29 Наурыз, 2016

Жарқын болашақ

3499 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бақытжан ЖҮНІСБЕКОВ,талабы таудай жастардың қолында Әлемдік тәжірибелер көрсетіп отырғандай, жылдам өзгермелі жаһандану үрдісінің қозғаушы күші – білім мен ғылымды, жаңа технологиялар мен ақпараттарды жетік игерген адами капиталы жоғары мемлекеттердің ен­шісінде. Аталмыш бәсекеде елдің ересек топтарына қарағанда жас­тар­дың инновациялық әлеуеті, тез қабылдағыш зейінділігі, баста­машылдығы мен белсенділігі қоғам дамуының алғышартына айналып отыр. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін де заңды құбылыс. Себебі, жалпы халықтың әлеуетін көтеруде азаматтарға ашық әрі әділ қызмет көрсететін мемлекеттік органдар ел егемендігінің 25 жылы ішінде озық реформаларға қол жеткізуде. Әр кезеңдерде орын алған әлем­дік саяси-экономикалық дағ­дарыстан қоғамды іркілтпей, бел­гілі бір нақты қадам мен идея төңірегінде шоғырландыра отырып серпіліс пен дамуға қол жеткізген мемлекеттер мен қай­рат­керлерде өздерінің стратегиялық жоспарлары мен мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруда жастарға иек артқаны белгілі. Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толғалы отырған еліміз үшін «Мәң­гілік Ел» идеясын түпкілікті жүзеге асыруға бағытталған кезең басталды. Осыған орай, Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жос­пары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты бағдарла­малық мақаласы қоғамда қызу талқы­ланып, халық пен сарапшылар тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдауға ие болғаны мәлім. Себебі, Елбасы осы мақаласында «2016 жылдың 1 қаңтарынан «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Біз өзіміздің жаңа арманымызға қарай жақындауды Бес институттық рефор­­маны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын жасау­дан бастадық», деп атап өткен болатын. Тәуелсіздігіміздің жетістігінің бірі – елордамыз Астана қаласы қа­зақ­­стандық арманға жетелеп, жас­тар­дың тұғырлануына барын­ша жағ­дайлар мен мүмкін­діктер қалып­тас­тыратын аймақ­қа айналып үлгерді. Әр тараптан Астанаға оқу немесе жұмыс іздеп келген жастарды ел жастары­ның сұ­рып­талған тобына ай­ландыра оты­рып, жас ұрпақтың көш­бас­шы­лары ретінде патриоттық тұр­ғыда тәрбиелеу – Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы біздің де басты мін­детіміз. «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағ­дар­ламалық мақаласындағы Елбасы тапсырмаларын – елордадағы жас­тар арасындағы білім алу, оның ішінде еңбек нарығындағы сұра­нысқа сай мамандықты игеру, жұмысқа орналасу, жастар ара­сындағы қылмыстың алдын алу сынды өзекті мәселелердің то­лық­тай шешімін табуға бағыт­талған құжат ретінде қарастыруға болады. Мысалы, қазіргі жас­тар арасындағы жұмыссыздық сал­дарының бірі – өзі игерген маман­дық бойынша еңбек етуі толықтай шешімін таппаған мәселе болса, екіншісі – мектеп қабырғасындағы оқушының өзінің икем-қабілетін ескермей мамандық таңдаудағы дұрыс немесе бұрыс шешім қа­былдауы. Мақаладағы жаңалықтардың бірі – 2017 жылдан бастап «Бар­ша үшін тегін кәсіптік-техни­калық білім» жобасының жүзеге асырылуы, сондай-ақ, қаржы­лан­дыру көлемін арттыра отырып «Жұмыспен қамту жол карта­сының»өзектілене түсетіні, осы бағдарлама аясында біліктілігін шың­дай отырып шағын бизнеске несие алуға мүмкіндік беріле­тіні жастар жағдайын едәуір жақсар­татыны сөзсіз. Әрине бұл тұста Ел­басы айтқандай – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын табанды түрде өмірге енгізуіміз қажет. Осы тұста өңірлік жастар сая­сатын жүзеге асыруға бағыт­талған іс-шаралар аясындағы Ас­та­на қаласында 2016 жылға жос­пар­ланған «Мектеп оқушыларына ма­ман­дық таңдауда кәсіби ба­ғыт-бағдар беру және еңбек нары­ғын­дағы сұранысқа ие маман­дық­тарды насихаттау» іс-шара­лар ке­шенін атауға болады. Іс-ша­ра бары­сындағы ауқымды кезде­су­лерде оқушыларға еңбек нары­ғындағы сұранысқа ие кәсіптік-жұмысшы мамандықтар, оларды игеру үшін тиісті оқу орындары мен жасалатын алғышарттар туралы білікті лекторлар мен мамандық өкілдері нақты ақпараттар ұсынып, психолог мамандар оқушылардың же­келеген ерекшеліктері мен мүм­кін­діктерін ескеріп кеңес береді. Ал өндіріс орындарындағы Ашық есік күндерінде жұмысқа орналасу үшін оқу орындарында тиісті маман­дықты игеру, біліктілік деңгейі, еңбек ерекшелігі, нарық­тағы сұранысы және т.