Алтын бесік атанған аяулы мекенді қарқынды дамыту үшін не істеу керек?
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауы ел өміріне соны серпін, тың жігер берді. Қазіргі таңда бүкіл еліміз осы Жолдауда алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға берік жұмылуда.
Жолдауда Елбасымыздың жастарға, оның ішінде, жұмысшы мамандығын көтеруге арнаған жолдары ерекше әсер етті. Онда «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар!», – деген жолдары Жолдауды оқыған әр адамды ерекше жігерлендіретіні сөзсіз. Маған ерекше әсер етті. Өмір жолым, еңбек жолдарым ойыма оралды. Қазір Қазақ елі ерекше дамудың жолына түсуде, бой көтерген қалалар мен ауылдар, бұрын-соңды болмаған жаңа зауыттар мен фабрикалар, Еуропаның қай елдерімен салыстырса да артық болмаса кем емес, салынып жатқан жолдар адамды ерекше қуанышқа бөлейді. Мен ауылда өскен, ауылдың өмірімен біте қайнасқан адаммын. Қазір ауылдың дамудың сара жолына түсе алмай, жұмыс орындарының тапшылығына байланысты қалаға көшушіліктің көбейіп тұрғаны жасырын емес. «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» 2015 жылы қабылданған заң ауыл шаруашылығын дамытуға, ауылды көркейтуге ерекше ықпал ететін болады. Қазіргі кезде еліміз бойынша көптеген ауылшаруашылық кооперативтері және шағын шаруа қожалықтары жұмыс істеуде. Менің өмір тәжірибемде ірілендірген өндірістік кооперативтерді дамытудың маңызы зор деп есептеймін. Оның басты себебі, Қазақстан жерінің көпшілік аймағы шөлді және шөлейтті. Сондықтан да, мал шаруашылығымен бір жерде отыра беруге болмайды. Бұрынғы аға ұрпақ мал шаруашылығын қыстауға, көктеуге және жайлауға, күздеуге орналастырып, жайылымдарды тоздырмай өте ұқыпты, ретімен пайдалана білген. Қазіргі кезде көптеген шағын шаруашылықтар бір жерге қыстауға орналасып алып, көктеуге, жайлауға шықпай малды да аздырып, жерді де тоздырып бара жатқандары анық байқалады. Еңбек жолымда көптеген аға ұрпақпен, алғашқы колхозды ұйымдастырғандармен, қарапайым жұмыскерден кіші мал маманы, ферма меңгерушісі, шаруашылық басшысы болған өмір тәжірибесі мол адамдармен бірге жұмыс істеуге тура келді. Олар ауа райын жиі бақылап, малды қыстаулардан ерте көшіріп, көктемгі, жазғы түскен ылғалмен барынша жетілуіне ерекше жағдай жасайтын. Сонда ғана мал көктеуде, жазғы жайлауда ерекше қоңданып, қыстауда қатал қыстан қысылмай шығады. Мұны өмір тәжірибесі дәлелдеген. Қазіргі кезде көптеген малға жұғымды жайлаулар бос жатыр. Ұсақ шаруашылықтардың адам күшінің аздығы, тағы басқа себептермен алыс жайлауға баруға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, бір-біріне көмектесе отырып дамудың берері мол болмақ. Екіншіден, мал шаруашылығы қарқынды дамуы үшін мал жасына, жынысына қарай сұрыпталып бағылуға тиіс. Зоотехникалық талаптар толық орындалып, мал іріктеліп-сұрыпталмайынша малды өз төлі есебінен өсіру, өнімділігін арттыру жақсармайды. Шағын 100-120 қойы бар шаруашылықтардың саулығы мен тоқтысы, еркек қойы мен ұрғашысы бірге жүреді. Бұл өрескел қателік, зоотехникалық талаптардың бұзылуы болып есептеледі. Егер шағын шаруа қожалықтары өндірістік кооперативке бірігіп малды сұрыптап, қойды 450-200 бастан отарларға бөліп бақса, тиімді болып, өнімділігі, төл алуы барлық жағынан артқан болар еді.
