31 Наурыз, 2016

Малшылар маршалы

637 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
* Жазылбек Қуанышбаев-130 Без имени-1Әрине, бүгінгі ұрпаққа Жазылбек Қуанышбаевтың сонау Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін мал басын аман сақтау, ет пен жүнді мол өндіру жорығында жүріп, мемлекетке пәлендей елтірі, пәленбай кило жүн, ет тапсырып, 100 қойдан 144 қозы алғаны бір жағы қызықсыз, бір жағы түсініксіз де көрінуі мүмкін. Әйтсе де кез келген даңққа жеткізетін жол еңбекпен салынатынын ескерсек, шопандық кәсіптің қыр-сырын асқан білімпаздықпен меңгерген Жаз-атаның ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі болатындай нағыз өнегеге толы. Жазекеңнің еңбек жолын, озық тәжірибесін насихаттау үшін кезінде «Жазылбек мектебі» де ұйымдастырылған екен. Ал, 1977 жылы Нұртай Айдаров деген қаламгер Жазекеңнің еңбек жолы туралы «Жазылбек мектебі» атты кітап жазыпты. Кітапханалардан сұрастырып жүріп әрең таптық. Осы кітапты оқығанда мал бағу деген атқа мініп, қойды айдалаға айдап жіберіп, анда-санда қайырып қойып, кешке қарай қораға қамай салу емес екенін ұғасың. Қой бағудың қыры да, сыры да көп.  Жазекең жарықтық, қойдың су ішкеніне, қандай шөп жегеніне қарап, малдың не қалап тұрғанын, қойдың қорадағы жатысына, қимылына қарап, алдағы ауа райының қандай болатынын болжай береді екен. Содан болар, Жазылбек Қуанышбаевты «дала академигі», «малшылардың маршалы» деп атаған. Ендеше, Жаз атаның мал бағудағы айтқандары мен тәжірибесі әлі күнге маңызды. Оған осы кітаптағы мына үзінділерден кейін көзіңіз анық жетеді. – Қойлы ауылға келіп, бір отарды қабылдап алғаныма үш-төрт айдың жүзі болған еді, – деп бір әң­гімені бастады Әлібек ағамыз. – Бір күні кеш түсе ауылға көрші сов­хоздан Жазекең келе қалды. Ол есік алдындағы ашық ықтырмаға иірілген отарды сырттай бір шолып шықты да: – Балам, саулықтарыңның сауыры мықты екен. Қыс ортасы ау­­ғанша күйі таймапты. Шетінен мамырлай баяу қозғалады, мұнысы өте жақсы. Бірақ мұны бүгін неге жабық қораға қамамағансың? – деп сұрады. – Семіз малдың ашық күндері жабық қорадан гөрі ықтырмада түнегені жақсы дейді ғой. Бүгін күн ашық болған соң... – деп одан әрі не дерімді білмей дағдарып қал­дым. – Иә, әзірге күн ашық. Бірақ соңыра әбігер болып қала­сың-ау, шамасы. Күн сыңайы солай. Жүр, ана төбе үстіне шы­ғып бай­қайықшы, – деп ол мені қо­раның оң жақ тұсындағы тө­бешікке қарай ертіп барды. Биік төбешікке шыққан­дыкі ме, әлде, күннің суық ызғары күшейді ме – ызғарлы бір ызғырықтан денем тітір­кеніп кеткендей болды. – Сонау Сұңқар жаққа жүзіңді бұршы балам, не сезі­лер екен? Алыста ақ қар жамылған Сұң­қар шыңы мұнартып кө­рінеді. Сәл бет қаритындай ызбарлы ызғырық лебі еседі сол жақтан. Жазекеңе соны айттым. – Міне, сол ызғырық ек­­­­пін те­гін емес. Ана сақа сау­лықтарыңа қарашы, ала­қан­дай жерге ұйыса жусап жатқан жоқ па? Боранның ха­бары сол, – деді табиғат құ­бы­лысына, мал сырына қанық қарт. Мен аспанға қарадым. Ай сүт­тей жарық. Көк әлемі шайдай ашық. Құс жолы айқын білініп тұр. Тек алыс аспан кеңістігінің терістік етегі ғана сәл шаңытып тұрған сияқты. Осындай ашық түнде де боран болады дегенге көңілім сеніңкіремеді. Сонда да өзіме сыйлы атақты атаның ұсы­нысы бойынша отарды жабық қораға айдап