25 Наурыз, 2016

«Балаларға жақсылық жасау – арманым еді»

468 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC03972.JPG-«Улыбка» қайырымдылық қорының атауына қарап кейбіреулер ізгілік шаралармен ғана айналысатын шығар деп ойлап қалуы мүмкін. Олай десе қателеседі. Иә, бастапқыда тұрмысы төмен отбасылардың кішкентай бүлдіршіндеріне ізгілік көмек қолын созу мақсатымен құрылғаны рас. Кейін келе жұмыс ауқымы кеңейіп, сан-салалы бағытта өрбіді. Ол жөнінде қордың президенті Галина Бондаренко былай деп еске алады: – Облыстық телеарнада қызмет атқарып жүргенде тағ­­дыры қилы балалармен, аз қамтылған отбасылармен жиі жүздесетінмін. Әр кездескен сайын жүрегім сыздайтын. Әсіресе, туабітті науқасқа шалдыққан бүл­діршіндерді көргенде жанымды қоярға жер таппайтынмын. Бірде үбірлі-шүбірлі шаңыраққа барғанымда алдымнан төрт жастағы сәби жүгіре шығып, «тәте, маған велосипед әкелді», деп шаттана айғай салғаны. Қат­ты қысылдым. Қолымда теле­видениенің жабдығынан басқа ештеңе жоқ болатын. Сөйт­­се, әлдебіреулер оған уәде беріп, есік қоңыраулатқан сайын еле­гізеді екен. Ойлана-толғана келіп, дәрменсіз жандарға қо­лымнан келгенше неге қорған болмасқа деген шешімге келіп, қыр-сыры беймәлім кәсіп­пен айналысуға тәуекел еттім. Ісім ә дегеннен дөңгеленіп кетті десем, шындыққа жанаспас. Көп қиындықтарды бастан өткердім. Қоғамдық негізде жәрдем жасау мен күткеннен де күрделі болып шықты. Әсіресе, демеушілер табу өте қиынға соқты. Жалға ал­ған мекеме үшін айына 200 мың теңгеге дейін төлеп жүрдік. Қарызданып-қауғаланып, бір танысымның қаржылық қолдауы, банктен несие алып, не керек, алға қойған мақсатымыз орындалып, «Улыбка» қайырымдылық қоры құрылды. Кейін көпшіліктің сұрауы бойынша қаладан шет­керілеу орналасқан 20-шы ша­ғын ауданда «Фея» деген атпен инклюзивті білім беру-сауықтыру-көңіл көтеру ор­та­лығы ұйымдастырылды. Мұн­­­­да сау және дімкәс бүл­діршіндердің бойының да, ойы­­ның да, күш-қуатының да ойдағыдай қалыптасуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Өрісіміз кеңейгеннен кейін кеселі ауыр балаларға материалдық қолдау да көрсетіп келеміз. Бүгінгі таңда қос орталыққа 1 жастан 7 жасқа дейінгі 100-ге жуық балақай қатынайды. Араларында туабітті мүгедектер, жазылмайтын дертке ұрын­ғандар аз емес. Балалардың шы­ғармашылық қарым-қабіле­тін оятып, кеселден емделуге ең озық әдістер мен білікті мамандар жұмылдырылған. Тәжірибелі психолог, логопед, массажшы, аниматор, хореограф секілді 15 адам жұмыс істейді. Иә, Исраелян ағылшын тілін оқытса, Андрей Се­ли­ванов шығыс жекпе-жегіне жаттықтырады. Енді қазақтың өнерін тарату, оның ішінде, домбыра тартуға үйрету секілді міндет тұр. Бағдарламада алға тартылған негізгі әлеуметтік идея­сы – мүгедек, жетім және ата-ананың қарауынсыз қалған балаларды барынша тарта отырып, жылылық шуағын сыйлау. Галина балаларға қатысты көптеген шараларға ұйытқы болып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық  бөлім­шесімен бірігіп өткізген «Жақсылық жаса!» атты акция өзгелер тарапынан кең қолдау тапты. Бұл бастамаға білім ошақтары да қызу үн қосып, шоу-ойындар, қайырымды­лық концерттер, жәрмеңкелер ұйым­дастырылды. Оның соңы қалалық мәдениет үйіндегі өткен тағылымды ша­рамен түйін­делді. Мұндай игі істерден «Канц­­­маркет», «Апель­син», «Радужный» сияқ­ты шағын және орта бизнес субъек­тілері шет қалған емес. Ал, «Рахмет», «Медеу», «Апорт», тағы басқа сауда орталықтарында киім-кешектер мен қаржы жинау­ға арналған арнайы жәшіктер қойылып, бірінші кезекте аз қам­­тылған отбасыларға табыс етіледі. Жуырда қомақты қаражат Настя Шараповаға берілді. Екі жастағы сәби сүйек туберкулезіне шалдыққан. Келесі кезекте үш жастағы Милена Темрик тұр. Ше­телде медициналық тексеруден өткен оның бүйрегін ауыстыру қажет. Үш жылдың бедерінде 9 балаға ем-дом көрсетіліп, ота жасалуының өзі төгілген тердің, жұмсалған еңбектің зая кетпегенін аңғартса керек. Солардың бірі туабітті жүрек ауруына ұшыра­ған 6 жастағы Кирилл Сухомли­нов Санкт-Петербург қаласында жа­­­салған отадан соң кеселден құлантаза айығып кеткен. – Қайырымдылық қорына түс­кен қаражат тек өз мақсатымен жұмсалуы тиіс. Сондықтан, меке­мені жалға алуда әлі де біршама қиындықтар бар. Мәселеге қала­лық әкімдік түсініс­тікпен қарап, оң шешілуіне ықпал жасайды деген сенімдемін. Әзірге де­меушілердің көмегіне жүгініп жүрміз. Солардың біріне «Каз­градстрой» ЖШС-нің басшысы Александр Авдеевті ерекше сүйіспеншілікпен атар едім. Ол «Мечта» тұрғын үй кешенінен балалар орталығы үшін 170 шаршы метр орын бөлетін болды. Мені аутизм сияқты ауыр ке­­­­селге шалдыққан балалар са­ны­­­ның көбейіп келе жатқаны қатты алаңдатады. Бұл ауру не­ғұрлым тезірек анықталса, ем-дом да соғұрлым тиімді болмақ. Ондайлар көбіне тұрмысы төмен отбасылардан шыққандықтан, ата-аналарының мүмкіндігі келе бермейді. Үйде отырып қалса, қа­тар­ластарымен араласпаса, бала ешқашан дамымайды. Сондық­тан, осы санаттағы бүлдіршіндерді қам­­қорлыққа алып, тағы бір орта­лық ашуды жоспарлап отырмын, – дейді Галина Анатольевна өзіне тән батылдық мінезбен. Бұл орайда, ол республикалық «Асыл бала» ассоциациясына үлкен сенім артып отыр. Еліміздегі белсенді кәсіпкер әйелдердің бас­тамасымен балаларға моральдық, материалдық және медициналық көмек көрсету мақсатымен құ­рылған құрылымның облыста­ғы бөлімшесін басқару Галинаға жүктелді. Демек, бүлдіршіндерге жақсылық жасауды арман еткен қайырымды жанның үміті үзілмейді деген сөз.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.  Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.