26 Наурыз, 2016

Омарташы

1654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
SAM_1643Бал арасын өсіру оңай емес. Бұл жұмыс тиянақтылықты аса қажет етеді, дейді омарташы Па­вел Сердюк. Оның айтуынша, мұн­дай кәсіпті омарта орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастау керек. Бұл үшін омарта орналастырылатын жер телімі желден жақсы қорғалған, құрғақ жерден таңдалғаны дұ­рыс. Сонымен қатар, болашақ омартаның айналасында орман немесе ағаш шоғырларының, бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүл­дер мен шөп­­­тер өскен далалық аумақ­тардың болуын ескерген абзал. Омартаны орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берудің де маңызы зор. Өйт­кені, оның сапасы жұмыс істеуге қабілетті аралар тобының қалыптасуына, сонымен қатар, омарташының еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді. Павел Геннадьевич Сердюк – жоғары білімді инженер-механик, алайда, жастайынан омарта ұстайтындар қатарында. Жас­тайы­нан әкесіне қолғабыс жасаған бала Павел омарташы кәсібімен айналысуға қызығушылығы оянып, 1973 жылдан бастап көмекші болуға жарайды. Сөйтіп, жоғары сыныпта оқығаннан бастап омарта ісі қызықтырып, қолы бос кезінде әкесіне көмектесуге тырысады. Балды ежелден тағам ретінде тұтынумен қатар, халықтық емдеу дәстүрінде де түрлі сырқаттарға жиі қолданған. Сол себепті де оны тек тағам ретінде ғана емес, түрлі емге пайдалануға болады. Алғашқы аралар Қазақстанға осыдан бір жарым ғасыр бұрын Өскеменнің іргесіне әкелініп, қолға үйретіле бастапты. Сондықтан да Шығыс Қазақстан облысы күні бүгінге дейін еліміздегі омарта шаруашылығының отаны саналады. Ал Қазақстанда өндірілетін бал өнімдерінің 90 пайы­зы облысқа тиесілі екен. Өңірдегі осындай кө­не омарта­шылардың бірі, тіпті, 40 жыл бойы бал өн­дірумен айналысып келе жатқан бірден-бір семейлік омарташы Павел Сердюк екенін қала тұрғындары жақсы біледі. – Балдың пайдасы өте көп. Мәселен, балдың бір түрі асқазанға, енді бірі жүрекке пайдалы деп жатады. Дегенмен, өнімнің кез келген түрінде пайдалы заттар барын айтқым келеді. Сондай-ақ, ара ша­ру­ашылығымен айналысу барысында алынатын көптеген пайдалы өнімдер де болады. Мәселен, бал балауызын, прополисін, аналық сүті мен тозаңын пайдалануға болады. Сонымен қатар, өлі бал арасынан жасалған тұнба да өте пайдалы. Оны буын ауруларына ем ретінде қолданады. Ең бас­тысы, таза табиғи өнімді пайдаланып, ем шараларын дұрыс жасай білсе болғаны. Пайдалану жолына да мән берген дұрыс, Қазақстан Республикасында дала­лық бал ара­лары кең тараған. Олар Қазақ­­станның шығысында және оңтүстігінде көп кездеседі. Мен өсіріп жатқан бал аралары осы далалық бал аралар түріне жатады. Бал араларының тіршілі­гі климатқа байланысты болып ке­леді. Біз қоңыржай климатта орналасқандықтан бір жыл төрт мезгілге бөлінеді. Осы төрт мезгілде бал араның тіршілігі әр­түрлі болады. Біз көбіне жазда жұ­мыс істейміз, – дейді Павел Сер­дюк. Жоғары оқу орнын бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шыққаннан кейін, конструктор болып өткен 1990 жылдарға дейін қызмет етеді. Бірақ қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалады. Де­генмен, ол әкесінен үйренген омарташы ісін жалғастыруды ниет етеді. Бұл тұрғыда оған жыл­дар бойы әкесінің қасында жүріп жинаған мол тәжірибесі үлкен көмек болады. Айтарлықтай қиын­шылықтар да туғызбайды. Десек те қаражат жағы қолбайлау болып, өткен жылдың қаңтар айында ақпарат құралдарынан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы шағын несиенің берілетінінен хабардар болады. Көп уақыт өткізбей, бірден мемлекет тарапынан ұсынылған көмекті алады. Осылайша жұмыспен қамту орталығына өтініш пен бизнес жос­парын ұсынып, бес ай өткеннен кейін, 2 миллион 300 мың теңге көлемінде қаражатқа ие болады. Алған қаражатқа аралардың жаңа отбасыларын, ұяларын, тағы да басқа бал өндіруге қажетті арнайы қондырғылар сатып алып, жұмысын жалғастырады. Бұл өз кезегінде өнім сапасы мен көле­мін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі күні Павел Сердюк тұр­ғындарға табиғи, ең бастысы, пай­далы өнім ұсынып отырған өңірдегі ең ірі омарташылардың бірі. – Омарта кәсібін жандандыру үшін қолдау көрсеткен Үкі­меттің пайызы төмен несиесіне ри­зашылығымды білдіремін. Бо­лашақта денсаулыққа пайдалы табиғи таза бал өнімдерін өндіруге күш сала бермекпін. Ең бастысы, ел экономикасының дамуына аз болса да өз үлесімді қосуды басты міндетім деп санаймын, – дейді омарташы Павел. Омарташы Семей өңірінде ара шаруашылығын дамытуға бар­­лық жағдайдың барын айтады. Ол шәкірт тәрбиелеуге, яғни кез келген жасты үйретуге да­йын. Өйт­кені, Семейдің балын тек өзі­мізде ғана емес, алыс өңірлерде де жоғары бағалайды екен. Әсіресе, Ресей, Қытай елдерінде Павел Сер­дюктің омарта өнімдері жоға­ры бағаланған. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ. Суретті түсірген автор.