қамадым. – Мына ызғар барған сайын өңменіңнен өтердей өрекпіп келеді ғой. Ал, ана ас­панның арғы шеті неғып шаңыта буалдырланып тұр? – деп сұрақты маған қойды да сәл ой­ланып алып жауапты өзі бере бастады. – Ол Сұңқар боранының хабары. Қойдан білгіш мал жоқ. Күндіз қандай шөп жеді, түнде қалай жусады – соған қарап ауа құбылысын аңғару қиын емес. Соны білуге ұм­тыл, шырағым. Білгеннің зияны тимейді, – деп талай-талай кеңес берді. Мен әлі таңмын. Бүгін қа­лай боран болады деген ой маза­лай береді. Үйге кіргенде де тыс­­­қа құлақ түрумен болдым. Бі­рақ мұным көпке бармады. Ел орынға отыра бере-ақ ызғарлы жел ызыңдай бастады. Түн жарымына қарай ол алай-түлей боранға ұласты. *  *  * – Жазекеңнің басқа да үйренер қасиеттері аз емес, – деп киіп кетті Құдайберген. – Өзімнің басымнан кешкен бір жайды айтып берейін. Қой бағуға алғаш келгенде бірнеше жылға дейін пә­лендей табысқа жете алмадым. Бір жылы жайлауда Жазекең ауылымен көр­шілес отырдық. Қатар отырған соң өрісте кездесіп жүресің ғой. Сонда ол ылғи менің қойды өргізу, жаю әдістерімді ба­қы­лап жүріпті. Бір күні ша­қырып алды да, бүгін отарыңды кө­мекшіңе тапсырып, өріске менімен бірге жүр деді. Қуана келісіп, өріске бірге кет­тім. – Балам, өріске қойды қаптатып салып, соңынан іл­би еріп отыруға әдеттеніп кетпе, – деді өріске ұзап шыға бере Жазекең. – Ойласаң, қойды жая білу де өнер. Сол өнерді жақсы игергенде ғана өрісің ұзақ болады. – Оның не өнері бар? Ел­дің бәрі ерте өргізеді, кеш қай­тарады, түк айыр­ма­шы­лығы жоқ қой оның? – деп ол жылы сөйлегенде мен де ба­тылданып өз болжамымды соғып қалдым. – Айырмашылығы болмаса кейбір шопанның малы неге арық болады? Өлім-жітімге ұшы­райды, сол неліктен? – деп бастырмалата бірнеше сұрақ қойып алды да соған өзі жауап бере бастады. – Рас, ондай шопандар да бәріміз сияқты қойды өріске аз жаймайды. Бірақ сол жаюдың әдісін білмейді. Енді бір сәт ол әңгімесін до­ғарды да шұрайлы өрісте қаптай жайылған отардың алдына шықты. Ылғи алда жүрген қойларды қақ­пай­лап қояды. Ал жаңа ғана ең арттағы қойларды алға оз­дырған еді. «Неге осылай істедім?» деп маған шұғыл бұрылып, бетіме сынай қарады. Мен оның себебін ұқпағанымды айттым. – Ендеше, біліп ал! Мен оны қойлардың бәрі тоя жайылуы үшін істедім. Олай етпесең, үнемі алда жүрген қой өрістегі шөпті басқадан бұрын таңдап жейді де, тағы да тың, дәмді шөп іздеп, үде­ре жайылады. Ал, соңындағы қой соған ілесем деп жөнді жайыла алмайды. Өрістен қойдың бір бөлігінің тойынып, енді біразының орта құрсақ болып қайтатын себебі осы. Тағы бір ескерер жайың: әр өрісті бөліп пайдалан. Бір бөлігіне қойды бүгін жайсаң, сол жерге араға он шақты күн салып қайта орал. Сонда қой оған тың өрістей байырқалай жайылады. *  *  * 1953 жылдың жаз айы болатын. Жазылбек ата бүгін де отарды өзі өргізе бергенде атын қара терге шо­мылтып Ділдәштың көмекші шопаны шауып келді. – Ата, сізді Ділдаш апам тез жетсін деді, – деп әбден асыққан жас жігіт аптыға әрең тіл қатты. – Не болды, жай ма? – деп Жа­зылбек оған шошына сұрақ қойды. – Бірталай қой пысылдап, дөң­бекши аунап, жөнді жайылмай өлетін болды. Мына хабардан Жаз­екең секем алып қалды. Ота­рын кө­­мек­­шісіне тапсырды да Діл­дәш ауылына тез жүріп кетті. Ділдәш ауылына жеткен бойда Жазекең елмен