26 Наурыз, 2016

Ауылын аялаған азамат

704 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ақжайық ауданының Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауы­лындағы М.Өтемісов атын­дағы негізгі мектеп жанындағы «Жерұйық» мұражайы жұмыс жасағалы екі жыл болған екен. Осы азғантай уақытта-ақ мұра­жайдың жұмысы облысқа танылып үлгерді. Бұл ең алдымен оның жетекшісі, аудандық туризм және экология орталығының қосымша білім беру педагогы Жәнібек Әбілпейісовтің ынтасымен, бастамашылдығымен, ауыл-ел тарихына деген шынайы жана­шырлығымен байланысты еке­ні де шартарапқа мәлім болуда. Жәнібектің үлкен бір қыры – тек бір ауыл шеңберінде байланып қалмай, біріншіден, кезінде еліне елеулі болып, ұлтын ұлықтаған зиялылардың ұмытыла бастаған болмыс-бітімдерін жас ұрпаққа жарқыратып қайта табыстыруға күш салуда. Алдымен өзі оқып-тоқып білетін немесе шежіре қарттардан естігені бойынша өңі­рі­міздегі танымал тұлғалардың өмір жолы, еңбегі хақында қағазға түсіріп, олардың суреттерін салып, тұңғыш рет осы шағын ауыл­дағы екі бөлмелі мұражайға қойды. DSC_0244«Ел қамын жеген ерлердің Сөз білген жанда хақы бар. Жоқтаған күнде арымды Халдерін тарих етпесек, Сөз қалдырып кетпесек, Кейінгіден кім айтар? – Сөз білгендер арылды», – деген емес пе Ығылман Шөреков. Өткен жылы Қазақ хандығының айтулы мерейтойына арналып ауданымызда, облысымызда ұйымдастырылған үлкен-үлкен басқосуларда Алаштың осындай аймаңдай арыстарының аманат-жырларын мінберден төгіп-төгіп жіберген Жәнібекті көргенде, мұндай азамат талай істің басын қайырарына қалайша сенбессің. Ауданымыздағы Тайпақ ауы­лында жерленген, ұрпақтары сол ауылда тұратын Арыстан әу­лие, Базартөбе ауылының тумасы, патша заманында отыз орысқа жалаңаш қолмен қарсы тұрған Шомбыр батыр, бүгінде ұрпақтары Ақсуат ауылында тұратын Бисекеш ақын, Ба­зар­шолан ауылына қарасты Байшөрек елді мекенінде жерленген Сүгір жырау және тағы басқа аруақты аталарымыздың жұрт үшін атқарған ерек ісін, ерлігін насихаттап, ұрпақ бойы­нан ұлттық рухты оятуға күш салған оның ынта-жігерін, тіпті, оны алғаш көрген кім-кім де бірден байқар еді. Былтырғы жазда оқушыла­рын, ауылдағы жастарды қасына алып, Үкі би Төлепұлы, Сатай батыр, Шомбыр батыр, Байбарақ батыр, Сүгір жырау, Бисекеш ақын, Есімхан Нұралыханұлы, Арыстан әулие жерленген, туып-өскен қасиетті жерлерге тәу етіп, сайын дала төсінде өзіндік бір дәрістер ұйымдастырды. Иә, олар тек қана көріп, танысып қайтқан жоқ. Тарих сырының ашылуына жұмыла жұмыс жасады. Небір аруақты батыр, билер жерленген Кенжеғара қорымындағы арабша таңбаланған 81 құлпытасты картаға түсірді. Әрқайсысын нөмірледі. 61 құлпытасты фотосуретке басты. Осы сапардың қорытындысы бойынша жұмыстарын «Дана-kaz» журналының бас редакторы, өлкетанушы, төте жазуды оқуға төселген оралдық белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлына жолдаған-ды. Қазекең мен олар­дың әріптестерінен жылы лебізге бөленді. Ғалымдардың аяғы жете бермейтін алыс аймақ­тағы елеусіз жатқан ескерт­кіштерді оқып, құпиясын ашуына қолдан келгенше атсалысу дегеніміз перзенттік бір парыз емес пе. Құдай қаласа, биыл да экспедицияны жалғастырады. Ал Қазбек бұлар түсірген фотосуреттен тарихи екі тұлғаның құлпытасын анықтады. Оның біреуі – патша заманында Соналы болысын 30 жыл басқарған, 1888 жылы қазіргі Базаршолан ауылынан тұңғыш мектеп ашқан, болыс Мұхамеджан Сарғожиннің әкесі – Сарғожа бидің құлпытасы. Екін­шісі – белгілі жазушы Бер­қайыр Аманшиннің арғы атасы Сартай бидің құлпытасы. – Біздің бұл еңбектеріміз өз өлкеміздің, өз ауданымыздың тарихын қалыңдата түсетініне, байыта түсетініне біз өте қуаныш­тымыз, – дейді Ж.