14 Қаңтар, 2011

Босаға

639 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жиырма жылдың жемістері

«Аман ердің аты шығады» дейді халық. Бүгінгідей өз қо­лымыз өз аузымызға жеткен жай­машуақ кезеңде кешегі аумалы-төкпелі уақыт, тарих қыспағынан аман шыққа­ны­мыз­ға шүкіршілік ете аламыз. Осы амандығымыз боса­ға­ның беріктігіне де байланысты. Барлық жердегідей шека­ра­лық Батыс Қазақстан облысында да соңғы жиырма жылда түбегейлі өзгерістер орын алды. Есімі Ақжайық өңіріне кеңі­нен танымал тарихшы-өлкетанушы, аузы дуалы ақсақал Ж.АҚБАЙМЕН әңгіме осындай тақырып төңірегінде өрбіді. – Жайсаң аға, сіздің бар­лық саналы ғұмырыңыз Орал өңірімен тығыз байланысты. Әсіресе, сіз облыстың мәде­ниет басқармасына басшы­лық жа­са­ған кезіңізде осы то­пы­рақ­тың рухани-мәдени тұр­ғыдан толысуына сүбелі үлесіңізді қоса білдіңіз. Ал зейнет дем­алысына шыққан уақытыңыз еліміздің егемендік алған ке­зеңімен тұспа-тұс келді. Мұнда алпыстан асқаннан кейін аға­мыздың жаңа өмірі басталды, екінші тынысы ашылды деп жүр­гендер аз емес. Бұған өзіңіз не дейсіз? – Иә, коммунистік саясат кезінде шеңбер ішінде жүргендей күй кештік емес пе? Бұл жүйе ұлт­тық мәселелерге қатысты жәйт­терді айтқызбады. Оған  мүлдем тыйым салды десе де болады. Сон­дықтан да булығып, іштен тынып келгеніміз рас еді. Сол көкейдегі ойлар мен арман-тілек тәуелсіздік тұсында ақ қағазға ақтарыла бастады. Кәдімгідей ши­­рықтық, еңсеміз тіктелді. Ал­ды­мен айтарым, тәуелсіздік адам­­дар­дың сана-сезімдеріне ай­тар­лық­тай сілкіністер әкелді. Сөй­тіп, олардың бойында жаңаша эко­номикалық ойлау жүйесі қа­лып­таса бастады. Содан кейін не болды десеңізші? Ауылдық және аудандық тұтынушылар одағы, тұтастай кеңестік тұтыну жүй­есі жетпіс жыл бойы шеше ал­маған мәселені аз уақыттың ара­лығында егемен елдің тұрғын­дары өздері шешті. Кеңес дәуі­рінде қазақ халқы сауда-сат­тық­қа мүлдем бейімі жоқ деп сана­латын. Олай болмай шықты, бұл мүлдем қате түсінік екен. Мұн­дай мысалды қазіргі қоғамдық-саяси өмірдің кез келген қырына қатысты айтуға болады. Кешегі кеңестік кезең мен бүгінгі тәуелсіздіктің жиырма жылы арасындағы айырма­шы­лық жер мен көктей. Бұған мы­салды еркін елдің ертеңі – жастар өмірінен алғым келеді де тұрады. Мен қоғамдық ұй­ым­ның өкілі ретінде мектептер мен арнаулы және жоғары оқу орындарында, жас адамдары көп еңбек ұжымдарында жиі болып, олармен кездесіп, пікірлесіп жүремін. Сонда олардың арасында ұлттық ерекшеліктеріне байланысты бөлінушілік көрінісі жоқ екеніне көзім жетіп, көңілімді әркез қуаныш сезімі кернейді. Бүгінгі қазақ­стан­дық жастарды егемен елге қызмет ету мақсаты тоғыс­ты­рып жатса, одан асқан мерей жоқ. Отаншылдық, қазақ­стан­дық патриотизм деп жүр­ге­ні­міздің өзі де осындай өміршең көзқарастан көрініс таба ала­ды. Тауып та жүр. Әрі мұны егемендіктің алғашқы жыл­дары­нан бастап жүргізілген патриоттық тәрбиенің алғашқы нәтижесі деп қарастырсақ та қате болмайды. Осы тәрбиенің бір тармағы өзімізді өзгелерге таныта білу тұрғысынан туындайды. Қазір мұның да алғашқы жемістерін теріп алып жатқандай күйде­міз. Айталық, Орал қаласында өт­кізіліп жүрген дәстүрлі