26 Наурыз, 2016

Сәулетші

1769 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
23-03-16-Samatbek01Тарихы терең, шоқтығы биік сәулет өнерінің адамзат өміріндегі маңызы ерекше. Ол – идеологиялық құрал ретінде саясатқа, мәдени-рухани кеңістікке, кешегі мен бүгінді сабақтастыра отырып халықтың таным-түсінігін қалыптастыруға, ұрпақ тәрбиесіне және өзге көптеген салаларға тікелей әсер ете алатын бірегей әрі бекзат өнер. Сондықтан, ол өз патшалығының есігін кім көрінгенге аша бермейді. Оған өз туындысымен халықтың эстетикалық талғамына лайықты жауап бере алатындар ғана лайық. Жалпы, қазақтың сәулет өнері де уақыт талабына сай дамып келеді. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында бұл талғамды сала өрісін кеңейте түсті. Маңдайалды сәулетшілеріміз жарқырай көрінді. Солардың арасында талантымен кеңінен танылған, өзіміз тамсана көріп жүрген сәулет өнерінің көптеген үлгілерін халық назарына сәтімен ұсына білген, еліміздің Құрметті сәулетшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елорда абыройын асырып тұрған «Қазақ елі», «Астана жұлдызы» сынды монументтердің авторы Саматбек Бөкебай да бар. Сәке, сәулет өнерінің жөні бөлек екені белгілі. Сіз осынау тала­бы зор, кірпияз салаға қа­лай келдіңіз? 23-03-16-Astana zhuldyzy– Әрбір адамның азамат болып қалыптасуына, рухани жетілуіне, қандай да бір мамандықты таң­дап, оны жанына серік етуі­не көптеген жағдаяттар әсер ете­ді. Мәселен, балалық шағым Түр­кі­­­с­тан қаласында өтті. Осы қа­сиет­ті шаһардағы әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін кө­ріп өстім. Сәулет өнерінің бұл ғажайып туындысы мені түр­лі ойға жетелеп, қиялымды ша­рық­татып, жан дүниемді ерекше сезім­ге бөлейтін. Міне, нақ осы се­зім жүрегімнің қалауын анық­тап бергендей болды. Осылайша, – менің сәулет өнеріне деген құма­ры­м бастау алды. Менің талабымды әкем Тәжен қолдай білді. Жарықтық бірбеткей, өжет адам еді. 1971 жылы Қазақ политехникалық институтына сәулетші мамандығы бойынша оқуға түсуге талпынған шағымда әкемнің қайрап, жігер бергені әлі есімде. Нақтысын айтқанда, ішкі қалауым, әкемнің батасы мені осы бекзат өнердің айдынына алып шықты. Алайда, бәрі де, яғни, ғы­­лым мен техниканың, өнердің ба­­сын тоғыстырған осы күрделі ма­мандықтың иесі атануым – Алланың қалауы ғой. – Сонымен... – Сәттілік жолдас болып, 1971 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтына сәулетші мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1976 жылы бітір­дім. Ол уақыттарда оқуды жаңа­дан бітіргендердің қайда жұ­мыс істейтінін басшылық ше­ше­тін-ді. Институтта тәуір оқы­ғаным ескерілген болар, ме­ні «Казгорстройпроект» мем­ле­­кеттік бас жобалау инсти­ту­ты­на жіберді. Одан кейін «Каз­гипроград» мемлекеттік бас жоба­лау институтының аға сәу­лет­шісі болып қызмет атқар­дым. Ең­бек жолымның осы екі атақты инс­титуттан бастау алғанын үнемі мақтанышпен айтып жүремін. Сіз 1979-1981 жылдары Түркі­стан қалалық атқару коми­теті сәулет бөлімі өндіріс тобы­ның жетекшісі, ал 1981-1997 жылдары Түркістан қала­­сының бас сәулетшісі бо­лып