Әбіл­пейісов. – Өлке тарихы – өмірі­міздің рухани тамыры. Хал-қадерімізше ірі мұражай, музейлермен байланысты нығайтуға да тырысудамыз. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сирек қорында сақталған дүниелердің кейбірін оқып-үйренудеміз. Базаршолан ауылдық округіне қарасты Байғұтты соры мен Шолаққамыс көлдігінің бойына қатысты көне шежіреге үңілудеміз. Мы­­­­­салы, Байғұтты сорының қабағындағы үлкен мола әлі күнге дейін «Кенжеғараның жері», «Кенжеғара қорымы» деп аталады. Алаша руының Кенжеғара аталығынан шыққан атақты екі тұлға Мұхамеджан және Сабыр Сарғожиндер туралы халық арасында тағылымды әңгіме аз емес. Сол аймақта мал көрінбейтін ну қамыс өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін өскен. Кеңшар кезінде арнайы өртеліп, көлдік шабындыққа айналдырылған. Патша заманында бұл жер Соналы болысының аумағы болған. Жер­дің бұлай аталуының өзі бұл жердегі көл­діктерде сонаның көптігінен болса керек. Соналы болысы әуелі Калмыков, сонан соң Ілбішін уезіне қараған. 1900 жылғы мәліметте Соналы болы­сына 14 ауыл қараған. Яғни, Ілбішін уезіндегі 16 болыстықтың ішіндегі ауыл саны ең көбі Соналы болыпты. Мұхамеджан Сарғожин (1844 – 1916) өмірінің соңына дейін Соналы болысының тізгінін ұстаған, Сарыбөпе болыстың немересі. Ол Жәңгір ханның ағар­­тушылық ісін жалғастырып, өз қаражатына 1888 жылы қа­­зіргі Базаршолан ауылында 50 орындық мектеп ашқан. Мек­теп 1904 жыл­дан «Соналы болысының орыс-қырғыз учи­­­лищесі» деп өзгертілген. Міне, өткеніміздің осындай бет­­терін одан әрі жаң­ғыртуға тиіспіз. Бәрі де керек, ұрпаққа керек, атажұртымызға керек. Ізденісімізді ұштаудамыз. Былтыр күзде Жәнібек ауылға Атыраудан ата-бабаларымыз дәстүрлі садақ жасау, садақ ату өнерінің шебері, мерген Мұрат Ғабдусалимовті арнайы шақырды. Осы кездесуден тұрғындардың, әсіресе, балалардың алған әсерін тілмен айтып жеткізу қиын. Кино­дан, кітаптан көретін мұздай темір құрсанған қазақ батырын қол созым жерден көріп, Мұ­­рат­тың садақ туралы өте қы­зықты әңгімесін тыңдады. Мұрат халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан қатысып ел абыройын асқақтатып жүрген еліміздегі санаулы азаматтың бірі. Өз қолымен жасаған садақ туралы, қалай жасалып, қалай атылатыны туралы әңгімеледі. Кездесу соңында «Жерұйық» мұражайына өзі жасаған садақ пен айбалтаны тарту етті. Жұрттың өтінішін орындап, Атамекен ауылының көшесіне шығып, ысқырғыш жебені оқтап, садағын толғап тұрып тартып жіберген кезде, барлық бала батыр болып ер­жетуді армандап тұрғандай-ды. Иә, осылайша, қазақ рухының қасиеті ұрпақ бойына шым-шымдап дари берді. Осы қыста өлкетану үйір­месінің оқушылары өздерінің жетекшісімен бірге жасаған ең көрнекті жұмыс – олар қазақ ба­ты­рының кіреуке сауытын бір ай отырып өз қолдарымен тоқып шықты. Сауытқа 13 килограмм сым, 11 000 сақина тор жұмсалды. Ұлы Даламыздың өткеніне қатысты бағалы, құнды нәрсенің бәрін жаңғыртуға күш салған Жәнібек Әбілпейісов еңбегінің нәтижесі келешекте одан әрі еселене түсетініне жоғарыдағы мысалдар әбден айғақ болса керек.  Болат ЕСҚАЛИЕВ.  Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Атамекен ауылы. Суретте: Жәнібек  Әбілпейісов.