б. қажетті мәліметтер кеңінен таратылды. Экскурсияларда оқушылар әртүрлі мамандықтардың өзіндік сипаттарымен, адамдардың жұмыс орнымен танысады және өз кәсібінің шеберлерімен еңбек ерекшелігі туралы сөйлесе алады. Болашақ түлектерге кәсіптік бағыт-бағдар беруде, еңбек нары­ғын­дағы тепе-теңдікті сақтауда, мем­лекетіміздің жұмысшы кү­шін нығайтуда, бастысы – жас азаматтардың өмірде өзін­дік лайық­ты орнын тауып, толық­қанды от­ба­сының асыраушысы болуы үшін жоғарыда айтылған іс-шара­лардың алар орыны ерекше. Еліміз­дегі еңбек нарығы көрсетіп отыр­ғандай, қазіргі уақытта кәсіп­тік-жұмысшы мамандықтар тапшы­лығы айқын сезілсе, керісін­ше, экономика, қаржы, заң, атқару саласындағы мамандар саны жұмыс­сыздар санын толықтырып, жас­тар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші кемімей отыр. Тағы бір айта кетер мәселе, Ас­тана қаласындағы жоғары және арнаулы орта білім беру меке­ме­лерінің 2013-2016 жылдар ара­лығында түлектері туралы қолда бар мәліметті қарасақ, техникалық жұмысшы мамандықтарды таңдағандар саны 21 пайыздан аспай тұр, нарықтағы қажеттілігі 75 пайызды құраған. Сондай-ақ, қаңтардан бастап жаңа құрылған жергілікті полиция қызметімен бірлесе жүзеге асырылатын «Сту­денттік құқық қорғау отрядтары» қызметін айта кеткенді жөн санап отырмын. Жобаға елордалық жоғары оқу орындарының заң факультеттерінде оқитын 400 студент жұмылдырылады. Қызметтің негізгі мақсаты – біріншіден, жас­тар арасындағы құқық бұзушы­лықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, ұсақ құқық бұзу­шылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын одан әрі жүзеге асыру, түрлі рейдтермен ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Екіншіден, жастар мәселесіне жас­тар тікелей қатысады әрі заңгер ма­ман­дығындағы болашақ тәртіп сақшылары тікелей тәжірибеден өтеді. Осындай жолмен жергі­лікті полиция қызметімен біріге қоғамдық тәртіпті күзетіп, тұр­мыстық және ұсақ құқық бұзушы­лықтарға атымен төзбеушілік мә­селелерін орындайтын болады. Астана қаласының Жастар саясаты басқармасының бастамасымен жастарға тікелей бағытталған жылына 50-ден астам түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жо­ба­лардың барлығы сөзсіз Елба­сы сөздерінен туындаған міндет­те­мелер мен тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталғаны белгілі. Соның ішінде Астана қаласы­ның Жастар саясатын қолдау мем­лекеттік қоры жүзеге асырып келе жатқан «Аула клубтары» әлеу­меттік жобасының орны ерекше. Бағдарламалық мақаласын Нұрсұлтан Әбішұлы «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы. Қазақстандықтардың аза­мат­тық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған төртінші реформаның мәні де дәл осында», деп атап өтті. Осы тұста жас­тар мен жасөспірімдерді тұрғы­лықты жері бойынша бос уақы­тын тиімді өткізуге, сол арқылы қазақстандық патриотизммен тәр­биелеуге бағытталған «Аула клубтары» жобасын дәйекті түрде атауға болады. Мыңдаған жасөс­пірім мен жастарды, балаларды ортақ қызығушылықтары мен ын­та­сына қарай біріктірген сан түрлі мәдени және спорттық үйірме­лер­де елімізді мекен еткен сан түрлі ұлттар ұрпағы бірлік пен дос­­тықта бас қосуда. Олардың әрбір жеткен жетістіктері мен ба­ғын­­дырған белестері – ортақ жеңі­сіміз. Елбасы айтып өткендей, «Аста­наның болашағы – Қазақстанның болашағы». Уақыт өткен сайын ілгері жылжыған Астана өңірінің дамуында жастардың мүддесі де өсіп келеді, сәйкесінше жастарға қатысты күрделенген мәселелер де лайықты шешімін табуда. Жалпы мемлекет болып жүзеге асыруды бастаған «Бес институттық реформаның» «100 нақты қадам» «Ұлт Жоспары» кең ауқымды бағ­дар­лама ретінде мемлекеттік жастар саясаты саласын үздіктер қатары­на қосып, жас ұрпақтың бола­шағы – мемлекет болашағы үшін үлкен мүмкіндіктерді ашаты­ны­на сенеміз. Жарқын болашақ – білімі мен білігі толысқан, ұлтының терең тарихы мен бай тілінен сусындаған, ойы озық, өрісі кең, рухы биік, талабы таудай жастардың қолында! Бақытжан ЖҮНІСБЕКОВ, Астана қаласының Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорының директоры. Астана.