қызмет атқардыңыз. Сұ­райын дегенім, нендей себеп­пен Алматыдағы беделді инс­титуттағы қызметіңізді тастап Түркістанға ауыстыңыз? – Өмір болған соң адам баласы түрлі қиындықтарға тап болып жатады ғой... Әкем айықпас дерт­ке шалдығып, отбасымыз есең­гіреп қалды. Бала үшін әке-ше­шеден қымбат не бар? Содан мен қызметімді де, жүзеге асыр­сам деген жоспарларымды да жиыстырып қойып, ата-анамның қолына келдім. Бауырларым бар­шылық. Бір үйдің жалғызы емеспін. Алайда, өмірден күдерін үзе бастаған, дерті меңдеп қинал­ған әкемнің қасында болып, ол кісінің алдындағы перзенттік пары­зымды өтесем деген ішкі тілек мені Түркістандағы қара­шаңы­­раққа жетеледі. Әкем үш айдан кейін бақиға аттанды. Содан, шешемді алып Алматыға кетпек болдым. Бірақ ол кісі өмірлік серігімен бір­ге құрған қарашаңырақты тас­тап ешқайда бармайтынын айт­ты. Шешенің сөзін жерге тас­тау – теріс бата алғанмен тең. Осылайша, Түркістанда қыз­мет ету маңдайға жазылды. Бас­тап­қыда Алматыға, ондағы әлгі жобалау институттарының біріне жете алмағаныма іштей ренжіп жүретінмін. Бірақ, кейіннен қа­сиетті Түркістанда қызмет ет­кені­ме өкінбейтін болдым. Жалпы, Түркістанда менің жас­тық шағым өтті. Сол кездерде қала­ға қатысты көптеген ауқымды жобаларды іске асырғым келген. Алайда, оларды жүзеге асыру мүмкін емес еді. Өйткені, Кеңес Одағы кезінде бұл қалаға ешқандай көңіл бөлінбеді. Қазақстан басшы­ларының шаһарға деген ниеті түзу болғанымен, қызыл идеология талабынан аса алмады. Ірі діни ор­­та­­лық деп есептелінетін, та­ри­­хы терең, сан ғасырлар бо­йы қа­зақ­тың рухын көтеріп кел­ген Түр­кі­станды көркейту Мәс­кеу үшін идеологиялық тұрғы­да қауіпті еді. Ал шаһарды жаң­ғыр­ту­ға, жаңартуға жергілікті бюд­жет­тің әлеуеті жетпейтін, оның үстіне басшылар жоғары жақ­тың рұқсатынсыз аттап бас­пай­тын. Осындай кертартпа сая­саттың кесірінен менің жастық жігермен құлшынып Түркістанда іске асырсам деген бірқатар жоба­ларым аяқсыз қалды. Сәулет өнеріндегі алғашқы табыстарыңыз жөнінде айта кетсеңіз... – Институтты бітірер алдын­да «Түркістан қаласын қал­пы­на келтіру және дамыту перс­пек­тивалары» тақырыбымен дип­лом жұмысын қолға алдым. Жетек­шілерiм қазіргі Қазақстан дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов және сәулетшi Алмас Ордабаев сияқты еліміздің атақты мамандары болды. Дип­ломды жазып шығуға алты ай уақыт беріледі. Барынша ізде­ніп жа­сал­ған еңбегім институт ма­ман­дары тарапынан өте жоғары баға­ланды. Іле сол жылы ол Мәскеуде жыл сайын өтетін Бүкілодақтық дипломдық жобалар байқауында 2-ші орын алды. Міне, менің алғашқы табысымның қысқаша тарихы осылай. Содан кейін, яғни, 1977 жылы мен жұмыс істеген жобалау институты «Петропавл қаласының орталығын бөлшектік жоспарлаудың жобасы» атты туындымен Бүкілодақтық бай­қау­да 3-ші орын алды. Келесі жылы «Алматы қаласының орталығын бөл­шектік жоспарлау жобасымен» одақтық бәйгеде 2-ші орын бұйырды. Бұл жылдары тек осы жұмыс­тар­мен ғана шектеліп қалған жоқпын. Әлі есімде, институтты бітірген алғашқы айлар кезеңін­де «Казгорстройпроект» мем­ле­кет­тік бас жобалау институ­ты­ның