30 Наурыз, 2016

Алмағайып әлем қайшылықтар қыспағында

357 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
дагдарыс-1Еуроодақты жемқорлық жайлапты Rand Europe консалтингтік-зерттеу ұйымының жақында жарық көрген баяндамасы Еуропарламент депутаттарын есінен тандырды. Бұл ұйымның жарыққа шығарған зерттеулері бойынша біріккен Еуропа сыбайлас жемқорлық салдарынан жыл сайын 1,11 триллион доллар шығын шегеді екен. Лондондық Independent-тің жазуы бо­йынша, бұл көрсеткіш Еуроодақ ІЖӨ-нің 6,3 пайызына тең көрінеді. Бұл бұрынғы зерттеулер көрсетіп жүрген саннан 8 есе асып түскен көрсеткіш болып отыр. «Rand Europe ұйымының зерттеулері көрсеткен жем­қорлықтың шығыны біздің көкейімізде жүрген күдікті растайды. Жемқорлық еу­ропалық экономиканың дамуын тежеп, жүрегін тескен қара құртқа айналды», дейді Transparency International EU директоры Карл Долан. Еуропалық одақ мемлекеттері жемқор­лықтан жыл сайын 1,11 триллион доллар шығын шегеді. Бұл жайсыз хабар Еу­ропарламент депутаттарын қатты ойландыруда. Олар қазірдің өзінде басты мақсаты – жемқорлықпен күресетін еуропалық прокуратура құруды ұсынып отыр. Сонымен бірге, депутаттар осы зерттеулердің нәтижесінде Еуропалық одақтың жемқорлық ең көп тараған өңірлерін де анықтады. Сыбайлас жемқорлық ерекше белең алған Румыния, Болгария және Хорватия мемлекеттері екен. Жалпы алғанда, Шығыс Еуропа елдерінде жемқорлық деңгейі жалпы еуропалық көрсеткіштен жоғары. Салыстырмалы түрде айтсақ, Люксембург, Нидерланд, Швеция, Финляндия және Дания мемлекеттерінде жемқорлық деңгейі біршама төмен. Еуропарламент негізге алып жүрген бұрынғы деректерге қарағанда, Еуропаның жемқорлық деңгейі бірден 8 есе артып шыға келді. Енді депутаттар бұл кеселмен күресудің жаңа тиімді шараларын ойлас­тыруды күн тәртібіне қойып отыр. Тиімді келісімшарттар жасау кезінде мемлекеттік шенеуніктердің пара алуы жемқорлықтың ең кең тараған түріне айналған. «Жемқорлық Еуропалық одақ елдерінің әлеуметтік-саяси және экономикалық салаларына орасан зор зиян шектіруде», дейді зерттеу тобының жетекшісі Марко Хафнер. Жемқорлықтан келетін зиян тек экономикалық және қар­жы саласында ғана емес, сонымен бірге, ол әлеуметтік теңсіздікті өршітіп, қылмыстың белең алуына әкеп соқтырады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық заң үстемдігіне орасан зор нұқсан келтіреді. Тағы бір қорқынышты мәселе, сыбайлас жемқорлық халықаралық терроризмге қаржылай көмек көрсетуге бейімделуде. Сондықтан, алдағы уақытта кәрі құрлықта сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тиімді де батыл шараларын шұғыл жүзеге асыру Еуропалық одақ мемлекеттерінің үкіметтік, қоғамдық және құқық қорғау органдарының басты міндеті болмақ. дагдарыс-2Табыс көзі – қажылық индустриясы Эр-Рияд қажылық индустриясын экономикадағы ең басты табыс көзіне айналдырмақ. Қазіргі таңда, ол Сауд Арабиясы экономикасындағы мұнай секторынан кейінгі екінші орынды алады. Сауд Арабиясы мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты қажылық индустриясын қайта құру мәселесін жиі қозғай бастады. Елдің беделді экономистерінің айтуынша, қажылық корольдік экономикасындағы әлеуеті өте жоғары салалардың бірінен саналады. Оны дамыту елдегі жастардың жұмыспен толық қамтамасыз етілуіне қосымша мүмкіндіктер ашады. Ұлттық туризм комитетінің мүшесі Абдул Гани аль-Ансаридің мәлімдеуінше, қажылық индустриясын қайта құру бүгінгі таңдағы ең шешуші міндеттердің бірі болып отыр. Туристік сала елдің бюджетіне жыл сайын 85 миллиард сауд реалы (20 миллиард АҚШ долларынан астам) табыс әкеледі. Оның 45 миллиард реалы тек қана қажылық маусымынан түсетін кіріс болып табылады. Жыл сайын Сауд Арабиясы қажылыққа келген 2 миллионнан астам пірәдарларды қабылдайды. Бұл кезеңде елде 100 мыңнан астам қосымша жұмыс орны ашылады. Қазіргі кезде Меккеде мешіттерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Корольдік үкіметінің пайымдауынша, мешіттердегі қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, қажылықтан түсетін кіріс көлемі 57 миллиард реалға дейін өсетін көрінеді. Жалпы алғанда, жақын болашақта бұл елдегі туристік саланың өсімі 37 миллиард реалды құрайды деп күтілуде. Алайда, Сауд Арабиясы қажылыққа келген пірәдарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында шешуші жұмыстарды жүргізу мәселесін кешеуілдетіп отыр. Осының салдарынан жыл сайын қажылыққа келген адамдар арасында апатқа ұшыраушылар саны өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы 24 қыркүйекте Меккеге жақын Мина жазығында 800-ге жуық қажылыққа келген адамдар қаза тапты. Шайтанға тас лақтыру рәсімі кезінде пайда болған кептеліс салдарынан 769 адам бірден көз жұмса, 900-ге тарта адам зардап шекті. дагдарыс-3Ашық шекара қауіпті күшейтеді Брюссельде болған трагедиялық апаттың салдары Еуропалық одақ үшін үлкен қиындықтар әкелуі мүмкін. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Бельгияның астанасында болған лаңкестік Еуропа мемлекеттері арасындағы ашық шекара салдарынан болып отыр. Ашық шекара жағдайында азаматтардың тоқтаусыз жүріп-тұруы кезінде ұлттық мемлекеттердің қауіпсіздігін сақтау мүмкін емес. Бұл туралы Британ баспасөзінде орын алған пікірталас барған сайын ушығып барады. Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуын жақтаушылар «отқа май құйғандай» бұл пікірталасты қыздыра түсуде. Біріккен Корольдіктің тәуелсіздігі партиясының (UKIP) көсемі Найджела Фаража Брюссель қаласында орын алған лаңкестік оқиғаларды Ұлыбританияның Еуропалық одақ құрамынан шығуы жөнін­дегі науқанның басты идеологиясына айналдырып отыр. Бүгінгі таңда Еуропалық одаққа кіретін әрбір мемлекеттің басты мақсаты – өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, ашық шекара жағдайында бұл міндетті жүзеге асыру барынша күрделі болып отыр. Оның үстіне соңғы жылдары кәрі құрлыққа жан-жақтан қаптаған босқындар легі де бұл қауіпті асқындыра түсуде. Тек өткен жылы ғана Еуропаға мил­лионнан астам босқындар табан тіреген екен. Europol полициялық агенттігінің деректері бойынша, қазір Еуропаға босқын атын жамылған 5 мыңнан астам жихадшылар кіріп кеткен көрінеді. Найджела Фараждың айтуынша, Еу­ропаға кірген босқындар тасқыны күн­нен-күнге артып отырған қазіргі жағдайда Британияның қауіпсіздігі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Осыған байланысты UKIP көсемі королева Ели­заветаның қол астындағы халықты қорғап қалудың бір ғана жолы бар дейді. Ол – Еуропалық одақ құрамынан шығу. Еуропалық одақ құрамындағы барлық мемлекеттердің тұрғындары бүгінде еуро­палық, оның ішінде, бельгиялық құқық қор­ғау органдарының қабілетсіздігін алға тартады. Брюссель бүгінде Бельгияның, оның ішінде, біріккен Еуропаның ғана астанасы емес, сонымен бірге, лаңкестердің дайындық орталығына да айналып отыр. Париж қаласында лаңкестік апат жасаған Салах Абдельсламның ұзақ уақыт бойы Брюссельде бой жасырып жүруі бұл елдің құқық қорғау органдарының шеберлігі жоғары дәрежеде емес екендігін ашық дәлелдеді. Жалпы, бүгінде мамандардың айтуынша, еуропалық құқық қорғау орган­дарының халықаралық лаңкестікке қарсы күресі ешқандай сын көтермейді. дагдарыс-4Босқындарды паналатуда бірізділік жоқ Oxfam кедейшілікке қарсы халықаралық ұйымдар бірлестігі дамыған мемлекеттердің тарапына үлкен кінә артып отыр. Олардың пікірінше, бай әрі дамыған мемлекеттер Сирия босқындарын қабылдауда белсенділік танытқан жоқ. Бірлестік сарапшылары жарыққа шығарған баяндамада әлемнің дамыған мемлекеттері 2013 жылдан бері Сириядағы соғыстан қашқан 67,1 мың босқынды ғана қабылдаған көрінеді. Ал Сириядағы соғыс салдарынан туған жерін тастап қашқан босқындар саны 4,8 миллион адамды құрап отыр. Сөйтіп, Oxfam бірлестігі мамандарының зерттеуі бойынша, әлемнің бай мемлекеттері бар болғаны босқындарың 1,39 пайы­зын ғана паналатуға мүмкіндік жасаған. Халықаралық Oxfam бірлестігі мамандарының дерегі бойынша, Франция бар болғаны 1 мың си­риялықтарды қабылдаған. Ал олардың қабылдауға тиіс «мүмкіндігі» 20 мың адам болуы керек еді. АҚШ 10 мың сириялық босқындарды қабылдамақ болып дүниежүзіне жар салғанымен, іс жүзінде 1812 сириялықты қабылдаған. Ал Oxfam бірлестігінің айтуынша, халықаралық тапсырыс бойынша олардың қабылдауға тиіс «мүмкіндігі» 170 мың адам болуы керек еді. Тағдыр талайымен туған жерлерін тастап шыққан босқындарға көмек қолын созуда Канада, Германия және Норвегия мемлекеттері біршама адамгершілік танытты. Олар өздеріне бөлінген межеге сәйкес босқындарды паналатуда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ал Австралия, Фин­ляндия, Исландия, Швеция және Жаңа Зеландия өздеріне бөлінген босқындардың жар­тысын ғана қабылдады. Халықаралық бірлестіктің мамандары келтірген деректер бойынша, Еу­ропаның бай әрі дамыған елдері басына іс түскен босқындарды қабылдауда кереғарлық танытып отыр. Мәселен, Нидерланд мемлекеті өздеріне бөлінген босқындардың 7 пайызын, Дания 15 пайызын ғана қабылдаса, Ұлыбритания босқындардың 22 пайызын қабылдағанды місе тұтып отыр. Бүгін Женева қаласында БҰҰ-ның жетекшілігімен Сириядағы соғыстан қашқан бейбіт тұрғындарды қабылдау мәселесіне байланысты халықаралық конференция өткізіледі. Оған БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун қаты­сып, сөз сөйлейді.  Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».