жүре амандасып, отардағы ау­ру қойларды көре бас­тады. Шынында кей қой жата қалып басын жерге үйкейді, жиі пысқырады. Жасы алпысқа таяған, осы өмірінің ішінде мұндай сан-алуан оқиғаны басынан өткізген Жазылбек қарияға істің мәнісі бірден түсінікті болды. Қой кеңсірік ауруына шалдыққан. Дереу емдемесе құрт ми қабатына өтіп кетуі мүмкін. Онда емдеу қиынға түседі. Қажетті дәрі-дәрмек ал­дырған Жазекең жіті қи­мылдап, ауру білінген қой­ларды тез дәрілеп шықты. Солар­дан тек үшеуін ғана бөлек алып қалды. – Мына үшеуін, – деді тершіген маңдайын сүртіп, енді ғана істен басын көтер­ген Жазылбек ата, – дәрі­герге көрсетпесең болмайды. Құрт ми қабатына өтіп кетіпті. – Оны қайдан білдіңіз? – деп Ділдәш ұстазына қарады. – Әне, қарашы – деп, Жазекең енді шәкіртіне бәрін аңғарып біліп ал дегендей әлгі қойларға қарай қолын сілтеді. – Ана қойлар алға жүрмей айналшықтап, басын кегжите, мойнын бір жағына бұра береді. Құрт ми қабығына өтіп кетсе, қойларда осындай белгі болады. *  *  * – Анаған қарашы, – деп бір кезде Жазекең жас жігіттей ширақ, жеңіл қимылдап, орнынан атып тұрды, – ана екі аттың құйрығын жабы­ла жалмап, тартқылап жат­қан қойларды көрдің бе? Тез барып, ажырат. Қойға үйренгендіктен былқ етпей тұр ғой жануарлар, әйт­песе тепкілеп біразын майып қылар еді. Биқан тұра жүгірді. Әлгі қой­ларды әрі айдап салып, екі атты же­те­леп қайтып келді. – Балам, қойдың әлгіндей ат құй­рығына жармасуы, жабыла жалмауға ұмтылуы неліктен, соны білесің бе? – Жоқ. – Әйтпесе біліп ал, ол қойдың тұз сұрағаны. Мана сәске кезінде келгенімде біраз қойлардың ырсылдап-пысылдап тұрғанынан секем алып ем. Бірақ күннің ыс­тықтығынан сөйтіп тұрған шығар деп ойладым. Олай емес екен, қойың сонда тұз тілеп тұрған екен ғой. Қойға тұз керек болған кезде тынысы тарылып, пысылдап қалады. Жылқы құйрығын жал­майды, басқа да өзіне керек емес, әшейінде тимейтін заттарын қажақтай бастайды. Сондықтан қойға тұзды үзбей беріп отыру керек. Өйткені, шөп қойдың тамағы, тұз соның тұздығы. Тұздықсыз та­мақ дәмсіз ғой. Айтпақшы ауылда тұз бар ма еді? – Таусылғанына бір аптаға жуық­­­тады. Ферма бастығы, мамандары жеткізіп береміз деп кеткен. Бірақ әлі жоқ. Жазылбек ақсақал бұған қатты ашуланды. Осындай жай­бара­қаттыққа оның жаны төзбейтін. ...Міне, мал бағу деген сөз – бұл жайымен қой соңында жүру немесе ит-құс тимесін деп төбе басында малға көз салып отыру ғана емес. Мал жаюдың да өзіндік тәсілдері бар. Тоқсан жас жасап, еңбекпен егіз өсіп, бақытын ең­бектен тапқан қарт қой­шының қанына сіңген қа­сиеті – әркімге дәл осылай білмегенін үйретіп, малына қолма-қол көмек көрсету болған. Жазекеңнің ерекше атап айтар жақсы бір қасиеті – қай істі қолға алса шын ықыласымен ат­қа­ратындығы екен. Жұмыста әсте қажы­майды, жан-тәнін аямай қимылдайды. Қолға алған ісін аяқтамай тыным көрмейді. Оны табысқа жеткізген де осы қасиет емес пе? Ендеше, өмір еңбексіз ештеңе бермейтінін ұғындырып, қой бағуда қа­һар­мандығымен танылған Еңбек Ерін дәріптеп, тә­жіри­бесі мен қасиетін үлгі еткен «Жазылбек мектебі» кітабы бүгінде де кәсібін мал бағудан іздеген жандарға таптырмайтын көмекші құрал болатыны сөзсіз. Лайым, бүгінгі жастарға Жаз ата­ның жасы мен жолын берсін! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.