26 Наурыз, 2016

*Депутаттар лебізі

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Майра АЙСИНАМайра АЙСИНА: – Жалпы, де­путат болу адам­ға өте үлкен жа­уап­­кершілік жүк­­­тейді. Елі­міз­дің эко­но­ми­ка­лық да­муы­на, әлеу­мет­тік әл-ауқа­ты­ның артуына ық­палын тигізетін заң­дарды барынша тиімді етіп қабылдау адамнан өте көп еңбек­тенуді, ұзақ уақыт бойы сарылып ізденуді талап етеді. Мен өткен сайланымдарда өз басымнан осындай ахуалдарды өткердім. V сайланымның депутаттарды үйлесім­ділікпен жұмыс істеді деп айта аламын. Бәрі де заңдарды қажетті дең­гейге жетілдіруге белсене атсалысты. Енді жаңа әріптестерімізбен де тез табыса­тын шығармыз. Өйткені, бұл жолы да Мәжіліске өте білікті, өз ісінің шеберлері сайланғанын көріп отырмыз. Әрине, өткен сайланымдағы кейбір әріптестеріміздің орнын солар секілді білікті адамдар басқанына сенімдімін. ERA_3637+Балайым КЕСЕБАЕВА: – Парламент Мә­жі­лісінің депутаты болып сайланғаныма қуа­ныштымын, сонымен қатар, бұл жұмыстың өте ауыр жауапкершілік жүктейтінін де сезінемін. Өзім біраз жыл Қызыл­орда облыстық әділет департаментінің бас­шысы болып қызмет ат­қар­ғандықтан, заңдармен жақсы таныспын. Алай­да, солардың кейбірінің қазақша мәтіндері қарын ашыратынын көріп жүретін едік. Енді соны өз қолымызбен түзеп, халыққа сапалы сәнімен ұсынуға қолғабыс тигізермін деген үмі­тім бар. Бүгін Елбасының сөзі маған қатты әсер етті. Ол кісі бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Бес институттық реформаның іске асуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін заңдар да жетілдірілетінін және осы бағыттағы жаңа заң жобалары біздің қарауымызға көптеп келетінін сезіп тұрмын. Міне, осылардың бәрін әрі тиімді, әрі халыққа барынша ұғынықты жасай алатын болсақ, біздің міндетіміздің орындалғаны сол деп білемін. ERA_3671+Фахриддин ҚАРАТАЕВ: – Елбасының жаңағы айтқан сөздері мені қатты толқытты. Ол кісі өзінің сөзінде біздің шығарған заңдарымыздың бәрі Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын атап көрсетті. Қаржы үдерістерінің жариялылығын қам­тамасыз ететін бірыңғай салық және кеден ко­дексін қабылдау керек деген тапсырмасы да қатты ұнады. Бұл заңның әртүрлілігін пайдаланып, мемлекеттік қаражатты жең ұшынан жалғасып, қымқырғысы келетіндердің жолын кесетіні айқын. Жалпы, бір мәселе бо­йынша заңда ешкімді тапжылтпайтын бірізді шешім болуы керек қой. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі. Елбасының осындай мәселелерге назар аударатыны мені қатты тәнті етті. Мен өзім өзбек тілінде шығатын «Жанубий Козогистон» атты облыстық газеттің бас редакторлығы қызметінен «Нұр Отан» партиясының тізімімен сайланған журналист депутатпын. Сондықтан да, ашықтық пен мөлдірлікті қалаймын. ERA_3680+Мәулен ӘШІМБАЕВ: – Мемлекет басшысы өз сөзінде Парламенттің ал­дында тұрған келелі міндет­терді айқындап берді.  Ол негізінен еліміздің құ­қық­тық базасын қалыптастыру төңірегінде өрбіді. Алдағы уа­қытта бәсекелестікке, салық кодексіне, кеден ко­дек­сіне қатысты  заңдарды же­тіл­діру мәселесі алдымызда тұр. Депутаттар Мемлекет басшысының тапсыр­­масына орай осы төңіректе белсене жұмыс істейді. Түйіндеп айтқанда, Парламент Мәжілі­­­сі­нің бүгінгі ең басты міндеті еліміздегі рефор­­ма­лар­ды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету болмақ­шы. V шақырылымда депутаттар 59 заң қа­былдады. Әйтсе де, Ұлт Жоспарына байланысты, басқа да реформаларға қатысты құқықтық  базаны толыққанды қалыптастырдық деп айту қиын. Басқа да заңдарды, басқа да шешімдерді қабылдау қажет. Бұдан басқа, «Нұр Отан» партиясының фракциясы  үшін сайлауалды бағдарламасы біздің басым бағыттарымыздың бірі болып табылады. Сондай-ақ, қазіргі Парламент Мәжілісінің алдында тұрған басты мәселе – бес институттық реформаны жүзеге асыру бағытында жұмыс істейміз. ERA_3597+Геннадий ШИПОВСКИХ: – Бүгін VI шақы­ры­лымның алғашқы отырысына қатыстық. Ант қабылдадық.  Парламенттік қызметіміз енді бас­талып жатыр. Осы күннен бастап халық үшін қолдан келген қыз­метімізді көр­сетуі­міз ке­рек деп ойлаймын. Өйткені,  ха­лық­тың көпшілігі «Нұр Отан» пар­­тиясының сайлауалды бағ­дар­ламасына сенімін артты, өздерінің түйінді мәселелерінің шешілетін­дігінен үміт­теніп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта әріптес­терімізбен бірге халықтың ойынан шығуға тырысамыз. Парламент Мәжілісінің құрамында әртүрлі саланың өкілдері бар.  Оның ішінде экономистер де, елге таны­мал саясаткерлер де жеткілікті. Халықтың проб­лемасы да әртүрлі. Сондықтан әр депутат өзінің терең білетін саласына байланысты, заңдардың сапалы қабылдануына үлес қосатыны сөзсіз. Мен жұмыс­шылар тобының өкілі болғандықтан шығар, әлеуметтік желілерде сын тезіне алғаны байқалады. Мен машиниспін, пойыз жүргізетін, ал ол қанша адамның тағдырына жауап беретінін білесіз бе? Жауапкершілігі тым жоғары. Білмеген жерлеріміз болса, үйренеміз, сөйтіп, депутаттық қызметімізді жауапкершілікпен атқаруға тырысатын боламыз. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.