сәулетшісі ретінде өзім­нің алғашқы жеке авторлық жұ­мы­сым­ды өндіріске ұсындым. Негі­зінде, бұрыннан қалыптасқан дәс­түр бойынша түлектер жеке ав­тор­лық еңбектерін оқу бітірген соң үш жылдың шамасында жү­зеге асырып жатады. Мен бұл үрдісті бұзғандай болдым. Дә­лі­регін айтқанда, 1976 жылы Щу­чинск қаласына тұрғын үй ке­ше­нін салуға конкурс болды. Бай­қауда ұтып алдым. Көп ұзамай сол жоба бойынша салынған тұрғын үй кешендері толығымен салынып шықты. Қазақ сәулет өнерінің тари­хына қатысты пікіріңізді білсек... – Қазақ сәулет өнерінің шежі­ресі ұлтымыздың өте бай тарихы­мен тығыз байланысып жатыр. Біз өз тарихымыз жөнінде сөз қозғағанда сәулет өнерінің өткен шақтан тамыр тартқан мазмұнына соқпай өте алмаймыз. Біздің Ұлы Даламызда қуатты мемлекеттердің қалыптасуы, шаруашылықтың дамуы қазақ жерінде құрылыстың көптеп салы­нуына себеп болды. Қазақ­стан­да сәулет өнері, әсіресе, Х-ХІІ ғасырларда, яғни Қарахан мемлекетінің кезінде кең өріс алды. Қазіргі Қазақстан жеріндегі Айша бибі, Қожа Ахмет Ясауи, Арыс­тан баб кесенелері сияқты ор­та­ғасырлық атақты сәулет өнері­­нің туындылары өткен шақта ұлт­тық сәулет өнерінің қанша­лықты деңгейде дамығанын көр­сетеді. Бір өкінерлігі, тарихта сол қайталанбас өнер туындыларының авторлары туралы деректер өте аз. Өйткені, сол кездерде патшалар сәулетшілерге зәулім сарайлар, әсем қалалар салдырып алған соң олардың аттарын ұмыттырып жіберетін болған. Салынған ғима­рат­тардың қайталанбауының кепі­лі деп есептелген болар. Жалпы, Қазақстан аумағында дамыған өркениет болғанын рас­тай­тын мыңдаған ескерткіштер бар. Солардың ең бастыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол – сәулет өнерінде кездесе бер­мейтін бірегей туынды. Оны Әмір Темірдің бұйры­ғы­мен Қожа Хасан Ширази деген шебер салған. Ғажабы, Алла сәтін салып оның есімі құрылыс кезінде жазылғандықтан сақталып қалды. Мен 1984-1986 жылдар ара­лығында Санкт-Петербургте аспи­рантурада оқыдым. Канди­даттық жұмысыма Қазақ­станның сәулет өнері тарихын арқау еттім. Тарихи деректерден ұлы даламыздағы уақытында салынған көне қала­лар зерт­телінді. Сондағы мақсат қала­ларды салу барысында қол­данылған сәулет өнерінің озық үлгі­лерін қазіргі заманға пайда­лану болды. Еңбек нәтижесіз бол­ған жоқ. Зерттеу барысында көп­теген тарихи деректерге кезіктім. Мәселен, басқасын айтпағанда, Сырдария өзенінің бойында құм астында қалған 41 қала болған екен. Олар туралы зерттеуге ке­рек­ті құжаттар бар болып шықты. Орталық Азия мен Қазақстан жерлерінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан сақталынып қалған және жоғалып кет­кен қа­лалардың жоспар схема­ларын­да қазіргі кезде де қала құры­лыс­тарында ескеруге болатын сәулет өнерінің тәсілдері пайдаланылған. Сол өркениет жетістіктерінің қазір­гі заманда ескеруге тиісті талап­тары мен әбден шыңдалып іс жүзінде тексерілген тәсілдерін қолдану қажет. Жалпы, қазақ сәулет өнерінің тарихы туралы көп айтуға болады. Бірақ, оны бір сұхбаттың көлеміне сыйғызып баяндап шығу қиын. Дегенмен, осы арада сәулет сала­сының дамуына өзіндік үлесін