29 Наурыз, 2016

Балыққа да басымдық берілмек

445 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Торетогам-09Күршім ауданында екі жыл бұрын «Төретоғам» ЖШС атты ірі балық ресурстарын аулау және өңдеу кәсіпорыны ашылған. Аудандағы жұмыс сапарымыздың аясында аталған зауыттың жұмысымен танысқан едік. Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаевтың айтуынша, аудан көлемінде 6 елді мекен жағалауда орналасқан. 300-ге жуық тұрғын тікелей балық аулау кәсібімен шұғылданады. Бұл – Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы жұрттың ежелгі кәсібі. Аудан әкімі Сейсенғазы Жұмағалиұлы соңғы жылдары «Төре» консорциумына қарасты «Төретоғам» және «Дигам» ЖШС өңдеген балық өнімдері еурокодтарға ие болып, Қытай мен Еуропа елдері, Ресей нарығына шыға бастағанын және жылына экспортқа шығарылатын 4 мың тонна балықты аулау мен өңдеу бойынша тиісті лицензияға ие болғанын, кәсіпкерлермен заңды түрде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Жуырда облыс әкімі Даниал Ахметов халықпен есепті кездесуінде жергілікті балықшылардың өндірістік кооперативке бірігіп, балық аулауға рұқсат алуына басымдық берілетінін айтқан болатын. Өңір басшысы Күршім ауданына жұмыс сапары кезінде де аталған мәселенің маңыздылығына тоқталған еді. Қазіргі кезде ауданда осы тарапта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қайыңды мен Құйған ауылдық округтерінің балықшылары тендерге қатысу талаптарын орындау мақсатында несие қаражатын қарастырып, өз мүмкіндіктерін сынап көрмек. Ал «Төретоғам» ЖШС бұл талапты әу баста орындаған кәсіпорындардың бірі. «Төретоғам» ЖШС бас директоры Нұрлан Қасымхановпен әңгімелескенімізде, кәсіпорын бас­шысы балық шаруашылығы тура­лы егжей-тегжейлі сөз қозға­ды. Бұл өзі қатпары көп, қажыр-қайратты қажет ететін сала. Нұр­лан Есімханұлының айтуын­ша, ұзақ жылдар бойы балық шаруа­шылығы саласынан аудан­дық бюджетке салық түспей, балық­шылардың шаруасы өнбей, шат­қаяқтап тұрған кезеңдер өтті. Сондықтан осы салада жүр­ген күршімдіктер бас қосып, оның ішінде 13 кәсіпкер жаңа кәсіп­орынды құрған екен. Яғни, қайы­ғы мен кемесін, ау мен басқа да құ­ралдарын «Төретоғам» ЖШС меншігіне өткізген жаңа ком­пания жетекшілері банктен ғи­марат сатып алады. Оған 120 мил­лион теңге көлемінде инвестиция құяды. Шаруашылық қатысу­шылары – Зайсан көлінің жаға­ла­у­ында орналасқан Күршім ауданына қарасты Балық­шы ауылдық округінің Аманат, Ақсуат, Жолнұсқау және Тарба­ғатай ауданының Тұғыл ауыл­дарының тұрғындары. Осылайша жаңа өндіріс орны аудан тұрғындарының қатысуымен 2013 жылы ашылды. Балықты кешенді өңдеу зауытының заманауи технологиялы құрал-жабдықтары сатып алынды. Жаңа жүйеге көшуді қалаған кәсіпорын инвесторлары зауытқа Еуропалық одақтың талаптарына сай келетін жоғары қуатты германиялық-ресейлік тоңазытқыш құралдарын алып келді. Балық өнімдерін 40-45 градусқа дейін қатыра алатын жаңа құралдардың 20 жылға дейінгі сапа кепілдігі бар. Сондай-ақ, Санкт-Петербургтен келген білікті технологтардың көмегімен жаңа өндіріс жүйесі жолға қойылып, іске қосылды. Орналасқан жері­не орай, кәсіпорынға аудан орта­лы­ғындағы Төретоғам атты көне тоған­ның атауы берілді. 2014 жыл­дың көктемінде кәсіпорын ғима­раттары толығымен күрде­лі жөндеуден өтті. Шетел нары­ғын игеру мақсатында Қазақ вете­ринарлық инспекциясы, Кеден одағы елдері бойынша Ресей Федерациясының ауыл шаруа­шылығын бақылау қызметі мен Еу­роодақтың Франция, Италия, Гер­мания, Швейцария елдерінің мамандарынан құралған комиссия сарапшылары өнім өңдеудің еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін тексерді. Осы ау­дит­тік жұмыстың нәтижесінде зауыт өнімі еурокодқа ие болды. Бұл – халықаралық нарыққа «Төре­тоғам» өнімі тоқтаусыз кіреді деген сөз. «Төретоғам» брэнді қазір Еуропа нарығына жол­дама алып, жылына 500 тонна көк­серке сүбесін