21 Наурыз, 2016

Ақтөбеде «Айналайын» балабақшасы ашылды (фото)

631 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
21-03-2016-aktobe 01АҚТӨБЕ. 21 наурыз. Ақтөбеде Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында қалаға қарасты «Заречный» елді мекенінде орналасқан «Айналайын» жеке балабақшасы пайдалануға берілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл балабақшаның құрылысын кәсіпкер Нұржан Қуатов салған. 50 орындық мектепке дейінгі балалар мекемесінің салтанатты ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Өңір басшысы ата-аналарды қуанышты сәттерімен құттықтап, игілікті шараның Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы, сондай-ақ, халқымыздың Наурыз мерекесі қарсаңында ашылып отырғанымен сабақтастырды. «Елбасы 2020 жылға дейін балаларды балабақшамен толық қамтамасыз етуді тапсырды. Қазір елімізде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Президенттің мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігін дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша жергілікті билік мектепке дейінгі орын тапшылығы мәселесін кәсіпкерлер мен компаниялар жетекшілерімен бірлесе отырып шешуде. Осы бағыттағы жұмыстар барысында жаңа тұрғын үй кешендеріндегі балаларды орынмен қамтуға басымдық беріліп отыр», – деді аймақ басшысы. Мұнда бүлдіршіндерді тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Ғимараттың аумағы мен топ бөлмелерінде онлайнға қосылған бейне бақылау орнатылған. Бағдарламада мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін тереңдете оқыту, хореографиямен айналысу қарастырылған. Басты назар «Дені сау ұрпақ – дені сау ұлт» бағдарламасына аударылған және ата-аналардың қатысуымен спорттық шаралар өткізілетін болады. Балабақшада 12 адам жұмыс істейді. Жалпы облыс орталығында халқымыздың ұлық мерекесі Наурыздың қарсаңында 670 орынға арналған 10 балабақша ашылды. Осы аталған мектепке дейінгі мекемелерде барлығы 150 адам еңбекке орналасты. Мереке күндері осыншама бала мен олардың ата-аналары қуанышқа бөленді. Бұған дейін мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істейтін балақшалар саны 33 болса, енді олардың қатары 43-ке жетті. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz. 21-03-2016-aktobe 02 21-03-2016-aktobe 03