Ауыл шаруашылығын дамыту басты тұлға – кадрларға байланысты. Қазіргі кезде ауылшаруашылық кадрлары азайып және ұсақталып барады. Ауылдарға, әсіресе, ауылшаруашылық кадрларында жоғары оқу орнын бітіріп келушілер жоқтың қасы. Мал шаруашылығын дамыту үшін малшы кадрлардың өте қажет екені белгілі. Мал өсірген халқымызда «Қойды не қорыққан құл бағады, не ұялған ұл бағады» деген өмір тәжірибесінен алынған мақал бар. Қазіргі қалада да, далада да мал баққысы келетін адам табылмайды. Мал бағу өте іскерлікті, төзімділікті қажет ететін мамандық. Қазір кез келген адам базарларда және басқа жерлерде арба сүйреп, жүк көтеріп, құрылыста жұмыс істей бергісі келеді. Ал мал шаруашылығында істеймін деушілер өте сирек. Сондықтан, Үкіметіміз малшы кадрларына арнайы заңмен ерекше жеңілдіктер мен қамқорлықтар, ынталандыру шараларын туғызуы керек деп есептеймін. Мәселен, малшы, сауыншы, тағы басқа мал шаруашылығы еңбеккерлеріне жоғары еңбекақы төлеп, жеңілдікпен демалыс орындарына жіберу, зейнетақыларын көтеру, құрметті атақтар беру, тағы басқа да жолдармен ынталандырып отыру керек. Сонымен бірге жайылымдарда, әсіресе, қыстауларда, үш-төрт отбасын топтап отырғызып, малшылардың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту мал шаруашылығына адамдардың көптеп баруына жол ашар еді. Орта мектепті бітірген жастарды оқыту, тәрбиелеу, әсіресе, мал дәрігерлері мен зоотехниктерді көптеп оқыту қажет. Естуімше, біздің елде зоотехник мамандығының қажеті жоқ деп, бұл факультеттер қысқартылған көрінеді. Бұл мал шаруашылығынан хабары жоқ адамның айтатыны. Мал дәрігері малды емдеу, сауықтырумен айналысса, зоотехник малды бағу, ғылым негізіне сай өсірумен айналысады. Малды азықтандырудың өзі үлкен ғылым. Ендігі бір ерекше айтатыным, ауылшаруашылық кадрларын даярлап, өндірістік кооперативтерді басқаратын адамдарды бірер жылға дейін мемлекет қамқорлығына алып, жан-жақты қолдау көрсету қажет. Себебі, ауылшаруашылық кооперативтері қалыптасып кеткенше көп күш керек екені белгілі. Ауылшаруашылық кооперативтері ауылдарда құрылып, жұмыс істесе, ең бастысы, ауылда жұмыссыздық мүлде жойылар еді. Оларға механизаторлар да, құрылысшылар да, басқа мамандық иелері де қажет болатыны белгілі. Мен еңбек жолымда жұмыс істеген шаруашылықтарда 750-800-ге дейін мүшелері, механизатор, жүзден аса жүргізуші, жүзден аса құрылысшы болған еді. Елу мыңнан аса қойы бар шаруашылықтарда соның өзінде қой төлдету уақыттарында адам жетіспей түрлі мекемелер төлшілер жіберетін. Жаз, күз мезгілінде мал азығын дайындау, егін орағы кезінде оқушылар қолғабыс жасайтын. Жоғары сынып оқушылары ата-аналарына қолғабыс жасап еңбек етіп, еңбек тәжірибесінен өтетін, өмір мектебіне қалыптасып, өмір сүруге бейімделе бастайтын. Бұл өмірге аса қажет тағылым екені белгілі.
Адам өміріндегі ең бақытсыздық жұмыссыздық дер едім. Өз елінен, жерінен жұмыс таппай жұмыссыз жүру, адамдарды ең ауыр азапқа салатынын, ауыр қылмыстарға апаратынын өмірден көріп жүрміз. Осы жұмыссыздық жойылған болар еді. Қазіргі кезде ауылды берекесіздендіріп тұрған осы жұмыссыздық, жұмыс орындарының тапшылығы. Қазіргі кезде барлық жағдай бар, неге адамдар жұмыс тауып, істей бермейді деген уәж айтатындар бар. Оған келісе беруге болмайды. Барлық адам бірдей емес. Кейбір адамдарға басқаның көмегі керек. Ол өмірдің заңы. Ендеше, сол заңмен жүру қажет. Адамдарды жұмысқа жұмылдыра білетін дарынды басшылар ауылға жіберілуі тиіс.
