салды. «Қара шымшықтарды аулау дәуірі» деп аталған осы кезеңде Вануату аралдарындағы еркек кіндіктілердің бәрі плантациялардағы құлдық қамытын киді. Осы кезеңде бұл аралдардағы халық саны бұрын-соңды болмаған дәрежеде азайды. Яғни, еуропалықтар жергілікті халықтарды қойша қырды. Бұл аралдардың халқы ұзақ жылдар бойы азаттық жолындағы бітіспес айқасты бастан өткерді. Тек 1980 жылдың 30 шілдесінде аралдар азаттық алып, Вануату Республикасы құрылды.
Вануату – парламенттік республика болып есептелінеді. Мұнда үш мемлекеттік тіл – ағылшын, француз және бислама тілі қолданылады. Сонымен бірге, мұнда 109 жергілікті тілдер қолданылады. Вануату – дербес унитарлық демократиялық республика. Бұл ел негізінен аграрлық мемлекет болып табылады. Вануатудың ұлттық экспортының 75 пайызын ауылшаруашылық өнімдері құрайды. Негізінен Вануату Республикасы сырттан тасып әкелінетін тұтыну тауарларына тәуелді. Елдің ұлттық валютасы – вату 1983 жылы айналымға енгізілді. Республиканың экономикасында туризм елеулі орын алады. Сонымен бірге, бұл елде спорт біршама жақсы дамыған.
Мажарстан (Венгрия Республикасы) – Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Ол негізінен Австрия, Словакия, Украина, Румыния және Хорватия елдерімен шекараласады. Мажарстанның жер көлемі – 93 мың шаршы шақырымды құраса, халқы 10,1 миллион адам (2007). Астанасы – Будапешт. Халқының 90 пайыздан астамы мажарлар, сонымен бірге, алман, серб, хорват, румын, еврей және басқа халық өкілдері тұрады. Мемлекеттік тілі – мажар (мадияр) тілі. Тұрғындарының басым бөлігі христиан дінінің католик (70%) және протестанттық (25%) тармағын ұстанады. Мажарстан президент басқаратын парламенттік республика болып табылады. Заң шығарушы органы – бір палаталы мемлекеттік жиналыс.
Дунай өзені Мажарстанды дәл ортасынан екіге бөліп ағады. Оның шығыс бөлігін тағы бір атақты өзен – Тиса суы нәрлендіреді. Орта Дунай жазығында орналасқандықтан бұл елдегі жердің 60 пайызы жазық, қалған бөлігі таулы қырат болып келеді. Мұнда дүниежүзіне әйгілі курортты аймақ – Балатон көлі орналасқан. Мажарстандағы ең биік тау – Кекеш (1015 метр). Бүгінгі Мажарстанды біздің заманымыздан бұрынғы І мыңжылдықта сақтар, кельт, иллирий, фракия және басқа тайпалар мекендеген. Кейінірек ғұн, авар, герман, тайпалары келіп Батыс Рим империясына шабуылдаған. Бұл өңірде 430 жылы Аттила (Еділ) патша бастаған Батыс ғұн мемлекеті құрылып, ол ыдырағаннан кейін Баян хан бастаған аварлар билігі салтанат құрды. Мажарлардың алғашқы королі Иштван-1 мықты корольдік құрды. Корольдік 300 жыл өмір сүрді. Тек Шыңғыс хан шапқыншылығы салдарынан әлсіреді. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде көптеген қыпшақ тайпалары Мажарстанға келіп қоныстанды. 1521 жылы Мажарстанды түріктер тізе бүктірді. 1526-1686 жылдары мұнда Осман сұлтандығының билігі орнады. 1683 жылы түріктер Вена қаласы түбінде жеңіліске ұшырағаннан кейін Мажарстан Польша, Венеция мемлекеттерімен «Қасиетті одаққа» бірігіп, 1686 жылы елді азат етті. ХVІІІ ғасырдың басында елдегі билік басына австриялық Габсбургтер корольдік үйі келді. Одан 150 жыл өткеннен кейін Австрия және Венгрия бір императорға бағынатын өз алдына жеке корольдік құрды. 1867 жылы Австрия-Венгрия империясы құрылды. Сол жылдан бастап Мажарстан дербес парламенті, конституциясы бар елге айналып, экономикалық жағынан тез дами бастады. 1919 жылы Мажарстанда уақытша Кеңес өкіметі құрылды. Оны Хорти бастаған монархиялық топ күшпен басып, король үкіметін қалпына келтірді. Бұл үкімет ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап Германия мен Италияның ықпалында болып, Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Германияның одақтасына айналды. Соғыстан кейін Мажарстан Кеңес Одағының ықпал ету аймағында қалып, өкімет басына коммунистер келді. Шығыс Еуропадағы саяси өзгерістерге байланысты 1989 жылдың аяғында коммунистер билік басынан кетіп, оның орнына ұлттық демократиялық күштер келді. Мажарстан Еуропалық одаққа ассоциацияланған мүше, ал 1999 жылы НАТО-ға мүше болып қабылданды.
Мажарстан орташа дамыған индустриялы-аграрлы мемлекет болып табылады. Экономикасының жетекші салалары: машина жасау, станок шығару, химия, дәрі-дәрмек, металлургия, жиһаз жасау және басқа. Елдің ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Әсіресе, құс шаруашылығы мен шарап өндірісі озық технологиялар бойынша өркендеген.
Мажарстан өкіметі 1991 жылы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Негізінен мадиярлар Қазақстанды өздерінің атажұрты деп санайды. Иштван Мандоки Қоңырдың дәлелдеуі бойынша Мажарстанда қыпшақ тілі ХVІІ ғасырдың аяғына дейін сақталды. Күні бүгінге дейін Мажарстандағы Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы – Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. 2006 жылы Андрош Биро бастаған ғалымдар Қостанай облысында қазақ-мажар бірлескен антропологиялық экспедициясын құрып, Торғай өңірінде тұратын қазақтар мен мадияр руы өкілдері арасындағы генеологиялық зерттеулер, антропологиялық өлшемдер жасады. Нәтижесінде мажарлық мадиярлар мен қазақтардың арасындағы туыстық қатынас толығымен дәлелденді. Мажарстанда туризм ерекше жоғары дамыған. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растай отырып, Мажарстан өкіметі Қазақстандағы туризм саласын дамытуға және баламалы қуат көздерін жаңғыртуға жан-жақты қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасуды мақсат тұтып отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».