Абай, Жұбан оқуларында өзге ұлт өкілдері жастары жүлделі орындарды иеленіп жүргеніне куәміз. Міне, осылайша өзі­міз­ді өзгелерге таныта білу қағи­да­сын ұдайы ұстансақ, бір оқ­пен екі қоянды ата аламыз. Яғни, біріншіден, ешкімге ұпай­ы­­мызды жібермейміз. Екіншіден ешкімге басыбайлық та көрсетпейміз. Бүгінде орыс тілді қазақ­стан­дықтар қазақ жерінің бай­ыр­ғы тұрғындарына деген құр­мет сезімін қалыптастырып келеді. Мемлекеттік тілге қатысты да осылай дей аламыз. Мұны біріншіден Елбасының көреген, алыс­ты болжай білетін салиқалы сая­сатымен байланыстыра қара­ға­ны­мыз орынды. Мысалы сонау сексенінші жылдары Орал қала­сында өткен жиындар мен жи­на­лыстарда бір ауыз қазақша сөз естімейтінбіз. Қараңыз, бүгінде об­лыстық әкімдіктің алқа мәжі­ліс­тері мен мәслихат сессиялары тек қазақ тілінде өткізіліп жүр. – Жиырма жылдың ішінде тұтастай алғанда Орал өңі­рін­де нендей өзгерістер болды деп есептейміз? Мұндағы қол жеткен жетістіктер туралы ойыңыз? – Облыс экономикасындағы қазіргі қарышты қадамдар жөнін­де айтылып та, жазылып та жүр. Оны қайталағым келмейді. Мен о бастан рухани саланың өкілі бол­ғандықтан негізгі әңгімені осы ке­зеңдегі рухани жетістіктер жа­ғына қарай бұрғым келеді. Осы аралықта бұған дейін жоғалтып алған ұлттық құндылық­та­ры­мыз­ды түгендей алғанымыз – үлкен жетістіктердің бірі.    Тәуелсіздік алған тұста Орал қаласында то­та­литарлық-коммунистік рухтағы көше атауларының мұрты мүл­дем бұзылмай тұрған-ды. Ең ал­ғаш­қыда бұрынғы Ленин даң­ғы­лын Достық-Дружба және Дзержинский көшесін Еуразия деп өзгертуден әріге бара алмадық. Арада тағы да екі-үш жыл өтті. Сөйтіп жүргенде Орал қалалық мәслихатының шешімімен облыс орталығындағы ең үлкен 34 ор­та­лық көшенің атауы бір күнде өзер­тілгені рухани төңкеріс бол­ғаны анық. Содан кейін де оно­мас­тикалық комиссияның ше­шімі­не орай облыс орталы­ғын­дағы қалған көшелер де егемендік рухына сай келетін атауларға ие бола бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында Орал қаласында қазақ драма театрының ашылғаны, тек бір өңір үшін ғана емес, тұтастай республиканың рухани-мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Оған сол кезде Алматы театр-кино институтын бітірген бір топ талантты түлектер шақырылды. Арада үш-төрт жыл өткен соң Орал қаласының қақ орталы­ғын­да ұлттық бітім-болмыс ерекшеліктеріне сай келетін театрдың сәу­летті де сәнді ғимараты бой тү­зеді. Оның ашылу салтанатына қа­тысқан қазақ театр өнерінің текті тұлғасы, майталман режиссер, марқұм Әзірбайжан Мәм­бе­товтің: «Орал театры кешегі кеңестік кеңістіктің орнындағы ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш бой көтерген ұлттық театр», дегені де бүгінде ұмытыла қойған жоқ. Одан беріде Оралда халық аспаптар оркестрінің тұсауы кесілді. Оған дәулескер күйші-компо­зи­тор Дәулеткерейдің есімі берілді. Орындау шеберліктері толысып, репертуары ке­ңей­ген осынау өнер ұжымы өткен жылы оркес­тр­дің құрылғанына он жыл толуын атап өтті. Әлбетте елдіктің де, егемен­діктің де басты бір белгісі – ескерткіштер болмақ. Бұл, жоға­ры­да айтылғандай, өзімізді өзге­лерге таныта білудің тағы бір тап­тыр­мас