Литва, Германия, Дания, Белгия, Норвегия елдері мен Қытайдың Бейжің қаласына тасымалдауда. Бұл елдермен үш жылға бекітілген келісімшарт бар. Нұрлан Қасымханов Қытайдың Сары теңізінің жағалауындағы Чин­дау портты қаласында өткен халық­аралық аквамәдениет көрме­сіне қатысып, «Төретоғам» өнім­дерін таныстырғанын жеткізді. Жалпы, Қытай елімен 1 мың тон­наға дейін балық өнімдерін өткізуге келісімшарт жасалып, бүгінде дайын өнім Майқапшағай кеден бекеті арқылы тасымалдануда. Қытай әлемде балық экспорттаудан алғашқы орында болса да, мил­лиардтар елінің «Төретоғам» өні­міне сұраныс білдіруі бекер емес. – Бүгінде бүкіл әлемде балықты арнайы акваторияларда өсіреді. Ал біздің өніміміз экологиялық таза табиғи ортада – Зайсан көлі­нен ауланатындықтан, сапасы жағы­нан әлемде жоғары бағаға ие бол­ды. Сондықтан, біз алтынға баға­ланатын балығымызды аулаудан бұрын оның өсуін, сақталуын да ойластыруымыз керек, – дейді кәсі­порын жетекшісі. – Әлбетте, ата-бабасынан бері балық шаруа­шылығымен шұғылданып келе жатқан жағалаудағы тұрғындар көлдің жағдайын жетік біледі. Олар бір күндік пайда ойлаған браконьер­лерге қарағанда, көлге қамқор. Елі­мізде уылдырық шашар мез­гілде 45 күнге дейін балық аулауға тыйым салынған. Көксер­ке 300 мың дана мөлшерінде уыл­дырық шашады. Табиғаттың теңдігі де сонда, көксеркенің аталығы уылдырықты шаяндар мен құстардан сақтау үшін жағалауда қалып, «күзетеді». Уылдырықтың 20-30 пайызының сақталуының өзі балықтың өсіміне жол ашады. Осыған орай, зауыт басшылығы балықты қолдан өсіруге көңіл бөліп отыр. Мәселен, ТМД елдерінде көлемі жағынан үштікке енген Күршім ауданындағы балық питомнигі және уылдырық шашу-шабақ өсіру шаруашылығына 2 миллион теңге аударып, балық өсіруге тапсырыс берді. Сонымен бірге Алматы облысындағы Шілікті тоған шаруашылығымен жасалған келісімшарт негізінде 15 миллион теңгеге 700 мың дана дөңмаңдай, ақ амур құртшабақтары Бұқтырма су қоймасына жіберілді. Бұл балық түрлері көл санитарлары іспетті. Яғни, жағалаудағы қоға-қамысты жеп, тазарту арқылы көксерке сынды жыртқыш балықтарға жағымсыз әсер ететін ластанудан сақтайды. Уылдырық шаруашылығында Кеңес өкіметі кезінде тұқы, сазан өсірілгенімен, көксеркені өсірудің ғылыми негіздемесі жасалмаған екен. «Төретоғам» зауыты осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қытай­лық әріптестермен көксерке аквамә­дениетін енгізу жобасын жүргізуді жос­парлап отыр. Соңғы жылдары балықшы елді мекендер тұрғындарының көмегімен жаға­лауды тазалау және аэрация жұ­мыстары дәстүрлі түрде жүргі­зіле бастады. Аэрация дегені­міз – қыстыгүні суда ауа болуы үшін мұзды тесіп, ойық­қа қамыс түсіру жүмыстары. Одан бөлек, көлшіктердегі құрт­ша­­бақ­тарды құтқару, айдынға жіберу жұмыстарына көңіл ау­дарыл­ды. Сондай-ақ, «Төрето­ғам» бас­шылығының шешімі­мен балық­шылар тойын ұйым­дастыру қол­ға алынды. Оған балық­шылармен бірге басқа сала маман­дары, көрші аудандардан қо­нақтар келіп, көптеген спорт­тық сайыстар өткізіледі. Қыстың ая­зында, жаздың аптабында толқынмен алысып, теңіз кешіп жүретін балықшылар қауымы бұл тойда бір серпіліп қалады. «Төретоғам» – аз уақытта 36 қазақстандық компанияның ішінен оза шауып, онжылдық лицензияға ие болған кәсіпорын. Тендерден ұтқан ұзақмерзімді балық шаруашылығы акваториялары Тұғыл, Жолнұсқау, Аманат ауылдарының тұсында орналасқан. Облыс әкімінің қаулысымен бекітіліп, жылына 2200 тонна балық аулауға рұқсат алған кәсіпорынға қойылатын талаптар жетерлік. Мәселен, төретоғамдықтар табиғатты пайдаланушы ретінде жылына бюджетке 50-60 миллион теңге төлемақы құя бастады. Қазіргі кезде кәсіпорында жоғары сұранысқа ие көксерке мен сазаннан басқа табан, нәлім, шортан, алабұға балықтары өңделеді. Ең бастысы, зауытта балық ресурстарын қалдықсыз өңдеуге жете мән беріліп отыр. Осы ретте балық сүбесі ғана емес, қыл аяғы