Ауылшаруашылық жұмыстарын ұйымдастыруда, әсіресе, мал шаруашылығы жайлы әңгіме қозғағанда малдың тұқымы жайлы айрықша айтуға тиіспіз. Соңғы жылдары кейбір асыл тұқымды шаруашылықтар болмаса, мал тұқымымен жұмыс істеу азайды. Дүниежүзіне, республикамыз бойынша аты шыққан мал тұқымдары ерекше дамытылуы керек. Мәселен, кей мал тұқымдары ерекше бір аймақтарда ғана өсіруге бейімделген. Мәселен, таулы Райымбек ауданына қысы ұзақ, биік таулы өлкеге арнайы бейімделген ғалымдардың еңбегімен мыңдаған гектар тау жайылымын алып жатқан атақты Хантәңірінің және Күнгей Алатаудың теңіз деңгейінен 2800-4000 метрлік жайылымдарына бейімдеп қазақтың арқар-меринос қойы өсірілген болатын. Бұл қой тұқымы кезінде Нарынқол-Кеген, қазіргі Райымбек ауданында 1938-1940 жылдан өсірілді. Содан бері бұл қойдың тұқымы іріктеліп, сұрыпталып, оның еттілігі мен жүнінің сапасын арттыруда біршама табыстарға қол жетті. Бұл қой тұқымы Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының таулы аймақтарында өсіріледі. Жабайы арқар мен үй қойын будандастыру арқылы өсіру дүниежүзінде қой шаруашылығы тарихында тек арқар-меринос қойында ғана кездеседі. Арқар-меринос қойының жүні соңғы жылдары Англияда жасалған лабораториялық зерттеуде қой жүндерінің ішіндегі ең жіңішке және берік жүн екендігі дәлелденген. Ол жүннен жоғары сапалы киімдер жасайтыны белгілі. Қой және басқа да мал тұқымдарын асылдандыру жұмысымен айналысу қазір дамымай отыр. Қазіргі кезде шаруа қожалықтары қой тұқымына басқа, құйрықты ірі жүнді қазақы қойларды қосып қарала-торала қозы алып, не жүні, не терісі қабылданбай, босқа шығын көруде. Ауыл шаруашылығын жоғары деңгейде дамытуға мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қатар дамытқан жағдайларда ғана қол жеткізуге болады. Қазір егін шаруашылығын бүгінгі күн талаптарына сай дамытуда біршама жұмыстар істелуде. Әсіресе, елімізде көкөніс және жеміс-жидектермен қамтамасыз етуде жылыжайлар көптеп салынып, тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, жақсы қадамдар жасалуда. Алдағы уақытта шаруашылықтарды ірілендіру егін шаруашылығына да қажет екені белгілі. Егін шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін ауыспалы егіс жүйесімен жұмыс істеу қажет. Ол үшін егістік жер көп болуы керек. Сонымен бірге, жаңа техникалар алу, оны тиімді пайдалану үшін ірі шаруашылықтар керек. Қазіргі кезде Үкімет ауыл шаруашылығын көтеру үшін көптеген жақсы шаралар қабылдап, жаңа техникалар, субсидиялар бөлуде. Міне, осы міндеттерді жүзеге асыруда ауылшаруашылық кооперативтері туралы өткен жылы қабылданған заңның алатын орны ерекше. Егер заң талапқа сай орындалған жағдайда шалғайдағы ауылдар да көркейіп, көріктенетін болады. Жұмыс орындары да көбейеді.
Соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігін айтпағанда, облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы басқармалары тарапынан да салаға жанды басшылық жасау, жаңалықтар енгізу, озат тәжірибелерді тарату өз мәнінде болмай отыр. Олар статистикалық мекемелердің көмекшілері сияқты. Тек есеп қана алады. Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралының хабарлауынша, Қазақстанның астығына, еті мен сүт өнімдеріне қызығушы елдердің саны артып отыр. Ендеше, осы мүмкіндіктерді пайдаланатын кез келді. Сапалы ауылшаруашылық өнімдерімен, әсіресе, астық, ет, сүтпен еліміз және сұраныс берген елдер қамтамасыз етілсе Қазақстанымыз көркейген үстіне көркейіп, халықаралық беделі арта түсер еді. Қазақ елі бүкіл тарихында төрт түлік мал өсіріп, сонымен өсіп, өркендеген, аты шыққан ел. Мал өсірудің қыры мен сырын жетік меңгерген, ендеше, сол бай тәжірибені көрсететін мезгіл келді. Ауыл шаруашылығын дамытумен бірге ауылды да көркейтетін мезгіл туды. Халқымыз «ауыл алтын бесік» деп тегін атамаса керек. Ауылдар елімізді дамытуға, халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз етуде қаншама игілікті істер тындырды. Қаймағы бұзылмаған ауылдардан қаншама ел басқарған азаматтар, ел даңқын шығарған ұл мен қыз, өнер саңлақтары шықты. Қазіргі кезде Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев елімізді жаңа биіктерге көтеру жолында халқымызды асқарлы еңбекке, бірлікке шақырып, үлгі-өнеге көрсетуде. Бүкіл халқымыздың жүрегінен шығатын «Мәңгілік Ел» идеясының маңызы өте зор. Ендеше, Мәңгілік Елдің адамдары еңбекқор, ұйымшыл болуы керек. Осы еңбектің, ұйымшылдықтың, бірліктің арқасында ауыл шаруашылығымызды қарқынды дамытып, ауылды да көркейтейік. Қалаларымыз сол еңбектің арқасында қайнап, ауылдарымыз жайнап тұрсын, ағайын!
Марат ТАҚАБАЕВ,
Райымбек ауданының
құрметті азаматы.
Алматы облысы.