қосқан, көзіміз көрген тұлғалар жөнінде айта кетсем артықтық етпес. Қазақ сәулет өнерінің шежіре­сі жөнінде өрбіген әңгіме бары­сын­да ұлтымыздың көрнекті тұл­ға­лары, ұстаздарымыз Төлеу Бәсенов пен Малбағар Меңді­құлов­тың есімдеріне соқпай өте алмаймыз. Мен олардың шәкірті болғаныма қуанамын. Осы екі азамат қазақтың сәулет өнері жөнінде алғаш кітаптар жазып, Алматы қаласындағы көптеген жобалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосты. Қазақ политехникалық инсти­туты­ның ішінен 1961 жылы сәу­лет факультеті ашылғаны белгілі. Сол кезден бастап Бәсенов пен Меңдіқұлов институтта оқыту­шылық қызмет атқарған. Өз ісіне берілген Қазақстанның сәулет саласындағы алғашқы ғалымдары, тамаша адамдар еді. Тұңғыш қазақ сәулетшісі, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген құ­ры­лысшысы Төлеу Бәсенов елі­м­із­дегі қазіргі сәулетшілер мек­тебінің негізін салған тұлға. Ол – сәулет саласындағы алғашқы ғалым-педагогтардың бірі. 1937-1941 жылдары аралығында Ал­­маты қаласының бас архи­тек­­­торы, 1944-1954 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сі жанын­дағы архитектура бас­қар­­­масы­ның бастығы секілді жауап­ты қыз­меттер атқарды. Алма­ты қала­сының бас жоспары, Мәс­кеудегі Халық шаруашылығы жетіс­тік­тері көрмесіндегі Қазақ­стан павиль­оны, Алматыдағы Дос­тық даң­ғылының бас жоба­сы және бас­қа да көптеген туын­ды­лары Төлеу Бәсеновтің абы­ро­йын асырды. Ол кісі «Сам аймағындағы архитектуралық ескерткішер», «Қазақстан архи­тек­ту­расындағы өрнектер» секілді бірнеше кітаптар жазды. Ал Малбағар Меңдіқұлов бол­са, ол да ірі тұлға. Сәулет өнері ғы­лы­мының профессоры, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген сәулетшісі атанған, Алматы қаласының бас сәулетшісі болған ол кісінің ең­бегі ерен. Басқасын айтпағанда, Мал­бағар Меңдіқұловтың Батыс Қазақ­стандағы сәулет өнерінің ай­рықша туындылары – мемо­риалды мешіт-ғимараттарды ғы­лы­ми тұрғыда зерттеудің не­гі­зін қалағанын атап өтпеу орын­сыз. Осының нәтижесінде, Шопан ата, Бекет ата, Асанқожа, Сейсен ата және өзге де кесене-кешендер тура­лы тың деректер ел назарына ұсынылды. Осы орайда, замандастарым марқұм КСРО халық архитекторы Қалдыбай Монтақаевты, еліміздің қазіргі атақты сәулетшілері Шота Уәлиханов, Тимур Сүлейменов, Болат Құспанғалиев, Шоқан Ма­тай­беков, Төлеген Әбілда, Сағын­дық Жамболатов, Сәкен Нарынов, Нұрмахан Тоқаев есімдерін құрметпен атап өткім келеді. – Сіздің тәуелсіздік жыл­дарын­дағы еңбегіңіз жөнінде біле­­міз. Дегенмен, осы тұрғыда өзі­ң­із жүйелеп әңгімелеп берсеңіз. – Тәуелсіздіктің таңы атысы­мен еліміздің бағы жанып шы­ға келді. Басқалар секілді сәулет­ші­лер де шығармашылық тұрғыда ер­кіндік алды. Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев ел сәулетшілеріне қол­­дау білдіріп, халқымыздың эсте­­ти­ка­лық талғамына сай келе­тін, та­рихымыз бен ұлт­тық құн­дылықтарымызды наси­хат­тай­тын, жарқын болашаққа үндейтін туындылардың бой көтеруіне барынша жағдай жасады. Бұл мәселеде Астана, Алматы қала­ларын­да, облыстарда көптеген жұ­мыстар қолға алынып, ел игі­лігіне ұсынылды. Осынау жасам­паз істердің ортасында мен де жүрдім. Тәуелсіздік жылдарындағы еңбегімнің барлығын тізіп шығу мүм­кін емес. Сонда да болса, олар­дың бірсыпырасын сөз етейін. Ме­нің Астанамен қоса алғанда бар­лық облыс орталықтарында, көп­­теген аудандарда төл туын­­ды­­ларым бой түзеп тұр. Мәсе­лен, Атырау қаласындағы Махам­бет Өтемісұлының 200 жыл­ды­ғына арналған «Исатай-Ма­хам­бет» мемориалдық кеше­нін, Ауғанстан соғысында ше­йіт бол­ған атыраулық жауын­гер­лер­ге және Тәжік-Ауған шека­ра­сы­н­дағы қақтығыста қаза бол­ған қа­зақстандықтарға ар­нал­ған мо­нументті халық жылы қа­был­дады. Маңғыстау облы­сын­­дағы «Ұлылар аллеясы», «Көш­­пен­­ділер мәдениеті» кешен­дері, Жаңаөзендегі «Даңқ аллея­сы» секілді еңбектерім жаныма жақын. Сол сияқты, өзге де об­лыс орталықтарында бой түзе­ген түрлі ғимараттардың, орта­лық алаңдардың, демалыс орын­дарының, монументтердің, ұлт­тық-мәдени кешендердің жо­баларының авторы бол­ға­ным­­ды жұрт біледі. Әсіресе, 1999-2001 жылдар аралығында Аты­рау облыстық құрылыс, сәу­лет және тұрғын үй саясаты бас­қар­масы бастығы, бас сәу­лет­­ші болып қызмет еткен ша­ғым естен кетпейді. Сол кезде Аты­рау об­лысының әкімі бол­ған іс­кер бас­шы Иманғали Тас­мағам­бетов­тің ерекше қойған талабы бо­йын­ша күн демей, түн демей жұ­мыс жасатқанын, сол арқылы қыруар жобалар іске асқанын қазіргі кезде үлкен алғыспен еске ала­мын. Елбасының қолдауы, әкім­­нің күндіз-түні тыным тап­пай, маңайындағыларды зыр жү­гірт­кені арқасында, шаруасы шатқаяқтаған Атырау қаласы бес-алты айдың ішінде жаңғырып, жа­ңарып шыға келгенін, екі жыл ішінде еліміздің әсем қалалары­ның біреуі болуын қалай айт­пайсың?!.. Ал Астана қаласындағы жұ­мы­сымыз бөлек әңгіме. Мен ең­бек ететін «Қазсәулетқұрылыс» жобалау-құрылыс серіктестігі елордамызда жемісті жұмыстар жүргізді. Мұнда да көптеген тұр­ғын үйлердің, кеңселердің, оқу орындарының, елшілік ны­сан­дарының, мемлекеттік меке­ме­лердің жобасын жасадық. Сон­дай-ақ, Астанада «Қазақстан ха­лық­тарының достығы» мону­менті, «Қазақ елі» және «Ас­тана жұлдызы» мемориалдық кешені және басқа да бірқатар жобаларымыз жүзеге асты. «Астана жұлдызы» кешені­нің ашылуына Мемлекет басшы­сының өзі қатысып, сөз сөйлеп, монументтің атын өзі қойды. Сол жолы Елбасы жұмысымызға оң баға бере келіп: «Алдағы уақытта «Қазақ елі» монументі салынады, сол үшін ұйымдастырылатын байқауға сендер де қатысыңдар, бәлкім жеңімпаз болып қалар­сың­дар», деді. Расында, Елбасының айтқаны айдай келіп, біз конкурста ұтып шықтық. Жұмыс барысында Елбасымен бірнеше рет кездесіп­пін. Осы жүздесулерден ұққа­ным, Президентіміз сәулеттік жо­ба­ларға өте сауатты талдау жа­сай біледі. Сонымен қатар, маман­ның пікіріне мән беріп, дұрыс ұсыныстарға барынша қолдау білдіреді. «Қазақ елі» монументіне ар­нал­ған байқауға көптеген жоба­лар қатысты. Елбасы солар­дың ара­сындағы екі жобаға кө­ңіл аудар­ды. Сонымен, жоба автор­ла­ры болып мен және Сембіғали Сма­ғұлов екеуміз бекітілдік. Осы­лай­ша, «Қазақ елі» тұғырына қонды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.