қалдықтарынан құс фабрикаларына қажетті құнарлы балық ұнын әзірлеу жолға қойылған. Бүгінде «Төретоғам» әзірлеген балық ұнына Астана, Өскемен мен Семей қалаларындағы құс өнімдерін өндірушілер тұрақты тапсырыс беріп отырса, соңғы кезде ресейлік тарап та қызығушылық таныта бастады. Бұл зауыт аумағына балық шикізатын қабылдаудан дайын өнім болып шыққанға дейінгі өндіріс жүйесін қайта қарауды қажет етті. Яғни, балық тиелген көлік зауыт аумағына кірерде толығымен санитарлық тазалаудан өтеді. Қоршаған ортаға зиян келтірмеудің барлық қадамдары ескерілді. Зауыт жұмысшылары да санитарлық тазалықты қатаң сақтайды. Бұл ретте кешенді өңдеу цехында барлық қажетті жағдайлар жасалғанына куә болдық. Кәсіпорын цехының өндірістік қуаты 1020 тонна балықты салқындату мен мұздатуға және сақтауға жетеді. Сүбе өндіру цехы тәулігіне – 14, балық қақтау цехы – 15, балықты тұтас күйінде өңдеу цехы – 10, балық ұнын әзірлеу цехы 10 тонна шикізатты өңдеу қуатына ие. Ал балық аулау флотында 46 техника жұмыс істейді. Негізгі өндірісте 100-ге жуық адам еңбек етсе, көл аумағында 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыт цехы толық қуатында жұмыс істеуге көшкен кезде 300-ден аса адам жұмыспен қамтылмақ. Ха­лық­аралық хабқа қосылу мақса­тында зауыт өнімдерінің марке­тингтік жоспары мен логис­ти­калық орталықтарын құру тәрізді ұзақ­мерзімді стратегиялық бағдар­ламалар да қарастырылып отыр. «Қазақ балық шаруашылығы қауымдастығы» ұйымының бас­қарма мүшесі ретінде Нұрлан Есімханұлы кәсіпорынның кешенді даму бағдарламасы мен мәселелері республикалық деңгейде көтеріліп отыратынын жеткізді. Айталық, биоалуандылықты сақтау. Қа­ра­пайым мысал: көксеркенің негізгі жемі – табан балығы. Егер, кәсіп көзі ретінде көксеркені өсірсе, су қой­ма­сындағы басқа да жыртқыш балық­тарға қауіп төндіретін көрі­неді. – Зайсан – үлкен ауқымдағы аквамәдениет, тағамы асып-төгілген қазан іспетті. Өйткені, су қоймасының жоғарғы жағында Қара Ертіс болса, төменгі жағында Бұқтырма су электр стансасы бар. Айдынның үстінен қарасаңыз, қара жасыл болып жалқынданып жатады. Бұл – балықтың мол кездесетін табиғи жемінің қоры. Табиғи ортасы тамаша болғандықтан, балықтың өсуіне барлық мүмкіндік бар. Бірақ, балыққа төнер қауіп азаймай тұр. Ең басты қауіп – адам факторы. Мәселен, тыйым салынса да көлден қытай ауы көп табылады. Ауды рұқсатсыз құрғаны үшін балықшыдан емес, кеденнен сұрау болуы тиіс. Яғни, табиғатты қорғау саласындағы көптеген мемлекеттік органдар мен құрылымдар браконьерлермен түбегейлі күрес жүргізуі керек. Біздің қорықшыларымыз браконьерлерден көлді түгел қори алмайды. Оның үстіне, олардың қауіпсіздігі де қамтамасыз етілмеген. Сондықтан мемлекеттік құрылымдардың ауды табиғат пайдаланушыға уақытша беру жүйесін енгізуі тиімді болар еді деп ойлаймын. Сол кезде көлдің тазалығы да сақталады. Жеке кәсіпкерлер аудың суға тасталмауын қадағалайды. Әйтпесе, кеденнен өткен заңсыз ау құралдары айдын түбінде қаншама балықты апатқа ұшыратады. Сондай-ақ, балық уылдырығын жағаға шашатындықтан, шабақтар жағалау мен көлшіктерден айдын ортасына оралғанға дейін Бұқтырма су электр стансасының шлюзін жабық ұстауға көмек көрсетілсе құба-құп. Бізге көп жағдайда шабақтардың көлшікте қалып, қырылып кетпеудің алдын-алуымызға тура келеді. Үшінші үлкен қауіп – құс. Мәселен, суқұзғын бір күнде 100 дана балық жейді. Бір маусымда 7-8 мың суқұзғын ұшып келсе, көлдің жағдайы қалай болатынын болжай беріңіз. Қазір Зайсан көлінде суқұзғын шамадан тыс көбейіп кетті. Онымен де күрес жүргізу қажет. Мұның барлығы табиғат қорғау саласында кешенді жұмысты үйлестіруді қажет етеді. Барлығымен күрес жүргізуге әлеуетіміз жетпесе де, шама-шарқымызша туған жеріміздің байлығын сақтауға, тиімді пайдалануға жұмыс істеудеміз, – деді Нұрлан Қасымханов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.