жолы. Тәуелсіздік жыл­да­рын­да Орал қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайға, әр ғасырда, әр кезеңде өмір сүрге­німен, түп­тей келгенде халқы­мыздың тәу­ел­сіз ел болуын ту етіп көтерген Сырым Датұлына, Жаһанша Дос­мұ­хамбедовке және Жұбан Мол­да­ғалиевке еңселі ескерткіштер орнатылды. Тағы бір ұтымды жері – бұл тұғырлар тасада тұрған жоқ. Бәрі де Орал қаласының бас көшесі Достық даңғылының бой­ындағы алаңдар мен гүлзарларда орналасқан. Осы даңғылдың темір жол вокзалы тұсында шығыс қыздарының арасындағы тұңғыш Кеңес одағы батырларының бірі Мәншүк Мәметованың ажарлы тас бейнесі менмұндалайды. Әлия мен Мәншүкті ерліктің қос қа­наты десек, Оралдағы олар­дың атын­дағы көшелер де бір-бірімен қыздың қос бұрымындай қатар  ірге тепкен. Сондай-ақ жиырма жыл ішінде облыстағы бірқатар аудандар атау­лары да өзгеріп, жаңаша мән-ма­ғы­наға ие болды. Нақтырақ айтқанда, бұрынғы Чапаев-Ақ­жай­ық, Орда-Бөкей ордасы, Жым­питы-Сырым, Камен-Тас­қа­ла ауданы деп өзгер­тілді. Со­ны­мен бірге, өткен жыл­дың ая­ғын­да өткізілген облыстық мәс­ли­хаттың сессиясы Зеленов ауда­­ны­ның атау­ын Бәйтерек деп өз­герту жөніндегі Зеленов аудан­дық мәс­лихатының шешімін ма­құлдады. – Жайсаң аға, өзіңіз жақсы білесіз, КСРО кезінде Оралдағы қорғаныс зауыттары тікелей ор­талыққа қызмет етті. Олар жер­гілікті биліктің қойған та­лап­тарымен мүлдем санас­па­д­ы. Көктен түскендей күй кеш­ті. Зауыт жұмысшылары мен инженер-техник қызметкерлері арасында қазақ ұлтының өкіл­де­рі ілуде біреу ғана еді. Сөзім жалаң болмау үшін сізді сонау 1993 жылы статистикалық бас­қармадан алынған дерекпен та­ныстыра кеткім келеді. Еге­мендіктің алғашқы жыл­­да­ры­ның өзінде, 1992 жылы «Зенит» зауытында жергілікті ұлт өкіл­дерінің үле­сі 19 пайыз, «Омегада» 13 пайыз болыпты. Инженер-техник қызметкерлер буы­ны мүлдем жоқтың қасы. Қа­зіргі көрініс әрине мүлдем бас­қаша. Бұл зауыттар қазір егемен ел мүддесіне қызмет жасап ке­леді. Мұны да тәуел­сіздік әкел­ген жетістіктер деп қа­рас­тырғанымыз жөн шы­ғар. – Әрине солай. Бір білетінім, егемендіктің елең-ала­ңын­да бұл стратегиялық кәсіп­орындарды қандай тұрғыда пайдалану керектігі жөнінде нақты шешім болған жоқ. Алғашқы кезде оларды конверсиялау саясаты ұсталды. Бұл – халық тұтынатын тауарлар өн­діруге бағыт ұстау деген сөз. Түптей келгенде, қорғаныс мақ­сатындағы технологиялық же­лі­лердің тінін үзу тиімсіз деп танылды. Осы орайда «Зенит» зауыты ҚР Қорғаныс ми­нистр­лігінің сұранысына сай әскери кемелерді құрастыру және жөн­деу ісін қолға алды. Орал­дағы бұрынғы қару-жарақ зауы­тының бірі – «Метал­листің» орнында бүгінде Батыс Қазақ­стан мәшине құрастыру компа­ниясы орналасқан. Бұл іргелі ұжым республикадағы индус­трия­лық-инновациялық даму үде­­рісіне өз үлесін қосып келеді. Мен, әрине, бұл сала­ның мән-жәйін терең түсіне бермеймін. Әйтсе де Оралдағы осы өндіріс орындарында егемен ел игілігіне жарайтын  өзге де мүмін­дік­тер бар екенін мамандар айтып та, жазып та жүр. Бұған республика үкіметі түсі­ністікпен құ­лақ асқанын қалар едік. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, Суретті түсірген  Рафхат Халелов.